Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:15, 12 Сәуір 2025

Әдеби редактор. Мәтін, калька, идея

әдебиет
Фото: phonoteka.org

Әлемге «Ұлы Гэтсби» шығармасымен танымал Фицджеральд романының алғашқы нұсқасын әдеби редакторына оқытқан екен. Сол кезде бірқатар атақты жазушының әдеби редакторына айналып үлгерген Максвелл Перкинс тым шұбалаңқы романның құрылымын түбегейлі өзгертіп жіберген деседі.

Кейін Фицджеральд әдеби редакторының ескертуіне құлақ асып, романның бірқатар бөлігін қысқартып тастаған. Бүгінде «Ұлы Гэтсби» әлемдік әдебиеттегі үздік туындылардың қатарында көш бастап тұр. Қай кезде де жақсы шығарма жазушының санасында пісіп, қаламынан туатыны анық. Алайда шығарманы ширатып, олпы-солпы тұстарын тезге салып түзеп жұмырландыратын – редактор. Дегенмен олардың жұмысы көп жағдайда көмескіде қала береді. Олардың қызметін біреу ескерсе, біреу ескермейді де. Мәселен, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романы өндіріске ке­тіп ба­ра жатқанда, Зейнолла Қаб­долов бір­неше жеріне ескерту айтыпты. Сонда Нұрпейісов өн­дірістегі жұмысты тоқ­татып қойып, романын түзетуге алып кетеді. Немесе Қадыр Мырзалиев «Жұлдыз» журналына жұмысқа тұрғанда Қалихан Ысқақтың тартпада жатып қалған «Қоңыр күз еді» повесін тауып­ алып, журналға бас­тырады. Осыдан соң Қалихан Ысқақтың аты әдебиет сүйер ортаға етене танылады. Бұл – таным мен талғам. Редактордың талантты танып, оны жарыққа жеткізуі. Биік талғам мен танымды, сауат пен суық сананы қажет ететін редакторлық қабілеттің бүгінде аясы мен арнасы тарылғанға ұқсайды. Жазушы ойға алғанын жазады, ал оны өңдеп, өң беру редактор құзырындағы шаруа болса керек. Қолында билігі бар кей редактор автор шығармаларын қысқартып не өзгертіп тастағаны туралы да жиі айтылып қалады. Шығар кітаптың әр сөзіне тінте қарап, автордың жазу стилін «бұ­зып», кейде «түзеп» жіберіп, қысқартып, талай ақын-жазушыны шырылдатып, «шашын ағартқаны» рас. Ал бүгінде редакторлық дегеннің өзі де әріп қатені теру мен түзеуден аса алмай тұрғаны өтірік емес. Неге? Бәлкім, қоғамдағы әде­биеттің рөлі төмендеп, бас­па редакторды танымай, редактор шығарманы танымай жүрген болар. Тіпті редакторлыққа бет бұратындар да сиреп кетті. Бүгін «Жас Алаш» осы тақырып аясында дөңгелек үстел ұйымдастырды. Біздің сауалымызға жазушы әрі редакторлар Кәдірбек Сегізбайұлы, Мәдина Омарова және Ырысбек Дәбей қатысты. 

Ж.А: Ең әуелі әдеби редактор кім және оның қызметі қандай деген сұрақтан бастағым келеді. Бүгінде көп редактор әдеби редактура жасауды корректура не сөйлемді калька сөзден тазартумен шатастыратын сияқты. Шын мәнінде әдеби редактор деген үлкен идеяға жұмыс істейтін, оқырманға жанашыр, авторға сыншы болар адам емес пе деген ой туады. Осы жайында ойларыңызды білсем..

К.С: Кеңес өкіметі тұсында қазақ тілінде кітап шығаратын баспалардың саны аз болса да, сапасы жоғары еді. Тәуелсіздік алған жылдары елдегі баспа ісінде тоқырау басталған сияқты. Қазір ғана енді-енді қайта аяқтанып келеміз. Тоқсаныншы жылдар басында баспада жұмыс тәжірибесі көп, білікті, білімді мамандар былай тұрсын, екі сөздің басын құрай алмайтын адамдар көбейіп кетті. Филология факультетін тәмамдаған жастар баспаға кеп қызмет етіп жатады, бірақ солардың басым көпшілігі сауаттан жұрдай болды. Кітап редакцияламақ түгілі, қарапайым грамматикалық қателерді жөндей алмайды. Қоғамда тілге деген жауапкершілік төмендеп кетті сол кездерде, соның салдарынан әдеби баспалардың сапасы түсті. Кәдуілгі грамматикалық қателерден бастап сөйлем құрылысындағы орыс ой жүйесіне де етіміз үйрене бастады. Бүгінде құрылымы қате сөйлемдердің қаптап кетуі осының кесірі. Кезіндегідей ақын-жазушылардың апшысын қуырып, ақылын айтатын редакторлар қазір жоқтың қасы. Әдеби редакторға алдымен биік талғам керек. Шығарманың деңгейін білетін редактор қалай өңдеу керегін де біледі. Осы орайда қазір редактордан бұрын авторларда сауат жоғын айтқым келеді. Қазір шын жазушы аз, ал жазарман көп.

М.О: Әдеби редактор деген кезде ойға Ұлыбританияда 2016 жылы шыққан «Гений» деген фильм оралады. Ол Хемингуэй, Фицджеральд, Томас Вульф тәрізді жазушылардың кітаптарына әдеби редактор болған, оларды қалың жазарман арасынан танып, бірінші болып кітаптарын шығарып, мүмкіндік берген Максвелл Перкинс деген баспагер туралы. Кинодағы Максвелл Перкинс – шын мәнінде идеалдағы әдеби редактор. Ал өмірде...

Мен өзім бірнеше жыл баспагер Алмас Шайкеннің баспасында редактор, корректор болып жұмыс істедім. Бүгінгі күнге дейін жеке баспалардың тапсырыстарына сай кітаптарды редактураға, корректураға алып тұрамын. Сондықтан бұл саланың жұмысы, проблемалары маған таныс. Осы уақыт ішінде жалғыз мықты редакторды кездестірдім (олар, әрине, баршылық. Маған кездескенін ғана айтамын. Ол – «Жібек жолындағы» Xабдина Балжан апай. Бірнеше мәрте Балжан апай жөндеген мәтіндерді оқудың сәті түсті. Былайша айтқанда, идеалды жұмыс. Мен қараған мәтіндер сондай сапада болса, өзімді жүз пайыз профессионал сезінер едім...

Әйтеуір өз шама-шарқыңша жөндеп бересің. Көбінесе сіз айтып отырғандай, корректурасын жасап, калька сөзден, тіл табиғатына жат сөз тіркестерінен тазалайсың. Сөйлемдерді реттейсің. Әдеби редактордың жұмысын мен өз басым осы шектің аумағында көремін. Осыдан он бес шақты жыл бұрын әдеби редактор, корректор кәсіптерін енді игере бастаған кезімде бір-екі рет қатты кірісіп кетіп, кәсібі басқа, жазушылықтан ауылы аулақ адамдардың шығармаларын жөндей-жөндей көркем туынды деңгейіне жеткізгенім бар (тағы да менің ойымша). Сонда сыншы Әлия Бөпежановадан ескерту алдым. Ол кісі ешқашан олай жасап, оқырманды шатастыруға болмайтынын айтты. Қазір мен де солай ойлаймын. Әдеби редактор – қолдан жазушы жасаушы емес. Ол – автордың өз ауқымы аясында ғана әдеби корректура жасайтын маман. Ал Максвелл Перкинс – баспаның иесі, бизнесмен ретінде, шығарған кітабының сатылымы жоғары болуына тікелей мүдделі жан...

Ы.Д: Жалпақ тілмен айтсақ, әдеби редактор деген мәтін түзеуші ғой. Бұл жерде әдеби редактордың қай қызметі туралы сұрап тұрсыз? Сұрақ нақты болу керек. Мәселен, көркем аударманың (роман, не басқа жанр бойынша жазылған шығарманың) редакторы мәтіннің оқырманға өте жатық, жақсы оқылуына, барлық сөз, сөйлем мүшелері орын-орнымен қолданылуына жұмыс істейді. Әрине, ол жерде калька жібермеу де өте маңызды. Өйткені қазір мәтіндерде калька өте көп кездеседі. Анықтап қарамасаң, редактор болып отырып өзің де байқамай қаласың. Бұл енді жақсы тенденция емес. Тілдің бұзылуы, шұбарлануы деген содан басталады. Ал жеке автордың шығармасына редактор болу деген мүлде бөлек шаруа. Ол жерде сен автордың жазған мәтінін жоққа шығаруға, қайта жаздыруға мүмкіндігің болады.

Ж.А: Редактордың міндеті – шығарманы жақсы етіп шығару, я нашар шығармалардың жарық көруіне жол бермеу делік. Бүгінде жас жазушылар тарапынан жақсы редактор жоқ деген сөз жиі айтылып жүр. Бұл пікірге келісер ме едіңіз? Сонда жақсы редактор деген қандай редактор?

К.С: Ғұмырымның бір бөлігін мен де баспа ісіне арнадым. «Атамұра», «Санат» баспаларында басшылық қызмет істедім, басшы болдым. Сол кезде әдеби редакторларды өзім емтихан арқылы қабылдап, білімін тексеріп алушы едім. Сауаты мен талғамы қатар тоғысқан маманнан сапалы редактор шығады. Кеңес өкіметі тұсында кітаптағы саяси астарға да редакторлар жауап беретін. Соған байланысты редакторларды қызметке әбден таңдап, тексеріп алушы едік. Қазір қартайып, әбден мыж-мыжы шыққан Ғұсман Жандыбаев сияқты шалдар кезіндегі тіс қаққан, сауатты редакторлар еді. «Атамұра» баспасында он үш жылға жуық қызмет істедім, редакторлар мен корректорлар оқырманға шын жанашыр болды ма, әйтеуір алдына келген шығарманы тап-тұйнақтай етіп шығарып беретін. Қазір оқырманға деген мұндай жанашырлық байқамайсың. Жақсы редактор дегеннің өз де – оқырманға жанашыр адам. Қазір баспалар автор қалай әкелсе, соны басып шығара салады. Редактура жасамақ түгілі, корректураны қатырмайды. Өмірбаяныңды жазып, ақшасын төлесең, кітап қып шығарып беретін заманға жеттік. Баспа атаулы жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Сол «Атамұрада» жүрген шағымда бір кісі сала құлаш өлеңін әкеп, «поэмасын» басып беруді ұсынды. Қанша ақша сұрасаң да, береді екен-мыс. Көлемі жиырма бес әлде отыз баспа табақтай. Баспаның тіршілігі үшін ақша артық етпейді. «Атамұра» баспасының атын өзгертіп, басқа баспаның атауымен поэмасын кітап қып басып бердік. Келесі жылы сол ағамыз «поэмасының» жалғасын әкеліп тұр. Амалсыздан «Ағатай, өлеңіңіз өлең емес, елден ұят болады» деп әрең көндірдік. Ақшасы көп, не істерін білмей, отыра қап өлең жаза бергенге ұқсайды. Мұндай кітапты қай редакторға оқытып, өңдетемін дей аласың. Біз өзі жазған шимай-шатпағын ғана басып бердік.

Редакторлық дегеніміздің өзі де биік талғам дер едім. Шығарманы тани алатын, талғамы жоғары жанның редакторлық қабілеті де мықты болары анық. Әдебиет жолында жүрген кей авторлардың өз редакторлары болады. Кімнің тал­ғамына сенсе, кімнің талғамын жоғары бағаласа, соған оқытады, пікірімен санасады. Кейде жолы болып, «редакторы» айтқан ескертпе-пікірлер шығарманың жақсы шығуына сеп болып жатады.

М.О: Нашар шығарманың жарық көрмеуіне жол бермейтін құдірет редакторда жоқ. Ақшасы бар адам кез келген баспадан, кез келген сападағы туындыларын бұрқыратып шығара береді. Қате-қате мәтінді көргенде: «О, мои глаза!» деп бетін басатын бір қалжың бар еді. Сол тәрізді отырасың: «О, мои глаза!» деп. Екі сөздің басын құрай алмайтын, грамматикасы мектеп бітіргеніне күмән тудыратын адамдар қазір жазушы атанып жүр. Бес уақыт намазын оқып, ораза ұстап, өзге «күнәһарларға» жоғарыдан қарайтын жандардың өмірдегі тірлігі діннің беделін қалай түсірсе, ондай «жазушылар» жалпы жазарман қауымның беделін баяғыда аяққа таптап біткен. Жақсы жазатын адам мен жаза алмайтын адамның ара-жігін оқырман айырар деп сенудің де қажеті жоқ. Себебі кітап көп, оның қайсысы көркем туынды, қайсысы қоқыс екенін ажырататын жандар некен-саяқ. Сондықтан сапасыз кітап жауапкершілігі редакторда емес. Редакторды жақсы, жаман деп емес, сауатты, сауатсыз деп бөлу керек сияқты. Себебі қазір баспаларда әліпті таяқ деп білмейтін кездейсоқ адамдар (кәсіпке кездейсоқ, бірақ басшыларға кездейсоқ емес) осы штатта отыр. Бәлкім, жас жазушылар жақсы редактор жоқ деген кезде, осындай «мамандарды» айтатын шығар.

Ы.Д: Біздің жас жазушылар жақсы редактор іздеп, жазған-сызғанын соған көрсетіп, онымен тығыз байланыста жұмыс істейді деп айта алмас едім. Бізде ол мәдениет қалыптаспаған. Бәрі бір-бір «Құдай». Әйтпесе жақсы редакторлар бар. Ол – қаламгердің жазғанына аса жауапты қарайтын, маймөңкелемейтін, керек болса алдына келген мәтіннің белінен бір сызып қайтарып жіберетін эстет, оқығаны көп жазушы, не басқа біреу болуы мүмкін.

Ж.А: Редактор шығарманың толық ашылмай қалған, не тым шұбалаңқы тұстарына ескертпе айтып, қамшылайтын адам дейді. Осы орайда тағы бір мүдде алға шығады. Әдетте «бұл менің стилім» деген желеумен әдеби редактор айтқан сын-пікірлерді қабылдағысы келмейтін не редактормен жұмыс істеуден мүлде бас тартқан жазушылар да бар екен. Бұл жайында не дер едіңіз? Автор мен редактор арасындағы шекара қай жерден басталып, қай жерден аяқталуы тиіс?

К.С: Қазір редакторлардың қалай жұмыс істеп, авторлардың қалай жазатынын білмеймін. Біз дұрыс құрылмаған сөйлемдерді өңдеуші едік. Ал біреудің жазғанын шимайлап, адам танымастай өзгерту деген біреудің құқығына қол сұғу сыңайлы дүние ғой. Бір күні Қалихан ағамыздың кабинетіне кірсем, біреудің қолжазбасын шимайлап отыр екен. «Аға, мұныңыз не, өзіңіздің шығармаңызды осылай қайта жөндейсіз бе?» деп сұрап едім, «Жоқ, айналайын, бәленшенікі ғой» деді. Сол кезде жолдастардың бір-біріне, шығармашылығына деген қамқорлығы ерекше еді. Қалихан ағамыз да сол адамның стиліне тиіспей-ақ, шығармасын өңдеп, жинақтап отыр. Біз «Жеті жетім» боп бірге жолдастармен қатар жүрген шағымызда да бірімізге біріміз әрі редактор, әрі сыншы, әрі оқырман едік. Жаңа шығармамыз басылып шыққанша талас-тар­тысқа толы ұзақ процестен өтетін-ді.

М.О: Жеке өз басым автордың мәтінін идеалды жағдайға қалайда жеткіземін деп ешқашан өзеуремеймін. Меніңше, авторға, оның жазу мәнеріне (бірақ әріп қателеріне емес) құрмет болу керек. Шығармасы шұбалаңқы болсын, толық ашылмай жатсын – ол менің шаруам емес деп ойлаймын. Редактор – ұсынылған мәтінді тілдің әдеби нормаларымен сәйкестендіруші. Мен өзім жазушымын ғой. Әдеби редактор отырып-отырып: «мәтініңнің ана жері былай, мына жері олай» деп жатса, жақтырмас едім (егер ол сынды өзім мойындайтын жазушы (!) досым айтса, басқа әңгіме). Жазушы адамның өзінде ішкі цензор, ішкі өз редакторы, көркемдік өлшемі, талғамы болу керек. Әйтпесе ол не үшін жазушы? Ұрып текст жазу көп адамның қолынан келеді. Ал сөзден өнер тудыру – бөлек әңгіме. Ол қабілет бар, яки жоқ. Редактор бұл жерде шарасыз.

Ы.Д: Редактор өзімен келіспейтін, айтқанына назар аудармайтын, мән бермейтін қаламгермен қоштаса бергені жөн. Өзіне-өзі редактор болатын қаламгерге редактор іздеп те бекер. Оданша елді де әурелемей, өзіңнің де жүйкеңді тоздырмай білгеніңді істей бергеннен абзалы жоқ. Қазақ қоғамында редакторлық мәдениет қалыптасқан деп айта алмаймын. Әрине, бұл жерде мен жеке автордың шығармасына байланысты процесті айтып отырмын. Әдеби редактор қаламгерге шығарма идеясын айтып, көтеретін тақырыбын белгілеп беруге міндетті емес. Айтпақ ойын, көтерген тақырыбын қаламгер қалай алып шықты? Сәтті ме, сәтсіз бе? Міне, шекаралар осы жерден өзі айқындалып тұрады.

Ж.А: Сіздің шығармашылығыңызда, әсіресе кітап шығарар кезде кім редактура жасады? Сын-ескертпе айтып, шығарманы қайта түзеген, қайта жазған сәттер болды ма?

К.С: Біздің заманымыз бөлек еді. Алғашқы кітабым «Ашылмаған сыр» атауымен 1968 жылдары жарық көрді. Тек қана әңгімелерден тұратын биттің қабығындай кішкентай кітап еді. Оны қалай шығарып, басылғанынан бейхабармын. Тек оқып, қатесін түзеп, баспаға бердім, ол кезде баспа ісіне араласуды білмеуші едік. Бұл «Жазушы» баспасының атағы дүркіреп тұрған кез, жалғыз болса да, мықты баспа еді. Таңдап алынған мықты редакторлары мен корректорлары болды. Оның үстіне, баспа қызметкерлерінде кітапқа деген жауапкершілік бүгінге қарағанда әлдеқайда жоғары еді. Бұдан бөлек, кейін «Қазақстан», «Қайнар» деген баспалар ашылды. Бәрін дерлік «ұяты бар» редакторлар тізгіндеді.

М.О: Өз басым кітаптарымның көпшілігін «Жалын» баспасынан шығарамын. Маған мұндағы редактор қыздар өте ұнайды, әсіресе Жанар Досаева деген замандасым. Редакциялау барысында әрбір өзгерткен жерін айтып, келісімімді алады. Көбінесе келісемін, себебі ұсыныстарының бәрі орынды болады. Артық-ауыс, өз бетінше қолының ұшын тигізбейді. Сонымен бірге мәтін қатесіз, тап-тұйнақтай шығады (тіл-көзім тасқа). Кәсіби деңгейі аса жоғары маман. Көптеген кітаптың редакторы болсам да, «Етігі жоқ етікші» демекші, өз шығармаларымды редакциялау, тіпті әріп қателерін қарау – өте ауыр жүреді. Бірақ сөйтіп «еркелеп» жүріп сондағы редактор, корректорларға сеніп, бір кітабымды бас-аяғын жинақтап (пьесаларды), өзім қарамай баспаға салып жіберген едім, масқара дейтін деңгейде, аймандай болып басылып шықты. Себебі пьеса жазу барысында репитиция жасап жатқан режиссерге, актерлерге арнап «записка» тәрізді мәтін арасына ескертпелеріңді, түсініктемелеріңді жазасың. Ол текст ауызекі сөзбен орысша-қазақша араласып жатады. Соның барлығы бір-ақ шыққан ғой. Ол кітапты енді біреуге сыйламақ тұрмақ, өзім де тезірек ұмытқым келеді. Бірде-бір данасын алмадым. Сондықтан әдеби редактордың, корректордың кітап ісі саласындағы миссиясы зор. Бұл – өз ісіне, авторға (ол жақсы жазушы болсын, жаман жазушы болсын) адалдықты талап ететін ұлы кәсіп.

Ы.Д: Мен өзім кейінгі шыққан «Тұманды қараша. Ай сонатасы» атты кітабыма (әңгімелер мен хикаят жинағы) редактор бол деп Санжар Бекжан деген жазушы жігітке ұсыныс жасадым. Ол да бас тартпады, редактор болды. Ол өзі оқығаны көп, жазу машығы да қалыптасқан, ескі-жаңа әдебиетті жақсы білетін жазушы. Сол кітаптағы екі бөлімнен тұратын көлемдірек хикаяттың екінші бөлімін ұнатпады. Белінен бір сызып, қайтарып жіберді. Қайта жазуға кеңес берді. Әрине, нәпсіме тиді. Бірақ ойлана келе сол бөлімді қайта жазуға отырдым. Мүлде басқаша жазып шықтым, соған іштей қуандым. Редакторға да ұнады. Жалпы сол шығарманы оқырман жылы қабылдады. Міне, жазушы үшін редактордың маңызы, орны. Кейде екінші бөлімнің әуелгі нұсқасын алып шығып қараймын, қараймын да редакторға іштей алғыс айтам. Шет елде редакторлық мәдениет ертеден-ақ қалыптасқан. Бізге де сондай күнге жету керек. Көп кітаптың сыртына жазылған, ешқандай рөлі жоқ «редакторы пәленбай, түгенбай» деп тұратын өтірікті қою керек. Мен өзім Алматыда тұратын, өзі де жазушы Юрий Серебрянский деген поляк жігітті қатты бағалаймын, өте мықты редактор. Алдына келген әдеби мәтінге аса жауапты. Кейде сол жігіт басқаратын «Дактильге» немесе Literratura.org электронды әдеби журналға шығармамыз жарияланып жатады. Сол шығарманы орыс тіліне мықты аудармашы аударса да, жарияланғаннан кейінгі мәтінді қарасаң, жұтынып тұрады. Міне, редактор солай жұмыс істеуге тиіс, сондай жауапкершілігі болғаны жөн.

Дайындаған Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