Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:10, 30 Сәуір 2024

Ауыл әкімдері белсенді болмай, ауыл дамымайды

сайлау

Былтырдан бері аудан әкімдерін сайлау іске асып жатыр. Жалпы, аудан әкімдерін сайлау бізге не береді?! Бұл пилоттық жобадан не түйеміз?! Мұндай сайлаулар жергілікті биліктің белсенділігін арттыра ала ма?! Бұл сауалды біз Эстонияда білімін жетілдіріп жатқан саясаттанушы және экономикалық бақылаушы Әсем Қасымхановаға қойып көрдік.

Әсем ханым, қазір жергілікті әкімдердің белсенді болуы, олардың үкіметке ұтымды ұсыныстар айта білуі жиі айтылады. Қалай ойлайсыз, елдегі әкім сайлауы жобасы аудандық әкімдердің белсенділігін арттыра ма?!

– Негізінде, сайлау аты айтып тұрғандай, бәсекелестік. Бұл пилоттық жобаның елге берері бар деп ойлаймын. Қазір Қазақстанда 175 аудан бар болса, оның ішінде 72 ауданның дамуы кенжелеп қалған. Міне, біздегі жергілікті әкімдер мен министрліктердің осы дамуы төмен аудандардың мәселесін шешуге келгенде, бұған қатысты үкіметке ұтымды ұсыныстар айтуға келгенде белсенділігі төмен. Мысалы, қазір үкіметке барып, ауданындағы жайылымдық жерлердің тозып кеткенін, егістіктерінің ахуалы төмендегенін, жері сортаңдағанын, малының басы азайып жатқанын айтып жүрген әкімдерді көріп жүрсіз бе?! Өкінішке қарай, мұндай әкімдерді біз көре алмаймыз. Өйткені олар бұған дейін үкіметке ауыз ашып, тапсырманы ғана орындап келді. Енді әкімдерге белсенділік, жаңашылдық керек. Осыған байланысты былтырдан бері билік тарабынан аудан әкімдерін сайлау пилоттық жобасын енгізу бастамасы көтерілді. Өз басым, «болашақта әкімдерді тағайындамай, сайлау керек» деген бастаманы қолдаймын. Егер жергілікті басқарушы билікті халық өзі таңдап алатын болса, ол таңдалып сайланған адам мен халықтың арасында диалог орнайды. Бұдан барып әкім халыққа жақын болады деп есептеймін. Сондықтан аудан әкімдерін сайлау жобасы өзін-өзі ақтайтын жобалардың бірі болуы тиіс.

– Әкім сайланғаннан кейін жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі жетіледі, өзіне артылатын міндеттемелерді сезінеді дейсіз ғой...

– Иә, халық жергілікті ахуалды білетін, ауданы мен аймағына жаны ашитын азаматты таңдайды. Өз кезегінде ол сайланған әкім де өзіне артылған жауапкершілікті сезініп, міндеттемелерді атқаруға талпынысы артады. Халықтың сенімін жоғалтпауы үшін елмен бірге етене араласып жұмыс істейді. Жалпы, жергілікті әкімдердің ел арасынан шығуы, халықтың өзі таңдау жасауы маңызды. Әкімдер биліктің әр елді мекендегі тікелей өкілі болғандықтан халықтың жай-жапсарын өте жақсы білетін адам сайлануы керек. Қарапайым халық олардың жұмысына қарап бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің жұмысын бағалайды. Өздеріңізге мәлім, бізде 2021-2025 жылдарға арналған өзін-өзі дамыту тұжырымдамасы бар. Осы тұжырымдаға сәйкес қала және аудан әкімдерін сайлау технологиясын енгізу бүгінгі уақыттың талабы болды. Ауыл әкімдерін сайлау 2021 жылдан бастап жүзеге асырылса, былтырдан бері аудан әкімдерін сайлап келеміз.

Жалпы, қазіргі технологиялардың даму заманында әлемде үлкен өзгерістер болып жатыр. Сайлаудың өзіне жаңашылдық керектігі айтылып жатқан тұс. Сондықтан біз сайлау саясатына әкім сайлауынан бөлек те жаңалықтар енгізуге талпынғанымыз жөн. Әкімдер үкіметке ауыз ашып отырмай, аймағының жай-жапсары туралы мәселелерді үкімет отырысына өздері әкелуі керек. Ауылдық, аудандық жерлерді дамытуға қатысты тың ұсыныстарды өздері ұсынуы тиіс. Үкіметке барып, ауылдық жерлердегі кәсіпорындарды жетілдіруге, ауылдан шағын кластерлер ашуға, аумағына ірі инвесторлар тартуға қатысты идеяларды айтуы қажет. Еліміздегі аудан, ауыл әкімдері белсенді болмай, ауыл дамымайды. Қазір ауылға бағытталған қаражатты орта жолдан қағып алатын холдингтер, делдалдар акционерлік қоғамдар жетіп артылады. Міне, осы қаражатты тікелей бір көзден ауылға жеткізудің тетіктері ұсынылуы қажет. Бұл жерде де аудан әкімдерінің қауқарын арттырған абзал. Болашақта агросекторды дамыту маңызды. Әлемдік тұрғыда агроөнімдерге сұраныс артады. Сондықтан осыған байланысты әкімдер үкіметке қызықты механизмдер ұсынуы керек. Әкімдердің жергілікті жүйені сауатты бақылап, сайлауалды бағдарламаларына нарыққа сай идеялар енгізуі маңызды болмақ.

– Сонда сіздің ойыңызша, ауыл, аудан әкімдерінің белсенділігі мен сауаттылығы артпаса, ауыл тоқырай береді ғой...

Міне, менің айтпағым да осы ғой. Егер болашақта ауыл мен ауданды дамытамыз, жетілдіреміз десек, оған сауатты адамдар басшылыққа келуі керек. Ауданды, ауылды басқаратын азаматтар саяси сауатты болуы аса қажет, экономикалық білімді болғаны жөн. Бұрынғы совхозды басқарған кезде бір ауылда агроном, зоотехниктен бастап қаншама маман болды?! Қазір мұның барлығы жоқ. Нарықтық экономиканың талабына сай ауылдағы кеңшарлар жекешеленіп кетті. Шағын кластерлердің барлығы жабылды. Аудан көлеміндегі кәсіпорындардың біразы жекенің қолына өтті. Араларында жетілмеген кәсіпорындар жабылып қалды. Енді мұндайда аудан экономикасын көтеретін заманға сай жаңалықтар керек. Аудандық деңгейде нанотехнологияның көмегімен, биотехнологиялық жаңалықтармен егістікті жетілдіру, жаңа техникалар сатып алу, аудандағы шаруаларға лизингтер, дотациялар, субсидиялар алу жағын жетілдіруге қатысты ұсыныстар қажет. Ол ұсыныстардың барлығын қарапайым халық өзі айтса үкіметке жетпейді. Бұл арада халық пен биліктің арасын жалғайтын жергілікті әкімдер. Демек, әкімдерді сайлағанда осы жағына мән берілуі керек. Сайланғаннан кейін ол әкім өзінің бағдарламасын толық орындай ала ма?! Бағдарламада қандай жаңалықтар бар?! Халыққа пайдасы бар идеяларды жүзеге асыра ала ма?! Сайлау кезінде қарапайым халық осы жағына мән бергені абзал. Одан кейін әкімдер де сайланып алған соң халыққа берген уәдесін орындауға, сенімнен шығуға тырысуы тиіс. Сайлау – бұл халықтың дауысы, елдің сенімі. Сондықтан жергілікті әкімдер елдің сенімін ақтауға барын салғаны абзал.

Қарлығаш Сайлау 

Тегтер: