Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 07 Мамыр 2024

Баку мен Ереван кикілжіңі Алматыда шешіле ме?

1
Фото: из открытых источников

Әзербайжан мен Арменияның сыртқы істер министрлері Алматыда келіссөз жүргізеді. Қазақстан тарапы екі елге бейбіт келіссөз алаңын ұсынып отыр.

Бұл ақпарат өткен аптада Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенмен телефон арқылы сөйлескен кезде белгілі болды. «Қазақстан тарапының ұсынысымен Әзербайжан мен Арменияның сыртқы істер министрлері бейбітшілік шарты бойынша келіссөздерді жалғастыру үшін Алматыда кездеседі. Әзербайжан республикасы бейбітшілік шартының бастамашысы және оның негізін құрайтын 5 қағиданы ұстанады» деді Әзербайжан президенті.

Энтони Блинкен бұл бастаманы қолдайтынын айып, АҚШ билігі Армения мен Әзербайжан арасындағы шекараны делимитациялауға қарсы емес екенін жеткізді.

Қазақстан президенті де Армения мен Әзербайжанның Алматыдағы келіссөз өткізуін құптады.

«Әзербайжан Республикасы мен Армения Республикасы арасындағы бейбіт келісімге дайындық жүргізу мақсатында екі елдің сыртқы істер министрлерінің келіссөзін өткізу туралы өзара келісімге келгенін құптаймын. Алдағы кездесу әзербайжан-армян уағдаластығының нақты жүзеге асуына жол ашып, жуық арада Оңтүстік Кавказда тұрақты әрі ұзақмерзімді бейбітшіліктің орнауына ықпал етеді», – делінген Ақорда таратқан хабарламада.

Ал Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, мемлекет басшысы жақында Баку мен Ереванға жасаған сапарында қос ел арасында берік, ұзақ мерзімді бейбітшілікті тез арада орнатудың маңызын атап өткен. Қазақстанның келіссөз өткізу үшін алаң ұсынуы екі мемлекетке көмектескісі келетінін көрсетеді.

Көліссөздің өтетін күні және өзге де ақпараттар алдағы уақытта хабарланады. Сондай-ақ сыртқы істер министрлігі аталған келіссөзді өткізуге бюджеттен көп қаржы жұмсалмайтынын айтты. Өйткені кездесу ауқымды шара емес, көп шығынды талап етпейді. Әрине, дипломатиялық жиналысқа Қазақстан белгілі мөлшерде қаржы жұмсайтыны анық.

Бірақ осы келіссөзден кейін Баку мен Ереван ортақ мәмілеге келіп, екі ел арасында тыныштық орнаса, оның пайдасы тұтас аймаққа тиеді. Екі ел арасындағы саясат көрші мемлекеттерге де әсер ететіні анық. Демек, Әзербайжан мен Арменияның тыныштығы Қазақстан үшін де маңызды.

Әзербайжан мен Армения арасындағы қақтығысқа көп уақыт болды. Екі ел 1980 жылдың аяғынан бері қақтығысып келді. Бұл қақтығыс 1994 жылы аяқталғанымен, шекара мен Таулы Қарабақ мәселесі шешілмей қалған. Бұл дау 30 жылға жалғасып, 2023 жылы ғана нүктесі қойылды.

Әзербайжан аумағындағы Таулы Қарабақта көбіне армяндар тұрған, соғыс кезінде бұл аймақ Бакуден тәуелсіздігін жариялап, «Таулы Қарабақ республикасын» құрып алды. Баку мен Ереван осы аймаққа таласып, 1994 жылдан кейін де бірнеше рет қақтығысқан.

2020 жылы күзде болған үлкен әскери қақтығыстан кейін Әзербайжан Таулы Қарабақтың бір бөлігін қайтарып алды. Ал 2023 жылы толық бағындырып, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап сепаратистік «Таулы Қарабақ республикасы» жойылды. Қарабақта тұратын 100 мыңнан аса армян Арменияға көшті.

2023 жылы 5 қазанда Армения премьер-министрі Никол Пашинян декларацияға қол қойды, онда ол Таулы Қарабақты Әзербайжанның бір бөлігі деп таныды.

Қазір Әзербайжан мен Армения арасында бейбіт келіссөз барысында белгілі қайшылықтар бар. Бірақ шекараны анықтау процесінде оң өзгерістер байқалып отыр. Мұндай келіссөздердің соңында бейбіт келісімшартқа қол қойылуы мүмкін. Бірақ барлық мәселе бірден шешіліп кетеді деп сену қиын, екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған күннің өзінде, Баку мен Ереванның жақын арада «тату көрші» болып кетуі екіталай. Сол үшін бейбіт келіссөз өткізудің маңызы зор. Мамандар Қазақстан үкіметі ұсынып отырған келісім алаңы қос тарап үшін пайдалы болады деп болжап отыр.

Қазақстан үкіметі Әзербайжан мен Армения арасындағы қақтығысқа бейтарап позиция ұстанып, қос тарапты татулыққа шақырып келеді. Ақорда бұған дейін де бірнеше мәрте екі елді даулы мәселелерді шешуде ұстамдылық танытып, күш құралдарын пайдаланудан бас тартуға үндеген.

Бұған дейін Әзербайжан мен Армения Германияда келіссөз өткізген. Енді Қазақстанға ат басын бұрғалы отыр. Еліміз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері сыртқы саясатта көпвекторлы бағыт ұстанып келеді. Мысалы, Қазақстан үкіметінің өкілдері Түркияға барса түркінің ұрпағы екенін, Араб елдеріне барса мұсылман екенін алға тартады. ТМД мемлекеттерімен ортақ мұра мен болашаққа ие екенін айтады. Ал Батыс елдерінде халық үніне құлақ асатын мемлекет екенін, Қытайға барса құдайы көрші екенін сөз етеді.

Сол сияқты Әзербайжан мен Армениямен де қарым-қатынасымыз қою. ТМД-ға мүше мемлекеттер ретінде ортақ мүдделеріміз бар. Армениямен Кедендік одақта, Еуразиялық экономикалық одақта және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымында бірге мүше болып отырмыз. Ал Әзербайжанмен ортақ Түркі мемлекеттері ұйымы бар. Каспий теңізі арқылы көрші болып отырмыз, бірлескен көлік-логистикалық жобаларымыз бар. Орта дәлізді ашып, Баку арқылы мұнай өнімдерімізді Еуропа елдеріне жеткізу жоспары жасалған.

Қазақстан екі елмен де стратегиялық достық қарым-қатынас орнатқан. Әзербайжан және Армения арасындағы бейбіт келіссөздің Қазақстанда өткені ақылға қонымды шешім. Әлем елдері Баку мен Ереванның Алматыдағы кездесуіне көз тігіп отыр.

Қуан ӨМІРХАН