Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:29, 05 Наурыз 2024

«Ақсудың» әуресі, «Хан-Тәңірінің» көмегі және...

умаев
Фото:

Футболдан Қазақстан чемпионаты басталды. Өте ауыр жаңалықпен басталды. 

13 қорқынышты сан ба?

Чемпионаттың жалауы көтерілерден екі апта бұрын «Мақтааралдың» жоғары лигада қала алмайтыны анық белгілі болды. Бұл команда лицензиялау шарасынан өте алған жоқ. Атакент қалашығының командасына облыс басшылығы қолдау көрсетеді делінгенмен, жеме-жемге келгенде соңғы екі маусымдағы 800 млн теңге де арманға айналғанға ұқсайды. «Мақтаарал» 2022 және 2023 жылы дәл осындай бюджетпен премьер-лигада орнығып қана қоймай, өзін мінезді ұжым ретінде таныта білген еді. Алайда биыл не облыстан көмек жоқ, не төбесі көрінген шетелдік инвестор келіп болмады. Ақыр аяғында «мақташылар» төменгі лигаға сырғып кетті. Әлеуметтік желілердегі парақшаларында жанкүйерлерге жалпылама ақпарат бергенмен, «Мақтаарал» премьер-лигада табан тіреп қала алмағанына аса өкініп жатпаған сыңайлы. Жақында өзінің М.Серікбай, Д.Әріпов сияқты түлектерімен келісімшарт мерзімін ұзартқанын шаттана хабарлап, тіршілік белгісін бір білдіріп қойды.

Оның орнын басуға ниеттенген «Ақсу» аламан басталуға бір күн қалғанда аспанды жерге, жерді аспанға төңкерді. «Біз біріншілікке қатыса алмаймыз» деп мәлімдеме жасады. Команданың бір күн бұрын ғана М.Голубничий, Ұ.Жақсыбаев сияқты футболшылармен келісімшарт жасасқаны туралы жаңалық пайда болып еді, оның ізі суымай жатып, «Ақсу» өз еркімен Бірінші лигаға құлдырайтыны мәлім болды. Бізге келіп жеткен ақпаратқа сенсек, «Ақсудың» премьер-лигаға қайта ойнауға тәуекел етуі баяғы «Ертістің» тамырына қан жүгіртіп жатқан «ынталы топқа» ұнамаған сыңайлы. Естеріңізде болса, Қазақстан чемпионатын бес рет жеңіп алған «Ертіс» 2019 жылы қарызға батып, құрдымға кеткен еді. «Ақсу» аз уақытта Павлодар облысының бас командасына айналды, ойындарын осы шаһардағы Орталық стадионда өткізіп жүрді. Өткен маусымның ортасынан бастап «Ертістің» қайта жаңғыратыны айтыла бастады, ақыры жыл соңында облыс әкімі А.Байхановтан бастап біраз адам даңқты команданың тарихы қайта жаңаратынын айтып сендірді. Бұрын «Ертісте» ойнап, ақшасын ала алмай кеткен біраз ойыншы қарызды кешірді, біразымен клуб қайта есеп айырысты, сонымен, жаңа маусымда «пентакампеондар» ІІ лигадан қайта жарыс жолына шығуға тиіс.

Ал облыста негізгі команда біреу болса, оған екінші біреуді қосамжарластыру керек пе? «Ақсу» дәл осылай, дәл «Мақтаарал» сияқты қосақ арасында кетті. Түркістан облысында да (мұнда негізгі команда – «Тұран» Павлодар облысында да футбол қаржысына тағы бір ұжымды ортақтастырудың еш мәні жоғын мүдделі топтар жақсы түсінеді. Олар кесек сөйлеп, кесек турай бергісі келеді. Сондықтан Атакент, Ақсу сияқты моноқалалардың футбол клубтары баяғы «Автомобилист» (Степногор), «Горняк» (Хромтау), «Қазақмыс» (Сәтбаев), т.б. командалары сияқты бір жарқ етіп, футбол картасынан сызылып қала береді.

Өкінішті!..

13 командаға – 6 стадион

Әрине, бұл сөзіміз рас емес. Бірақ жаңа маусымда «Астана» мен «Жеңіс» Алматы мен Павлодарға «тентіреп», «Тұран» Шымкенттегі «Биік» кешенін паналап, «Жетісу» мен «Елім-ай» әбден жер көгергенше Павлодар (Орталық) және Алматы («Жас қыран») стадиондарында ойнап, «жан сақтай» тұрады.

Міне, біздің 33 жылдағы дамыған инфрақұрылымымыздың көрінісі осы!

«Астана Арена» биыл жөндеуге жабылды. Күзде Дүниежүзілік көшпенділер ойынының ашылу-жабылу салтанаттары үшін бір ашылады да, қайтадан «ұйқыға кетеді». «Жеңіс» ойнауға тиіс Қажымұқан стадионы қазір жетімнің күйін кешіп жатыр. Жақында қала әкімшілігі ескі стадион орнына жабық футбол кешені салынуы мүмкін екенін айтты. Яғни даңқты стадионның тағдыры әлі шешілген жоқ. Сондықтан «Жеңіс» Павлодарды жыл бойы өз үйі санайды. Мұндағы Орталық стадионда «Ақсу», «Ертіс», «Жеңіс» командалары әр лигадағы ойындарын өткізетінін есептесек, маусым соңында алаңның күйі қандай болатынын еркін шамалай аласыз.

«Ақтөбе» күн жылынғанша қонақтарын Дарынды балалар мектебінде қабылдайды. «Тобыл» жаз шыққанша «Тобыл Арена» кешенінде ойнайды.

Сонда елімізде биылғы басты футбол додасының барлығы да Алматының Орталық стадионында өтеді деуге болады. Қазақстан ұлттық құрамасының Ұлттар лигасындағы кездесулерінен бөлек, «Астана» еурокубоктың іріктеу ойындарын осында өткізуге ниетті. Ғайыптан тайып, еурокубокқа қатысатын төрт командамыздың («Ордабасы», «Ақтөбе», «Астана» және «Тобыл») кем дегенде екеуі топтық турнирге шығатын болса, Алматыдан басқа барар жері жоқ.

Биыл І лигада ойнайтын «Хан-Тәңірі» командасы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың стадионын алып, маусым қарсаңында тәп-тәуір жөндеу жұмыстарын жүргізді. Трибунаға орындықтар бекітіліп, алаңға жасанды төсеніш төселді. «Астана» осы алаңды әзірше өз үйі санамақ. «Жеңіспен» кездесуден кейін бас бапкер Г.Бабаян алаң сапасы нашар емес екенін айтты. Бірақ осы ойынның шолуын көрген өзбекстандық жанкүйерлер: «Сіздердің жеті дүркін чемпиондарыңыз «Астана» ауылда ойнай ма?» – деп пікір қалдырыпты. Бұл да жанға бататын сөз.

1

Алғашқы тур – легионерлер туры

Биыл легионерлер лимиті болмайды. Командалар бұл жаңалықты қуана қолдап жатыр.

І турда 12 команда сапында негізгі құрамда 50 қазақстандық және 82 легионер алаңға шықты. «Шахтердің» негізгі құрамында – 7, «Қайсар» мен «Ақтөбенің» сапында 6-6-дан өз ойыншыларымыз төрешілердің алғашқы ысқырығын естіді.

Ең көп легионермен шыққан ұжымдар – «Жеңіс» (9), «Елім-ай» (9), «Тұран» (8), «Астана» (8), «Қайрат» (7), «Қызылжар» (7), «Тобыл» (7) және «Ордабасы» (7)… Олардың арасында кім жоқ десеңізші! Алыстағы Аргентинадан бастап, Гаити, Гамбия, Гана, Гвинеяның, Эквадор, Конго, Косово, Швецияның да өкілдері жүр. Өткен жылы Еуразиялық одақ елдерінің ортаңқол ойыншылары қаптап кетіп еді. Биыл беларусьтер де, армяндар да, орыстар да едәуір азайған, есесіне, экзотикалық елдердің аяқдопшылары жетерлік. Бірақ сол легионерлердің басым бөлігі – еркін агенттер, яғни бұрынғы командасымен келісімшарт мерзімі бітіп, тегін келгендер. Ал тегін келгендердің жілік майы қаншалықты татымды? Бұл да мәселе…

Ойын барысында тағы 34 қазақстандық футболшы, 22 легионер алаңға ауысып шықты. Сонда жалпы 188 ойыншының 104-і – шеттен келгендер болды. Сонда алғашқы турда ойнаған футболшылардың жартысынан астамы (55,32%) нәпақасын шеттен келіп тауып жүргендер деуімізге болады.

Турда 16 гол соғылды. Соның 11-ін – шетелдіктер, төртеуін ғана өз футболшыларымыз (Астанов, Мүлдинов, Малый және Самородов) енгізді.

Әрине, әр футболшының алаңдағы орнын жанкештілікпен дәлелдей алғаны жақсы-ақ. Бірақ бірте-бірте легионерлер легі қалыңдай түссе, ұлттық құрамаға кандидаттарды табу тіпті қиындай түспей ме? І турда Исламбек Қуат, Абзал Бейсебеков, Рамазан Кәрімов, Вячеслав Швырев, Иван Свиридов, Руслан Валиуллин сияқты құрама ойыншылары екінші таймда ғана алаңға шықты. Тұңғышбаев, Досмағамбетов сияқты кандидаттар тіпті төбе де көрсетпеді. Бұл да ертең мәселені тереңдетіп жібермесін дейік.

Қазір парламентте легионерлерге жалақыны мемлекеттік қаржы есебінен беруге тыйым салу туралы заң тармағы да қарастырылып жатыр. Ол мақұлданатын болса, Қазақстан премьер-лигаларының командалары таза тақырға отыратыны анық. Өйткені біздің елде жағдай алдымен легионерге жасалады. 33 жылда елімізде есі дұрыс бір стадион ғана салынса, Түркістандағы стадион жыл өтпей қайта жөндеуге жабылса, мұның бәрі бір маусымдық легионерлердің қалауын қанағаттандырудың салдары.

Ал ойланайық.

Сонымен, І тур нәтижелері мынадай:

«Астана» – «Жеңіс» – 2:0 (Калмыков, 18-автогол, Астанов, 62)

«Қайсар» – «Ақтөбе» – 1:4 (Юденков, 90+5 – Ұмаев, 24, 64, Самородов, 55)
«Қайрат» – «Қызылжар» – 2:1 (Жоао Паулу, 41, Зариа, 71 – Мүлдинов, 63)

«Елім-ай» – «Атырау» – 0:0

«Ордабасы» – «Шахтер» – 5:0 (Пластун, 4, Омаров, 13, Яхшыбаев, 37, Шехович, 60, Малый, 67)

«Тобыл» – «Тұран» – 2:0 (әл-Мессауди, 40, Енен, 62)

Есей Жеңісұлы

Тегтер: