1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазіргі адамдар «бірің өліп, бірің қал» дегенді мықтап ұстанып алған. Өйткені адамдар ешкімге сенбейді, сенейін десе есітетін әңгімелерінің бәрі өтірік. Сондықтан бәріміз ас үйде отырып, үстелді тоқпақтап, революция жасаймыз, көшеге шыққанда үнсіз қаламыз, өкінішке орай, осылайша екі жүзді болып барамыз.
Автор: Болат Атабаев, театр режиссері
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №83 (16165) 18 қазан, сейсенбі 2016
"МЫҢНАН БІР МЕЗЕТ" "Жас Алаштың" ғылыми-танымдық қосымшасы.
18 қазан 2016
Баянаулада өмiр сүрген таңғажайып тұлғалар

ӘУЛИЕЛЕР ӘУЛЕТI

Баянаула жерiнен шыққан өнер мен ғылым қайраткерлерiн айтпағанда, бұл жақта өмiр сүрген әулие-әнбие, бақсы-балгер, ерекше қасиет иесi болған адамдар жайлы әфсаналар өз алдына бiр бөлек әңгiме. Жан дүниелерi жұмбаққа толы, бiзге белгiсiз тылсым әлемнiң осы бiр өкiлдерi бар ғажайып-құпияларын өздерiмен бiрге мәңгiлiкке ала кеткен. Егер бұлар қазiргi заманда өмiр сүрсе, сөз жоқ феноменге айналып, ақпарат құралдары мен телеэкранның бетiнен түспей, дүйiм елдiң аузында жүрер едi.
Бiрақ осыдан 300 жыл бұрынырақ өмiр сүрiп, алдағы екi ғасырда не боларын болжап айтып кеткен өзiмiздiң Мөңке бидi бiлмеймiз. Абылай заманында Баянаула-Қызылтау жерiнде жасап өткен, ерекше қасиет иесi болған, “аттым” десе, адам да, мал да мұрттай ұшқан Жанақ әулие Жаңабатырұлы жайлы хабарымыз шамалы. Тiрiсiнде әулие атанған Мәшһүр-Жүсiп Көпейұлын өз еңбектерi арқылы ендi ғана танып жатырмыз. Баянаула-Желтау төңiрегiнен өткен Лекер әулие Бекболат­ұлы, оның баласы Исабай диуана, одан туған Айтмағамбет пен Әлiш әулиелер, күнi кеше ғана арамыздан кеткен Әлiпбайдың диуанасы, бұлардың барлығы да бiр-бiр кiтап арнауға тұрарлық ғажайып тұлғалар. Осылардың ешқайсы да Мессинг пен Вангадан кем емес. Өкiнiшке қарай, бұлар туралы әңгiме қозғайтын адамдар да бүгiнде таусылып бiткен. Iздеушiсi болмаса, бұдан былай бiржола ұмытылады деген сөз. Осындай себептен оқырман қауым құлағдар болсын деген ниетпен төмендегi әңгiмелердi назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдiк.
 
ЛЕКЕР ӘМБИЕ БЕКБОЛАТҰЛЫ
Бұл кiсiнiң сүйегi Баянаула жерiн жайлайтын Сүйiндiк Құл­болдының Ақбура атасынан тарайды. Лекердiң заманында Қаржас-Ақша елiнде Бақтыбай Бәкiұлы деген адам өткен екен. Ол өз уақытында Мұса мырза Шорманұлына жақын жүрген, ел iшiнде беделi зор, дәулеттi кiсi болса керек. Осы Бақтыбай жасы келген шағында Меккеге барып, қажылық мiндетiн атқармаққа ниет етiптi. Осындай себептен Лекермен ой бөлiсiп, қажылыққа бiрге барсақ қалай болады деген ұсыныс айтып және жол қаражатын өзi көтерем десе керек.
Сонда Лекер:
             Бақа, ықылас бiлдiргенiңе Алла риза болсын! Барар болсам, өз қаржым өзiме жетiп қалар. Бiрақ саған қояр бiр шартым бар, соны орындасаң ғана сенiмен сапарлас болам,–дептi.
Бақтыбай: “Ол не шарт?” – дегенде, Лекер:
             Сен ғұмыр бойы ел iсiне араласып, ат үстiнде жүрген адамсың. Бiр себептермен жолдан тайған кездерiң де болған шығар. Сондықтан мына қолдағы жинаған мал-пұлыңның бәрi бiрдей адалдық жолымен келiп едi деудiң жөнi бола қоймас. Қажылыққа шын ниет еттiм десең, қолдағы малыңның үштен екiсiн Құдай үшiн деп жоқ-жiтiктерге тарат. Сөйтiп, iзгi сапарға тек ата малыңның өтеуiнен түскен қаржымен барсаң, сауабы болады,– дейдi.
Бақаң сөзге келместен Лекер әулиенiң осы шартын орындап, садақа деп, маңайдағы жоқ-жiтiк, кембағалдарға малының бiразын таратып, жолға дайындала бастайды.
Лекер әулиенiң бәйбiшесiнiң есiмi Шалқыман екен. Ақылға мол адам болса керек. Лекер жарықтықтан бiреу бiрдеңе сұрай қалса: “Қазiр Шалқыманға барып бiлiп келейiн”, – деп тұра шабатын көрiнедi. Сондықтан елi iшi бұл кiсiнi “Шалқыман әулие” деп те атаған.
Сөйтiп, уағдалы күнi үстiне киген жалаң ақ көйлек-дамбалмен, қолында аса таяғы Лекер Бақтыбайдың ауылына барып, мен дайынмын десе керек.
Бұны көрген Бақтыбай:
             Ойпырмай, Леке, осы көй­лек-дамбалмен жүре бермексiз бе, киiм-кешек бiрдеңе алмайсыз ба? Жол қаражатыңыз не болды? – дептi.
             Бақа, көйлек-дамбалмен келдiң деп, Меккеге кiргiзбей қояр дейсiң бе? Мен жол қаражатымды алып, бiржола шықтым, Алланың жұмсауымен Шалқыманнан 20 тиын қарызға сұрап алдым. Өзiң дайынсың ба?–дейдi.
Сөйтiп, әулие қашан келедi деп дайын отырған Бақтыбай Аллаға сиынып, Лекер мен басқа жолсерiктерiн ертiп, сапарға бет түзейдi. Айлап жол жүрiп, теңiзге жетiп, кемеге мiнбек бол­ғанда, кеме басқарушысы жол жүретiн билетiң жоқ, үстiңде көйлек-дамбалдан басқа лыпаң жоқ деп, Лекер әулиенi мiнгiзбей тастап кетiптi. Сапарлас болып келе жатқан басқа жолаушылар кеме бастығынан қанша жалынып сұраса да, Лекердi алмайды. “Е, не қыласыңдар жалынып,–дейдi мұны көрген Лекер әулие, Алла сәтiн салса, өзiм де бiрдеңе етiп жетермiн”.
Бiрақ жолаушыларды мiнгiзiп, жағадан ұзаған кеме ашық теңiзге шыққасын, алай-дүлей дауыл тұрып, суға бату қаупi төнедi. Зәрелерi ұшқан жолаушылар кеме бастығына: “Бұл бағанағы сiз алмай кеткен әулиенiң себебiнен болар, ол тегiн адам емес секiлдi едi. Шама келсе, аялдап тосайық. Мүмкiн, бiр­деңе қылып жетiп қалар,” – де­сiптi.
Кеме капитаны қынжылса да, амалсыз келiседi. Зәкiр тастап, кеме аялдаған кезде, дауыл да басылғандай бола қалады. Әрi-берi уақыт өткен соң, кеме­дегiлер соңына көз салса, теңiз бетiмен бiрдеңе ағараңдап зуылдап келе жатыр дейдi. Сөйтсе, ақ көйлек-дамбал киген Лекер жарықтықтың өзi екен. Кемеге жетiп мiнген Лекер әулие: “Несiне бөгелдiңдер, өзiм де ақырындап жетiп қалар едiм ғой,” – деген екен. Мұның тегiн адам емес екендiгiне ендi кеме­дегiлердiң бәрiнiң көздерi анық жетедi.
Бiр қызығы, Мекке топырағына табаны тигесiн, Лекер әулие өзiнiң туған жерiне келгендей масайрап, басқалардан бөлiнiп, өз бетiнше кете барады. Содан, күндерден күндер өтiп, жолаушылардың қайтатын уақыты жақындап, жолға жиналайын десе, Лекер әулие жоқ болып шығады ғой. Елге қарай аттанамыз деген қажылар әрi тосады, берi тосады. Лекер жоқ. Амалы таусыл­ған Бақтыбай бар абыройын салып, керуен басының алақанына бiрдеңе салып, әйтеуiр теңiзге қарай жүргелi тұрған керуендi бiрер күнге тоқтатыпты.
Сөйтiп, Бақтыбай мырза не iстерге бiлмей, құм үстiнде ойға шомып отырса, жоғалған Лекер әулие дәл жанынан кенет пайда бола қалған екен.
             Ой, Бақа, көп тосып қал­дың ба? Ғафу ет! ...Мен ендi елге қайтпайтын болдым, осында қалам. Өзiңе аман-есен жетуге Алла нәсiп етсiн. Бiрақ саған тапсырар бiрер аманатым бар, соны айтайын деп келдiм. Шалқыманнан мына 20 тиынды қарыз­ға алып едiм, соны апарып берерсiң. Тағы бiр аманат, Исабай балама сәлем де,– деп ышқырына түйген 20 тиын ақшаны алып Бақтыбайға ұсынады.
Бақтыбай ақшаны қалтасына салып, ендi бiр қараса, жанында тұрған Лекер тағы да жоқ болып кеткен, тек орнында құмға қадау­лы асатаяғы ғана тұр. Айран-асыр болып, түкке түсiнбеген Бақтыбай әулиенi ендi қайтып көрмесiн бiлiп, аса таяғын аманаттап алып, елге аман-есен оралады.
Баянауылға жетiп, әй-жай бол­ған соң, Бақтыбай Бекболат әулетiнiң ата қонысының басында бүкiл Құлболды балаларына сауын айтып, Лекер әулиеге арнап дұға оқытып, ас берген екен. Сол астың үстiнде әулие­нiң аса таяғын ұрпақтарына тапсырып, Шалқыман бәйбiшеге 20 тиын ақшасын да қайтарыпты.
 
НАМАЗ УАҚЫТЫНДА ЕСIК ӨЗIНЕН-ӨЗI АШЫЛАТЫН
Осы Лекерден туған Исабай қажы да заманында әулие атанып, ел-жұртқа шапағаты мол тиген жан екен. Өкiнiшке қарай, Исабай қажы туралы ел iшiнде көп дерек сақталмаған. Оған себеп болған сол кездегi аласапыранды уақыт па дейсiң. Сахара даланың төсiн­дегi 1916 жылғы дүрбелең, одан кейiнгi жаңа өкiметтiң келiп орнауы, жиырмасыншы жылдардағы ашаршылықтың ауыр кезеңi, одан кейiнгi кәмпеске, колхоздастыру, одан соңғы қуғын-сүргiн зұлматы халықтың есiн шығарып жiбергенi белгiлi. “Балапан басына, тұрымтай тұсына” деген заманда кiмдi кiм iздейтiндей болды.
Дегенмен, Исабай қажының балалары Айтмұхаммет пен Әлмұхаммет (Әлiш диуана) жайлы бiраз әңгiмелер бүгiнге жеткен. Ел iшi Айтмұхамметтi Айтекең молла, Айтекең диуана деп атаған. Жан дүниесi баладай пәк, жылы шырайлы, мiнезi шуақты күндей Айтекең диуана өзi колхоз жұмысын iстей жүрiп, халықтан шапағатын аямаған адам екен. Медицина деген түсiнiк болмай тұрғанда, төңiректегi ауырған-сырқағанның бәрi Айт­мұхаммет диуананың алдынан өткенiн бүгiнде үлкендер үлкен iлтипатпен еске алып отырады.
Айтекеңнiң жалғыз iнiсi Әлiш әулиеге “молласың, халықты емдейсiң” деген жала жабылып, Павлодардың түрмесiне қамалады. Түрме қарауылдары қамауда жатқан Әлiштiң камерасының есiгiн қанша бекiтсе де, намаз уақытында есiк сарт етiп ашылып, Әлекең асықпай шығып, дәретiн алып, сосын қайтадан кiрiп, қамзолын жайнамаз етiп жайып, парызын өтейдi екен. Ақыры бұған түрме басшылығы да көндiгедi. Түрмеден қашып кететiн жағдайы бола тұра, Әлiш әулие оған бармаған. Алланың маңдайға жазғанын көрермiн деп, жата берсе керек. Ақыры сол түрмеде жатып, пәнилiк дүниемен қоштасады...
“Ертеде ауыл ақсақалдары Айтекең мен Әлiш диуананың халыққа жасаған игiлiктi iстерi жайлы аңыздай қылып айтып отырушы едi. Және ондай әңгi­мелер шама келсе жасырын, бала-шағаның құлағынан аулақтау жерде айтылатын,” – деп жазады баянаулалық өлкетанушы Нығмет Жәмiнұлы өзiнiң “Ата жұртым – Желтауым” атты кiтабында.
Ендi Айтмұхаммет әулие жайлы әңгiме етсек, атақты 1930-31-дiң ашаршылығы жылдары Айтекең даланың тағы елiктерiн ауылға айдап әкелiп, сауғызып тұрған дейдi Баян жерiнiң бүгiнгi ақсақалдары. Ақ киiм киiп, елiк­тердi үй малындай қотанға әкелiп иiрiп қойып саудырғанда: “Желi­нiнен ұрмаңдаршы, ақырын, ақырын,”–деп, зарлап, көзiнен аққан жасы сақалынан тарам-тарам болып ағып, ат үстiнде жылап тұрады екен.
Жоғарыда әңгiме болған Лекер диуананың аса таяғы кейiн немересi осы Айтмұхамметте болады. Асатаяқты көзiмен көрген адамдардың айтуынша, оның көптеген сылдырмақтары, жанатын шырағы болған екен. Егер бiреу-мiреу ем алуға келе жатса немесе басқадай жайсыз хабар болса, асатаяқ Айтекең­нiң өзi ғана түсiнетiндей шылдырлап белгi берiп, жаңағы шамы жанады екен. Сонда әулие жарықтық тай демей, тана демей, қолына түскен көлiктi мiнiп алып, жүре бередi дейдi. Төңi­ректегi босана алмай жатқан әйел мен шалықтап ауырғандар, қандай да бiр қатерге ұшырағандар Айтекеңнiң алақаны тимей, сырқатынан айықпаған. Ал дертке ұшыраған адамның бар екенiн, оның қай бағатта тұратынын нұсқайтын – жаңағы астаяқ. Айтекең әулие тура сол кездiң жедел жәрдем қызметi десе де болады.
Қазiр осы асатаяқ Екiбастұз қаласында Жабағының Мүбәрегi деген адамның ұрпақтарының қолында сақтаулы. Бiрақ бұрын­ғы қоңыраулары, шамдары жоқ, қайда қалғаны белгiсiз. Құр таяқ пен басына кигiзген найзаның ұшы секiлдi үшкiр темiрi ғана. Ағашының өзi сынып, қайта сапталған секiлдi. Бiздiң пайымдауымызша, бұл асатаяқ мұражайда, не басқадай белгiлi бiр жерде тұруы керек секiлдi. Бiрақ оны ескерiп жатқан ешкiм жоқ қазiр.
 
БӘРIМIЗДI ЖЫН ҚАҚТЫ
Нығмет Жәмiнұлы өзiнiң аталған “Ата жұртым – Желтауым” кiтабында өзi куә болған мына бiр оқиғаларды әңгiмелейдi. “Ол кезде бiздiң колхоз “Жаңа талап” деп аталады. Соғыстың жаңа ғана аяқталған тұсы. Жазғы каникул басталысымен, жасы тоғыздан асқан балалар тегiс колхоз жұмысына шығып, пiшен дайындауға атсалысамыз. Ол кездегi негiзгi күш-көлiк – ат пен өгiз. Шабындық шөбi мол Төл­тай, Шәдiбек деген екi үлкен алқап болатын, сол жерден пiшен шабылады. Бiр ғажабы, осы төңiректе жын-шайтан бар деген сөздi естiп жүретiнбiз. Оны оңашада балалар өзара әңгiме қылып та қоямыз. Бұл әңгiме негiзсiз екенiн бала болсақ та сеземiз, себебi, үлкендер таңертең өгiздердi жинап, айдап әкелуге балаларды жiбермей, өздерi кезектесiп баратын. Алайда үлкендер қанша сақтанса да, жыл сайын бiрнеше бала осы жақтан шалықтап ауырып қайтатын. Мысалы, бiр жылы Қабдуов Файзолла, екiншi жылы – Бәкiров Бектемiр, үшiншi жылы – Масығұтов Бекболат, Шекеев Қаратай, депортациямен келген шешеннiң баласы Әнди, тағы сондай немiстiң баласы Оттоның ауырғандары есiмде. Сырқаттың түрi–бала шалықтанып, ес-түсiн бiлмей, екi көзi алақ-бұлақ етiп, даладан-далаға қашады.
Осы “жынның қағуына” өзiм де ұшырадым. Бiрде ұзаңқырап кеткен өгiздердi айдап келуге барғам. Шабындық шөптiң арасында гүл терiп жүрген бiр әйел­дi көрiп қалдым. Содан кейiнгiсi есiмде жоқ. Арада екi-үш күн өтсе керек, есiмдi жисам, үйде екенмiн, жанымда Айтекең молла, анам шай құйып отыр. Айтекең менi “атабала” деп атаушы едi, сол әдетiмен: “Байқұсым, атабала, немене ауырып қалдың ба? Ештеңе етпейдi, жазылып кетесiң!”–деп басымнан сипап, үшкiрiп, ем-домын жасады. Ол кезде он бiр жаста едiм. Соңынан бiржола сауығып кеттiм. Бiрде кейiнiрек, Айтекең молланың әкеме “халықтың мазасын алып жүрген пәлекет” туралы айтып отырғанын құлағым шалып қалды. “Балаларға тиме, бұл жақтан ендi кеткенiң дұрыс, көзiме көрiнбе деп едiм, кететiн емес,”– деген сөздерi әлi күнге есiмде.
Арада бiраз жылдар өттi, өзiмiзге туыс Елубай Сыздықұлы деген ағамыз мал дәрiгерiнiң оқуын бiтiрiп, ауылға келiп, қызметке орналасты. Мен де ол кезде оныншы класты бiтiрiп, азамат болып қалғам. Бiрде Елубай ағам екеумiз Айтекең әулиенiң үйiне сәлем беруге бардық. Әңгiме үстiнде ол кiсi: “Сендер ендi Төлтай, Шәдiбек жағына қорықпай бара берiңдер. Бәрiң­нiң “шайтан” деп жүргендерiң ертедегi Тайпақ молланың иесi едi. Тайпақ қайтыс болғасын ол кетiп қалмай, осы жақты мекендеп қалған. Кезiнде иелiк қыл деп Тайпақтың немересi Нұрғали молланы (Нұрғали Таушабайұлы – Сұлтанмахмұтты оқытқан адам – С.Б) айналдырды. Одан кейiн менi төңiректедi. Бiрақ заман өзгерiп кеттi, бiздер қорқып ұстай алмадық. Сол сендер “шайтан” деп жүрген Тайпақ молланың иесi былтыр қайтыс болды, мен жаназасына барып қайттым,” – деген едi. Содан кейiн Төлтай мен Шәдiбек жағына барып, бiреу-мiреу сырқатқа ұшырапты дегендi естiген жоқпыз,”– дейдi.
Сайлау Байбосын,
Павлодар облысы
(Жалғасы бар)
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті