1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақтың жауы – қазақ» деп шулап келеміз. Неміс екіге бөлінгенде «Немістің жауы – неміс» деп ешкім айтқан жоқ, Корея екіге бөлініп соғысқанда, әлі де екі бөлініп отыр, «кәрістің жауы – кәріс» деп ешкім айтқан жоқ, Вьетнам қақ жарылып қақтығысқанда «вьетнамның жауы – вьетнам» деп ешкім айтқан жоқ.  «Адам – адамға қасқыр» деген жалпылама айтылатын сөз болғанмен, дүние жүзінде ондай нәрсе жоқ. Ал «қазақ – қазаққа жау» деп ұран көтеретіндей не басымызға күн туды?
Автор: Мұхтар Мағауин, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №13 (16199) 14 ақпан, сейсенбі 2017
"МЫҢНАН БІР МЕЗЕТ" "Жас Алаштың" ғылыми-танымдық қосымшасы.
14 ақпан 2017
Хеопс пирамидасының сыры

АДАМ ТҰРҒЫЗҒАНЫ РАС ПА?

Хеопс пирамидасы салынғалы бергi төрт мың жыл бойы осы бiр сұрақ адамзатты толғандырып келедi. Ол туралы аңыз да көп. “Осыншалық алып дүниенi адам салуы мүмкiн емес” деп күмәнданатындар да кездеседi. Бiреулерi “жындар салған болуы ықтимал” десе, бәзбiреулерi “бұл – жер бетiнде болған басқа өркениеттiң белгiсi” дейдi. Ендi бiрi “жоқ, мұндай кереметтi бөтен ғаламшардан келгендер салған” деген болжамдарын ұсынып бағады.
Неге олай? Себебi, бүгiнге дейiн және технология дамыған қазiргi заманда да дәл осындай теңдессiз құрылысты адамдар әлi өз қолымен сала алған жоқ. Мысалы, 1989 жылы Париж қаласындағы Лувр мұражайының жанына салынған сәулетшi Пэйдiң шыны пирамидасының биiктiгi 22 метрден аспайды. 1972 жылы АҚШ-тың Сан-Франсиско қаласында пирамидаға елiктеп салынған халықаралық штаб-пәтердiң алып құрылысы бар. 48 қабаттан тұратын ғимараттың биiктiгi 260 метр болғанымен, көлемi Хеопс пирамидасының жартысына жетпейдi.
Сондықтан да, Хеопс пирамидасы – адамзат тарихындағы жетi кереметтiң бiрi.


ТАҢҒАЖАЙЫП ДЕРЕКТЕР

Мысырдың Гиза жазығында тұрған Хеопс пирамидасын “Ұлы пирамида” деп те атайды. Себебi, 4 мың жылдан аман жеткен жалғыз жәдiгер – биiктiгi 147 метрге жететiн әлемдегi ең алып ғимарат. Әрi өте дәл құрастырылған, ең iрi тастан жасалынған бiрден-бiр құрылыс. Хеопс пирамидасының жалпы салмағы 5 млн тоннаға жетедi. Бүкiл құрылысты салуға 2 млн текше тас блок жұмсалған. Пирамиданың iрге көлемi 5,15 гектар жердi алып жатыр. Оған 200 теннис алаңын, Римдегi Әулие Петрдiң екi шiркеуiн орналастыруға болар едi. Кезiнде Наполеон Гизадағы басты үш пирамиданың тас блоктарымен Францияның барлық шекарасын 3 метр биiк, 30 см қалың қорғанмен қоршауға жетедi деген қызық есеп шығарған екен. Осындай ақылға сия бермейтiн алып дүниенi IV әулеттiң екiншi басқарушысы перғауын Хуфу б.э.д 2551-2528 жылдары Нiл өзенiнiң батыс жағалауына өзiнiң болашақ моласы етiп салғызған. Пирамидадан бүгiнге жетпей жоғалғаны – құрылыстың ұшар басынан көз шағылыстырып тұратын үшбұрышты сом алтын, пирамиданың сыртын түгелдей қаптап, алыстан аппақ қардай етiп көрсететiн әктас тақталар.

ПИРАМИДАЛАР ҚАЛАЙ САЛЫНДЫ?

Ең әуелi пирамидалардың өте дәлдiкпен салынғаны таңғалдырады. Соншама көп тастардың қандай жолмен өңделiп, қалай жеткiзiлiп, қалайша қаланғаны да жұмбақ. Геометриялық орналасуы да ғажап: оның төрт жағы дүниенiң төрт бұрышына бағытталған, бар-жоғы 8 минуттық ауытқу байқалады. (20 см). Ал Хеопске көршi 143,5 метрлiк биiк Хафр пирамидасы, келесi 65 метрлiк Менкаур пирамидасы үшеуi биiктен қарағанда, батысқа қарай дәл өлшеммен шұбырта бағытталып салынған. Хеопс пен Менкаур пирамидаларына қатарласа қаз-қатар үш кiшi пирамидалар орналасқан. Ол перғауындардың әйелдерi мен апа-қарындастарына арналған молалар болған. Олардың да өзара өлшем ұқсастықтары егiз тамшыдай.
Хафрдың тұсына таман салынған адам басты, арыстан денелi 20 метрлiк әйгiлi алып Сфинкс тұтас жартастан қашалып жасалынған. Қарапайым құрал-саймандармен мұншама сұсты дүниелердi қалай салғаны туралы дәлелдi болжамдар ғана айтылады. Әйтпесе, сырлы жұмбақтар сол алып тастармен бiрге қаланып, уақыт қойнауына мәңгi жұтылып кеткенге ұқсайды. Пирамидаларды салмас бұрын оның тұратын орны тегiстелген. Мiнсiз тегiстеу үшiн құрылыс алаңына су жiберiлген. Құрылыс алаңы дымқылданып, жiбiген соң торкөз жыралар қазылған. Жыралардың тереңдiгi бiрдей болу үшiн арнайы таяқтармен өлшеп теңестiрiп отырған. Су тартылған кезде жыраларда шамалы су қалдырылған. Осылайша судың көмегiмен жiбiтiлген тасты қыртыстарды түгел тегiстеген.
Арада төрт мың жыл өтсе де пирамидалардың сырға толы жұмбақ құпиясы әлi толық ашылған жоқ. Ғалымдар арасында ашылмай қалуы мүмкiн деген жорамал да жоқ емес.

Б.Тоқтарова

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
СС | 30 наурыз 2017 22:29
Адам қолымен жасалған жоқ.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті