Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:43, 27 Ақпан 2024

Геннадий головкин – ҰОК президенті

Головкин
Фото:

Кеше Ұлттық олимпиялық комитеттің жаңа президенті белгілі болды. Қазақтың даңқты боксшысы, Афина олимпиадасының күміс жүлдегері, кәсіпқой бокстан бірнеше нұсқа бойынша бұрынғы әлем чемпионы Геннадий Головкин дауыс беру нәтижесінде осы лауазымға лайық деп танылды.

Қалай дегенде де, біраз күннен бері күткен нәрсе орындалды. ҰОК президенті Тимур Құлыбаевтың «өз еркімен» орнынан кететіні туралы сөз бір ай бұрын шықты. Оның орнына Головкин кандидатурасы ұсынылып жатқаны да айтылды. Сондықтан бұл өзгеріске көп ешкім таңдай қаға қоймаған сияқты.

«Жаңа қызметте еліміздің атынан әрекет ету – мен үшін зор мәртебе. Маған Қазақстан Ұлттық олимпиялық комитетін басқаруды ұсынғанда, Қазақстан спортын дамытуға өз үлесімді қосуға мүмкіндік берсе ғана кандидатурамды беруге келісетінімді айттым. Өздеріңіз білетіндей, мен саясаткер де, шенеунік те емеспін. Өз әрекетімді сөзбен емес, іспен дәлелдеп үйренгенмін. Біздің алдымызда тұрған ең маңызды міндеттердің бірі – халықаралық қарым-қатынасты реттеу. Осы орайда менің өз көзқарасым, жылдар бойы жиналған халықаралық тәжірибем барын, команда барын айтқым келеді. Ең бастысы және көптен бергі қалауым – барлығын да өзімнің туған елімде жүзеге асыру» деді Головкин кіріспе сөзінде.

Бұл лебізден «басқаруды ұсынғанда» және «маңызды міндеттердің бірі – халықаралық қарым-қатынасты реттеу» деген екі сөзге ерекше мән беруіміз керек.

Біріншіден, ҰОК президенті қызметі, өзі айтып отырғандай, Головкинге – ұсынылған. Мұхиттың арғы жағында кәсіпқой боксқа қатысты бизнесін дөңгелентіп, «ойын ұрттып, қойын құрттап» жатқан Геннадийдің өзі бұл қызметті тіпті де ойламаған, армандамаған деуге толық негіз бар. Осыдан келіп «Қазақстан спортын дамытуға өз үлесімді қосуға мүмкіндік берсе ғана» деген шарт шығып тұр. Яғни даңқты отандасымыз қызметті қолға алуға келісе отырып, өзі де шарт қойған. Мұның арғы жағынан «спорттың май шелпегінен дәмелілер, аулақ жүріңдер» деген емеурінді де танимыз.

Екіншіден, дәл қазіргі жағдайда Қазақстан Токио олимпиадасындағы, былтырғы Азия ойындарындағы, Бейжің қысқы олимпиадасындағы сәтсіздіктері арқылы Халықаралық олимпиялық комитет алдындағы беделін қатты төмендетіп алды. Жаңа президенті енді ХОК-пен байланысты барынша күшейтіп, қайта бедел жинауға күш салуы керек. Головкин осыны жақсы түсініп отыр.

Бірақ темір жұдырықты боксшының бұған дейін спорт функционері ретінде жұмыс істеп көрмегенін еске аламыз да, іштей тағы қорқақтаймыз. Құлыбаев басқарған жылдары, мысалы, 2018-2022 жылдар аралығында Қазақстан спортын дамытуға жұмсалатын барлық қаржы ҰОК арқылы реттеліп отырды. Шын мәнінде, мұндай міндет олимпиялық комитетке емес, салалық министрлікке жүктелуге тиіс еді. Бірақ мықтының диірмен тартатын жері де мықты болғандықтан, біраз жыл бойы осы теріс әрекетті көрсек те көрмеген болып жүрдік. Нәтижесі – Токио, Бейжің және Азия ойындары...

Ең бастысы, Головкин спорттан қол үзді ме? Ол әлі «бокстан ада-күде кеттім» деп мәлімдеме жасаған жоқ. Бірақ енді шаршы алаңға оралуы да неғайбыл. Дегенмен шаршы алаңда қарсыласыңды ұрып жығып, үстемдігіңді таныта аласың. Ал спорт сияқты сан қырлы, иірімі көп сала үшін өмірдің шаршы алаңы тіпті қиын соғуы мүмкін.

Жас қой, Головкин жақсы жұмыс істейтін шығар. Сенейік. Күтейік.

Есей Жеңісұлы