1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Осы күнге дейін көп нәрсе айтылды ғой. Бұл неткен үнсіздік деген сұрақ менің көкейімде әр кез тұрады. Мен күнде таңертең тұрғанда бір жақсы хабар естігім келіп тұрады. «Зәкеңді өлтірген адамдарды тауыпты», я болмаса «сол істі қайта қарауға кірісіпті» дегендей хабарларды естігім келеді. Бірақ, өкінішке қарай, қазір бізде құлақ естімейтін, көз көрмейтін уақыт болып тұр.
Автор: Мақпал Жүнісова, Қазақстанның халық әртісі, әнші
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №30 (16216)   18 сәуір, сейсенбі 2017
"МЫҢНАН БІР МЕЗЕТ" "Жас Алаштың" ғылыми-танымдық қосымшасы.
18 сәуір 2017
Аппақ «кісі» кім?

Бұл оқиғаның болғанына 27 жылдай уақыт өтсе де, әлі күнге дейін есімнен шықпайды. Мен өзі табиғатымда тылсым күшке сене қоятындай адам емес едім, осы оқиғадан кейін кәдімгідей ойланып қалдым.
1990 жылы көктемде өзімнің анам дүние салды. Сол жылдың күзінде әкемнің кіші қарындасы да бақидан фәниге аттанды. Негізі, екеуі де қартайып тұрмаған еді. Менің шешем жүректен, ал апам қан қысымынан кетті. Біз бір әкеден, құдайға шүкір, он екі бала едік, ал апамның жалғыз қызы қалды. Ол кезде мен Атырау қаласында жоғары оқу орнында оқитынмын. Содан апамның қызы Айнар бір күні маған қолқа салды: «Жалғыз өзім тұруға қорқамын. Жатақханада не бар, менің жаныма келсеңші. Екеуміз бірге тұрамыз», – деді. Мен жатақханадағы достарымды қимасам да, жиен әпкемнің қасына келдім. Екеуміз де студентпіз. Күндіз сабақтамыз, кешке дәрістерді қайталап, сессияға алдын ала дайындық жасаймыз. Анамызды сағынғанда екеуміз қосылып жылап аламыз. Мен ауылда қара жұмыспен шыңдалған қызбын, қаланың анау-мынау жеңіл жұмысынан қиналмаймын. Қолымнан келгенін істеп жүре беремін. Ал Айнар қаланың ақсаусақ қызы. Анасының қазасынан кейін «есі ауып қалды». Не от жаға алмайды, не су таси алмайды. Өткен ғасырдың 90-жылдары бір қиын кезең болды ғой. Қалада газ жоқ, үйге от жағамыз. Суды да сырттан тасимыз. Кейде от жағудан қиналған кезде мен жатақханадағы достарыма кетіп қаламын, ол құрбыларына барып-келіп жүрді. Сөйтіп жүргенде аязды бір күні жылу жүйесін қатырып алдық. Масқара, мұндайды кім көрген?! Ішіне мұз қатып қалған жылу жүйесі әр жерден жарылыпты. Құдай қолдап, көршіміз дәнекерлеуші еді, соған жалынып жүріп, тиын-тебенімізді беріп жүріп жасатып алдық.Сондай бір қиналып жүрген кезіміз-тін. Бір күні «таңертең ерте тұрамыз» деп іңірде жатып қалдық. Әпкем екеуміз апамның жатын бөлмесіндегі үлкен кереуетінде жатамыз. Қанша уақыт өткенін кім білсін, бір мезгілде мен оянып кеттім. Сізге өтірік, маған шын, көзімді ашып қалсам – кереуетіміздің аяқ жағына таман аппақ адам бейнелі біреуді көрдім. Бізге қарап тұр! Көзі, аузы-мұрны жоқ біреу. Яғни «бітеу адам». Шошып кеттім. Айқайлайын десем даусым шықпай қалды. Содан көзімді тарс жұмып алдым. Ашуға қорқып жатырмын. Әпкемнің бауырына тығылдым. Қатты қорқып, біразға дейін тырп етпей жаттым. Сөйтіп, қорыққан күйі қайтадан ұйықтап кетіппін. Оянсам таң атып қалыпты. Аяқ жағымыздағы әлгі «адам» ізім-ғайым жоқ.
Осы оқиғаны таныстарыма айтсам, біреуі «желеп-жебеп жүрген анаңның аруағы шығар» деді, енді бірі «Айнардың шешесінің аруағы болуы мүмкін» деп топшыласа, келесілері «қолдап-қорғап жүрген періштең де көзге көрінуі ғажап емес» дегенді айтты. Үлкендер жағы «не болса да, айналайындар, таза жүріңдер» деп ақыл қосты. Содан бері 30 жылға жуық уақыт өтсе де, жас кезімде көрген «аппақ кісінің» сұлбасы көз алдымда тұр. Шынымен де, ол кім болды екен? Сіздер не дейсіздер, құрметті «МБМ-ның» оқырмандары?

Ғайша ӘБДІКӘКІМОВА
Құлсары ауданы
Атырау облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті