Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:58, 02 Мамыр 2024

Алматы прокуратурасы АГУ-ге қатысты заңсыздықтарға жауап берді

АГУ
Фото: 2gis.kz

Jas Alash  порталы Абай университетінде орын алған заңсыздықтар туралы жазған еді. Бірнеше жыл бұрын білім ордасындағы бірнеше жер телімі мен бір ғимарат арзанға сатылып кеткен.

 Бұл туралы Алматы қаласы Медеу ауданының прокуратурасына сауал жолдаған едік. Медеу ауданының прокуроры А. Ондасыннан жауап келді.

Медеу ауданының прокуратурасы қазіргі күнде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетке» қатысты тергеуді аятапты. Тексеру барысында 1997 жылы 2 қазанда Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Алматы қаласы бойынша жекешелендіру жөніндегі аумақтық комитеті мен «Katradex» ЖШС-нің арасында ауданы 150 шаршы метр үй-жайды 196 500 теңгеге (Қазыбек би к-сі, 28) тікелей атаулы сатып алу-сату шарты жасалғаны анықталған.

“1997 жылы 28 қазанда Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Алматы қаласы бойынша жекешелендіру жөніндегі аумақтық комитеті мен «Katradex» ЖШС-гі үй-жайға іргелес 0,2671 га жер учаскесін сатып алу-сату шартын жасады. Бұл мәмілелер процедуралық және басқа да бұзушылықтарға байланысты заңсыз жасалғандықтан, қадағалау органы оларды жарамсыз деп тану туралы Алматы қаласының Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментіне, «Katradex» ЖШС-не, Е.Н. Тоқмұхамедовқа (қазіргі иесі) қатысты сотқа жүгінді. Алматы қаласы Медеу аудандық сотының 22.01.2024ж. шешімімен талап арыз қанағаттандырылып, мәмілелер жарамсыз деп танылды (заңды күшіне енді). Қазіргі уақытта Алматы қаласының Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті мүлікке тиісті құқықтарды тіркеу шараларын қабылдауда. Осы рәсімнен кейін қолданыстағы заңнамаға сәйкес мүліктің тағдыры туралы одан әрі мәселе шешіледі”, - деп жауап берді Медеу ауданының прокуратурасы.

Прокуратура жұрт АГУ атап кеткен университеттің ғимаратының сатылып кетуіне байланысты да тергеу жүргізген. Қазіргі күнде ортадағы келісімшарт жарамсыз деп танылған.

“2003 жылы 27 қазанда университетпен, ауданы 1397,70 шаршы метр оқу ғимараттарының бір корпусы 5 070 250 теңгеге «Фирма Зураб» ЖШС-не сатылған. Кейіннен, 2003 жылы 29 желтоқсанда қала әкімдігі ғимаратқа іргелес 0,1870 гектар жер телімін 2 681 580 теңгеге сатқан. Мәміленің заңға қайшы жасалғаны, мүлікке баға берілмегені және процессуалдық заң бұзушылықтарға жол берілгені анықталды. .2024 жылы 15 сәуірде Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Медеу ауданы прокуратурасының талабы бойынша мәмілелерді заңсыз және жарамсыз деп таныды (сот шешімі заңды күшіне енген жоқ)”, - дейді А. Ондасын.

Айта кетейік, Алматы қаласының прокуратурасы Абай атындағы ҚазҰПУ аумағында орналасқан бірнеше жер телімі мен ауданы 1 397 шаршы метр болатын №4 ғимараттың заңсыз сатылып кеткенін хабарлаған еді. 2003 жылы қазіргі Абай университетінің №4 ғимараты сатып алу-сату шарты бойынша бағалаусыз және конкурссыз 5 млн теңгеге «Фирма Зураб» (қазіргі «ST Advisory») ЖШС-ға сатылып кеткен. Ғимаратты сату келісімшартын сол кездегі ректор Тоқмұхамед Садықов жүзеге асырған. Ал компания құрамында оның туыстары болған. Екінші келісімшарт 2003 жылы 29 желтоқсанда сол кездегі Алматы қаласының әкімі Владимир Храпунов пен «Фирма Зураб» ЖШС арасында жер телімін сатып алу бойынша шарт жасалған. Әкім қол қойған 0,1870 га учаске небәрі 2,2 млн теңгеге бағаланған. Кейіннен компания бұл жерді коммерциялық мақсатта пайдаланған.

2005 жылы ғимаратты сатып алған фирманың құрылтай мүшелігіне ректордың ұлы Еркін Садықов кірген. Кейіннен ол шығып, 2018 жылы Тоқмұхамед Садықов немересі Сыздық Тоқмұхамедов құрылтай құрамына енген. Қазір аты ST Advisory болып өзгерген компания құрылтай мүшелігі құрамында Еркін Садықовтың ұлы мен әйелі бар. Садықовтар әулеті ғимаратты жекешелдіріп алғаннан кейін оны қайтадан университетке жалға бере бастаған. Мысалы, ғимаратты жалға алуға аталған білім ордасы 2018 жылдан бері 80 млн теңге жұмсаған. Бұл туралы толық зерттеуді мына жерден оқи аласыздар.

Тегтер: