«Міндетті медициналық сақтандыру туралы» заңына сәйкес, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап сақтандыру жарнасын қабылдауға кіріскен болатын. Заң бойынша, биылдан бастап жарнаны жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғалар төлейді. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ ресми сайтындағы мәліметтерге қарағанда, 2017 жылдың 6 қазанына дейін қордың Ұлттық банктегі шотына түскен қаржы көлемі 13,2 млрд теңгеге жуықтаған.

Жалпы, түскен соманың шамамен 80 пайызы немесе 10,6 млрд теңгесі жұмыс берушілердің қарамағындағы жұмыскерлер үшін жасаған аударымдары болса, қалған 2,6 млрд теңгесі жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға тиесілі. Жұртшылық арасында осы қор қызметіне және оған түсетін қаржының бақылауына қатысты көптеген сауал бар. Қаржының тұтастығы қалай қамтамасыз етіледі, ұйым қызметін кім бақылайды деген мәселеге де сын көп.

Қор қызметін бақылау ұйымның жалғыз акционері – Қазақстан үкіметінің мойнында. Қор корпоративтік басқару жүйесіне негізделген. Коммерциялық емес акционерлік қоғамның директорлар кеңесіне денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрайымы Елена Бахмутова, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметов, қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов, ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Руслан Дәленов мүше. Тәуелсіз директорлар қатарында Гинтарас Кацявичус, Жаннат Ертілесова, Абылайхан Оспанов та бар. Сонымен қатар қор жанынан құрылған қоғамдық кеңеске парламент пен үкіметтік емес ұйым өкілдері, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының мүшелері қабылданған. Сондай-ақ ұйымның қаржылық есебі тұрақты түрде оның ресми сайтында жарияланып, БАҚ пен үкімет назарына ұсынылып отыруы тиіс. Заңға сәйкес, қор өз активтерінің 30 пайызын күтілмеген шығындарға (табиғат апаттары, техногендік сипаттағы оқиғалар т.б.) арналған резерв қалыптастырады. Өз кезегінде бұл ұйым қызметінің тұрақтылығын қамтамасыз етпек.

Медициналық сақтандыру қорының инвестициялық қызметі Ұлттық банк арқылы жүргізіледі. Қор активтерін инвестициялық басқару операцияларын да еліміздің бас банкі есепке алып отырады.
Оған қоса, қорда табыс пен шығынды үйлестіру тетіктері қарастырылған. Яғни медициналық қызметтер жинақталған қаржының мөлшеріне қарай сатып алынады деген сөз.

«Медициналық сақтандыру қоры түскен қаржыдан табыс табуды мақсат етпейді. Жинақталған қаржы толығымен медициналық көмекті сатып алуға жұмсалады. Бірақ қор медициналық қызметтерді резервтегі ақшаға қарай сатып алады. Десе де, азаматтар қажетті көмекті ешбір шектеусіз алатын болады», – дейді сарапшы Серік Тәңірберген.

Оның айтуынша, халық сақтандыру жүйесіне толық қатысып, азаматтар жарнаны уақтылы төлейтін болса, қор алдағы 5-6 айда көрсетілетін медициналық қызметтің ақысын төлеп беруге мүмкіндік алар еді.