Былтырғы жылдың қазанында сот шешімімен алты жыл жазаға кесілген Қазақстан Журналистер одағының төрағасы, Ұлттық баспасөз клубының президенті Сейітқазы Матаев пен бес жылға (биылғы сәуірде екеуі амнистияға ілініп, жазасын өтеу мерзімі екі есе қысқарған болатын) сотталған оның ұлы, ҚазТАГ ақпарат агенттігінің бас директоры Әсет Матаевтың бас бостандығынан айыру жазасын бас бостандығын шектеу жазасына алмастырып, колониядан босап шығуына құқы бар. Алайда, адвокаттардың айтуынша, сот бұған жол бермеу үшін барын салып жатыр.

Матаевтардың қорғаушысы Мадина Бакиева Қапшағай соты мен Алматы облыстық соты Матаевтардың жазасын алмастыруға қарсылық білдіргенін жеткізді. Адвокат «мұның артында заңды ыңғайына қарай бұрып отырған базбіреулердің мүддесі тұрғаны анық аңғарылады» дейді. Әйтпесе ақпарат және байланыс министрлігі Матаевтардың амнистияға ілінуіне қарсы болмағанына қарамастан, Қапшағай соты мен Алматы облыстық сотының Матаевтарды амнистиялаудан бас тартқанын басқаша түсіндіру мүмкін емес.

Адвокат заң бойынша С.Матаевтың бас бостандығынан айыру жазасын бас бостандығын шектеу жазасына өзгерту үшін жеткілікті негіз бар екенін шегеледі. Қылмыстық заң бұған толық мүмкіндік береді. Бұл – бір. Екіншіден, Матаевтар міндетті мерзімнің бәрін өтеді. Оның үстіне С.Матаевтың денсаулығы алаңдатады. М.Бакиева қазір С.Матаевтың қамау орнындағы ауруханада жатқанын айтты.

Сондағы соттың алға тартатыны – Матаевтардың жазасын жеңілдету үшін олар келтірілген шығын – 500 миллион теңгені толықтай өтеуі тиіс. «Бірақ заң бойынша ол ақшаны қайтарудың орнына, бұл «залалды» басқа жолмен де өтеуіне мүмкіндік берілген», – дейді Бакиева.

Ал адвокат Андрей Петров «соттың мұндай талап қоюы ақылға қонымсыз» дейді, өйткені әкелі-балалы Матаевтардың қылмыстық айып тағылғанға дейін сатып алынған бүкіл жылжымайтын дүние-мүлкі тұтқында. Заң бойынша, бұл мүліктің жартысына олардың жұбайлары иелік етеді. С.Матаевтың да, Ә.Матаевтың да әйелі бар. «Соған қарамастан, сот орындаушылары ол үлесті бөліп бермей отыр, мүлік бостан-босқа жатыр. Біз сотқа жазаны ауыстырудың басқа да негіздері барын түсіндіруге тырысып жатырмыз. Оның үстіне түзеу мекемесі де мұны қолдап хат жазған. Сонда да сот мұның ешқайсысына мән бермей отыр», – дейді ол.

Адвокат Петров мұның себебін соттарға сырттан қысым көрсетіп отырған күштерден көреді. Қорғаушының айтуынша, бұған дейін қорғау тарапының талап арыздарын қанағаттандырған соттарға тікелей қысым көрсетілген. Кейінгі екі соттың Матаевтарға қатысты шешімді өзгертпей отырғаны содан көрінеді.

Адвокаттың бұл пікірімен әріптесі Бакиева да келіседі. «Кейбір соттар бізге мұндай шешім заңды болса да, қабылдай алмайтынын ашық айтты. Ешкім заң мүмкіндік беріп тұрған нәрсені жасағысы келмейді. Біреуге Матаевтардың бостандықтан айырылып, мүліктері тәркіленгені аздық ететіндей. Оған екеуінің түрмеде отырғаны керек болғаны ғой», – дейді ол.

Одан бөлек, Бакиеваның сөзінше, бостандығынан айыру орындарының өзінде Сейітқазы Матаевқа қысым көрсетіп қана қоймай, кейбір БАҚ-қа «бір-екі сөз айтып жіберуін» сұрайтын көрінеді. «С.Матаевтың айтуынша, оған Астанадан адамдар келіп, қандай да бір мақалаларға қатысты кейбір жергілікті я шетелдік БАҚ-қа «бірдеңе деп жіберуін» сұрайды екен. Мұндай жағдай әсіресе ЭКСПО кезінде тіптен жиілеп кетіпті. Одан бөлек, Қазақстан Журналистер одағынан бас тартып, оның қызметін жаңадан құрылғалы жатқан медиаодаққа беруді сұрағандар да болған. Қазір де осындай жағдай жиілеп кетті. Тіпті Матаевтарға, егер Сейітқазы бір БАҚ-ты бақылауына алса яки Журналистер одағынан бас тартса, жеңілдік беріледі деп ашық түрде уәде де бергендер болды. Маған қос Матаевты бостандығынан айырған соң, елдегі барлық БАҚ та тұсалғандай көрінеді – ешкім ештеңе демейді, ешкім не болып жатқанына бас ауыртпайды», – деп қынжылды ол.

Аян ҚАЛМҰРАТ