1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Үкімет қарапайым халықтың санасына ақшаны өздері тауып, өздері бөліп беретіндей амал-әрекетті сіңіруде. Бұқараның психологиясына «Үкіметтің ақшасы» дегенді құйып қойған. Жоғарыдағылар ақшаны аспаннан Құдай беріп жатқандай көреді. Осындай аса қолайлы идеологияны таңдап алған.
Автор: Ораз Жандосов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №101 (16183) 19 желтоқсан, дүйсенбі 2016
"МЫҢНАН БІР МЕЗЕТ" "Жас Алаштың" ғылыми-танымдық қосымшасы.
19 желтоқсан 2016
Климат өзгердi ме, әлде бұл желеу ме?
«ҚҰРБАҚА СИЯҚТЫ ҚОҒАМ»
Ғалымдар жер климатының жылынғанын қоғамның осыдан 10 жыл бұрын сезгенiн айтады. Оның нақты солай болып жатқанын дәлелдейтiндей, алаңдайтын ақпар болмағанымен, ауа-райының айтарлықтай өзгерiске ұшырағаны кәдiмгiдей құбылыс ретiнде қарастырылып жатыр.
Климаттың өзгерiп жатқаны жайлы мәселе соңғы 10-15 жылда жылда тың тақырыптар легi­нен түспедi. Мәселен, АҚШ-тың ұлттық ауа-райы қызметiне қарас­ты үкiметтiк агенттiгi 1995 жылдан берi 10 жылдың тоғыз жылында ауаның жылымық болғаны туралы хабарлады. Сол сияқты, Гренландияның мұздықтарын зерттейтiн сарапшылар Атлант мұхитының екi қатпарлы мұзы, қатып қалған өзендердiң алдыңғы он жылға қарағанда, ери бастағанын айтты. Ке­зiн­де Дүниежүзiлiк банктiң бұрынғы басшысы, экономист Николас Стерн Британ үкiметiнiң тапсыруымен ауа райы жөнiндегi зерттеулерiн жарыққа шығарған. Онда ғаламдық жылынудың алдын алмау салдары халықаралық iшкi өнiмдi 20 пайызға төмен­детiп жiберу қаупiн тудыратыны жазылған.
Әлбетте, сол хабарларға, кино немесе ғылыми конференция­ларға қарағанда, көңiлге қонымды көрсеткiш ауа-райының өзi болып отыр. Бұл тұрғыда Құрама Штаттардағы Принцтон уни­верситетiнiң халықаралық байланыстар және геоғылыми саласы бойынша профессоры Майкл Оппенеймер былай дейдi.
“Климаттың жылынуы се­бебiмен қоғам соңғы бiр-екi жылда айналыса бастады. Ауа-райында күрт өзгерiстер туындап, қатты құйын көтерiлгенде, адам шығынын әкелген күннiң қызуы сынды айқын көрiнген жағдайлардан кейiн әлем бұл түйт­кiлге мойын бұра бастады”. Майкл Манн деген маман да М.Оппенейердiң пiкiрiн жақтайды. АҚШ-тың Пенсильвания шта­тындағы жер жүйесi ғылыми орталығының директоры Майкл Манн: “Қазiрдiң өзiнде ауа ра­йын болжаушы мамандар климаттың өзгеруiне адамзаттың әсерi бар дегенге қарсы болып келе­дi. Бiрақ ауа райының өзгеруiне қоғамның ықпалы себеп болып отыр. Адамдар бұл проблеманың шынымен де күнделiктi өмiрде әсерiн қатты сезiп жатыр. Климаттың өзгеруi – бұл ауа-райының ақырындап өзгерiске түсуi және адамдардың әрекетiнен су бiртендеп ысып одан кейiн қатты ыстық судан секiрiп шыға алмаған құрбақа сияқты”. Майкл Манның пiкiрiнше, “құр­бақа сияқты қоғам” климаттың өзгеруiне ерекше мән бермейдi. Сол салғырт қараудың салдары тығырыққа тiрейдi. Алдағы уақытта адамзат пен көмiр­қышқыл газының   климаттың жылынуына бел­гiлi бiр мөлшерде әсер ететiнiне тоқталған сарапшы Ман “адамдар ондаған жылдар бойы ға­лам­дық жылынуға салдарын тигiзетiндей көмiрқышқыл газының көп мөлшерiн шығарғанын айтады. Сонымен мамандар табиғи апаттарға әкелiп жатқан ауа-райының өзгерiске ұшырағанын мойындағанымен, қауiптiң қаншалықты алдын алу керектiгi жөнiнде өздерiнде жеткiлiктi ақпарат жоқ екенiн де алға тартады. Және адамзаттың апатты өзгерiстердi болдырмау үшiн маңызды қадамдар жасауына ондаған жылдай ғана уақыт бар еке­нiн ескертедi.
