Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:30, 07 Мамыр 2024

Қазақша өнім – бренд, қазақша сөйлеу – тренд

1
Фото: из открытых источников

Қоғамда тіл саясаты бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толмай, мін тағып, сынайтындар баршылық.

 Мысалы, қазақ тілінде жеткілікті көңіл бөлінбейтінін, басқа тілдерге қарағанда орыс тіліне басымдық берілгенін алға тартады. Конституциядағы орыс тілінің мәртебесіне қатысты алабөтен пікір айтады. Мұндай сындар қайдан шықты? Қазақ тілі қай деңгейде дамып келеді? Осы сауалдарға жауап іздеп көрген едік.

Тіліміз – жанымыз

Бірден айта кетейік, Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мұны Ата заңымызға шегелеп жаздық. Дегенмен кей жағдайда ресми құжаттар қазақшамен қатар орыс тілінде жүргізілуі мүмкін. Осыдан келіп Қазақстанда орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие деген пікір қалыптасады. Мемлекеттік тіл дейсіз бе, ресми тіл дейсіз бе, бәрібір. Қазақстандағы басты тіл – қазақ тілі. Ал кей жағдайда орыс тілі қолдану кеңестік дәуірден келе жатқан сарқыншақ.

Қазақ тілі билік тарапынан қараусыз қалғандай сөйлеудің орны жоқ. Мәселен, президент Тоқаев мемлекеттік тілді дамыту басты саяси бағыт болатынын талай мәрте атап өтті. Былтырғы бір сұхбатында «қазақ тілі – қазақтың жаны» деп мәлімдеді. Таяуда Ұлттық құрылтайдың отырысында елімізде қазақ тіліне сұраныстың артқанына тоқталды. Ал күні кеше өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының отырысында қазақ тілі этносаралық қатынас тіліне айналуы керек екенін айтты.

Былтыр үкімет 2023-2029 жылдарға арналған Тіл саясатын дамыту тұжырымдамасын қабылдады. Аталған құжатқа сәйкес 2029 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгерген халықтың үлесі 84 пайызға жетуі қажет. Сондай-ақ мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардағы құжат айналымы 94 пайыз қазақ тілінде жүргізілуге тиіс. Бұдан бөлек, тұжырымдамада қазақ тілін дамытудағы кемшіліктер мен оны еңсеру жолдары жан-жақты көрсетілген. Қазақ тілін оқыту курстарын ашу, бейнесабақтарды өткізу, жоғары оқу орындары мен одан кейінгі білім беру ұйымдарының бағдарламаларын жаңарту сияқты шаралар қарастырылған. Оған қоса, жаңа сөздіктер мен анықтамалықтар шығарылады.

Ғылым мен білімнің тілі

Қазақстандағы мемлекеттік тілдің дамуын екі бағытта қарастырған жөн. Біріншісі, үкімет түрлі бағдарламаларды жүзеге асырады. Екіншісі, қазақ тілінің қолданылу аясы табиғи жолмен кеңейеді. Бірақ екі бағытты бөле-жарған дұрыс емес. Бірінсіз бірі жоқ. Мәселен, 2021 жылы жарнама тіліне қатысты заң қабылданды. Құжатқа сәйкес, деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндері орфография нормаларына сай жазылуы, «мәтіннің тең түпнұсқалы аудармасы» қолданылуы қажет. Жарнамалық мәтіндердің бәрінде мемлекеттік тілдегі нұсқасы болуға тиіс.

Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастағанына куә болып отырмыз. Мысалы, ғылымды қазақша сөйлету мақсатында мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдегі рөлін күшейтуге бағытталған шаралар жүргізіліп келеді. 2022 жылы гранттық қаржыландыру арқылы тілтану бағытында 32 жоба жүзеге асыпты.

Кейінгі бірнеше жылда мемлекеттік тілде ақпарат алуға арналған 13 жоба іске қосылды. Олардың қатарында қазақ тілін өз бетінше үйренуге арналған «Tilqural.kz», «Abai.institute», «Tilmedia.kz», «Balatili.kz», «Soyle.kz», «Bala.soyle.kz», «Qazonline», «Ana tili» қосымшалары бар. Бұдан бөлек, «Тermincom.kz», «Emle.kz», «Sozdikqor.kz», «Qazcorpora.kz», «Qazgramma», «Qujat.kz», «Atau.kz», «Qazlatyn.kz» электрондық ресурстары жұмыс істейді. Аталған жобаның бәрі тіл саясатын тиімді іске асыруға, оқыту процесін оңтайландыруға бағытталған. Заманауи терминдерді қабылдау тіл дамыту жұмысының бір парасына кіреді. Жыл сайын елімізде Мемлекеттік терминологиялық комиссия төрт мыңға жуық терминді бекітеді.

Осыдан бес жыл бұрын Apple компаниясы өз өнімдеріне арналған операциялық жүйенің жаңа нұсқасына қазақ тілін ресми түрде қосты. Америкалық алпауыт компания мұнымен тоқтап қалмай, 2022 жылы iOS16 операциялық жүйесіне автотүзету функциясын енгізді. Google компаниясының аударма жүйесіне қазақ тілін қосқанына да біраз жылдың жүзі болды. Бұл жасанды интеллектінің қазақша ойлана бастағанын көрсетеді. Сонымен қатар ChatGPT секілді жасанды интеллект арқылы жұмыс істейтін технологиялардың қазақ тілін меңгеруі күн өткен сайын жақсарып келеді. Елімізде танымал 2GIS бағдарламасы қазақша сөйлейді.

Бұған қоса, президент те қазір жасалып жатқан суперкомпьютермен бірге оған арнап қазақша тіл моделін дайындауға тапсырма берді. Яғни суперкомпьютер бірден мемлекеттік тілде «сөйлеуге» тиіс.

Қысқасы, IT саласының мақалдатып отыратын күні алыс емес деп айтуға толық негіз бар.

Әлемдік бестселлерлер қазақша сөйлей бастады

Тілді дамытудың тиімді әрі төте жолы – ағартушылық. Сондықтан тіл саясатын жүргізу барысында қазақша контентті арттыруға ерекше мән берілген. Атап айтқанда, ғылыми жинақтар, іскерлік бағыттағы туындылар, әлем әдебиетінің жаһұттарын тәржімалау ісіне көңіл бөледі. Ұлттық аударма бюросы 100 жаңа оқулық жобасын жүзеге асырып, қазіргі таңда әлемнің үздік шығармалары еліміздің түкпір-түкпіріндегі кітапханаларға таратылды.

Бұдан бөлек, ірі кітап дүкендерінің сөрелерінде қазақ тіліндегі шығармалардың үлесі артқан. Әлемдік бестселлер шығармалар да көптеп аударыла бастады. Мысалы, бір «Фолиант» баспасының өзі жыл сайын жүзге жуық кітапты қазақ тіліне тәржімалайды. Олардың қатарында Стивен Кинг, Виктор Гюго, Орхан Памук секілді танымал жазушылардың туындылары бар. Сондай-ақ кейінгі кезде елдің аузында жүрген Джон Толкиннің «Хоббит», «Сақиналар әміршісі» кітаптары да қазақша сөйледі. Джордж Мартиннің «Қан мен жалын» кітабы аударылып жатыр. Steppe & World Publishing баспасы Джоан Роулингтің атақты «Гарри Поттер» шығармасын және басқа да туындыларды тәржімалап, оқырманға ұсынды.

Қазақ тілін үйрету жұмыстары да қарқынды жүріп келеді. Өңірлерде ересектерге қазақ тілін оқытуға арналған 111 мемлекеттік орталық (негізгі орталықтар – 84, филиалдар – 27) жұмыс істейді. 2022 жылы Ақмола, Атырау, Жамбыл облыстарында 3 жаңа орталық ашылды. Статистикаға сүйенсек, 2022 жылы қазақ тілі курсын 41325 адам тәмамдаған. 2011 жылдан бастап курс арқылы қазақ тілін оқыған адамдардың жалпы саны 700 мыңнан асты.

Qazaqstan көш бастап тұр

Тіл дамыту ісінде бұқаралық ақпарат құралдарының қосар үлесі ауқымды. Қазіргі қолданыстағы заңға сәйкес, телерадиоарналардағы мемлекеттік тілдегі шығарылым уақыты басқа тілдердегі бағдарламалардың жиынтық көлемінен кем болмауға тиіс. Таяуда мәжіліс Масс-медиа туралы заң жобасын мақұлдады, қазір ол сенат қарауына өтті. Аталған құжатқа сәйкес, енді отандық телеарна мен радиолардың мемлекеттік тілдегі бағдарламалар көлемі артады. Яғни 2025 жылдан бастап бағдарламалардың кемі 55 пайызы мемлекеттік тілде, 2027 жылдан бастап кемінде 60 пайызы мемлекеттік тілде болуы керек.

Айтпақшы, 28 сәуір күні елімізде ең көп көрілген телеарна ретінде Qazaqstan аталды. Бұған Qazsport және «Балапан» секілді арналарды қосыңыз. Qazaqstan – 100 пайыз мемлекеттік тілде хабар тарататын бірегей арна. Телеарналар рейтингі Алматы, Астана секілді ірі қалаларда есептелетінін ескерсек, мегаполистерде де қазақша контент тұтынатындар саны артып келе жатыр деуге болады.

Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстан аумағында тарайтын бұқаралық ақпарат құралдарындағы контенттің 83 пайызы мемлекеттік тілде жарияланады. Телеарналарда – 77 пайыз, баспа басылымдарында – 85 пайыз, интернет-ресурстарда 87 пайызды құрайды. Елімізде 5 407 БАҚ тіркелген. Соның ішінде – 710-ы ғана тек қазақ тілінде хабар таратады. Қазақ және орыс тілінде жұмыс істейтін медиа өкілдерінің саны 1 969-ды құрайды. Демек, мемлекеттік тілде сөйлейтін бұқаралық ақпарат құралдарының аздығына қарамастан, ондағы контент көлемі ауқымды.

«Дәстүрге» қызыққандар көп

Киноиндустрия саласында да мемлекеттік тілге сұраныс жоғары. Тек дубляждау саласы жолға қойылмай тұр. Голливудтың жұлдыздары әзірге толыққанды қазақша сөйлей алмай отыр. Кинематография туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, прокаттау кезінде қазақ тіліне аударудың үш нұсқасы – дубляждау, субтитрлеу немесе кадрдан тыс аударма қарастырылған.

Мәдениет және спорт министрлігі 2022 жылы фильмдерді дубляждауға ауқымды қаражат бөлген. Соның нәтижесінде, «Аватар: Су жолы», «Қара пантера: Ваканда мәңгілік» фильмдері қазақша аударылды. Осы орайда, кей кинотеатрлар қазақ тіліндегі фильмдерге көрермен аз жиналатынын алға тартып, көрсетілім уақытын тым кеш не тым ерте қоятынын айта кеткен жөн.

Бірақ қазіргі таңда қазақша фильмдерге қызығатын көрермендер саны жыл санап артып келеді. Мысалға, былтыр желтоқсанда шыққан «Дәстүр» фильмі Қазақстанда кассалық жинақ бойынша рекорд орнатып, 1 миллиард теңге кіріс тапты. Тіпті сол кезде бүкіл әлемде дүрілдеп тұрған «Аквамен» картинасынан асып түсті.

Әлемді тербеген Adam-ның әні

Соңғы жүргізілген халық санағына сүйенсек, қазақ халқының үлесі 70 пайыздан асқан. Ал қазақша сөйлейтіндер 80 пайыздан асып жығылады. Кей сауалнамаға сүйенсек, мемлекеттік тілді білетіндер саны тіпті 92 пайызға жеткен көрінеді. Қазақстандағы диаспоралар арасында өзбектер мемлекеттік тілді меңгеру жағынан көш бастап тұр. Олардың 72 пайызы қазақша еркін сөйлейді. Ұйғырлардың 71 пайызы, тәжіктердің 63,6 пайызы тілді жетік меңгерген. Ал елдегі әрбір төртінші неміс, орыс және украин қазақшаны жақсы біледі. Салыстырмалы түрде қарасаңыз, азаттық алған кезде қазақша білетіндер небәрі 37 пайызды құраған. Ендеше, титулды ұлттың саны артуы, соған сәйкес тілдің қолданыс аясының кеңейе беруі табиғи үдеріс.

Оның үстіне, қазір шоу-бизнесте қазақ тілінің дәурені жүріп тұр. Райм, Kalifarniya, Ирина Қайратовна, Мирас Жүгінісов, Ayree, Садраддин, Қазыбек Құрайыш секілді жастар нағыз хит-мейкерге айналған. Олардың әнін Қазақстан былай тұрсын, шартараптың біраз елінде шырқап жүр. Бұлардың қатарына жарты әлемді мойындатқан Димаш Құдайбергенді қосыңыз. Димаш шырқаған әнді айтамыз деп қазақша үйренгендер жөнінде естіп жүрміз. Яғни жастар арасында мемлекеттік тіл «трендте» деп айтуға толық негіз бар. Бұл – қазақ тілінің өркендеуіне, таныла түсуіне ықпал ететін «soft power», қазақша айтқанда, жұмсақ ықпал ету тетігі.

Adam деген лақап атпен танылған Фаруқ Тоқтамұратов есімді әншінің «Жүрек» әні бүгінде 5 миллиард рет тыңдалыпты. Қазіргі таңда аталған туынды Shazam рейтингінде 13-орында тұр. YouTube-те 56 миллион қаралым жинап үлгерді. TikTok-та «Жүрек» талай жүректі тербеп, миллиондаған шетелдік әнді айтып, билеп жүргеніне куә болып отырмыз. Жамбылдық жігіт бұған дейін тек орыс тілінде ән шырқап келіпті. «Жүрек» – оның қазақша айтқан алғашқы туындысы. Бұдан кейін қазақ тілі «трендте емес» деп қалай айтасыз?

Сатып алу қабілеті жоғары

Сондай-ақ қазақша сөйлейтін диаспора өкілдері де көп. Әсіресе TikTok секілді әлеуметтік желілердің таралуымен Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі жастар кең таныла бастады. Ресейдің Украинаға соғыс ашуы да этнос өкілдерінің тіл мәселесіне басқаша қарауына ықпал етті. Нәтижесінде, бүгінде қазақша сөйлеу қажеттілікке айналған.

Бизнес қауымдастық та мемлекеттік тілге ерекше мән береді. Мысалы, кәсіпкерлер арасында «қазақша қызмет көрсетпейтін компания 6-10 жылдың ішінде банкротқа ұшырайды» деген түсінік қалыптасты. Бұған мысал, бірнеше жыл бұрын Chocofamily холдингінің негізін қалаушы Рамиль Мухоряпов қазақ тіліне қатысты келеңсіз пікір айтқаны үшін оны тұтынушылар жаппай айыптап, компания өнімдерінен бас тартқан. Осылайша, қоғамның ықпалымен бизнесмен кешірім сұрап, қателігін түзеуге уәде етті. Кез келген кәсіпкер ең әуелі пайда табуды мақсат ететінін ескерсек, бизнестің жаппай мемлекеттік тіліне басымдық беруі қазақша сөйлейтін тұтынушылардың саны артқанын, сатып алу қабілеті көтерілгенін көрсетеді.

Бұл деректердің бәрі қазақ тілінің таралуы табиғи жолмен де, мемлекеттік қолдаумен де ілгерілеп келе жатқанын айқын аңғартады. Әлбетте, мемлекеттік тіл саясаты басқаларды сөйлеу тіліне қарап кемсітуге жол бермейтіні түсінікті. Қазақстанды мекендеген әрбір диаспора өзінің ана тілінде сөйлеп, оны қорғауға құқылы. Дегенмен демографиялық көрсеткіштер де, заманауи тренд те қазақша сөйлеуді сәнге айналдырды. Бұл үрдіс енді тоқтамайды.

Әлихан ҚЫСТАУБАЙТЕГІ

Тегтер: