27 қазан 2009
Жүз жасқа келген адам 50-дегiдей жас көрiнетiн болады
МБМ-ақпарат
Ұлыбританияның Лидса университетi ғалымдары қартаю процесiн екi есеге дейiн тежеудi ұйғарыпты. Бұл ғылыми зерттеу үшiн бес жылға 50 миллион фунт стерлинг бөлiнген. Басты мақсат – қартаюға қарсы инновациялық шешiм табу. Ғалымдардың пайымдауынша, бай елдерде туылып жатқан сәбилер бұдан былай 100 жасауы мүмкiн. Және кәрiлiктен туындайтын ауру-сырқаудан ада, 100-ге келгеде ағзасы 50-дегi адамдiкiндей болады. Сонда кәрiлiктi қалай баяулатады? Бұл жерде өзгермейтiн бiр ғана нәрсе бар, ол – салауатты өмiр салты. Диета мен дене шынықтыру. Бұған қоса ендi ғалымдар адамдарға арнап «қосалқы бөлшектер» жасап шығармақ. Протез тәрiздi механикалық бөлшектердi есепке алмағанда, зертханаларда «биологиялық бөлшектер» – мүше мен тiндер де өсiрiледi.
Ғалымдардың екiншi бiр тобы – иммунологтар өзге тiндердi пайдаланбастан ағзаның өзiн-өзi қалпына келтiруi қабiлетiн жақсарту әдiстерiн зерттеуде. Ең басты бағыттардың бiрi – жүрек қақпақшаларын ауыстыру. Арнайы технологиялардың арқасында ғалымдар донор қақпақшаларынан коллагендi құрылым түзген. Оны адам азғасына қондырса, тума жасушылармен өзара жымдасып, нағыз қақпақшаларға айналады екен. Бұл технология патенттелiп те қойылған.
2050 ЖЫЛҒА ҚАРАЙ ЖЕР РЕСУРСЫ ТҮГЕСIЛЕДI
«25 қыркүйекте Earth Overshoot Day, яғни адамзат жаңарып отыратын ресурстарды тауысып, болашақ ұрпаққа арналған ресурстарға ауыз салған күн туады», – деп ғалымдар дабыл қағуда. Олардың есебiнше, мыңдаған жылдар бойы жер ресурсына қауiп төнбеген. ХIХ ғасырда индустриалды төңкерiс басталып, соңғы онжылдықтарда адамзаттың қоршаған орта мен Жер ресурстарына тигiзген ықпалы күрт артқан. 1961 жылы ғаламшарымыздағы биоресурстардың жартысын пайдаланылған. 1986 жылы 31 желтоқсанға қарай адамдар ресурстарды артығымен шығындай бастаған. Жердiң адамға қажеттi ресурстарды белгiлi бiр көлемде өндiрiп шығатыны белгiлi. Бiз бұдан 40 пайыз артық ресурс тұтынады екенбiз. Энергетикалық дағдарыстан сабақ алып, экологияға бар назарын аударып, парасаттылық танытпаса, онда 2050 жылға қарай адамзатқа Жерге ұқсас басқа ғаламшар iздеуге тура келедi.
КОЛЛАЙДЕРГЕ КЕДЕРГI ЖАСАУШЫКIМ?
Жақында Үлкен адронды коллайдер тағы да iске қосылмақ. Мұның қарсаңында iрi ғалымдар Еуропаның ядролық зерттеулер орталығы жүргiзiп жатқан тәжiрибелердiң сәтсiздiгiн «бұл жай ғана кездейсоқтық емес, тылсым күштiң әсерi» деп баға беруде. Олардың пiкiрiнше, «табиғатпен үйлеспейтiн» Хиггс бозонының, қара материяның және жаға өлшемдердiң сырын ашуға жол бермес үшiн коллайдердiң өзi кедергi жасап бағуда. Сол себептi де ғалымдар қайта-қайта тұйыққа тiрелген. Бұл нұсқа адам сенгiсiз болса да, оның дұрыстығын ең талантты деген екi бiрдей физик-ғалым математикалық есептермен дәлелдеп шығыпты. Олар – Копенгагендегi Нильс Бор институтының ғылыми қызметкерi Хольгер Бех Нильсен мен Киотодағы Теориялық физика институтының ғалымы Масао Ниномия. Кейбiреулер «Үлкен адронды коллайдердi Құдайдың өзi iстен шығарып жатыр» десе, екiншiлерi «бұл – болашақтан келген саяхатшылардың iсi» деп пайымдайды.
ӘЛЕМНIҢ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ КЕЛБЕТI ТҮБЕГЕЙЛI ӨЗГЕРЕДI
Жақын онжылдықтарда әлем қазба отын түрлерiне деген тәуелдiлiктен арылып, парник газдарының атмосфераға таралуы күрт азаяды. Тhe Wall Street Journal басылымының мәлiметiне сүйенсек, бұл әлемнiң энергетикалық келбетiн түбегейлi өзгертетiн бiрнеше технологияның арқасында жүзеге аспақ.
Олардың бiрi – Жер орбитасында орналасатын алып күн қуатының коллекторы. Ғарышта күн сәулесi көлегейленбейдi. Сондықтан бұл коллектор Жер шарының кез келген түкпiрiне электр қуатын күндiз-түнi үздiксiз жеткiзе алады. Ал электркөлiктердi пайдалану жанармай тұтынуды елеулi түрде қысқартады. Ауа тазара түседi. Ол үшiн электркөлiктерiне қажеттi электр қуаты жел немесе ядролық қуат секiлдi көмiртегiсi аз отын түрiнен алынуға тиiс. Электркөлiктерiнiң жаңа буыны литий-ион батареялары арқылы зымырайтын болады. Содан кейiн литий-оттегi батареясы пайда болады. Оның қуаты литий-ион батареясынан ондаған есе артып, жанармаймен жұмыс iстейтiн қазiргi қозғалтқыштардың күшiмен теңеседi.
Қазiр жел және күн қуаты туралы әңгiме жиi айтылып жүр. Бiрақ олардың бiр кем тұсы – жел мен күн қуатын ұдайы пайдалана алмайтынымыз. Түнде немесе бұлтты күндерi күннiң көзi көрiнбейдi. Жел де жыл он екi ай бойы бiр тынбастан тұра бермейдi. Сондықтан күн мен желден алынған қуатты сақтайтын кемелденген «қойма» жасау ләзiм. Ғалымдар бұл мәселенi шешу үшiн жан-жақты зерттеулер жүргiзуде. Жерасты ғимараттарында ауаны үрлеп үнемi жел тұрғызу немесе жел қуатын жинақтау жобасын қарастыруда. Ғалымдар қуатты сақтауда литий-ионды технологияның болашағы зор деп бiледi. Сондай-ақ, жылу электр стансаларында көмiрқышқыл газын бөлудi 90 пайызға азайтатын технологияларды тәжiрибеден өткiзiп байқауда.
Мәңгiлiк махаббатты қалай сақтауга болады?
Мәңгiлiк махаббат адамзатты сан толғандырған. Бүгiнде оған сенетiн адам саусақпен санарлықтай ғана шығар. Бiрақ, өмiр бойы бiр-бiрiне ғашық болып өткендер де бар. Бұрын да болған. Қазiр де бар. Сондықтан да мәңгiлiк махаббат мәселесi ақындар мен жазушыларды, философтарды ғана емес, ғалымдарды да қызықтыра бастағандай. Немiстiң әлеуметтiк психологы ғашықтар арасындағы жағымды қарым-қатынас жұптардың бiр-бiрiне деген эмоциялық жылылығы арқылы қалыптасады деп есептейдi. Цюрихте тұратын психолог Юрг Виллидiң теориясы бойынша, адамдарды бiр-бiрiне жақындастыратын нәрсе – бiрi екiншiсiнiң көмегiмен өз жолын табуында. Және жұптар арасындағы қарым-қатынаста өзара сынның болғаны дұрыс. Қолайсыз тақырыптарды талқыға салудан қашатын жұбайлар iш пыстырарлық үнсiздiкке тап болады екен. Швейцария психологы Гай Бодеманнның тұжырымына қарағанда, қарым-қатынасты қалыптастыра бiлу – үлкен өнер. Ол өнердi адамдар үйрене бiлуi керек. Бiр-бiрiне жоғарыдан қарап сөйлесетiн, деструктивтi сынға жол беретiн жұптардың қарым-қатынасы мiндеттi түрде күйрейдi екен.
Беттi дайындаған – Шадияр Өстемiрұлы.





Білгішсінбес, кереметтей болып не керегі бар,эй, қазақ тырнақ астынан кір іздеу қойсаңшы осындай қылығыңды