Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:59, 08 Қаңтар 2024

Газа секторын бомбалау: Израиль «толық жеңіске жеткенше» тоқтамайды

Газа
Фото: из открытых источников

Израиль Газа секторын әлі бомбалап жатыр – ХАМАС-пен соғыс төртінші айға кетіп барады.

Сенбі күні AFP агенттігі Израиль оңтүстіктегі Рафах қаласына соққы жасағанын жазды. Мұнда жүздеген мың адам пана іздеп отыр. Зардап шеккендер Хан-Юнис ауруханасына жеткізілген.

Солардың бірі Мұхамед Авад 12 жастағы ер баланың денесінің жанында жылап отырды.

"Бауырым, оның әйелі мен балалары, туыстары мен әйелінің бауырлары – 20-дан астам адам өлді" деді ол AFP агенттігіне.

Сentralasian.org хабарлағандай, Нетаньяху сол күні мәлімдеме жасап, Израиль "ХАМАС-ты жою, кепілге алынғандарды босату кампаниясын жалғастырады... Газа Израильге қауіп төндірмеуге тиіс" деді.

"Толық жеңіске жетпейінше.... бәрін ысырып тастауға тиіспіз" деді Нетаньяху.

Израиль әскерінің өкілі Даниэль Хагари Израиль "Газа секторының солтүстігіндегі ХАМАС-тың әскери базасын бұзды", енді орталық мен оңтүстікке назар аударады деді.

ХАМАС Израильге 2023 жылы 7 қазанда шабуылдаған. Израильге шабуыл кезінде 1200-ге жуық адам қаза болған (Франс Пресс агенттігінің дерегінше, басым бөлігі – бейбіт тұрғындар), 200-ден астам адам кепілдікке алынды. Қазір 132 адам кепілдікте қалған. Израиль бұған жауап ретінде Газа секторында әскери операция бастаған. Палестина жағының айтуынша, Израиль соққысы мен құрлықтағы операциясының нәтижесінде Газада шамамен 22 мың адам қаза болған. Басым бөлігі – әйелдер мен балалар. Шайқас жүріп жатыр. 6 қаңтарда Палестина жағы соңғы 24 сағатта 120-дан астам адам өлімі тіркелгенін мәлімдеді.