1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Үкімет қарапайым халықтың санасына ақшаны өздері тауып, өздері бөліп беретіндей амал-әрекетті сіңіруде. Бұқараның психологиясына «Үкіметтің ақшасы» дегенді құйып қойған. Жоғарыдағылар ақшаны аспаннан Құдай беріп жатқандай көреді. Осындай аса қолайлы идеологияны таңдап алған.
Автор: Ораз Жандосов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №69 (16151) 30 тамыз, сейсенбі 2016
"МЫҢНАН БІР МЕЗЕТ" "Жас Алаштың" ғылыми-танымдық қосымшасы.
30 тамыз 2016
«Тик-так» көрсем...

“МБМ-ның” хат қоржынынан

Ержан деген досым болды. Жасы менен әлдеқайда үлкен едi. Ол кезде Дәшiнде қой көп. Кезекпен қой бағуға баратынбыз. Бiр күнi алдыма ауылдың отар-отар қойын салып мен шы­ғам. Келесi күнi Ержан ке­тедi. Сосын Мұратбек, Дулат, Жаңабек... сөйтiп, жалғаса бе­ре­тiн...
Естуiмше, Ержан мектептi жақсы оқыпты. Институтқа түсе алмай қалған. Содан бастап қойдың артында, малдың соңында жүретiн. Жыл сайын “ертең оқуға тапсырам” деп өзiн-өзi көңiлдендiретiн. Өз алданышына өзi кәдiмгiдей се­нетiн.
Бiрде қой кезегiне екеумiз бiрге шықтық. Тал түс. Тас төбеден күн күйдiрiп барады. Ыссылады ма, қойлар түгелдей Шаронның жайылмасына жата-жата кеттi.
Сол сәттi пайдаланып, Ержан екеумiз Дарханның жалғыз терегiнiң түбiне жантайдық.
– Бiздiң қорада бiреу бар! Менi ылғи өзiне шақырады.., – дедi Ержан отыра берiп. –Қолында жiбi бар, мойныма салмақшы болады, мен қашып кеттiм. Артымнан қалмайды... қорқам! – дедi жыламсырап.
Мен шошып кеттiм.
– Ол кiм? Қандай адам? Неге саған тиiседi?
Сұрақтарым қарша борады. Онда жауап жоқ.
– Бiлмеймiн... қорқам! – дей бередi.
Екеумiз үнсiз қалдық. Артынша жыңғылдың шыбығымен жер сызып, шошқа ойнадық.
– Айтпақшы, “тик-так” жейсiң бе? – дедi ол маған.
– Ол не зат?
– Жейтiн, кәмпит қой...
– Әкел!
“Тик-так” дегендi тұңғыш рет сол Ержаннан көрдiм.
– Мұны сақтап жүргенiме бiр айдан асты, екi-үш күнде бi­реуiн ғана жеймiн, – дедi мақтанышпен.
Кеш қарая көшенiң көк шаңын шығарып, қойды ауылға айдап кiрдiк...
Келесi күнi апам үйге айқайлап кiрдi:
– Анау Ержан асылып қалыпты. Қорасында асылыпты! – дедi үрейленiп.
Жүгiрiп қора жаққа бардық. Адамдар жиналып қалыпты. Ержанның өлi денесiн төрт адам iштен көтерiп шықты. Мойнында ақ шпагат жiп байланып тұр. Түрi бозарып кеткен. ГАЗ 53-тiң артына салып алып кеттi.
– Қораға кiрмеңдер! – дедi сол жердегi бiр үлкен кiсi.
– Бейшара, құсадан өлген ғой. Әке-шешесi жоқ едi сорлының... – деп желке түбiмнен бiр қатын ернiн жыбырлатты.
– Бұл баланың осы қораға келгiштеп кеткенiн байқап едiм. Iшiнде бiр бәле бар осының! Құрту керек! – дедi көршi аға. – Өртеп жiберейiк! Өртейiк! – деп бәрi шулап кеттi.
Сол түнi үлкендер қораға солярка шашып өртеп жiбердi. Қорасы бiздiң қорамен жапсарлас болатын. Бiздiкiне от шауып кетпесiн деп, шегеннiң үстiнен бақылап тұрдым. Лаулап жатқан қораға қараймын. Iшiнен бiреу шыға келетiндей ұзақ бақыладым. Тым-тырыс. Ешкiм жоқ. Жалындап-жалындап барып сәлден соң күлi ғана қалды.
Түнiмен көз iлмей шықтым. Ержанның қойға барғандағы айтқандары құлағымнан кетпей қойды. “Қорада бiреу бар”, “Менi шақырады”, “Қорқам”...
Аз күннен кейiн қой жаюға қайта шықтым. Әркiм өз қойын әкелiп отарға қосып жатыр. Қозының бiреуi өртенген қора жаққа қарай жүгiрдi. Бiразға дейiн баруға бата алмай тұр­дым да, қайыруға беттедiм. Көзiме оттай басылды, қораның орнында “тик-так” жатыр. Көз алдыма қалтасынан жаймен суырып, бiр түйiрiн алақаныма ұқыптап салып жатқан Ержан елестеп кеттi...
...Сол жылы жазда Қайыржан деген досым да қайтыс болды. Ол да “Менi бiреу шақырады” дейтiн. “Үйде отырсам, қолын бұлғайды. “Артымнан ер” дейдi. Менен басқаға көрiнбейдi” дейтiн.
Қайыржан үш ай жазда қырдағы туысқандарына қыдырып кеткен. Қолына бiр бақлашка суын көтерiп, үйден шығып ке­тiптi. Аралдағылар оны қырда деп, қырдағылар аралда деп iздеу салмаған. Сүйегi он күн­нен кейiн табылды. Қарағайлыдағы бiр сордан табылыпты. Жанында ит-құстың iзi жатты дейдi. Бiрақ өлiкке тимептi. Шi­лiңгiр шiлденiң кезi едi, сүйегi бұзылмапты. Сорда жатқандықтан шығар деп ойладық.
Неге екенiн қайдам, әлi күнге шейiн осы оқиғалар есiм­нен кетпейдi. Бұларды шақырған кiм? Адам ба, жын ба? Адам болса, неге басқаға көрiн­бейдi? Жын болса, екеуi­нен ала алмаған қандай өшi болды? Сұрақ көп, жауап жоқ...
Серiкбол ТIЛЕПБЕРГЕНҰЛЫ.
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті