Асылов білуге тиіс «князь» Сұлтанғазиевтің жеті қыры

Көптен бері Алматы облысы әкімдігі мен Үндістан-АҚШ инвесторлары арасында дау болып жатыр.
Бұл туралы «Жас Алаш» көлемді мақала да жариялады. Ол газеттің ақпан айындағы санында «Енді көрмегеніміз Қазақстан болсын! «Князь» Сұлтанғазиев инвесторды қалай таңырқатты?» деген атпен жарияланды. Енді іске бас прокуратура араласа бастапты. Жақында Берік Асылов Алматы облысы әкімдігі өкілдері қызметін асыра пайдаланып, заңсыздыққа барғанын растады. Бұл іс бойынша қазір сотқа дейінгі тергеу басталған.
Алматы әкімдігі миллиондаған айыппұл төлейді
«Жас Алаш» Сұлтанғазиев пен 5,5 млрд теңгеге емхана салған IAMS компаниясы арасындағы келіспеушіліктіжазған. Аз уақытта депутаттар мұны парламент мәжілісінде көтеретінін де айттық. Жақында Ирина Смирнова Бас прокуратураға арнайы депутаттық сауал жолдап, оның жауабы да келген. Бас прокуратураның мәліметінше, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының лауазымды тұлғалары инвесторлардың жұмысына заңсыз араласып, жобаның жүзеге асуына кедергі жасаған. Олар инфекциялық корпус құрылысын балансқа алмай, инженерлік желілерді қосып бермей, заңсыз кадрлық ротациялар жасап, МЖӘ келісімшартын мерзімінен бұрын бұзған.
«Кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру фактілері анықталды. Осы факт бойынша Қылмыстық кодекстің 365-бабы 3-бөлігі 2-тармағы (ауыр зардаптарға әкеп соққан өкілеттікті асыра пайдалану) бойынша сотқа дейінгі тергеу тіркелді», – делінген Бас прокуратураның ресми жауабында.

Аталған компания 2023 жылы Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) жанындағы халықаралық сотта жеңіп шығып, әкімдік 380 млн теңгеге жуық өтемақы төлеуге міндеттелген болатын. Қазіргі таңда инвестор 13 млрд теңгеден астам сомаға қосымша талап-арыз түсірген. Соған қарамастан, 2025 жылдың наурызына дейін әкімдік өз міндеттемелерін толық орындамаған. Құрылыс толық аяқталғанымен, нысан балансқа алынбаған, инженерлік инфрақұрылымға қосылмаған, ал келісімшарт талаптары тәуелсіз техникалық сараптамамен расталған.
Дау неден басталды?
2020 жылы Алматы облысының әкімдігі International Academy of Medicine and Sciences (IAMS) атты Қазақстан-Үндістан-АҚШ бірлескен компаниясымен келісімге келіп, Алматы облыстық көпсалалы клиникалық ауруханасын 30 жылға басқаруға береді. Бұл мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) шарты аясындағы маңызды жоба болатын. Шарт бойынша инвестор инфекциялық корпус салып, заманауи жабдықтар әкеліп, ескі ғимараттарды жаңартып, облыс халқына жоғары технологиялы медициналық қызмет көрсетуі тиіс еді. IAMS өз міндеттемелерін орындап, 5,5 млрд теңге инвестиция құйып, инфекциялық бөлім мен көпсалалы жаңа емхана корпустарын салып береді. Алайда облыстық әкімдік салынған ғимаратты балансқа қабылдаудан бас тартып, келісімшарт талаптарын орындамайды. Коммуникация тарту, жарық, су мен жылу жүйесін қосу сияқты қарапайым инженерлік инфрақұрылым жұмыстарын да орындамаған. Нәтижесінде, жаңа ғимарат пайдалануға жарамсыз күйде қалып, құрал-жабдықтар орнатылмай қалады.
2022 жылы облысқа жаңа әкім Марат Сұлтанғазиев тағайындалады. Сол жылдан бастап инвесторға қысым арта түседі. Заңсыз тексерулер басталады. Бұған шыдамаған инвесторлар Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) сотына жүгініп, сотта жеңіп шығады. 2024 жылдың қарашасында 380 млн теңге көлемінде өтемақы өндіру туралы шешім қабылданады. Бірақ облыс әкімдігі бұл шешімді орындамайды, яғни сот шешімін елеусіз қалдырады.
Инвестор Наджхаван Рупал бірнеше рет бейбіт түрде Сұлтанғазиевпен келісімге келуге мүдделі болып, әкімді үстел басына шақырған. Бірақ әкім өзі келудің орнына істен хабары жоқ заңгерлерін жіберіп отырған.
Екі тарап не дейді?
«Жас Алаш» аталған мәселе бойынша Алматы облыстық денсаулық басқармасына хабарласты. Басқарма өкілдері қазір қос тарап келісімге келгенін хабарлады. Бірақ компанияның екінші соты, яғни 13 млрд теңге туралы әлі сот басталмағанын, мұндай төлемнен хабары жоғын айтты.
«Келіссөздер барысында тараптар жобаны жүзеге асырудың негізгі мәселелері бойынша бір шешімге келді. Облыс әкімдігі бұл мәселені шешу бойынша арнайы шаралар қабылдайды. Міндеттелген қаржы төленеді, – дейді департамент өкілі.

Ал Алматы облысы әкімдігінің ресми мәлімдемесіне қатысты International Academy of Medicine and Sciences (IAMS) компаниясы нақты фактілердің бұрмаланғанын және шындыққа сай келмейтіндігін мәлімдеді. Осыған дәлел ретінде «Жас Алашқа» мынадай 7 деректі келтірді:
1. Сот шешімінің орындалмауы:
2024 жылғы АХҚО сотының шешімі бойынша, IAMS компаниясына төленуі тиіс 198 819 000 теңге көлеміндегі басқару қызметі үшін сыйақы бүгінге дейін өтелмеген. Бұл берешек 2023 жылдың маусымынан бері жиналып келеді. 2025 жылғы 6 наурызда әкімдік пен Денсаулық сақтау басқармасы кепілдеме хатын береміз деп уәде еткен, алайда бұл уәде күйінде қалған;
2. Апелляциялық шығындардың өтелмеуі:
Сот шешіміне сәйкес, IAMS-ке өтелуі тиіс 2 015 000 теңге (апелляциялық шығындар) да төленбеген. Әкімдік 6 наурызда бұл шығындарды өтейміз дегенімен, іс жүзінде ешқандай әрекет жасалмаған;
3. Нақты төленген берешек пен көрсетілген сома арасындағы айырмашылық өтелмеген:
Әкімдік пен Денсаулық сақтау басқармасы IAMS компаниясына аурухананың кредиторлық берешегі бойынша Денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеген сома мен IAMS төлеген сома арасындағы айырмашылықты өтеген жоқ. Бұл айырма – 443 521 300 теңге. Барлық растайтын құжаттар басқармада да, әкімдікте де бар (Әкімдік қарызды 448 млн теңге деп көрсеткен, қарыз көлемі шын мәнінде 892 млн теңге болған);
4. Инфекциялық корпустың коммуналдық меншікке қабылданбауы:
2022 жылы IAMS салған және 2023 жылдың қаңтарында пайдалануға берілген инфекциялық корпусты мемлекеттік меншікке қабылдау туралы әкімдік пен басқарма 6 наурызда келісім берген. Алайда ғимарат балансқа алынбады, тіркелмеді, әділет органдарына тіркеу де жүргізілмеген;
5. Инвестициялық шығындардың өтелмеуі:
МЖӘ шартына сәйкес, 2025 жылдың қаңтарынан бастап ай сайын төленуі тиіс инвестициялық өтемақы да төленбей отыр. Бұл төлемдер заңнамада тікелей қарастырылған;
6. Инженерлік желілер тартылмаған:
Ауруханаға орталық су жүйесі, электр және жылу желілері әлі тартылмаған. Бұл – МЖӘ шарты мен ҚР заңнамасына сәйкес әкімдік пен басқарманың міндеті;
7. Прокуратура мен Мемлекеттік аудит департаментінің ұсыныстары орындалмаған:
Аталған заңбұзушылықтарға қатысты Алматы облысының прокуратурасы мен ішкі мемлекеттік аудит департаменті бірнеше рет ұсыныс пен нұсқау жолдаған. Алайда әкімдік бұл құқықтық актілерді елемей, заң талаптарын бұзуды жалғастырып жатыр.
«Алматы облысы әкімдігі сот шешімдерін, прокуратура мен аудит органдарының нұсқауларын көзге ілмей, биліктің беделіне нұқсан келтіріп жатыр. IAMS компаниясы әкімдікті заң талаптарын орындауға және ашықтық қағидаларын сақтауға шақырады. Қоғамның сенімі бос уәделерге емес, нақты әрекеттер мен шынайы нәтижелерге негізделуі тиіс», – дейді емхана өкілдері.
P.S. Әзірге бұл істің немен бітері белгісіз. Екі тарапты тыңдап отырсаң, дау әлі біразға созылатын сияқты. Ал Бас прокуратура Алматы облысының әкімдігіне келісімшарт бойынша өз міндеттемелерін орындап, дауды бейбіт түрде шешуді ұсынған. Ал инвесторлар айтып отырған Сұлтанғазиевтің «жеті қырын» есепке алды ма, жоқ па, ол туралы ашып айтпады.
Тұрсынбек БАШАР