Байбек. Сакура гүлдегенде

Әйелдер мерекесі, он күндік Наурыз мейрамы, оразаның аяқталуы, Құрбан айт – бәрі қосылып, қызықтан басқаны көрмеуге, тойдан басқаны естімеуге айналғанда, Иманғали Тасмағамбетовпен қатар жұртты әжептәуір елең еткізген жағдай – Бауыржан Байбектің бой көрсетуі болды.
Жақында әлеуметтік желіде Алматының экс-әкімі Бауыржан Байбектің Жапонияда жүргені туралы ақпарат тарады. Bakordamems паблигінің мәліметінше, ол «сакура гүлдеуін көру үшін» сол жаққа барған. Қаңтар оқиғасынан кейін көрінбей кеткен ескі Қазақстанның белді өкілінің БАҚ беттерінде жылт ете қалуы қазақ қоғамында қатты талқыланып жатыр.
Бауыржан Байбек Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттігі кезінде маңызды саяси қызметтер атқарды. 2015-2019 жылдар аралығында Алматы қаласын басқарды. Кейін Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары болды. Жұрт арасында оның мұндай мансаптарға әкесінің арқасында жетті дейтін сөз де айтылатын. Себебі оның әкесі Қыдырғали Байбек Назарбаевтың сыныптас әрі жақын досы болған. Ол Алматы әкімі кезінде «тиін әкім», «еуропаға еліктеген шенеунік» сияқты аттарымен есте қалды. Себебі «Болашақпен» шетелде оқып келген Байбек, Алматыны Еуропаның қалаларындай етемін деп құлшынды. Осы жолда қала адамдары Еуропадағыдай қоғамдық көлікпен жүреді деп ВRT салуға кірісті. Алдымен Алматының ең үлкен символдарының бірі – трамвайдың көзін құртты. Оның орнына веложолақтар салып, өзі де бір сәт велосипед жүргізіп, «үлгі» көрсетті. Бұл шешімге халық риза болмады. Кейіннен әкім трамвайды алып тастау себебін ірі жол апаты оқиғасы мен трамвайды жаңартуға 16 миллиард теңге керек деп сылтауратты. Бірақ кейіннен ол бірнеше есе қымбат ВRT жобасын қолдап, есепке де «жүйрік» екенін тағы бір рет көрсетті.

Назарбаевқа адалдығы және шетелге кетуі
Қаңтар оқиғаларынан кейін Байбек саяси сахнадан көрінбей кетті. 2022 жылы анасымен бірге Меккеде кіші қажылық (умра) жасағаны туралы сурет тарады. Неміс басылымдары 2023 жылы оның Германияда жүргенін, еуропалық пианист Эвелинда Тренкнердің бюстін орнатуға демеушілік жасағанын тамсанып жазды. Оның суреті де жарияланды. Бұл сурет те халық арасында шу болып, талқыланды. «Байбек биліктен кеткен соң бірден кәсіби мамандығына бет бұрып, өнер мен мәдениетке қамқор бола қалды ма» деп мысқылдап жазғандар да, «әкім кезінде бюджеттен қыруар қаржы бөлдіріп, қаланың қақ ортасына сабаннан мүсін қойдырған еді. Сол кезде халық пікіріне құлақ аспаған экс-әкім енді Германияға келгенде мүсінге қаржы аямай, жомарттық танытып отыр» деп сынағандар да болды.
Мүсін демекші, Байбектің Алматыдағы ең үлкен «мұрасы» – 23 миллион теңгеге жасалған сабан тиін. Сол кезде әкімдік бұл мүсінді «Алматы экологиясының символы» деп түсіндірді. Қала халқы тағы да қыруар қаржы бөлініп салған мүсінге қарсы болды. Ал студенттер егіс басында тура сондай тиінді бір тиынсыз жасады. Кейін қала орталығынан сабан тиін алынып тасталды, бірақ оған бөлінген миллиондар сол күйі қайтпады.
Не десек те, Байбек әкесінің «кластасына» адалдығын танытты. Әкім кезінде Фурманов көшесін Назарбаевтың атына бергізді. Бұл мәселеде де халықтың пікірімен санаспады. Қаңтар оқиғасы кезінде де көп шенеунік Назарбаевтан теріс айналғанда, ол «ұстазына» адалдық танытты. Қаңтардан кейін көпшілік алдымен Байбек ұсталады деп күткен еді. Бірақ олай болмады. Елеусіз ғана елден кеткен оның бірде Түркияда, бірде Кипрде, тағы бірде Германияда жүргені анда-санда айтылып қалып жатты. Оның өзі де қайтып елге оралмады. Ал әлеуметтік желілерде Байбектің Алматы әкімі болып тұрған кезінде жемқорлық істеріне қатысы бар деген ақпарат тарағанда мемлекеттік органдар бұл мәліметтерді ресми растаған жоқ. Былтыр да жергілікті БАҚ-қа Қаржылық мониторинг агенттігі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, полиция Байбекке қатысты ешқандай қылмыстық іс қозғалмағанын растаған.

Бауыржан Байбектің отбасы қандай бизнестерге иелік етеді?
Бауыржан Байбектің өзі ресми түрде ешқандай компанияларға иелік етпейді. Бірақ оның әкесі мен анасы, әпкесі, қазіргі және бұрынғы әйелінің бизнестерге қатысы бары бірнеше рет жазылды. Мысалы, әкесі Қыдырғали Байбек иелігінде Қазақстанның әртүрлі қалаларында элиталық жылжымайтын мүлік бар екені бірнеше жылдан бері айтылып келе жатыр. Олар Esentai Apartments (Алматы) кешенінде 485,8 шаршы метрлік пентхаус (бағасы 507 млн теңге), «Таң нұры» тұрғын үй кешенінде 544,8 шаршы метрлік пентхаус (192,8 млн теңге), Астана қаласындағы Green Village кешенінде екі пәтер (247 және 220,1 шаршы метр), Ақмола облысында 1,1706 га жер телімі. Көпшілігін Қыдырғали Байбек баласы Алматы әкімі болып тұрған кезде сатып алған.

Сондай-ақ Қыдырғали Байбек «БЦ Нұр Тау» және «БЦ Нұрлы Орда» бизнес орталықтарының иесі. Бұл орталықтар мемлекеттік мекемелерге кеңселерін жалға беріп, миллиондаған теңгеге келісімшарттар жасасқан. Атап айтар болсақ, жылжымайтын мүлік бизнесімен айналысатын «БЦ Нұр Тау» компаниясының былтырғы қаржы айналымы 2,2 млрд теңге, төлеген салығы 43 млн теңгеден асады. 2016 жылдан бері мемлекетпен 25 келісімшарт жасасқан. 2023 жылы 122,5 млн теңгеге 3 тендер алған. Ал екінші «БЦ Нұрлы Орда» компаниясының былтырғы қаржысы 3 млрд 158 млн теңге, төлеген салығы 65 млн теңгеге жуық. Осы уақытқа дейін мемлекеттен 17 тендер алған. 2022 жылғы алған келісімшартының сомасы 300 млн теңгедей. Қыдырғали Байбектің тағы бір «Нұрлы Орда» дейтін компаниясы бар. Бұл кәсіпорын құрылыс бизнесімен айналысады. Былтырғы қаржысы 75 млн теңгеге жуық. Төлеген салығы 1,5 млн теңгеден аспайды.

Қыдырғали Байбек Qazaq Kaolin компаниясының да иесі. Бұл кәсіпорын Ақмола облысында 2014 жылдан бері минералды шикізатты өндіру және өңдеу саласында жұмыс істейді. Кәсіпорын Көкшетаудан 40 км қашықтықта орналасқан Алексеевка кен орнынан каолин өндіреді. Бұл кен орны әлемдегі ең ірілердің бірі болып саналады. Компанияның былтырғы қаржы айналымы 5 млрд теңгеге жуық. Төлеген салығы 94 млн теңгеден асады. Алайда бұл кәсіпорынның құлдыраған шағы. Мысалы, 2023 жылы оның қаржы айналымы 10 млрд теңгеден асқан. 2015 жылдан бері Qazaq Kaolin мемлекет бюджетіне 579 млн теңгеге жуық салық төлеген.
Қаңтар оқиғасынан кейін Қыдырғали Байбек соттан көз ашпады. Бірнеше сот процестеріне қатысуға мәжбүр болды. Атап айтқанда, Астана қаласындағы Aulet тұрғын үй кешенінде заңсыз есік орнату ісі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 51 750 теңге айыппұл төледі. Бұл іс ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 463-бабы (тіркеусіз кәсіпкерлік қызмет) және 319-бабы (заңсыз құрылыс) бойынша қаралды. Сонымен қатар 2023 жылы ол 28 млн теңге қарыз және 1,8 млн теңге өсімпұл өндіру жөнінде азаматтық сот ісіне қатысты.

Бауыржан Байбектің анасы Алтынай Күнғалиқызы да «Нұрлы-БИ», Aray Consulting Group және Aray Fine Dining GrouP сынды компанияларға иелік етеді. Бұл компаниялардың да бірнеше жүз миллион теңгелік қаржысы бар. Мысалы, Aray Consulting Group компаниясының былтырғы ақша айналымы 1 млрд теңгеге жуық.

Байбек отбасының кино индустриясы
Бауыржан Байбектің әпкесі Айгүл Байбек Aray Media Group киностудиясына иелік етеді. Бұл компания Disney және Sony Pictures студияларымен жұмыс істеп, қазақ тіліне 10-ға жуық фильмді аударды, оның ішінде «Аватар: Су жолы» бар. Сонымен қатар ол «Дос-Мұқасан» фильміне және «Қаныш» атты сериал мен фильмнің продюсері болған. 2021 жылы 70-жылдар атмосферасын бейнелейтін «Дос-Мұқасан» музыкалық фильмі Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы тарапынан 424,8 млн теңгеге қаржыландырылған.

Aray Media Group компаниясының былтырғы қаржысы 849 млн теңге, алайда 2023 жылы оның қаржысы 3,6 млрд теңгеден асқан. 2016 жылдан бері киностудия мемлекетке 435 млн теңгеден аса салық төлеген. Компания 2021 жылы мемлекеттен 540 млн теңгеге 2 келісімшарт алып орындаған.
Бұдан бөлек, Бауыржан Байбектің анасы мен әпкесі Qazaq Gourmet мейрамханасын басқарған. Қазір оған Байбектің жұбайы Жанар Байбек пен Нұргүл Құсайынова иелік етеді. 2024 жылы Qazaq Gourmet әлемдегі үздік мейрамханалардың 50 Best Discovery тізіміне енді.
Байбектің бұрынғы әйелі Жанар Рахметовтің қазіргі күнде ешқандай компанияға қатысы жоқ. Алайда ол Bolashak Consulting Group компаниясының 2010-2018 жылдар аралығында құрылтайшысы болған. 2019 жылдары кәсіпорынның қаржысы 35 млрд теңгеге жуық болған. Бірақ сот процестері мен антикордың тергеуінен кейін былтырғы қаржысы 110 млн теңгеге дейін түсіп қалған.
P.S. Жоғарыда жазғанымыздай, Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаевтың жақын адамдарының бірі Бауыржан Байбек ұсталады деп көпшілік күткен еді. Бірақ ол шетелге кетіп қалды. Қазір Кипр немесе Германияда тұрып жатыр деген бейресми ақпарат бар. Алдағы уақытта оның Сатыбалды, Боранбаевтар сияқты Жаңа Қазақстанмен келісімге келетіні немесе үстінен қылмыстық іс қозғалып, елге экстрадицияланатыны белгісіз. Бәлкім, шетелге кетіп, қайтпай қойған көп шенеуніктің бірі болып қалар.
Тұрсынбек БАШАР