Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 03 Мамыр 2024

Бірінші сыныпқа дайындықпен және дайындықсыз барған баланың әріптері әртүрлі

1
Фото: из открытых источников

Қазіргі білім беру жүйесі бірінші сыныпқа балаларды білім деңгейіне қарай іріктемейді.

 Балабақшаға барған, мектепалды даярлық сыныбын оқыған, жеке репетитормен немесе орталықтарда дайындалған және мұның ешбірін орындамаған балалар бір сыныпта араласып отырады. Бұл өз кезегінде ата-аналарды алаңдатып, оқушыларға қолайсыздық тудырып отыр.

Бұған қатысты E-gov порталында: «Білім беру ұйымдарына қабылдаудың үлгілік ережелеріне сәйкес, білім алушылардың даярлық деңгейі және даму дәрежесі бойынша сыныптарды іріктеуге жол берілмейді» делінген. Негізі «нулевой» аталып кеткен даярлық сыныбы бұрыннан бар. 2018 жылы балалардың 80 пайызы мектепалды даярлық сыныбына барған. Сол кездегі министр Е.Сағадиев бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізуді мақсат ететінін хабарлап, бірінші сыныпқа келген балалардың дайындығы бір деңгейде болуы керек екенін айтқан. Білім және ғылым министрлігі бұл жүйе бүлдіршіндерді мектеп пен білім алуға психологиялық, эмоционалдық тұрғыдан дайындап, партада отыруды, қол көтеріп жауап беруді, кезек сақтауды үйрететінін ұдайы алға тартатын. Ерте тұруға, сабақта белгілі бір уақыт аралығында отыруға дағдыландырады деп жақтайтын. Алайда баланы екі-үш сағатқа бола мектепке алып барып, қайтадан алып кету көптеген қазақстандықтар үшін мәселе екені анық. Қалалық өмір ритмі мен жұмыс графигі мұндай мүмкіндік бере бермейді. Екіншіден, мектепалды даярлық сыныбын оқу міндеттелмеген, салдарынан оны оқыған да, оқымаған да бір сыныпқа келіп түседі.

Себебін ашып түсіндірейік. Балаларды ерте жастан оқытуда халықаралық тәжірибе ескерілген. Осыдан алты жыл бұрын экс-министр К. Шәмшидинова: «ЮНЕСКО-ның деректеріне сәйкес, әлемнің 204 елінің 134 елінде сабақ – 6 жастан, 42 елінде – 7 жастан басталады. Ал оған дейін бір жыл дайындық сыныбын оқыған дұрыс. Оны Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы жүргізген сауалнама-зерттеу көрсетіп отыр» деген. Ғылыми нәтижелер не десе де, балалардың 100 пайыз мектепалды даярлық сыныбын оқуы керектігі туралы ештеңе айтылмады. Ал 2021 жылы заңға өзгерістер енгізілді. Бұрын баланы қыркүйекте алты жасқа толған жағдайда ғана мектепке алса, жаңа заң бойынша жаңа жылға дейін алтыға толатын балалар бірінші сыныпқа қабылданатын болды. Бірақ кейде ата-аналар баланы қыркүйекте алтыға келмеген баласын мектепке жібермеу туралы шешім қабылдап жатады. «Мұндай жағдайда бала келесі жазға дейін балабақшада қала алады» деп түсіндірген тағы бір экс-министр А. Аймағамбетов. Себебі ата-ана баласын мектепке дейін үйде дайындаса да, балабақшаға апарса да, мектепалды даярлық сыныбына берсе де, «развивайкаға» апарса да, өзі біледі... Гәп те осында, әркім әртүрлі жағдайда дайындалады, біреулер тіптен дайындалмайды. Бұл туралы 30 жылдық тәжірибесі бар бастауыш сынып мұғалімі Раушан Батырбекова былай дейді:

«30 жылдан бері бастауыш сыныпты оқытамын. Төрт жыл сайын алдыма бірінші сынып балдырғандары келеді. Олардың арасында мектепалды даярлық сыныбын оқыған оқушылар мен оқымаған оқушылардың айырмашылығы жер мен көктей. Балабақшаға барған балалар да көрініп тұрады. Мектепалды даярлық сыныбын оқығандар мектепке, сабаққа бейімделеді. Әсіресе ортаға, қарым-қатынас құру, мұғаліммен жұмыс істеу, партаға отыру сынды қарапайым элементтерге дағдыланады, ашылады. Дәптер, қаламсап, сызғыш ұстауға, жазу жазуға қолы үйреніп келеді. Мұндай балалар тапсырманы дереу орындап, бәрін тез алып кетеді. Сәйкесінше, үлгермей жатқан сыныптастарын күтіп қалады. Осылайша, бір сыныптың ішінде айқын контраст байқалуы әбден мүмкін. Тәжірибеде мұндай жағдайдың талайы болып жатыр.

Бір жағынан, қазіргі оқу жоспары бойынша әліппені жарты оқу жылында аяқтап тастау керек. Осыдан 20-25 жыл бұрын әліппені бір жыл оқитынбыз. Оқушы әріптерді 7-8 айда толықтай меңгеретін. Ал қазір бәрі жылдам, бәрі асығыс. Мұндай жағдайда мектепалды даярлық сыныбына барған бала үлгеріп, ілеседі. Бармағандар көбіне-көп бөгеліп қалып жатады. Осыны да ескеру керек. Әрине, әр баланың қабілеті әртүрлі. Алайда балалардың бәрі дайындықтан өтіп келгені дұрыс».

Дәл осы мәселеге қатысты ата-аналардың да көзқарасын білдік. Баласы мектепалды даярлық сыныбынан соң бірінші сыныпқа барған ана Әйгерім Бауыржанқызы былай дейді:

«Баламды екі сағатқа бола мектепке апарып, алып келіп жүрдік. Оқығаны өзімізге жақсы, уақытылы дамысын дедік. Үлгерімі жақсы болды, бәрін алып кетті. Енді бірінші сыныпқа барғанда балам баяғы бір жыл оқыған 42 әрпімен қайта «танысады», қайта жазады. Осыдан келіп, сабақ өзіне қызық емес болып кетті. Байқауымша, көбіне-көп мектепалды даярлық сыныбын оқымаған балалар бір толқында, оқыған балалар басқа толқында жүреді. Ол заңды да шығар. Бірақ бұл екі тараптың да уақытын алу. Сондықтан мектепалды даярлық сыныбына барған және бармаған балаларды бірінші сыныпқа іріктеп қабылдау керек секілді. Немесе мектепалды даярлық сыныбын алып тастаса да балалар бірінші сыныпты бірдей деңгейде бастайды. Қалай болғанда да реттілік қажет. Себебі мектепке енді келген бала үшін алғашқы жылдар өте маңызды».

Қызы мектепалды даярлық сыныбына бармаған ана да осы сарындас пікірімен бөлісті:

«Қызым ел қатарлы балабақшаға барып жүрді. Кейіннен алты жасқа толған соң бірден бірінші сыныпқа бердік. Себебі балабақшада ортаға бейімделіп, оң-солын танып қалды, аса қатты қиналмас деп ойладық. Ол өз жасы мен бағдарламасына сай жақсы оқып жатты. Үлгерімі қанағаттандырарлық деңгейде болды. Бірақ мұның алдында әліппені жаттап, оқуға машықтанған сыныптастары мәтін оқуда, жазуда, есеп шығаруда біршама жылдамырақ болып шықты. Алғашқыда репетитор жалдау туралы да ойландық. Алайда онсыз да өз жасына сай жүктемемен мектепке барып-келіп жүрген баланы түстен кейінгі уақытта қинаудың қажеті жоқ деген тоқтамға келдік. Сол сәтте неге «нулевой» оқығандар мен оқымаған алты жастағы балаларды бөлек сыныптарға іріктемеді екен деген ойда қалдым. Немесе деңгейлік тест арқылы бөлуге де болар еді ғой. Бала мектепке барған алғашқы жылында өзіне керек білімді алуы керек. Әрі бала қатарластары озып, өзі қалып бара жатқандай сезінсе, бұл да жақсы нәрсе емес», – дейді Аяулым Нұржанқызы.

Бұл орайда министрлік пен мемлекеттік мектептер мұқияттылық танытпаса да, жекеменшік ақылы мектептер көбіне балаларды деңгейге бөліп оқытады. Осы әдісті қолданатын «125» білім академиясының білім жөніндегі меңгерушісі Гүлнұр Оразбаевадан бірінші сыныпқа іріктеп алудың маңызы туралы сұрадық.

«Біз балаларды классикалық А, Б, С деңгейлеріне бөліп оқытамыз, іріктеп барып, сыныпқа бөлеміз. Бұл өте маңызды. Өйткені әр баланың қабылдау деңгейі әртүрлі. Сондықтан іріктеп барып оқыту оқушыға да, мұғалімге де тиімді. Себебі мектепалды даярлық сыныбында немесе жеке репетитормен дайындалған балалар бағдарламаны тез іліп алады да, тапсырмаларын жылдам орындап тастайды. Сосын олар үлгерімі өздерімен салыстырғанда төмендеу оқушыларды күтіп қалады. Нәтижесінде, пәнге деген қызығушылығы азайып кетеді. Оларда «сабақ деген осы ма», «мектеп деген осындай ма» деген көзқарас қалыптасып, атүсті қарау психологиясы пайда болмасына да ешкім кепілдік бере алмайды. Ал егер деңгейі жақсы, екпінді немесе сол секілді шамалас деңгейде оқитын балалар бір сыныпта болса, ортақ темп қалыптасады. Бұл беріп жатқан материал мен білімнің өтімділігі мен тиімділігін арттырады. Біреу өзін озық, біреу қалып кеткендей сезінбейді. Оқушының тақырыпты өз шама-шарқынша мерзімімен меңгеріп отыруына үлкен септігін тигізеді», – дейді маман.

Министрлік бұл мәселеге аса алаңдай қоймайтын секілді. Қазіргі оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаев қызметке кіріскелі жауапты департамент басшысы ауысқаны болмаса, басқа өзгеріс байқалмайды, айтылып та жүрген жоқ. Анығы сол, бірінші сыныпқа келген балалардың біркелкі деңгейде болғаны барлық тараптан тиімдірек. Бұл орайда не іріктеу, не мектепалды даярлық сыныбын мүлде алып тастау қажет секілді. Алайда біздегі бағдарламаның ауырлығын ескерсек, бірінші сыныпқа еш дайындықсыз келген бала келмей жатып сабақ оқуды «жек көріп кетуі» ғажап емес. Әлемнің дамыған елдерінде бастауыш мектеп «садик» секілді дейді көрген-білгендер. Сондай қызықты да жеңіл бағдарлама болса, даярлық сыныбының да өзектілігі қалмас па еді?

Баян Мұратбекқызы

Тегтер: