1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Сталин ашқан Академия тәуелсіздікке қол жеткен кезде жабылды. Қазақ Үкіметі оның жабылуына айдың күннің аманында жол берді. Бұл – біздің саяси жүйенің қателігі. Бұл – факт.  Сөйтіп, 70 жылдан астам тарихы бар Қазақ Академиясының құны бар-жоғы 500 доллар болып шыға келді. Оның бағасын Үкімет те, академиктер де солай деп бағалады.
Автор: Асқар Жұмаділдаев, Профессор, физика-математика ғылымдарының докторы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №21 (16207)   14 наурыз, сейсенбі 2017
"МЫҢНАН БІР МЕЗЕТ" "Жас Алаштың" ғылыми-танымдық қосымшасы.
14 наурыз 2017
Көне бейіт жанындағы жалғыз үй

Бұл әңгімені бұдан екі жыл бұрын маған құрылыста бірге істейтін Тынымбай деген кісі айтып беріп еді.
– 1972 жылы мен Душанбе қаласына жақын маңайдағы әскери бөлімнің бірінде әскер қатарында болған едім, – деп бастаған еді әңгімесін Тынымбай. – Біз негізінен құрылыс бөлімінде қызмет ететінбіз. Қапырық күндердің бірінде ыстығым бірден көтеріліп, ауруханаға түсіп қалдым. Аурухана болғанда әскери емес, азаматтық аурухана. Тура Душанбе қаласындағы орталық ауруханада жаттым. Менімен бірге жасы 80-ге жақындаған шүңірек көзді, арық қара шал да жатты. Артынан іздеп келер жанашыры жоқ па, білмеймін. Әйтеуір, мен жатқан бір аптаның ішінде ол қарияны іздеп бірде-бір адам келмеді. Таяғына сүйеніп әрең жүретін ол кісі тура аруақ сияқты еді... Жүрген кезде екі өкпесі сырылдап, ентігіп әрең сөйлейтін.


