Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:50, 30 Сәуір 2024

Ассамблеяның міндеті не, миссиясы қандай?

Ассамблея

Жасыратыны жоқ, Қазақстан халқы Ассамблеясының аты құлаққа сіңісті болғанмен, оның нақты міндеті не деген сұраққа жалпылама жауап бергенмен, көпшілік тосылып қалатыны анық. Бұл құрылым дүниеге келгелі бері әртүрлі этнос өкілдерінің салтанатты іс-шараларына көзіміз үйреніп кеткен.

Бірақ бұл құрылымның Қазақстан қоғамындағы рөлі қандай, салмағы қандай деген сұрақты аттап өтуге болмайды. Соңғы уақытта Ассамблеяға билік тарапы да басқаша мән бере бастады. Соның бір мысалы – ҚХА-ның кезекті сессиясы. 

Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясы биыл онлайн режимде өтті. Коронавирустан бергі уақытта онлайн жиын деген сөз ешкімге таң болмаса керек. Дегенмен Ассамблеяның биылғы отырысының қашықтан өтуінің басты себебі – су тасқыны. Бұл сессия ғана емес, қарғын суға қатысты бірқатар ірі халықаралық форумдар өтпейтін болды және іс-шараларға бөлінген қаржылар да қысқарып жатыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» тақырыбындағы сессияда гуманитарлық идеологиялық доктрина туралы сөз болды.Сонымен қатар қоғамда алауыздық туғызатын кез келген әрекетке қатаң тосқауыл қоюдың маңызы айтылды. Бұдан бөлек, президент тарапынан Ассамблеяның институционалдық әлеуетін нығайтуды, мемлекеттік органдармен, парламентпен және мәслихаттармен қарым-қатынасын жақсарта түсу туралы тапсырма берілді.

Қазақ тілі және қоғам

Сессияда мемлекеттік тілге қатысты да ой қозғалды. Иә, қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналуға тиіс. Кейінгі бірнеше жылда Қазақстанда қазақша сөйлейтіндер түрлі диаспора өкілдері көбейіп келеді. Өз бетінше қазақ тілін меңгеріп, оны қоғамда кеңінен насихаттап жүрген азаматтар жетерлік. ҚХА сессиясында сондай бірнеше адам марапатталды. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Әншілеріміз шырқайтын әндер тикток секілді әлеуметтік желілерде танымалдыққа ие болып, тіпті шалғай шетелдерде хитке айналып жатыр.

Ассамблеяның ендігі негізгі бір міндеті осы тіл мәселесі болуға тиіс. Тіл мәселесі түйінінің тарқауы қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығына едәуір ықпал ететіні анық. Ассамблея бұл бағыттағы жұмыстың да басында жүруі қажет. Қазақ тілі қазақтардың ғана емес, мемлекеттік тіл екені, оны білу Ұлы даланы отаным деп санайтын әрбір азаматтың міндеті екенін түсіндіруге мол үлес қосқаны абзал. Ассамблеяның көптеген мүшесі мемлекеттік тілді жоғары деңгейде меңгерген.

Тіл түйткілін шешудің бірден-бір жолы – ағартушылық. Қазір елімізде қазақ тіліндегі кітаптардың үлесі артқан. «Гарри Поттер», «Сақиналар әміршісі» секілді әлемдік бестселлер туындылар мемлекеттік тілге аударылып жатыр. ҚХА да бұл іргелі іске үлес қоса алады. Мысалы, еліміздегі негізгі диаспоралардың ана тіліндегі үздік шығармаларды іріктеп, қазақ тіліне аударып, көпшілікке ұсынса, пайдасы мол болмақ. Біріншіден, титулды ұлттың өкілдері диаспоралардың салт-дәстүрі мен мәдениетінен сусындайды. Екіншіден, сол этностардың өкілдері озық шығармаларды қазақ тілінде оқуына мүмкіндік туады.

Қазақстан халқы Ассамблеясының мемлекеттік тілді насихаттауында мына мәселені ескерген жөн. Еліміздегі әрбір этнос өз ана тілін сақтап қалуды мақсат етеді. Бұл заңды құбылыс. Күштеп, қазақ тілін үйретіп, ана тілін ұмыттыру саясаты жүргізілмейтіні бесенеден белгілі. Басты мақсат – әралуандылық ерекшелігімізді сақтай отырып, біртұтас халыққа айналу.

Жастар тәрбиесінің рөлі

Қиын сәтте ынтымаққа жүгіне білетін ел екеніміз тасқын кезінде анық байқалды. Арқадағы ағайынға, Жайықтағы жұртқа жұмыла көмек қолын создық. Апат аймағындағы адамдарға шынайы жанашырлық көрсете білдік. Сол секілді тасқын басталғалы бері Ассамблеяның республикалық және аймақтық штабтары құрылып, «Жүректен жүрекке» атты ауқымды акция ұйымдастырылды. Тасқыннан зардап шеккен өңірлерге 1 500 тоннадан астам азық-түлік пен қажетті тауарлар жолданды. Бұл гуманитарлық жүктің жалпы сомасы шамамен 770 миллион теңгені құрайды. Этномәдени бірлестіктер де аянып қалған жоқ. Апатпен күреске 12 мыңға жуық өкіл жұмылды. Мұның бәрі жанашырлық білдірудің, тілеулестік танытудың айқын көрінісі. Осы тасқын кезінде бүкіл халық болып қанымызға сіңген жанашырлық, қамқорлық, бауырмалдық секілді асыл қасиеттердің нағыз үлгісін көрсете білдік.

«Ел ертеңі жастар» десек, онда өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, халқымыздың құндылықтарына баулуға ерекше назар аударған жөн. Осы себепті Қ.Тоқаев оқыту-тәрбиелеу үдерісінде «Біз әртүрліміз, бірақ бәріміз теңбіз» қағидатына басымдық беру туралы айтты. Әлбетте, мұнда Қазақстан халқы Ассамблеясының міндеті аз емес. Қазір ҚХА аясында «Ақсақалдар кеңесі» мен «Аналар кеңесі» жұмыс істейді. Жастарға тәрбие беру ісінде бұл кеңестердің орны жоғары болмақ. Осы орайда, «Ақсақалдар кеңесі» мен «Аналар кеңесі» әкімдіктердің айтқанын мақұлдайтын мекеме емес, нақты іспен айналысқаны абзал. Өйткені қазақ халқының тәрбиесі «үлкенге құрмет, кішіге ізет» түсінігіне негізделген.

Сонымен қатар «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда оның жұмысына 9 мыңнан астам жас тартылған екен. Енді Ассамблея құрылымдары мен этномәдени бірлестік басшыларының бір орынбасарын жастардан тағайындауға тиіс. Бұл президенттің ұсынысы.

Ұлттық құрылтай мен ҚХА сессиясында халықтың ынтымағы мен татулығын нығайтатын, қоғамдық ортақ құндылықтар жайы көп айтылды. Бұл жаңа идеологиялық бағыттың қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Атыраудағы құрылтайда да, ассамблея жиынында да елдің бірлігі мен ынтымағы негізгі құндылық ретінде дәріптелді. Екі жиын кезінде айтылған «месседждердің» үндесуі Қазақстанның идеологиялық бағыты енді осы құндылық аясына топтасатынын аңғартады.

Қ.Тоқаев ҚХА жұмысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестіруді тапсырды. Мұның себебі кез келген ауқымды жоба, әсіресе жалпыұлттық доктрина, ұлтты ұйыстыратын идеологиялық тұғырнаманы өз деңгейінде жүзеге асыру үшін жетекші қоғамдық институттардың қолдауы қажет. Яғни Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі этностар мен диаспоралардың басын біріктіретін мекеме ретінде бұл істің алдыңғы қатарында жүруге тиіс. Ұлттық құрылтайда белгіленген ортақ құндылықтарымыздың басында тәуелсіздік пен отаншылдық тұр. Бұл – әрбір азаматтың бойында болуға тиіс қасиет екені аксиома.

Ассамблеяның жаңа миссиясы

Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамның белсенді ұйымы ретінде әлеуметтік кеселдермен күресуге белсенді атсалысуы керек. Енді Ассамблея нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдықпен күресуде маңызды рөл атқаруға тиіс. Бұл әлеуметтік кеселдермен күресу барша қоғамның міндеті екені түсінікті.

Жалпы, Ассамблеяның ұйытқы болуымен елімізде Медиация кеңесі жұмыс істейді. Елдің ішінде түрлі түсініспеушілік болып жататын кездер болады. Оларды шешуде Медиация кеңесінің рөлі зор. Мысалы, қазіргі таңда ҚХА тізілімінде 1 294 медиатор тіркелген. 2023 жылы 2 621 медиативтік келісім жасалды. Енді этно-әлеуметтік шиеленіс ошақтарын анықтауға және ондай оқиғалардың алдын алуға баса мән берілмек.

Қазақстан халқы Ассамблеясына жүктелген жаңа міндеттер енді оның негізгі миссиясы жаңа сипат алып, кеңейе түсті. Енді, белсенді қызмет атқарып, мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне және реформаларды ілгерілету ісіне белсене қатыса бастайды. Бұл азаматтардың ұлттық болмысын сақтап қана қоймай, еліміздің саяси тұрақтылығына оң ықпалын тигізеді.

Қорыта айтқанда, ендігі идеологиялық бағдардың басты өзегі – «Қазақстанның халқы біртұтас» деген ұғымның айналасына топтастырылады. Бұл жұмысқа қоғамның әрбір мүшесімен бірге, Ассамблея да атсалыспақ. Келесі жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толады. Бір жағынан өткен аптадағы сессияны осы іргелі мерейтой қарсаңындағы дайындық іспетті деп қарастыра аламыз. Ендеше, келесі жылы «Бірлігіміз әралуандықта» қағидатына сүйене отырып жүргізілетін жұмыстың нақты қорытындысын шығаратын кез келеді.

Әлихан Қыстаубайтегі

Тегтер: