Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:00, 05 Наурыз 2024

АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ ЖАМАН ЕМЕС

1
Фото: из открытых источников

Бұл күндері Италияның Бусто-Арсицио қаласында бокстан Париж олимпиадасына бүкіләлемдік іріктеу турнирі өтіп жатыр.

Ерлер арасында 7 салмақ дәрежесі бойынша 28 жолдама ойнатылса, әйелдер 6 салмақта 21 жолдаманы сарапқа салады. Қазақстан құрамасының өкілдері өткен жылғы Азия ойындарында екі жолдама (Қамшыбек Қоңқабаев және Карина Ибрагимова) жеңіп алған еді.

Ерлер құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов бұл жолы Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмұд Сабырхан (57 келі), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Айбек Оралбай (80 келі) және Нұрбек Оралбай (92 келі) сияқты шеберлерге үміт артып отыр. Асланбектен басқа боксшылардың барлығы өткен жылғы Қазақстан спартакиадасында топ жарып, іріктеу турниріне қатысу құқын иеленді. Құрама капитаны Шымбергеновке спартакиадаға қатыспауға рұқсат беріліп, ол осы іріктеу турниріне тыңғылықты дайындалды.

Әйелдер арасында Алуа Балқыбекова (50 келі), Жайна Шекербекова (54 келі), Римма Волосенко (60 келі), Наталья Богданова (66 келі) және Валентина Хальзова (75 келі) сынға түсіп жатыр.

Отандастарымыз арасынан шаршы алаң төріне бірінші болып С.Бибосынов көтерілді. Ол 3 наурыздағы күзгі сессияда гонконгтік Там Чун Хинмен кездесті. Токио олимпиадасының қола жүлдегері бұл жекпе-жекте қарсыласынан анағұрлым басым болды. ІІІ раундтың 2:37 минутында ол қарсыласын үшінші рет нокдаунға жіберіп, еркін ұтты. Бибосыновтың келесі қарсыласы – Давид Каранджа (Кения).

Р.Волосенко Тианна Хаджа-Сах Гайды (Тринидад және Тобаго) төрешілердің ортақ шешімімен тізе бүктірді. Бес төреші де Римманың 30:27 есебімен басым болғанын хаттамаға тіркеді. Бүгін отандасымыз венгриялық Петра Шабомен қолғап түйістіреді.

М.Сабырхан алғашқы жекпе-жегінде эфиопиялық Ядеса Фикремәриям Летаны еркін жеңді. Ал Нұрбек Оралбай Седрик Белони-Дюлепрден (Гаити) басымдық танытты.

Басқа боксшылардың қарсыластары мынадай:

Мұхамедсабыр Базарбайұлы – Доннел Филлип (Тринидад және Тобаго)

Асланбек Шымбергенов – Сэм Моровати (Финляндия)

Айбек Оралбай – Санжит (Үндістан)

Алуа Балқыбекова – Клаудия Тотова (Чехия)

Жайна Шекербекова – Шукура Кәрім (Нигерия)

Наталья Богданова – Соледад Бальбуэна (Аргентина)

Валентина Хальзова – Бустра Исилдар (Түркия)/Инга Мальдонадо (Эквадор).

Іріктеу турнирі 15 наурызда мәреге жетеді.

Есей Жеңісұлы

Тегтер: