Елена БАХМУТОВА,  «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрайымы:

 

–Елена ханым, Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қарапайым адамға несімен тиімді?

–Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – өте қажетті құрылымдық реформа. Ол ең алдымен азаматтардың денсаулық сақтауға жұмсайтын шығындарын қысқартуға бағытталған. Соңғы кезде қазақстандық пациенттердің қалтасынан шығатын шығындар денсаулық саласы бюджетінің 39 пайызына жетті. Ал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде бұл көрсеткіш 20 пайызға да жетпейді. Мұны бір деп қойыңыз.

Екіншіден, салауатты ұлт қалыптастыру үшін ортақ жауапкершілік қажет. Яғни әр адам денсаулығына жауаптылықпен қарамаса, денсаулық үшін жауапкершілікті мемлекет мойнына артып қойғаннан ештеңе өнбейді. Ортақ жауапкершілік дегеніміз «бәріміз біріміз үшін» деген принципке негізделген. Бұл жүйеде әркімнің жауап беретін аймағы бар. Мемлекет денсаулық сақтау жүйесін дамытуға жауапты болса, жұмыс беруші қарамағындағы қызметкерлерінің еңбек етуіне қолайлы жағдай жасауы тиіс. Ал азаматтар өз денсаулығының қамын ойлауы шарт. Жалпы, міндетті медициналық сақтандыру жүйесі алдағы уақытта аурудың алдын алуға басымдық бермек. Себебі «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздегеннің» тиімді екенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жыл сайын еліміз бойынша 2,7 млн адам ауруханаға түседі. Соның 70 пайызын ауруы әбден асқынып, шұғыл  жағдайда түскендер құрайды екен. Бұл азаматтың және мемлекеттің емделуге жұмсайтын шығындарын бірнеше есе арттырары сөзсіз. Сол себепті міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін профилактикаға ден қою көзделген.

Сонымен қатар азаматтардың өз құқықтарын білуі маңызды. Мәселен, статистика бойынша тұрғындар мемлекет тарапынан кепілдік берілген тегін қызметтер үшін ақы төлейді. Жалпы, медициналық қызметке берілетін мемлекеттік тапсырыстың 30 пайызын жекеменшік клиникалар орындап отырғанын біреу білсе, біреу білмейді. Қабылданған Даму стратегиясына сәйкес, қор азаматтарға арнап медициналық қызметтер сатып алатын ұйым болып саналады. Яғни біз медициналық қызметті тұтынушылардың мүддесін қорғауға күш саламыз. Болашақта қазақстандықтарға медициналық қызметке деген құқықтарын түсіндіруді және сол қызметтерді алу мүмкіндігін мейлінше жеңілдетуді өз міндетіміз деп білеміз.

–Сақтандырудың «өзін-өзі жұмыспен қамтығандар» мәселесіне байланысты кейінге қалдырылғалы жатқаны белгілі.  Қазір осы мәселені шешу үшін қандай шаралар қолға алынып жатыр? Мемлекет осы күнге дейін оларды экономикаға тарта алмады, ендігі жағында бұл қолдан келеді деп ойлайсыз ба?

–Әлбетте, бұл үлкен мәселе. Оны шешу жекелеген министрліктің қолынан келмейді. Бұл тұтас үкіметтің мойнындағы міндет деп ойлаймын. Негізі, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәселесін шешу қажеттігі жайлы парламентте сақтандыру туралы заңға соңғы толықтырулар мен өзгертулер енгізілген тұста айтылды. Қор да аталған санаттағы азаматтарды сақтандырумен қамту мәселесіне консервативті баға берген болатын.

Денсаулық сақтау тұрғысынан алып қарағанда, оларды сақтандыру жүйесіне кезең-кезеңмен тарту тетіктерін қарастыру қажет болды. 2020 жылға дейінгі өтпелі кезең дәл осы мақсатта енгізілген болатын. Осы уақыт аралығында аталған санаттағы азаматтардың кепілдендірілген тегін көмекке қосымша амбулаторлық және жедел стационарлық көмек сынды өзге де медициналық ақысыз пайдалануына болатын еді. Оған қоса, өз күнін өзі көріп жүрген тұрғындарға ең төменгі мөлшерде жарна төлеп, міндетті әлеуметтік сақтандыру пакетін толық пайдалануға мүмкіндік берілді.

Қазір бұл мәселенің парламентте қаралып жатқанын білесіздер. Заңға жаңадан түзетулер енгізілгеннен кейін екі жылдық өтпелі кезең 2021-2022 жылдарға дейін сақталады. Алайда өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәселесі кешенді шешімдерді талап етеді. Мұны мемлекет басшысы да айтқан болатын. Бұл мәселені шешіп, қызметін заңдастырмағандарды көлеңкелі айналымнан шығару үшін цифрландыру жұмыстарын жүргізу қажет. Барлық мемлекеттік органдар бірлесіп, нәтижесіз жұмыспен қамтылғандарды экономикаға тарту бағытындағы іс-шараларды қолға алуы тиіс. Сонда ғана мемлекеттің қолдауына шынымен зәру санаттар анықталады. Олар кімдер? Шын мәнінде атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждар саны қанша? Әлбетте, біз қор ретінде бұл жұмыстың мүмкіндігінше тезірек біткенін, заңды шешімдердің жылдамырақ қабылданғанын қалаймыз. Дегенмен бұл асығыс істелетін шаруа емес. Президенттің сөзімен айтсақ, асығуға болмайды.

–Ендеше, мемлекет басшысының МӘМС жүйесін енгізуде асығыстық танытпауды бұйырғаны тегін емес қой?

–Сөзіңіздің жаны бар. Дегенмен бұл реформа бір жылда іске асырылған жоқ. Ол бірнеше жылдар бойы жүргізілген дайындық жұмыстарының нәтижесі. Жалпы, реформаны талқылау барысында сарапшылар тарапынан жоба ережелерінің ашық еместігіне, жоспарлау жүйесіндегі олқылықтарға, медициналық қызметтерді сатып алуды ұйымдастыруға қатысты біраз сын айтылды. Қызмет сапасы, азаматтарды  дәрігер таңдау құқымен толыққанды қамтамасыз етуге қатысты пікірлер де аз болған жоқ. Дегенмен шешілмейтін мәселе болмайды. Бұл проблемалардың барлығы қайта қарауды, жетілдіруді талап етеді. Әсіресе тариф саясатын жетілдіру мәселесі әлі күнге күн тәртібінде тұр. Тарифтерді дұрыс қалыптастыру үшін соған сәйкес статистика қажет. Алдағы уақытта нарық қатысушыларымен бірқатар кездесулер, пікірталастар болатыны анық.

–Реформаның екі жылға шегерілуі әбден мүмкін. Сонда қор алдағы екі жылда немен айналысады?

–Заң бойынша қор үш түрлі функция атқарады. Біріншісі – жарналарды жинау және медициналық қызметтерді тұтынатын 18 млн адамды есепке алу. Қазір қолданыстағы заңға сәйкес, жұмыс берушілер, жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғалар жарна аударып жатыр.

Екіншісі – медициналық қызметтерді жоспарлау, сатып алу және денсаулық сақтау саласында көрсетіліп жатқан қызметтердің сапасын бағалау. Былайша айтқанда, қор елдегі азаматтар атынан медициналық қызметтерді сатып алушы. Қолданыстағы заң бойынша, МСҚ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетінің ғана емес, кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетінің де операторы болып табылады.

Біз қазір осы кепілдендірілген тегін медициналық көмекпен айналысып жатырмыз. Мемлекеттік тапсырысты орналастыруға 1600-ден астам денсаулық сақтау субъектісі қатысып жатыр. Оның 45 пайыздан астамы – жекеменшік клиникалар. Салыстырар болсақ, бұл 2017 жылғы көрсеткіштерден екі есе көп. Және бұл жекеменшік ұйымдардың қор бастамасын қолдап, медициналық қызмет көрсетуге белсенді түрде өтініш беріп жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар биыл тұңғыш рет бұл процеске ірі-ірі жекеменшік компаниялар қатысып отыр. Бұл да халық арасында білікті мамандарымен, заманауи технологияларымен көзге түскен медицина орталықтарының қызығушылығы артып отырғанын білдіреді.

Үшінші – медициналық қызмет ақысын төлеу. МСҚ медициналық қызметтерді тұтынатын 18 млн адамды есепке алып, жарналар мен аударымдарды әкімшілендіреп қана қоймай, медкөмекті жоспарлайды, сатып алады, көрсетілген қызмет ақысын төлейді және оның сапасын бағалайды. Атап айтқанда, оған жыл сайын көрсетілетін 2,7 млн стационарлық көмек пен 7 млн жедел жәрдем шақыртулары, 100 миллионға жуық амбулаторлық емдеу дерегін қосуға болады.

–Қазір қор жарна жинаумен айналысып жатыр. Жүйенің іске қосылғанына бес айға жуықтады. Осы күнге дейін қорға қанша қаражат түсті?

–Жаңа жүйе іске қосылған шілде айынан бері жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер сақтандыру жарнасын белсенді түрде төлеп жатыр. 2017 жылы шілденің 1-і мен қарашаның 16-сы аралығында МСҚ-ның Ұлттық банктегі шотына 20,7 млрд теңгеден астам қаржы түсті.

Оның 81 пайызы немесе 16,7 млрд теңгесі жұмыс берушілер аударған аударымдар болса, қалған 19 пайызы (4 млрд теңгеге жуық) жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға тиесілі.

Аймақтық тұрғыдан алғанда, жарна төлеу жағынан бұрынғыша Алматы және Астана қалалары, сондай-ақ Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары көш бастап тұр. Жалпы, жоспар бойынша жыл соңына дейін 23 млрд теңгеге жуық қаражат түсуі тиіс.

–Қорға түскен қаржы екі жыл бойы қалай сақталады? Оның тұтастығына кім кепілдік береді?

–«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңына сәйкес, қор активтерінің тұтастығына мемлекет тарапынан кепілдік берілген. Түскен жарналар Ұлттық банктегі шотта сақталады. Ұлттық банк қаржыны сақтап қана қоймай, активтерді сақтандыру пакеті шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтерді сатып алу басталғанға дейін басқарады. Қаржыны инвестициялау туралы шешімді Ұлттық банк қабылдайды. Бұл түскен қаржыны инфляция салдарынан құнсызданудан сақтайды.

–Қазір қорда неше адам жұмыс істейді? Ұйымның шығындары қалай бақыланады?

–Бүгінде медициналық сақтандыру қорында 200-ге жуық адам еңбек етеді. Оның 58-і орталық аппаратта, 141 адам 16 аймақта орналасқан филиалдарда.

Қор коммерциялық емес акционерлік қоғам болғандықтан, пайда табуды көздемейді. Ұйым қызметін бақылау жалғыз акционер – ҚР үкіметінің еншісінде. Қор қызметі корпоративтік басқару жүйесіне негізделген. Коммерциялық емес акционерлік қоғамның директорлар кеңесіне денсаулық сақтау министрі жетекшілік етеді. Кеңес құрамында Ұлттық банк басшылары, қаржы, ұлттық экономика вице-министрлері енген. Тәуелсіз директорлар қатарында Литва сақтандыру қорының өкілі мен белгілі отандық сарапшылар да бар. Сонымен қатар қор жанынан құрылған қоғамдық кеңеске парламент пен ҮЕҰ өкілдері, «Атамекен» ҰКП мүшелері қабылданған. Сондай-ақ  ұйымның қаржылық есебі тұрақты түрде оның ресми сайтында жарияланып, БАҚ пен үкімет назарына ұсынылып отырады. Заңға сәйкес, қор  активтерінің 3 пайызы табиғат апаттары, техногендік сипаттағы оқиғалар сынды т.б. күтілмеген шығындарға арналған резерв ретінде сақталады. Бұл ұйым қызметінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қажет.

Қордың қызметі мен барлық шығындары заң бойынша бақыланады. Қызметтерді сатып алу ережесі мен тарифтер денсаулық сақтау министрлігі тарапынан бекітіледі. Қордың даму жоспары ұлттық экономика министрлігінің талаптары негізінде әзірленді. Жоспардың орындалуы тоғыз түрлі есеп арқылы бақыланады. Оған тәуелсіз аудит пен мемлекеттік органдарға тапсырылатын сегіз түрлі есепті қосыңыз. Ендеше, алаңдауға ешқандай негіз жоқ.

3 ПІКІРЛЕР

  1. әрине Қорды қатаң бақылау қажет, қаншама ақшаларымыз жиналып қалды ғой, ал енді медсақтандырудың халыққа берер жағымсыз жақтарынан жағымды жақтары көп, жоғары сапалы технологияларға қолы жете алмай жүрген қарапайым халық үшін медицинаның жаңа есіктері ашылады.

  2. Медициналық сақтандыруға немқұрайлы қарап жүрген адамдар әлі көп. Халық арасында наразылық туғызып жүрген, сенімсіздік. Фондпен беріліп жатқан ұсыныстар өте жақсы. Аурухана мен дәрігерлерді өзіміз таңдаймыз, дәрі-дірмектер тегін беріледі, соңғы жаңалық ЭКО процессі тегін Фондтың қаржыландыруымен жүреді.

  3. 4 ай ішінде миллиондаған сумма жиналғаны мәлім. Соның барлығы дұрыс жұмсалса, мединица саласы өз орнынан жылжиды. Жалпы денсаулық сақтау саласына көп көңіл бөлгеніміз дұрыс.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Өтінеміз, атыңызды жазыңыз