 
ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК
Статистикалық мәлiметтерге сүйенсек, 2003-2015 жылдар аралығында елiмiздегi жауын-шашын мөлшерi 2,5 есеге, ал қыс айларындағы жауатын қар мөлшерi 2,7 есеге артқан. Мұн­дай жағдайларда қысы жайлы, жылы климатқа үйренiп қалған оңтүстiк аймақтар қатты зардап шегiп жатады. Қар қатты жауып, боран соққан кездерде тиiстi техникалар мен қажеттi құралдар керек жерлерiне жете алмай, таулы ауылдың тұрғындары климаттың тосын мiнезiнiң тұтқынына ерiксiз айналатыны жасырын емес.Климаттың мұндай тосын мiнез көрсетуiнiң соңы төтенше жағдайларға әкелiп соғады.
Ғалымдардың зерттеуiне сүйенсек, 1980 жылдан бастап ғаламшардағы орташа температура 0,8°С көтерiлген. Мұхиттардан шалғай жатқан бiздiң елге мұндай жағдайдың бiрден әсер етерi сөзсiз. Қазақстанға Ауғанстан, Иран арқылы қалыптасатын, қысымы өте жоғары, ыстық және құрғақ антициклон келiп жаз бойы сақталып тұрады. Ал сол­түс­тiгiмiздегi Сiбiрден келетiн ыл­ғалды салқын ауа жоғары қысымды антициклонды бұзып өте алмай тоқтап қалады. Осының салдарынан елiмiзде қуаң­шылық болып тұрады. Сонымен қатар, климаттың өзгеруiнен жылуэнергетикасы мен инженерлiк желi­лер­дiң жұмысына да кедер­гiлер келiп, жол-көлiк апаттарының артуына да айтарлықтай әсер етедi. Мысалы, биылғы жылдың сәуiр-шiлде айларында Алматы қаласында 10 рет болған нөсер жауын салдарынан көлiк қозғалысы қиындап, оның арты бұр­шақ­қа ұласып, тұрғындарды әжеп­теуiр әбiгерге салған. 
Ауа-райының мұн­дай күрт өзгеруi атмосферадағы оңтүстiк және оңтүс­тiк-батыс тараптан келетiн жылу массаларының орта деңгейдегi салқын ауа массасымен соқтығысуынан туындайды. Мұндай жағдайлар, Қазақстанның ауа қабатындағы циркуляциялық үрдiс­тердi қосымша зерт­теудi талап етiп отыр. Елiмiздегi соңғы жылдары орын алған түрлi су тас­қындары мен ауа-райының тосын мiнез көрсетуi – осылардың алдын алып, ұмтылмаудың айқын бiр дәлелi. Құрылыс, ауылшаруашылық және транспорт саласындағы жұмыстарды жоспарлағанда осы климаттық өз­герiс­тердi ескерген жөн.
 
АҚША ТАБУ АМАЛЫ МА?
Сарапшылардың пайымынша, ауадағы жоғары температура салдарынан болашақта күн мен ыстық өтiп, суға кетiп, өмiрден озатын адамдар саны артуы мүмкiн. Мұндай жағдайда алдымен балалар, үлкен адамдар және әлеуметтiк аз қамтылғандар тобы қатты зардап шегедi. Себебi – үйлерiне желдеткiш орнатып, тиiстi медициналық кө­мекке жүгiнiп, уақытылы демалу үшiн де қаржылық тұрғыдан тәуелсiз болу қажеттiгi белгiлi. Егер қазiрден бастап климаттық өзгерiстерге бейiмделмесек, жүрек-қан тамырлары аурулары артып, түрлi табиғи апаттардан қаза табатын адамдар саны арта бермек. Мамандар соңғы 25 жыл iшiнде 4 мыңға жуық табиғи тосын оқиғалар тiркелгенiн айтады. Дегенмен, кейбiр ғалымдар “Климаттың өзгеруi деген түсiнiк қолдан жасалған. Бұл ақша табудың құралына айналды. “Климат өзгердi” деген желеумен ептi адамдар түрлi конференция ұйымдастырып, жиын өткiзiп, мол қаржыға кенелуде. Тағы бiр пысықайлар өндiрген тауарын өткiзуде. Сондықтан климаттың өзгеруiн басқа қырынан зерттеген абзал”, – дейдi. Қалай бол­ғанда да, бұл келелi мәселе және оған ғалымдар бас қатыруы тиiс. 
Елдос БЕКНАЗАР
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті