Керекулік қоғам белсендісі Руза Бейсенбайтегінің қазақ тіліне деген жанашырлығы көпшілікті бейжай қалдырмаған сияқты. Ол Павлодарда босағасынан «говорите по русский» деп қарсы алатындарға қарсы аштық жариялап, мемлекеттік тілді менсінбейтіндерді қатаң сынға алып жүр. Дегенмен де Рузаны әдейі арандатып, үстінен қылмыстық іс қозғап, түрмеге қамап қоя ма деп алаңдайтындар да бар.

Қаламгер Өмірзақ Ақжігіт президент Н.Назарбаевқа, парламент сенатының төрағасы Қ.Тоқаевқа, премьер-министр Б.Сағынтаевқа жазған ашық хатында Руза Бейсенбайтегіне араша түседі.

«Біздің биліктегі мырзалардан бәрін күтуге болатынын бәріміз білеміз, алысқа бармай-ақ, қазақтың жерін шетелдіктерге сатудан қорғаған атыраулық екі патриот азаматтың ешқандай қисынға келмейтін айыптар негізінде сотталып кеткенін еске алсақ та жетеді. Ал бүгін дәл сол секілді қазақтың тағы бір патриоты, павлодарлық Руза Бейсенбайтегін қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне сай болуын талап еткені үшін соттауға дайындық қатты жүріп жатыр. Мен Рузадан біраз жас үлкенмін. Егер Рузаны соттай қалса, оның орнына мені апарып қамауларыңызды алдын ала өтінемін. Ол өтінішім іске асуы үшін сіздерден заң түрінде немесе жарлық түрінде болса да, еліміздің кез келген азаматы өзге бір азаматтың кінәсіздігіне сенген жағдайда өз еркімен әлгі адамның айыбын мойнына алуға болатынын жеделдете заңдастырып берулеріңізді сұраймын», – дейді ашық хат иесі.

Руза Бейсенбайтегі – мемлекеттік тілді менсінбейтіндермен белсене күресіп жүрген патриот. Осы жолда көптеген қиындық көрді. Енді Өмірзақ Ақжігіттің алаңдауында қандай негіз бар? Біз бұл жөнінде Руза Бейсенбайтегінің өзіне хабарласып, сөйлескен едік.

– Қазақ тілінің қамын күйттеп жергілікті әкімдіктерге талай мәрте хат жаздым, – дейді қоғам белсендісі Руза Бейсенбайтегі бізбен әңгімесінде. – Ешқандай нәтиже болмағандықтан, әкімдерді сотқа беремін деп те ашынған кездерім болды. Содан бері жергілікті билік қыр соңыма түсіп алған сияқты. Ұялы телефондарым тыңдалады. Әйтеуір, біреумен сөйлесе қалсаң, ғыж-ғыж етіп түк естілмейді. Павлодардағы трамвай жүргізушілеріне менің суретімді көрсетіп, «мынау главный националист, абай болыңдар» деп жақсылап таныстырып қойған. Билік менің үстімнен «компромат» жинап жатқан секілді. Сондықтан маған қолдау көрсетіп жатқандарға көп рақмет. Мен мемлекеттік тілдің мәртебесі үшін күресе беремін. Мені ешкім қорқыта алмайды!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Өтінеміз, атыңызды жазыңыз