Ауруханаға жатқаныма сегіз күн болып, тоғызыншы тәулікке ауысқанда, таңертең күбір-күбір сөйлескен дауыстан оянып кеттім. Басымды көтерсем, әлгі ауру қарияның қасына үш-төрт дәрігер жиналып қалыпты. Қарияның бетін ақ матамен жауып қойыпты. Бірден түсіндім, қария бақилық болып кеткен екен. Арада біраз уақыт өткенде кезекші дәрігер де келді.
– Тынымбай, – деді дәрігер, – мына кісіні қала шетіндегі бейітке апарамыз. Артында ешкімі жоқ қарияны мұсылман салтымен жерлеуіміз керек. Қазір сенімен бірге үш адам бейітке барады. Ертерек барып, әлгі ақсақалдың орнын дайындап беріңдер, – деді.
Бізді бейіт жанында ұзын бойлы, қапсағай денелі, қызыл шырайлы, жасы елулерден асқан бір кісі қарсы алды. Алайда құрал-сайманымызды салып келген бізге жұмыс табылмай да қалды. Әлгі кісі қабірді бір өзі қазып, бәрін рет-ретімен дайындап қойыпты.
– Менің есімім – Икрам. Шыққан тегім әндіжандық өзбекпін, – деп таныстырды ол өзін. Біз де атымызды айтып таныстық.
– Сендер жер қазып әуре болмай-ақ қойыңдар. Марқұмның жатар орны дайын. Тек көмуге жәрдем берсеңдер болғаны. Жүріңдер, онан да біздің үйге кіріп, шай ішіп алайық.
– Сіз қайда тұрасыз? Қалаға қайтып барамыз ба, сонда? – дедік біз таңданған қалпымызды жасыра алмай.
– Жоқ, қалада емес. Осында тұрамын, – деп Икрам ака бізді бастай жөнелді. Ұзыннан-ұзақ созылған бейітті айнала жүріп, күншығыс жақтан қоныс тепкен, жерді қазып, төбесін қамыспен жапқан шағын үйшікке жақындай бердік. Әйтсе де сырты шағын көрінгенмен, іші екі бөлмеден тұратын жер үйдің іші салқындау екен. Біз тақтайдан жасалған тапшанның үстіне жайғастық. Икрам ака самаурынын көтеріп тысқа шығып кетті. Топырақ иісі аңқыған үйдің іші тым қарапайым, басы артық дүние көрінбейді. Бір бұрышта екі-үш киіз бен бес-алты көрпе, жастық жиналыпты. Одан берірек кішкене шойын қазан, кәстрөл, кесе-шәйнек орын тепкен. Ал екінші бөлмеде не бар екенін бір Құдайдың өзі білсін!
Арада біраз уақыт өткенде самаурынын көтерген үй иесі ішке кірді. Дастарқан жайылып, үстіне нан, қант, өрік-мейіздер қойылды. Шай ішкен болып отырмыз.
Бірақ менің ойым сан саққа бөліне берді. Икрам аканың жүзіне қарасам, кәрі емес сияқты. Тепсе темір үзетін қарулы. Екі бетінің нұры тамып тұр. Осыған қарамай, жалғыз өзі бейіт жанында елеусіз өмір сүріп жатыр. Сонда не, Икрам аканың бала-шағасы жоқ па? Жоқ әлде бейіт жанына өз жүрек қалауымен келді ме? Менің мазасыз ойымды дөп басқандай Икрам ака өзінің сыр сандығын аша жөнелді.
– Иә, жігіттер, сендер айтпасаңдар да, жүздеріңнен менің бұл жұмбақ жүрісіме таңданып отырғандарың сезіліп тұр, – деді Икрам ака алдындағы кесені қолға алып. – Мен мұнда өз шыбын жаным үшін келген адаммын. Осында қоныстанғаныма да жеті-сегіз жылдың жүзі болып қалды. Құдайға шүкір, өзімнен тараған үш ұл, төрт қызым қалада, екіқабатты зәулім үйім, астымда су жаңа «Волга» да бар, – деді одан әрі Икрам ака маңдайынан шып-шып аққан терді сүлгімен сүртіп жатып. Біз тырс етіп үн қатпай, әліптің артын күтіп отырмыз.
– 1954-56 жылдары Кеңес Одағы бойынша бұрын соқа тиіп көрмеген жерлерді жыртып, тың игеру науқанының кең етек жайғанын тарихтан жақсы білетін шығарсыздар. Сол жылдары мен ауыл бойынша алғаш шынжыр табанды трактор руліне отыру бақытына ие болдым. Ол кезде орда бұзар отызға жаңа келген кезім болатын. Шаршау дегеннің не екенін білмейтін тау қопаратын кезім. Әрі жаңа трактордың буы дегбірімді ұшырып тұрған шақ. Күндіз де, түнде де дамыл таппай жер қыртысын қақырата айдап тастаймыз.
Содан бір күні тау қойнауына жақын орналасқан бір ауылдың бұрын соқа тимеген алқабын бұзбақшы болдық. Бірақ ылғи да шекеміз тасқа тимей, айдарымыздан жел есіп жүрген біз күтпеген кедергіге тап болдық. Ауылдың бес-алты қариясы келіп, біздің бұл жерді мазаламауымызды өтінді. Сөздеріне қарағанда, осы өңірге есімі кеңінен мәлім ғұлама молда дәл осында жерленгенге ұқсайды. Алайда діннің тамырына аяусыз балта шабылған ол кезде мұндай құрғақ насихатты жүректері алып-ұшып тұрған біздің тыңдап тұруға уақытымыз шамалы еді. «Ой, сөздеріңе болайын», – деп жанымда жүрген Сергей екеуміз оларға құлақ та аспастан тың жерге соқа салуға өршелене ұмтылдық. Кетіп бара жатқан сәтте әлгі бізге «қой, айдамаңдар» деп өтінген бес-алты шалдың еңкілдеп жылап тұрғанын, көздерінен тамшылап аққан жастың сақалдарына тамып жатқанын байқап жүрегім су ете қалды... Бірақ енді тым кеш еді. Біз алған беттен қайтпадық.
Арада бір апта өткенде тегіс жолда келе жатқан тракторы бірден аударылып кеткен Сергей досым трактордың шынжыр табанының астында жаншылып кете барды... Ал мені әлде бір күш ұйықтатпайтынды шығарды. Көзім сәл ілініп кетсе болғаны, басына сәлде ораған ақ сақалды кісі таяғымен ұрып, алдына салып қуа жөнеледі... Кейде алқымымнан алып қылқындырады. Мен өз даусымнан шошып оянып кетем. Басым жастыққа тисе болды, көз алдыма түсі суық, сұсты қария елестейді. Бұрын тек түсіме кірсе, енді көз алдымда көлбеңдеп тұрып алады... Осылайша ұйқыдан қалдым. Жұмыстан да маза кетті. Болмаған соң тракторды тастадым. Бір шыбын жаным үшін талай молдаларға да, тәуіптерге де көріндім. Бірақ олардан қайран болмады. Ұйқыдан біржолата қалған мен көздерім шүңірейіп, екі жағым суалып өлетін халге жеттім. Қолында ұзын таяғы бар, сәлделі қарияның елесі енді шаңқай түстің өзінде-ақ көрінетін болды.
Осылай дел-сал болып жүргенде ауылға Тәшкеннен Бұқарбай есімді үлкен молда келді. Менің жағдайымды әбден зерттеген ол кісі: «Әй, балам-ай, кезінде қасиетті, ел-жұртқа беделді адамның мазасын алған екенсің. Енді сол кісі жатқан жердің басына барып, мал сойып, құдайы тамақ бер. Аруағына тағзым етіп, кешірім сұра. Сосын қалған ғұмырыңды бейіт басында өткіз. Сонда ғана аруақтар сені мазалауын қояды», – деді.
Баяғы өзім айдаған жер сол қалпында екен. Әбестікпен айдаған жердің киесінен қорқып, бізден кейін ешкім де мазаламаған көрінеді. Жалпақ тасты сүйреткен жерге мал сойып, аруақтарға бағыштап құран оқып, құдайы тамақ бердім. Қолымды көкке көтеріп, ата-бабалар рухынан кешірім сұрап жыладым... Жаратқан ием тілегімді қабыл етті ме, содан кейін ұйқым тынышталды.
Ал менің одан кейінгі өмірім бейіт басында жалғасып келеді. Қаладағы балаларым жиі келіп, азық-түліктерін жеткізіп тұрады. Олар менің жападан-жалғыз жүргеніме намыстанып, «қалаға келсеңізші» деп қанша үгіттесе де көнбедім. Осында дәретімді алып, намазымды оқып, күнелтіп жатырмын. Қолымнан келгенше өмірден озған пенделерге құран оқып отырам. Қазір, құдайға шүкір, ұйқым тыныш, көңілім сергек. Денсаулығыма да өкпем жоқ. Өзімді соңғы кездері сондай жақсы сезініп жүрмін, – деп аяқтаған еді әңгімесін сонда Икрам ака.


Орынтай КӨМЕКОВ
Т.Рысқұлов ауылы
Түлкібас ауданы
Оңтүстік Қазақстан облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті