Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 03 Мамыр 2024

Дамытпаған, дамымаған «Даму»

Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры
Фото: из открытых источников

Кезінде бізде шағын кәсіпкерлікті дамытуға ықпал етеді, қолынан іс келетін азаматтарды «қолтығынан демейді» деп құрылған қорлар, банктер, бағдарламалар саңырауқұлақтай қаптады.

 Уақыт өте келе әлгіндей қорлардың, банктердің жекелеген адамдарға ғана қызмет етіп, белгілі бір мүддені ғана көздейтініне көзіміз жетті. Қорларды қаптатып, жекелеген қаржы институттарын құрғанмен, шекеміз шылқып кете қоймады. Орта және шағын кәсіпкерлік сол күйі дамымай қалды.

1997 жылы Қазақстан үкіметі ерекше үміт артып, үкілеп тұрып құрылған қордың бірі – «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры. Аталмыш қордың мақсаты – шағын кәсіпкерлікті қолдау, кәсіп ашамын деп талпынғандарға жөн сілтеу, олардың жобаларын субсидиямен қаржыландыру болған. Алайда құрылғанына 27 жыл өтсе де «Даму» қорының қанатының астынан шығып, кіші кәсіпкерден ірі кәсіпкерге айналған тұлғалар некен-саяқ. Біздегі олигарх кәсіпкерлердің тізімін сол баяғы Forbes-тен түспейтін Серікжан Сейітжанов, Тимур Турлов, Тимур Құлыбаев, Болат Өтемұратов, Кеңес Рақышев, Владмир Ким сияқты көз үйренген тізім құрайды. Бұлардың барлығы елдегі бір-бір банкті иемденген, түрлі холдингтер мен компанияларды басқарып отырған адамдар. Ондаған жылдар бойы олигархтар тізімінің көш басынан түспей келе жатқан бұл кәсіпкерлерді біз «Дамудың» қанатының астынан шықты дей алмаймыз. «Дамудың шекпенінен шықтық. Қордың қолдауын көрдік, содан өсіп-өніп, ірі кәсіпкерге айналдық» деп мақтанышпен айтатын кәсіпкер кәні? Сонда, сонау тоқсаныншы жылдары құрылған «Даму» қоры не бітірді өзі?

Ара-тұра үкіметтің өзінен де ескерту естіп қалатын қор қазір субсидия бағытын дұрыс меңгере алмағандықтан кепілдік беру бағытымен жұмыс істеуге көшті. Әр жерде «Даму жабылады немесе бұл қорды тұтас реформалау керек» деген пікірлер де айтыла бастады. Себебі қордың көрсеткіштері аса мәз емес. Былтыр S&P рейтінгтерді бағалау агенттігі «Дамудың» рейтингін «тұрақты» деңгейден «жағымсыз» деген статусқа түсіріп тастады. Былтыр қор 42,4 млрд теңге таза кіріс тауыпты. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 6 млрд теңгеге аз. Ең қызығы, қордың табысы азайғанмен, шығыны өскен. Жұмысшыларының есебі ұлғайып, штаты 60 адамға артқан. Әкімшілік шығындары да былтыр 600 млн теңгеге өсіпті. Бұл деректерді алға тартқан сарапшылар «Даму» қоры өзінің тиімсіздігін көрсетті. «Бұл қорды жабу керек» деседі. Өйткені қордың бизнес процестері де заман талабынан сырт қалып қойған.

Экономист-ғалым Қайрат Бодауханның пікіріне сүйенсек, бұл қордың айналасында жемқорлық та, тамыр-таныстық та, заңсыздық та өршіп тұр. Осыған байланысты экономистер «Даму» қорына қатысты ұсыныстарын да әлдеқашан үкіметке жолдаған.

«Дамудың пайдаланып отырған ақшасы өзінің қаражаты емес, бюджеттің, мемлекеттің қаражаты. Ал ол қордан қаражат алу үшін араға делдал салып, тамыр-таныс іздеп жүрген кәсіпкерлер көп. Кәсіпкерлерге қаражатқа қол жеткізу үшін небір жағдайды бастан өткізуге тура келеді. Тұнып тұрған қағазбастылық, тексеруден тексеру, бітпейтін бюрократия. Осыдан шаршаған кәсіпкерлер ақыры таныс іздеп, делдалға жүгінеді. Әрине, делдалдың қызметі тегін емес. Әсіресе ауыл шаруашылығы кәсіпкерлеріне, шағын және орта бизнесте жүрген азаматтарға «Даму» қоры арқылы қаражат алу өте күрделі. Кәсіпкерлер құжаттарын сәйкестендіру үшін бір есіктен емес, мың есіктен өтіп, табанынан тозады. Өз басым, мұндай қордың бізге қажеті жоқ деп ойлаймын. Негізінде, бұл қордың жұмысын банктер де атқара алады. Кезінде «Агропром» банк деген жалғыз-ақ банк бүкіл ауыл шаруашылығын қаржыландырып отыратын. Міне, бізге осындай пайызы арзан, салалық банктер құру қажет. Ауыл шаруашылығы кәсібін осы банктер арқылы да оп-оңай, тікелей қаржыландыруға болады. Ешқандай делдалсыз, «бармақ басты, көз қысты әрекетсіз» қаражат нақты шаруалардың, кәсіпкерлердің өзінің қолына түссін десек, мәселені ауылдан салалық мемлекеттік банктер құру арқылы шешу ең тиімді жол».

Қазір «Дамудың» өзінің берешегі бастан асады. Бұл қордың мемлекеттік органдар мен «Бәйтерек» холдингінен алған берешегі қазір 174,3 млрд теңгеге жеткен. Болашақта қор кепілдік берген бизнестің белгілі бір бөлігі банк алдындағы төлемдерін өтей алмай жатса (оған күмәніңіз болмасын), «Дамудың» борышы одан әрі өсе бермек.

Субсидия алу – қыл көпірден өту

Кәсіпкер Бауыржан Әбілұлы да бес жылдан бері қанша тырысса да «Дамудың» жұмыс істеу тәсілін түсінбей қойыпты. Ірімшік жасайтын шағын фабрика ашқысы келген ол ақыры тауы шағылып, кәсібін тұншықтырып, жауып тынған.

«Бастапқыда өзім несие алып бастадым. Цех аштым. Артынан «Даму» арқылы қаражатқа қол жеткізгім келді. Бірақ субсидия алудың талаптары қыл көпірден өткенмен бірдей. Алдымен жергілікті әкімдіктің кәсіпкерлікті қолдау басқармасына барасың, олар жобаңды қарайды. Комиссия талқыға салады. Бірнеше мәрте түзету енгізесің. Одан өткің келсе, әкімдіктен таныс іздеуге тура келеді. Бұдан соң олар сені «Даму» қорына бағыттайды. Ол жерде бірнеше мәрте жобаң кері қайтарылады. Ақыры өзім де шаршап, «бүйткен кәсібіңді» деп, жауып тындым. Кәсіп үшін екінші деңгейлі банктен алған несиемді әлі төлеп келе жатырмын. Біздегі шағын және орта кәсіптің өспей жатқанының бір айғағы – қағазбастылық. Жобаларды жабық түрде қарау, тамыр-таныс, әке-көке іздеу. Қазір технология дамыған заман. Неге біздегі «Даму» қорының жобаларды қарау жұмысын онлайн түрде өткізбеске?! Халықаралық конференциялар, семинарлар онлайн түрде болып жатады ғой. Сол тәрізді онлайн түрде бірнеше маман отырып, бір күнде бірнеше кәсіпкердің жобасын ашық форматта талқылауы керек қой. Барлығы ашық жиында болсын. Жобаның кемшілігі болса, сол жерде айтылсын. Кәсіпкер ондай сындармен келіспесе, оны да сол жерде онлайн түрде дәлелдеп шықсын. Осындай болғанда ғана бұл салада сыбайластық болмайды деп ойлаймын. Келешекте қордың жұмысы осылай ашық болуы керек. Бұл қорға тұтас реформа қажет. Әйтпесе, бұдан «Даму» да, кәсіпкерлер де дамымайды», – дейді кәсіпкер.

Иә, «Даму» дамып та, дамытып та қатырып жатқан жоқ. Демек, бізге шағын және орта бизнесті дамытудың басқаша тетіктерін қарастырған абзал. Мамандардың ойынша, алдағы уақытта бизнестің барлығына бірдей арзандатылған несие ұсыну да тиімсіз. Бұл экономиканы құлдыратады, бәсекелестікті жояды. Қаржы секторының өкілдері қазіргі ұстанып отырған бағытты өзгертпесе, үкіметке болашақта жеңілдетілген несие ұсыну идеясынан бас тартуға немесе оған қатаң шектеулер енгізуге тура келетінін айтады. Мысалы, бір кәсіпкер жеңілдетілген несие алса, оның шарттары тиімді болады, ал арзан несиеге, субсидияға ілікпеген келесі бір кәсіпкер жалпы негізде несие алса одан көбірек үстемақы ұсталады. Мұндай жағдайда бәсекелестік туралы сөз қозғау қиын. Бұдан бөлек, сауда саласында жұмыс істегісі келетін кәсіпкерлерге арзан несие беру экономикаға пайда әкелмейді. Өкінішке қарай, біздің кәсіпкерлерді қолдау ұйымдары мен қорлар мұны кеш түсінді. Осы уақытқа дейін «Даму» қорының қолдауымен де қаражат алып, оны сауда-саттыққа немесе басқа бір керегіне жаратып жібергендер де болған.

Субсидия алып, сауда жасау – кәсіпкерлікті қолдау емес

«Дамудан» қаражат алып, оны алыпсатарлық саудаға салғандарды да көріп жүрміз. Олар сауда нүктелерін ашады, Қытайдан тауар әкеліп сатады. Мұның экономикаға оң әсері шамалы. Бұл тек елге келетін импорт тауарлардың үлесін көбейтеді. Ал керісінше, менің металл өңдейтін цех ашқысы келетін танысым бар. Оған да «Дамудан» қаражат берілмеді. Жобасы қабылданбады. Шындап келгенде, металл өзімізде өңделсе, ол ішкі құрылыста қолданса, тауарды сырттан тасымайтын едік қой», – дейді кәсіпкер Б.Әбілұлы.

Бізде осы уақытқа дейін «Дамудан» бөлек, бизнесті қолдауы тиіс, банктер де, үміт артқан кәсіпкерлікті қолдау қорлары да, жол карталары да, бағдарламалар да болды. Бірақ мұның барлығы бизнес схемасынан тыс жұмыс істеді. Соның бір дәлелі, әу баста «өңдеу өнеркәсібіне, отандық өнім өндіруге, дамымай қалған қалалар мен шалғай ауылдардағы микрокәсіпкерлікке ең бірінші қаражат бөлінеді» деп мақсат қойған «Даму» қорының өзінің аяқалысы осындай болып отыр. Кезінде үкімет «ауылға қаржыны тікелей бағыттаймыз, ауыл кәсіпкерлігін солай қолдаймыз» деп, «ҚазАгро» холдингін де құрған. Бірақ қазір нарықта ол холдингтің елесі де жоқ. Ауылды жарылқамақ түгілі, өзін-өзі аяққа тұрғыза алмаған ол холдинг те батпандай қарызымен барып «Бәйтеректің» құрамына қосылды. Енді «ҚазАгроның» зейнетақы қорынан және басқа көздерден алған трансферттерін «Бәйтерек» холдингі төлейтін болады.

Ал болашақта «Дамуды» қайтер екенбіз?! Қазір «Даму» қоры да ұстайтын құлағы жоқ, бюджетке артық жүк – керексіз шабадан сияқты болып бара жатқан жоқ па?

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Фото: damu.kz