Қанат Бозымбаев, Қазақстан энергетика министрі. (Фото Азаттық сайтынан алынған)

«Астанаға көгілдір отын келсе, жылу мен электр энергиясының бағасы арзандайды» деген үміт ақталмайтын сияқты. Тілшілердің алдына шыққан энергетика министрі Қанат Бозымбаев бас қала газға өткен соң ондағы жылу бағасы да, электр энергиясының құны да қымбаттауы мүмкін екенін мәлім етті.

— Қазіргі таңда үкіметте Астанаға газ құбырын тарту және бұл жобаны арзандату жолдары талқыланып жатыр. Өйткені біз Астананың жылу қазандықтарын көгілдір отынға ауыстыратын болсақ, Екібастұздың арзан көмірімен салыстырғанда жылу бағасы 40-50 пайызға, ал электр энергиясының құны екі есеге дейін жоғары болады. Газ бағасы кейбір өңірлермен салыстырғанда біршама қымбат болмақ. Шамалап айтсақ, көгілдір отынның  әрбір текше метрі  50-55 мың теңге шамасында болады. Шымкенттің өзінде 30 мың теңге. Өңірлердің экологиясын жақсартамыз деп жүріп тұрғындарға қиындық тудырмауымыз керек, – дейді ол.

Қанат Бозымбаевтың айтуынша, бүгінде «ҚазТрансГаз» компаниясы «Сарыарқа» газ құбыры құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі дайын тұр. «Сарыарқа» жобасы – Қызылорда облысынан басталатын газ құбыры. Алғашқы кезеңі «Бейнеу – Бозой – Шымкент»,  бұдан кейін «Жезқазған – Қарағанды – Астана» бағытын жалғайды. Одан әрі қарай Көкшетауға дейін созылады.

Бірақ оның өзі нақты қашан іске асатыны белгісіз. Бұл мәселеге қатысты шешім жыл соңына дейін қабылданбақ. «Үкіметтің тиісті шешімімен кейінге қалдырылады немесе келесі жылы іске асырылуы мүмкін» дейді министр Бозымбаев.

Жалпы қуаты 3 миллиард текше метр газға негізделген жобаның алғашқы кезеңі, яғни «Қарағанды – Астана» отын-энергетикалық кешені 1800 шақырымға жетеді.  Жалпы құны 266 миллиард теңге болмақ.

Бүркіт НҰРАСЫЛ,
Астана

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Өтінеміз, атыңызды жазыңыз