Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:34, 16 Қаңтар 2024

Демократияға атылған үш оқ

Заманбек Нұрқаділов
Фото: ашық дереккөз

2004 жылы төтенше жағдайлар агенттігінің басшысы Заманбек Нұрқаділов президент Назарбаевтың саясатын ашық сынап, Қазақстан демократиялық күштеріне қосылды.

 Серікболсын Әбділдин, Алтынбек Сәрсенбайұлы бастаған «Әділетті Қазақстан үшін» оппозициялық қозғалысына кірді. «Нұрсұлтан Назарбаев билікті заңсыз иемденді. Отбасы миллиардтаған доллар мен шетелдерде орасан зор дәулеттерін жасырып отыр. Президент отставкаға кетуі тиіс» деп мәлімдеді. Тіпті ел алдында мемлекет басшысымен бетпе-бет кездеспек болды. Назарбаев Заманбек Қалабайұлымен жүздесуден қашты.

...Саяси күрес Назарбаевтың оппонентінің өлімімен аяқталды. 2005 жылдың 12-қарашасында ол өзін «үш рет атып өлтірді». Қалыпқа сыймаған, қайсар мінезді, Хафиздің ғазалдарын сүйген романтик саясаткер дүниеден озды. Араға бір айдай уақыт салып Нұрсұлтан Назарбаев кезекті рет президенттік таққа жайғасты. Содан бері жиырма жылға жуық уақыт өтті. Нұрқаділовтің жұмбақ өлімі тарих қойнауына енді. Тарих дегеніміз – оқиғалар мен нақты фактілер ғана емес, сабақ алмасаң қатаң жазалаушы да...

Биыл көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділов 80 жасқа толар еді... Алматы қаласында атаулы датаға орай саясаткердің рухына арналып ас берілді. Асқа елге танымал ғалымдар мен ақын-жазушылар, саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, шенеуніктер, депутаттар қатысты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев асқа өз лепес сөзін жолдапты. Хатта мемлекет мүддесі үшін еңбек еткен Заманбек Қалабайұлы есімі ардақталу керегін айтып, туған жерінде ескерткіш орнатылып, тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылса деген ұсыныс айтылыпты. Президенттен қалыспай парламент сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев пен мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов та барша депутаттар атынан асқа көңіл хатын жолдапты. Айтпақшы, бас қосуға экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серігі болған Алматы, Жамбыл облыстарын басқарған, ауыл шаруашылық министрі сынды лауазымды қызметтерде болған Серік Үмбетов, Алматы облысының экс-әкімі Амандық Батталов, Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарған Амангелді Шабдарбаев, бір кездегі «Отан» партиясының басшылығында болған Амангелді Ермегияевтер де қатысты.

Аста естеліктер мен бірқатар ұсыныстар айтылды. «Заманбек Қалабайұлы қазақтың мүддесін қорғау үшін, халықтың жағдайын көтеру үшін, Қазақстанның болашағы үшін қызмет атқарды. Сол үшін алтын жанын қиды. Есімі тарихта жазылады. Есімін ешкім өшіре алмайды. Өзі ұзақ басқарған, дамуына еңбек сіңірген Алматы қаласынан көше беру керек», деді тұңғыш ғарышкер, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров.

Қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбай марқұмның аты ауылдан емес, қаладан басталып ұлықталуға тиіс деген пікір білдірді. «Нұрсұлтан Назарбаев атындағы көшені Нұрқаділов деп ауыстыру керек. Тіпті өзі елді қоныстандырған Думан, Шаңырақ сынды шағын аудандарға атын берсе де артық емес», деді. Сондай-ақ саясаткердің өліміне қатысты «Аруақты жазадан арашалап алу керек. Өлтірді. Өмірін қиды. Онымен қоймай, өзіне жала жапты. Өз-өзін үш рет атып өлтірді деді. Бұл – барша алаш азаматтарының намысына тиетін сөз. Соған әлі күнге дейін көніп отырмыз. Дәл солай болғандай бас шұлғып отырмыз. Ара-тұра біраз азаматтар олай емес деп айғайлаймыз. Қарсыласамыз. Бірақ дүйім жұрт, бүкіл мұқым қазақ неге көтерілмейді? Көр соқыр емеспіз», деді Рысбек Сәрсенбай.

Ал саясаткер Болат Әбілов: «Қазір керемет оқиғалар болып жатыр. Жуырда ғана қорғаныс министрлігіне қарасты Ұлттық қорғаныс университетінің алдында тұрған Назарбаевтың ескерткішін алып тастады. Ал Заманбек ағаға ескерткіш қойылатынына қуаныштымын. Назарбаевтың барлық ескерткіштерін алып тастап Заманбек Нұрқаділов, Алтынбек Сәрсенбайұлы, Дінмұхамед Қонаев және Алаш қайраткерлерінің ескерткішін қою керек. Ұлы деп асқақтатқан, жарты әлемді уысында ұстады деген Ленин мен Сталин қазір қайда? Ешкім тарихты алдай алмайды. Сол көсемдер тарихтың қоқсығында жатыр. Назарбаевтың есімі мен ескерткіштері де тарихтың қоқсығында қалады. Зәкең, Алтекең мен Қонаев ақсақалдың есімі мәңгі ел жүрегінде сақталып, аттары тарихта жазылады», деді Болат Әбілов.

Жалпы, Заманбек Нұрқаділовтің өлімінен кейін Қазақстанда авторитаризм күшейе түсті. КСРО тарады дегенімен, сол тоталитарлық жүйенің жойылмағаны көрінді. Конституция аясында саяси бәсекеге түсудің соңы қауіпті екенін демократиялық күштер түсінді, қоғамды үрей биледі. Ережесі жоқ саяси арена қатерлі ортаға айналды. Демократияның негізгі институттарының бірі журналистика да ауыр соққы алды. Ол саяси тақырыптарда қалам тербеп жүрген әріптесіміз Асхат Шәріпжановтің мезгілсіз өлімі. Журналист «Навигатор» интернет-басылымына Заманбек Нұрқаділовтен көлемді сұхбат алған болатын. Алайда мақаласын жариялап үлгермей қайтыс болды. Ресми ақпарат бойынша, Асхатты автокөлік абайсызда қағып, басынан ауыр жарақат алып, жантәсілім еткен. Журналист қосымша сол кездегі оппозициялық «Сол Дат» газетінде де еңбек еткен. Үкіметке қарайтын «Қазақпарат» агенттігі «Асхат Шәріпжанов кездейсоқ жағдайда автокөліктің астына өзі түсті» деп ақпарат таратқан еді. Саясаткер өлімі айналасындағы осындай қатпары мол құпиялар ашылатын уақыт жетті. Марқұмның атын дәріптеу, көше мен мектептерге есімін беріп, ескерткіш орнатқан, әрине, дұрыс. Бірақ аруақ алдындағы ең үлкен тағзым – жанын қиған қаскөйлерді ұстап, заң бойынша жазасын беру. Жаңа Қазақстан деп жар салғаннан кейін бір кезде Заманбек Нұрқаділов арман еткен әділетті Қазақстанда марқұмға жабылған ауыр жала алынып тасталуы тиіс. Айтқандай, асқа Нұрқаділов опат болғанда топырақ салуға қорыққан, бірде-бір рет оның өліміне қатысты мәселе көтермеген жандар да «жақсы адам еді» деп Құран оқылған дастарханнан дәм татты. Жыл сайын саясаткердің туған күні мен өлген күні айналдырған төрт-бес қоғамдық белсенді Кеңсайға барып Құран оқып, әлеуметтік желіге салатын. Бұл жолы адам қарасы мол. Президенттің ресми көңіл хатынан кейін заманбекшілердің қатары тіптен молая түсері сөзсіз.

Қанат ТІЛЕУХАН