Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:08, 01 Мамыр 2024

Кәрі құдаң кетті де, әлек болдың... Боранбаевтың түбі жоқ бизнестері

Қайрат Боранбаев
Фото: ©ФК "Кайрат"

Кәрі құдасы Нұрсұлтан Назарбаев саяси сахнадан кеткен соң түрменің сорпасын ішіп, дәмін татып шыққан атақты олигарх мемлекетке барлығы 260 млрд теңге қайтарып берді.

Бұл оның ресми тіркелген байлығымен бара бар ақша. Сонда, Боранбаев барынан айырылды ма? 

Ескертеміз, дәтіңізді бекітіп, құлап қалмайтындай жайғасып отырып оқитын материал.

Қайрат Боранбаев – Қаңтар оқиғасынан кейінгі науқанда алдымен ұсталғандардың бірі. 2022 жылдың наурыз айында қаржы жымқырды деген айыппен қамалды. Оған тиесілі «АзияГазЧунджа» ЖШС мен QazaqGaz ҰК АҚ арасында газ жеткізуге 141 681 676 272 теңгеге келісім болған. Бірақ сот газды арзанға сатып алуға болатынына қарамастан, мемлекеттің 14 565 318 010 теңгесін артық жұмсады деп кәсіпкерді айыптады. Боранбаев басында бұл айыппен келіспегенімен, тергеуден соң кінәсін мойындап, келтірілген шығынды толық өтеді. Ол 8 жылға сотталды, кейін тергеумен ынтымақтастық аясында бірнеше мал-мүлкі мен қаржысын мемлекет меншігіне өткізіп, жазасы 6 жылға дейін қысқарды. 2 жыл 4 айдан кейін шартты жазамен бостандыққа шықты.

Өткен аптада мемлекет экс-құдаға тиесілі Астанадағы Comfort Hotel Astana қонақ үй кешенін қайта сатуға шығарды. Қонақ үй 1,4 млрд теңгеге бағаланып отыр. Біз Боранбаев атында не қалғанын, мемлекет меншігіне қандай компаниялары мен мал-мүлкін өткізіп бергенін арнайы тексеріп көрдік.

Қайрат Боранбаев қандай бизнестерін мемлекет меншігіне өткізді?

Кәсіпкер Маңғыстау облысындағы Солтүстік Қаражанбас кен орнында көмірсутектерді барлауға, өндіруге және сатуға лицензиясы бар нарықтағы құны 35,4 млрд теңге «Phystech II» АҚ кәсіпорнын мемлекетке өткізді. Келесі кезекте мемлекетке құны 1,4 миллиард теңгеден асатын «Comfort Hotel Astana» қонақ үйін «сыйға тартты».

Боранбаев
Боранбаев қайтарып берген қонақүй. Фото: ашықдереккөз

Қонақ үйдің жылдық қаржы айналымы 900 миллион теңгеге жуықтайды. Былтырғы таза табысы 65 млн теңгеден асқан. 2023 жылы 17 қазанда қаржы мониторинг агенттігі білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына олигарх 30 миллиард теңгеден астам қаржы аударғанын хабарлады. Келесі күні кәсіпкердің иелігіндегі «Алматы Тауэрс» бизнес орталығы, «Алмалы» сауда орталығы, «Unity Hall» ЖШС және Астана, Алматы және Қостанай қалаларындағы Fitnation фитнес-клубтар желісі мемлекет меншігіне өтті. Клубтың Ресейдегі филиалдары Қайрат Боранбаевтың активтерінің тізімінде қалған көрінеді. Тағы бір күннен кейін ҚМА газ тасымалдау және сатумен айналысатын құны 14 млрд теңге тұратын «АзияГазЧунджа» ЖШС мен мұнай-газ жабдықтарын өндіру және жөндеумен айналысатын құны 9 млрд теңге «КазТурбоРемонт» сервис орталығы» мемлекетке өтетінін хабарлады.

Сот шешімімен Қайрат Боранбаев 14,5 млрд теңге шығынды өтеді. Одан бөлек, Алматы қаласы, әл-Фараби даңғылы, 77/7-1 (Esentai Tower) мекенжайы бойынша 686 миллион теңге тұратын жер учаскесі бар коммерциялық ғимарат тәркіленді. Үй-мүліктен бөлек ақшалай: «Халық банкі» шотындағы – 1 270 190 000 теңге, осы банктің әртүрлі шоттарындағы – 5 685 727 доллар, 1 170 329 доллар, 755 859 601 теңге және 193 170 137 теңгені мемлекет алып қойды.
Сонымен, қаржы мониторинг агенттігінің хабарлауынша, осы уақытқа дейін Боранбаевтың мемлекетке қайтарған қаржысы 140 млрд теңгеден асады.

Қайрат Боранбаев
Фото: PROSPORT.KZ

Қайрат Боранбаевтың атында не қалды?

Соншама миллиардтаған теңгеден оның дәулеті ортайып қалды деп ойласаңыз, қатты қателесесіз. Себебі ол 2021 жылы 590 млн доллар байлығымен елдегі қалталылардың қатарынан көрінген кәсіпкер. Бірнеше компания, дүние-мүлікті қайтарып бергенімен Боранбаевтың әлі ресми 27 компанияға қатысы бар. Кейбір кәсіпорындардың құрылтай мүшесі болса, кейбіріне тікелей өзі иелік етеді. Олардың бәрін тәптіштеп жазып шығуды газет беті көтере алмайды. Сондықтан ішіндегі кейбір ірі компанияларды тізіп өттік:

Мемлекет меншігіне өткен сервис орталығына Боранбаевтың әлі қатысы бар

«КазТурбоРемонт» сервис орталығы» ЖШС

Алғаш 2006 жылғы 26 қыркүйекте тіркеуден өткен. 2023 жыл наурыздан бастап директоры Усеров Асхат Габдуалиевич (бұдан кейін компанияға қатысы бар адамдар құжат бойынша жазылатынын ескертеміз – ред.).

«КазТурбоРемонт» сервис орталығы» ЖШС

Құрылтай құрамында Боранбаев Кайрат Советаевич және «ҚазТурбоРемонт» холдингі» ЖШС бар.

«ҚазТурбоРемонт» сервистік орталығы» ЖШС мемлекет меншігіне өтіп кеткенін жоғарыда жаздық. Бірақ Боранбаев әлі ресми түрде оның құрылтай мүшесі. Кәсіпорындағы жұмысшылар саны – 740. Зауыт мұнай-газ жабдықтарын өндіру және жөндеумен айналысады. Былтырғы ақша айналымы 160 879 134 473 теңге болған. 2023 жылы 3 893 607 886 теңге қазынаға аударыпты. Жалпы салығы – 24 807 736 616 теңге. Мемлекеттен 18 келісімшарт алып орындаған. Ал екінші құрылтай мүшесі «ҚазТурбоРемонт» холдингінің» директоры да Усеров Асхат Габдуалиевич. Оның құрылтай құрамында өзі мен бауыры Усеров Талгат Габдуалиевич бар. Бұл компанияның ақша айналымы 9 226 586 320 теңге, былтыр 190 млн-ға жуық салық төлеген.

«Казахстанская Нефтехимическая Компания Кемикал» ЖШС

2009 жылы 12 ақпанда тіркеуден өткен. Директоры – Омарбеков Ануар Кенжекозыевич. Құрылтай құрамында Қайрат Боранбаевтың өзі ғана.

Компания пластмассадан жасалған өндіріспен айналысады. Қайрат Боранбаев ұсталған жылы кәсіпорынның ақша айналымы – 165 805 576 368 теңге болса, былтыр бұл сома 93 959 454 473 теңгеге дейін азайған. 2023 жылғы салығы – 1 785 229 635 теңге. Жалпы қазынаға аударған қаржысы – 9 712 935 390 теңге. Мемлекеттен 206 келісімшарт алып орындаған.

Алекс

«Алекс» ЖШС

1993 жылы 26 наурызда тіркеуден өткен. Директоры – Сержанов Галимжан Мендикараевич. Құрылтайшысы – Қайрат Боранбаев.

1

 

Минерал су өндірумен айналысатын компанияның 2023 жылғы ақша айналымы 32 942 394 368 теңге, былтыр 889 725 496 салық төлеген. Жалпы төлеген салығы 5 млрд теңгеге жуық Мемлекеттен алған келісімшарттары кездеспейді.

Kazakhstan Distributors Centre ЖШС

2021 жылы 26 қарашада тіркеуден өткен. Директоры – Погребной Иван Владимирович. Құрылтайшысы – Боранбаев Кайрат Советаевич.

Компания көтерме саудамен айналысады. 2023 жылғы ақша айналымы 27 511 360 947 теңге, төлеген салығы 629 105 115 теңге. Осы уақытқа дейін 800 млн-ға жуық мемлекет қазынасына аударған.

Кайрат

«Қайрат» футбол клубы

Қайрат Боранбаев «Қайрат» футбол клубының бақылау кеңесінің төрағасы. Іnstagram парақшасында ол өзін клубтың бас директоры деп көрсеткен. Клубтың тарихы әріде жатқанымен аталған ЖШС 2011 жылы 28 желтоқсанда тіркеуден өткен. Директоры – Есимов Аскар Асилбекович. Құрылтайшылары – «AUHAL» ЖШС мен GLOBEX ENERGY FZE.

Клубтың жылдық ақша айналымы 27 884 534 421 теңге. Былтыр 530 млн-ға жуық салық төлеген. Жалпы салығы 7 млрд-тан асады. Мемлекеттен 14 келісімшарт алып орындаған.

«Си Пи Ритэил Алматы» Компаниясы» ЖШС

2004 жылы 8 қарашада тіркеуден өткен. Директоры– Мазурин Владимир Юрьевич. Құрылтай құрамында Боранбаев Кайрат Советаевич пен «Есентай Инвестментс» ЖШС бар.

Былтырғы ақша айналымы – 57 388 814 263 теңге, 1 млрд теңгеден аса салық төлеген. Жалпы 4 млрд теңгеден аса мемлекет қазынасына аударған. Компания жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқарумен айналысады. Мемлекеттен алған келісімшарттары кездеспейді.

«Алмалы Трэйд» ЖШС

2006 жылы 4 шілдеде тіркеуден өткен. Директоры – Толеубаев Данияр Болатович. Құрылтай құрамында – Боранбаев Кайрат Советаевич және «ААТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар.

Былтырға ақша айналымы 2 747 565 684 теңге, төлеген салығы 52 203 748 теңге. Жалпы компания құрылғалы 1 млрд теңгеден аса салық төлеген. Мемлекеттен 2 келісімшарт алып орындаған.

«ААТД» ЖШС

Алғаш рет 2007 жылғы 5 қаңтарда тіркеуден өткен. Директоры – Тусупбеков Бауержан Сапарович. Құрылтайшысы – Боранбаев Кайрат Советаевич.

2023 жылғы ақша айналымы – 9 767 058 210 теңге. Былтыр – 184 404 598 теңге салық төлеген. Жалпы қазынаға аударған қаржысы жарты млрд. Компания жеке жылжымайтын мүлікті жалға алу және басқарумен айналысады. Мемлекеттен алған келісімшарттары жоқ.

«Signex Development» ЖШС

2009 жылы 21 қазан күні тіркеуден өткен. Директоры – Сапаров Бакыт Аманжолович. Құрылтай мүшесі – Қайрат Боранбаев.

Жеке жылжымайтын мүлікті жалға алу және басқарумен айналысатын кәсіпорынның ақша айналымы Қайрат Боранбаев ұсталған жылы 238 199 842 теңге болса, былтыр 49 687 960 теңгеге түскен. 2023 жылы төлеген салығы 1 млн теңгеден астам. Жалпы қазынаға аударған қаржысы – 175 482 899 теңге. Мемлекеттен алған келісімшарттары кездеспейді.

 I’m
Фото: «Food Solutions KZ» ЖШС баспасөз орталығы

Атауын 3 рет өзгерткен McDonald's «Food Solutions KZ» ЖШС

Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі арнайы барған бұл желі 2013 жылы 3 қазанда тіркеуден өткен. Директоры – Машанов Асет Сейтжанович. Құрылтайшысы – Қайрат Боранбаев.

ЖШС мейрамханалар және тамақ жеткізу қызметтерін көрсетумен айналысады. Қайрат Боранбаев ұсталған жылы компанияның жылдық ақша айналымы – 116 052 640 631 теңге болса, былтыр – 58 039 909 947 теңгеге дейін азайған. Былтырғы салығы – 1 103 млн-ға жуық. Жалпы қазынаға аударған қаржысы – 7 733 970 899 теңге.

Бұл ЖШС негізінен McDonald's тағамдарын сатумен танымал еді. Боранбаев әйгілі брендтің еліміздегі франшизасының ғана емес, ТМД елдеріндегі франшизасына да иелік етеді. McDonald's мекемелері Қазақстанда 2022 жылдың қараша айында жабыла бастады. Бастапқыда компания өкілдері мұның уақытша екенін хабарлады. Бірақ қаңтар айында америкалық брендтің мүлдем елден кеткені белгілі болды. Оған санкцияға байланысты Ресейден ет сатып алудағы қиындықтар себеп болған. Ал отандық өнімдер франшизаның стандарттарына сәйкес келмеген. Алғашында мейрамханалар желісі 2 айдай жабық тұрды. Содан кейін «Біз ашылдық» атаумен жұмыс істей бастады. Кейін атауын «Мен Айжанмын», «Мен Мадиярмын» деген сияқты түрлі адам есімдерімен өзгертті. Food Solutions бұл атаулар қызметкерлердің құрметіне қойылды деп мәлімдеді. Кейін бұл атауларды да алып тастады. Былтыр қараша айында компания атауын I'm деп өзгертті. Қазіргі күнде осы атпен жұмыс істеп келеді. 2023 жылдың сәуірінде Боранбаевқа тиесілі Белоруссиядағы McDonald's атауы да Mak.by болып өзгерді.

Боранбаев Байтасов
Фото: instagram Арманжан Байтасов

Боранбаев түрмеден шыққасын бұл брендтің әрі қарай дамуына белсене кірісті, белгілі кәсіпкерлермен бірге мейрамхана алдында суретке түсіп, жұлдыздарға жарнама жасата бастады. I'm-ның қызмет көрсету сервисі де бірден өзгерді. Келген клиенттерін жеке күтіп алып, балаларға арналған ойыншықтар бұрышын ашты. Тамақтарының көлемі үлкейіп, тіпті тапсырыс бергендерге сұрамай-ақ өздері әкеп беретін жағдайға жетті. Қысқасын айтқанда, жаңа мейрамханаға келген адамдар ол туралы жақсы пікір қалдыруы үшін Боранбаев бәрін жасады.

Қайрат Боранбаев
Фотоколлаж Azattyq Rýhy

Боранбаев түрмеден шыққасын әр қызметкеріне алғыс айтқан «Алмалы» холдингі

Қайрат Боранбаев былтыр 6 қарашада бостандыққа шықты. Содан кейін бір күн өтіп, әлеуметтік желісіне «Алмалы» холдингінің әрбір қызметкеріне ерекше алғысын білдірген жазбасын жариялады. Соған қарағанда, бұл компания Боранбаевқа қатты қымбат болса керек.

«АЛМАЛЫ» активтерді басқару компаниясы» ЖШС

2014 жылғы 22 қаңтарда тіркеуден өткен. Директоры да, құрылтайшысы да Назарбаевтың экс-құдасы. Кеңседе әкімшілік қызмет көрсетумен айналысатын компанияның былтырғы ақша айналымы – 16 466 028 684 теңге, төлеген салығы – 334 680 676 теңге. Жалпы қазынаға аударған қаржысы – 1 608 783 834 теңге. Мемлекеттен келісімшарт алмаған.

«Food town KZ» ЖШС

2015 жылы 24 сәуірде тіркеуден өткен. Директоры – Терехов Константин Вячеславович. Құрылтайшысы – Қайрат Боранбаев.

Жеке жылжымайтын мүлікті жалға алу және басқарумен айналысатын компанияның былтырғы ақша айналымы 3 051 538 052 теңге, төлеген салығы 58 млн-ға жуық. Осы уақытқа дейін жалпы 744 821 230 теңге мемлекет қазынасына аударған.

«АТЦ-галерея» ЖШС

2015 жылғы 26 қазанда тіркеуден өткен. Директоры – Нуркалиева Джамиля Турсынбековна. Құрылтай мүшелері – Қайрат Әлима және Боранбаев Кайрат Советаевич.

Жеке жылжымайтын мүлікті жалға алу және басқарумен айналысатын компанияның былтырғы ақша айналымы – 8 693 498 052 теңге, төлеген салығы – 171 138 813 теңге. Жалпы қазынаға аударған қаржысы – 669 208 315 теңге.

«НеоТекФарм» ЖШС

2017 жылы 13 қазан күні тіркеуден өткен. Директоры – Спирин Максим Николаевич. Құрылтай құрамында 4 адам бар, соның бірі – Қайрат Боранбаев.

Фармацевтикалық тауарлардың көтерме саудасымен айналысатын компанияның Боранбаев ұсталған жылғы қаржысы – 9 567 454 736 теңге болса, былтыр 2 438 818 842 теңгеге түсіп кеткен. 2023 жылғы салығы – 35 752 807 теңге. Жалпы қазынаға аударған салығы – 324 639 024 теңге. Мемлекеттен 23 келісімшарт алып орындаған.

«QOSY» Бизнес мектебі» ЖШС

2018 жылы 4 шілдеде тіркеуден өткен. Директоры – Сапаров Бакыт Аманжолович. Құрылтай құрамында Қайрат Боранбаев бар.

Білім беру қызмет түрімен айналысатын серіктестіктің Боранбаев ұсталған жылғы қаржысы – 588 240 443 теңге болса, былтырғы ақша айналымы – 344 035 027 теңге. 2023 жылғы төлеген салығы 7 млн-нан асады. Жалпы төлеген салығы – 49 690 473 теңге. Мемлекеттен алған келісімшарттары жоқ.

«Қазақстан Республикасының Ұлттық паралимпиада комитеті» қоғамдық бірлестігі

2002 жылғы 21 желтоқсанда алғаш рет тіркеуден өткен. Былтыр желтоқсан айынан бастап директоры – Акпамбетов Олжас Жомартович. Құрылтай құрамында 10 адам бар, соның бірі – Қайрат Боранбаев.

Бірлестіктің ақша айналымы жыл өткен сайын азайып келеді. Мысалы, 2021 жылы 10 млрд теңгеге жуық болса, 2022 жылы 4 млрд, ал 2023 жылы 771 881 467 теңгеге дейін азайған. Былтыр 20 217 712 теңге салық төлеген, ал осы уақытқа дейін жалпы 540 269 636 теңге қазынаға аударыпты. Мемлекеттен 9 келісімшарт алып орындаған.

«МедИнвестГрупп Казахстан» ЖШС

2019 жылғы 18 қаңтарда тіркеуден өткен. Директоры – Боранбаева Риза Зулкарнаевна. Құрылтайшысы екеу, соның бірі – Қайрат Боранбаев.

Компания денсаулық саласына байланысты қызмет көрсетеді. Былтырғы қаржы айналымы – 8 065 740 526 теңге, төлеген салығы – 154 млн-ға жуық. Жалпы салығы – 349 095 139 теңге. Мемлекеттен алған келісімшарттары кездеспейді.

Q Capital Ltd жеке компаниясы

2021 жылғы 23 қыркүйекте соңғы рет тіркеуден өткен. Директоры – Байкенов Айвар Айбекович. Құрылтай құрамында Қайран Боранбаев бар.

Жеке компанияның былтырғы ақша айналымы – 6 408 154 144 теңге, төлеген салығы – 131 млн-ға жуық. Жалпы қазынаға аударған қаржысы – 341 614 830 теңге.

«Қазақстандық Гольф Федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі

2018 жылы 3 тамызда тіркеуден өткен. Директоры – Каниев Берік Сералыұлы. Құрылтай құрамы – 14 адам. Ахметжан Есім, Өмірзақ Шөкеев, Тимур Құлыбаев, Иманғали Тасмағамбетов, Владимир Школьниктердің қатарында Назарбаевтың экс-құдасы да бар. 2023 жылғы ақша айналымы – 294 411 698 теңге, төлеген салығы – 6 млн-нан астам.

Бұдан бөлек, Қайрат Боранбаевтың мына компанияларға қатысы бар:

1. Esentai Tower Investments (Есентай Тауэр Инвестментс);
2. «Қазақстан Республикасында балалар мен жасөспірімдер және кәсіпқой футболын дамыту қоры» қоғамдық қоры;
3. Keruen Investments жауапкершілігі шектеулі серіктестігі;
4. KazCobalt жауапкершілігі шектеулі серіктестігі;
5. «Beverage&Food Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі;
6. «FOOD PACKAGING KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі;
7. «Butakovka Wellness&SPA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі;
8. IQID жауапкершілігі шектеулі серіктестігі;
9. «Central Asia Travel» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

P.S. Біз жоғарыда тізіп өткен компаниялар да қаражаяу емес, тізімдегі кәсіпорындардың жылдық ақша айналымы бірнеше жүз млн теңгеге жетіп жығылады. Бұдан бөлек, Қайрат Боранбаевтың заңсыз активтерін қайтару бойынша жұмысы әлі де жалғасып жатыр. Мысалы, наурыз айында қаржы мониторинг агенттігі олигархтың бюджетке тағы 120 млрд теңге аударғанын мәлімдеді. Бұл біз жоғарыда жазып кеткен 140 млрд-тан бөлек сома. Қазіргі уақытта басқа да қылмыстық істері, салық төлеуден жалтаруы, ұрлық фактілері тексеріліп жатыр.

Бұдан шығатын қорытынды, Боранбаев осы уақытқа дейін 260 млрд теңге мемлекет меншігіне өткізген. 2021 жылғы дәулеті – 590 млн доллар, оны теңгеге шақсақ, 260 443 228 000 теңге болады. Былай есептесек, олигарх қолында – 443 228 000 теңге ғана қалатын боп шығады. Ал біз жоғарыда тізіп өткен әлі де Боранбаевқа тиесілі компаниялардың жалпы қаржы айналымы 2023 жылы – 338 152 629 184 теңге, ал жалпы төлеген салығы – 6 554 845 159 теңге. Біршама компаниялары мен байлығынан айырылғанына қарамастан, осынша салық төлегенін ескерсек, оның ресми көрсетіп жүрген дәулеті мұхит бетіндегі айсберг сияқты.

Тұрсынбек Башар