Моңғолия үкіметінің 30-шы премьер-министрі болып тағайындалған У.Хүрэлсүх кабинетіне өз еліндегі қазақ диаспорасы өкілдерінің зиялыларын тарта бастады.

Ежелгі көршіміз Моңғол елінде социалистік жүйе тұсында қалыптасқан бір игі дәстүр болған. Елдегі екі министрлікті міндетті түрде аз ұлт өкілі саналатын қазақтар арасынан шыққан зиялы қауым өкілдері басқаратын. Демократиялық даму жолын таңдаған ширек ғасырда бұл үрдіс ұмыт бола бастаған еді. Бірлі-жарым вице-министрлер болмаса, уәкілетті ведомостволардың бірінші басшылығына тағайындалған қазақ ұлтының өкілдері бола қойған жоқ.
Ал жаңа премьер-министр У.Хүрэлсүх мырза Баян-Өлгий аймағының тумасы Бәделхан Қабысләмұлын құрылыс және қала құрылымдары министрі етіп тағайындау арқылы үзілген дәстүрді қайта жалғап, игі үрдісті қайыра жаңғыртып отыр. Мәскеу қаласында инженерлік жоғары білім алған, 56 жастағы Бәделхан Қабысләмұлы – автотранспорт басқармасынан бастап, аймақ әкімі, ел парламентінің мүшесі (депутат), вице-министр лауазымдарын атқарған танымал тұлға.
Сондай-ақ Моңғолиядағы қазақ қыздарының арасынан мемлекеттік түрлі лауазымдар атқарып келген Сәуле Жанымханқызы ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнеркәсібі вице-министрі болып тағайындалғанын осы елдің ақпарат құралдары хабарлап жатыр. Шет тілінің маманы Сәуле ханым бұл лауазымдық қызметті бұрын да атқарып келген. Арадағы бірер жылдық үзілістен кейін қайта тағайындалып отыр.
Шетелдегі қандас бауырларымызға зор сенім артып, жоғары лауазымдық қызметке тағайындаған, қазаққа деген ілтипаты ерекше тұлға, жаңа премьер-министр У.Хүрэлсүх мырзаны қысқаша таныстыра кетейік.
Ухнаагийн Хүрэлсүх 1968 жылы маусымның 14-інде Ұланбатыр қаласында дүниеге келген. Елдегі танымал саясаткерлердің бірі. 2016 жылы шілдеде екінші мәрте вице-премьер болып тағайындалған Хүрэлсүх мырза 2017 жылы қазан айының 4-інде премьер-министр болды. «Жігітке жеті өнер де көптік етпейді» демекші, ол спорт шебері әрі полковник әскери шені бар азамат.
1985 жылы ел астанасындағы №2 орта мектепті бітірген соң әскери мамандығын таңдап, 1989 жылы Қорғаныс университетін саясаттанушы мамандығы бойынша аяқтайды. 1994 жылы Мемлекеттік басқару, даму институтын мемлекет басқарудың әдіскері мамандығы, 2000 жылы Моңғолия мемлекеттік университетін құқықтанушы мамандығы бойынша бітіреді.
Армияда саяси-идеология саласын басқаратын офицер ретінде еңбек жолын бастаған У.Хүрэлсүх қоғамдық-саяси түрлі салаларда басшылық қызметтер атқарып, мол тәжірибе жинақтап ысылған тұлға. Моңғол үкіметінің 30-шы бас уәлиі болып тағайындалған қазіргі дәуірде оны сан түрлі сынақ күтіп тұр. Елдегі ақпарат құралдарының мәліметіне қарағанда, бұдан бұрын билікте болған, қазіргі оппозициялық партия әбден қалжыратқан ел экономикасын өрге сүйреу Хүрэлсүх мырза үшін оңайға соқпайтын түрі бар.
Осындай күрделі кезеңде Моңғолия елі 30-шы үкіметбасын лайықты таңдағаны, оның жершілдіктен аулақ, білікті мамандарды ұлтына, тегіне қарамастан, әділ таңдаған әрекетінен аңғаруға болатын сияқты. Халық армиясында ер-азамат ретінде шыңдалып қалыптасқан саяси тұлғаның өткен ширек ғасырдағы ғұмыры күреске толы болғанын ескерсек, командасын мықты мамандармен жасақтауда көрегендік танытқандығы алғашқы қадамынан-ақ белгілі бола бастады.
Өзіне жүктелген салмақты жауапкершілікті терең сезінетін, әскери қатал тәртіптің шеңберінде әбден шынығып, шыңдалған У. Хүрэлсүх мырзаны ел парламенті премьер-министр етіп тағайындаған сәтте ол: «Мен үкімет сарайының екінші қабатына суретімді қойдырып қана кететін басшы болмаймын. Моңғолия мемлекетінің тарихында өзімнің нақты ісіммен із қалдырғым келеді», – деп ағынан жарылуы оның тегеурінді саясаткер екендігінен хабар береді.

У.Хүрэлсүх мырза туралы «спорт алаңында 200 кг ауыр салмақтағы штангіні еркін көтеріп, жеңіске жететіні секілді экономикалық ауыртпалықты да қайыспай еңсеруге ерік-күші жетеді» деп моңғол басылымдары жарыса жазып жатқанына қарағанда, жаңа үкіметбасына деген халық сенімі зор болса керек.
Оның сол елдегі ат төбеліндей азғана қандас бауырларымыздың арасынан суырылып шығып, елге танылған зиялыларға сенім жүктеген әділдігіне біз де разы болып отырмыз.

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ
Астана қаласы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Өтінеміз, атыңызды жазыңыз