Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 10 Сәуір 2025

Қилыбайдың популизмі Жетібайға жете алмай жатыр

Коллаж

Ақтау қаласы «Түркі әлемінің мәдени Астанасы» атанып, жұрты тойлатып жатқаннан бері Маңғыстауда халық наразылығы көбейіп кетті. Осы шараға 12 киіз үй алуға бөлінген 81 млн тендердің дауы әлі басыла қойған жоқ. Ал енді облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай алыс-жақыннан келген қонақтармен кездесіп, шетелдік атақты әншілер қатысқан шоуда думандатып жүргенде жұмыссыздықтан қажыған Жетібайдың тұрғындары билікке үндеу жолдап, шеру өткізді. Жергілікті мәдениет үйіндегі әкімқаралармен кездесуде шу көтеріліп, тіпті бір адам ашынғаннан қолын кесіп, даудың арты жанжалға ұласып кете жаздаған.

Жетібай тұрғындары не үшін наразылыққа шықты?

Маңғыстау облысы Қарақия ауданына қарасты Жетібай, Құрық және Мұнайшы ауылдарының тұрғындары жұмыссыздық мәселесін көтеріп, билікке бейнеүндеу жолдаған. Олар жұмыспен қамту орталықтарында бос орындар әділетсіз бөлініп жатқанын айтып, жергілікті әкімдік өкілдерін қызметтен босатуды талап еткен. «Әділетті жұмысты талап етеміз!» деген жазуы бар плакат ұстаған тұрғындар жұмыс тек таныс пен туысқа ғана беріледі, ал шынайы мұқтаж халық назардан тыс қалып отыр дейді. Олардың айтуынша, 3 сәуірде Жетібай мәдениет үйінде өткен жиналыста жұмыссыздық мәселесі талқыланғанымен, нақты нәтиже болмаған. Халықтың арызын тыңдауға Қарақия ауданы әкімі Сымбат Төретаев орынбасарымен келген. Бір тұрғын ашуға булығып, өзін жарақаттағысы келген. Кездесу барысында билік пен халықтың арасы шиеленісіп, арты жанжалға ұласқан.

Маңғыстау облысында жұмыссыздық мәселесі бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Жергілікті тұрғындар биліктен әділ шешім талап етіп, жылда наразылыққа шығады. Мысалы, 2023 жылы сондай ереуілдің бірнешеуі Жетібайда да өтті. 2023 жылдың наурыз айында Жетібай ауылының 200-ден астам жұмыссыз тұрғыны мұнай-газ саласына жұмысқа орналастыруды талап етіп, тасжолды жауып тастаған. Олар жергілікті халыққа өндірістен жұмыс берілсін деген талап қойды. ​Ал сол жылдың қараша айында жұмыс талап етіп жүрген төрт адам үнімізді Ақордаға жеткіземіз деп Астанаға бара жатқанда полиция оларды кері қайтарды. Кейін желтоқсанда басталған West Oil Software компаниясының жұмысшыларының наразылығы бірнеше айға жалғасты.

Мұндай мысал айта берсең өте көп. Тіпті Жетібайдағы ереуілге қатысты ақпараттардың өзі бір төбе. Сондықтан «Жас Алаш» мәселені ішінен білу үшін жергілікті тұрғынымен сөйлесті.

Жетібай
Фото: Азаттық Радиосы

Оның халықта шаруасы жоқ...

Жетібай тұрғыны Айнұр Өтегенова Қарақия ауданында жұмыссыздық мәселесі бұрыннан бар екенін айтады. Өтегенованың сөзінше, кейінгі 2-3 жылда жағдай тіпті ушығып кеткен.Халық наразылыққа шығып, жолды да жапқан. Өз мәселелерін тайсалмай айтып, әкімдік алдында да тұрған. Содан кейін ғана кейінгі жылдары жұмысқа ваканция бөліне бастапты.

«Басында ваканциядағы бірінші топқа адамдар жұмыссыздыққа тіркеліп, ереуілдетіп жүріп кірді. Екінші топтан бастап әкімдіктегілер бұзыла бастады. Ваканцияны саудаға салды. Қазақ десең өзіңе тиеді... Халықта бітпеген шаруасын бармақ басты, көз қыстымен бітіретін әдет бар. Қай жерге барса да ақша тықпалап жүретіндер арамызда да жоқ емес. Сондайлар ақша берген болу керек, содан басталып кетті. Ақшасы барлар алдымен жұмысқа кіре бастады. Ваканцияны саудаға салып жүргендер – Қарақия ауданының әкімі Сымбат Төретаев пен Манар Төлегенов. Бірақ оны ашық істемейді. Бұлар халық арасында белсенді болып жүргендерді өздерінің қатарына қосады. Жұмыс береді, жағдайын жасайды. Қазір не керек, Жетібайда белсенді қалмады. Соның кесірінен екінші топтан қалған, үшінші топтағы адамдар кеше наразылық білдірді. Оның себебі шенділер ваканцияны саудаға салғанымен қоймай, «продажный» белсенділермен бірге негізгі жұмыс беруші саналатын «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының кеңсесіне барып, 2027 жылға дейін «біз «Маңғыстаумұнайгаздан» жұмыс талап етпейміз» деген құжатқа қол қойып тастапты. Бұл мәселеде халықпен ақылдаспаған. Осының бәрі біздің халықтың керегін сауатты түрде талап ете алмағанының нәтижесі. Егер халық жұмыссыздығын айтып, оны талап етіп, құжатын тапсырып жүрсе, бұл дәрежеге жетпейтін еді. Сондықтан аудан әкімі мен орынбасарлары халықты сауатсыз көріп, басынады. Олар халықтың дым да істей алмайтынын біледі. Қазір 2-3 мың адам жұмыссыз отыр», – дейді Жетібай тұрғыны.

Өтегеновамен сөйлесіп білгеніміз, қазір бұл ауылда жұмыссыздықтан халық әбден ашынған. Өз жерінен шығатын мұнайға бай аймақта халық кедей тұратынына налиды. Соның әсерінен 3 сәуірде халық көшеге шығып, билікке наразылығын білдірген. Мәдениет үйінде жергілікті шенділермен кездескен.

«Сол жиналысқа аудан әкімі де қатысты. Бір тұрғын өз қолын кесті. Бұл – жұмыссыздықтан ашынған халықтың әрекеті. Ал әкімдер «менің кінәм жоқ» дегеннен басқа ештеңе айта алмаған. Біздің Жетібай ауылында мұнай өндіріледі, бірақ Құдайдың өзі ұмытып кеткен жер. Халықтың бар арқа сүйері – мектеп, аурухана. Мұнайдан қара халық ешқандай пайда көрмейді. Біздің экологиядан жапа шегіп отырғанымыз өз алдына бір проблема. Соның кесірінен қаншама мүгедек балаларымыз бар. Неше жылдан бері өліп-талып биыл әзер дегенде инвотакси бөлдірген едік, өткенде баламды қалаға салып жіберейін деп инвотаксиге барсам, ол қалаға қатынайтын таксилердің арасында тұр. Арнайы такси олардың арасында неге тұрады? Біздің ауылға келген заттар осылай құрып кетеді. Біздің жергілікті билік өндіріп алады да, кейін өзінің шаруасына пайдаланып жүреді. Билік мұнайымызды сорып жатыр, бірақ мүгедек балдарымызға арнап тым болмаса бір бассейн салып бере алмайды. Жаңбыр жауса ауылымыз суға кетеді, жолдың түрі анау», – дейді А.Өтегенова.

Өңір тұрғындары арызын айтып, облыс әкімдігіне де бірнеше рет барған. Тіпті жақында ауданға халықпен кездесуге келген Нұрдәулет Қилыбаймен де осы мәселе бойынша сөйлеспекші болыпты. Өкінішке қарай, алдын кес-кестеген полиция кесірінен жергілікті тұрғындар әкіммен кездесе алмаған. Бұдан бөлек, тұрғындар, Н.Қилыбайдың Ақтаудан 70 шақырым жердегі Жетібайдың проблемасын білмеу мүмкін емес деп санайды.

«Облыс басшысы Қилыбайды көрмедік. Ол әкім болғалы ауданымызға келіпті. Бірақ ақсақалдармен ғана кездесіпті. Біз естіп кездесуге барғанымызда полициялар қара халықтың өңменінен итеріп кіргізбей қойды. Сонда ол кімге келіп отыр? Сақалы бар да, миы жоқ шалдарды жинап алып, оларға бастарын шұлғытып-шұлғытып кете барды. Оның халықта шаруасы жоқ. Ол Жетібайдан 70 шақырым жерде отырып алып, қарамағындағы халықтың жағдайын білмейді дегенге сенбеймін. Маңғыстау Мансап орталығы басшысының орынбасары істі болып жатыр. Неге ол істі болады? Басшының өзін соттатпай, проблема шешілмейді. Қай жерде де алдымен орынбасар сотталады. Сонда басшы жауап бермей ме? Ал Мансап орталығы басшылық қызметінен кеткен басшыны Ақтау қаласы әкімінің орынбасары етті. Ал оны бір күн өткесін орнынан алып тастады. Әйтеуір ойына келгенін істеп жатыр», – дейді Айнұр Өтегенова.

Сымбат Төретаев
Қарақия ауданы әкімі – Сымбат Төретаев. Фото: gov.kz

Әкімдік не дейді?

Айнұр Өтегенованың айтқанын саралай отырып, біз Қарақия ауданы әкіміне бірнеше сұрақ қойдық. Аудан әкімі Жетібай тұрғынының сөзін толықтай жоққа шығарды. Оның айтуынша, әкім боп келгелі осы жұмыссыздық мәселесімен күресіп келеді. Ваканция да ешқашан әкімдік тарапынан сатылып көрген емес. Н.Қилыбаймен болған кездесуде кіре алмай қалған ешкім болмапты.

«Мен өзім осы жердің тумасымын. Әкім боп келгелі жұмыссыздық мәселесімен күресіп келемін. Ал «ваканцияны бизнес көзіне айналдырып жіберген, таныс-тамырға кетіп жатыр» деген – жалған ақпарат. Себебі құпия емес, «Маңғыстаумұнайгазға» кім жұмысқа кіргенін арнайы сұрау салып білуге болады. Сол жерде азаматтың әлеуметтік жағдайы жазылады. Сондықтан оның бәрі өтірік әңгіме. Жұмыссыздық деген мұнай компаниясының жұмысқа адам қабылдауға 10 жылға мораторий жариялағанынан басталды. Әкім болып тағайындалғаныма екі жылдай болып қалды. Осы аралықта өндірістік мекемелерге 300-дей адам жолдадық. Бірақ жұмыссыздық кезегінде тұрған адам саны көп. Мысалы, былтыр 1 800 азамат болса, оның 300-і жұмысқа қабылданды. Ал биыл азаюдың орнына, керісінше, 2 200-ге көбейді. Оның өзге де себептері бар. Басқа өңірдің адамдары осындағы компанияларға жұмысқа орналасу үшін тіркеуге тұрып алады. Компаниялардан жұмыс ұсынылмайды емес, ұсынылады. Өкінішке қарай, ваканция аз да, жұмыссыздар көп. Сондықтан наразылықтар пайда болып тұр. Ауданда мансап орталығы бар. Біз мансап орталығына тіркелген, көпбалалы, табысы аз адамдарды таңдаймыз. Бір кездері жұмысты үлестіруді белсенді азаматтарға бердік. Бірақ артынан бір жігіттер азаматтардан 3-5 млн теңгеден ақша алып шатылды. Таныс-тамырын кіргізгендер де болды. Мен әкім болып келгесін жұмысты үлестіруді Мансап орталығына қайтардым. Бәрі де жоғары жалақысы бар жұмысқа барғысы келеді, төмен жалақысы бар өндірістік мекемелерге ешкім барғысы келмейді. Жетібайдың жігіттері айқай шығарды екен деп барлық ваканцияны бізге бермейді ғой. Олай болса басқа өңірлердің азаматтары да наразылық білдіреді. Егер ақша алып жатыр десе прократура бар. Олар бізді көріп отыр», – дейді әкім.

Аудан әкімі қазіргі күнде «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясынан бөлек өңірге келіп жатқан инвестор кәсіпорындарға азаматтарын жұмысқа алу бойынша шаралар да ұйымдастырылып жатқанын алға тартты. Әкімнен Н.Қилыбай келген кезде жұмыссыздық мәселесін айтуға келген адамдарды кіргізбей қойғаны туралы да сұрадық. Сымбат Төретаев мұны да жоққа шығарды.

1
Фото: ашық дереккөз

Пластик пен көбіктен жасалған Қилыбайдың популизмі

2024 жылдың 17 мамырында Маңғыстау облысының әкімі болып тағайындалған Нұрдәулет Қилыбайдың есімі өңір жұртшылығына бұрыннан таныс. Әуелі теміржол саласындағы ұзақ жылғы мансабымен, кейін Ақтау қаласының әкімі, «Өзенмұнайгаздың» басшысы ретінде, ал соңғы кездері – популистік және даулы шешімдерімен ел аузында жүрген шенеунік. Алайда Қилыбайдың атқарушы биліктегі бейнесі оның жарқын баяндама, салтанатты шаралардағы беделімен өзгеше. Жетекшілік стилі көбіне сыртқы жылтыраққа, науқандық эффектіге, ал кейбір жағдайларда – бюджетті тиімсіз жұмсауға ұқсайтын әрекеттермен ерекшеленіп отыр.

2021 жылы Ақтауда 15 миллион теңгеге қойылған пластик қызғалдақ композициясы Қилыбайдың әкім ретіндегі «визиттік карточкасына» айналды. Бұл «эстетиканы» халық көріп шошыды, әлеуметтік желілерде күлкіге айналды. Сырт көзге гүлзар тәрізді көрінетін бұл композицияны жұрт «қоқысқа ұқсайды» деп сынға алды. Ал оны жасағандар «вандалдар» деп кінәні халықтың өзіне аударды. Ол – ол ма, қаланы безендіру мен қымбат инсталляциялар Қилыбайдың сүйікті жобаларына айналғандай. Мысалы, 10 миллион теңгеге қойылған «Бекіре» мүсіні – пенопласт пен монтажды көбіктен жасалған болып шықты. Жарты жылдан соң оның тесіліп, іші үңірейіп қалған видеосы тарады. Кейін оның қоқыс орнында ешкімге керексіз болып жатқан видеосы да тарады. Дәл сол сияқты осы жобада «Итбалық» инсталляциясы да болған. Ол да қалаға көрік беріп көп тұрмады. Бұл арт-нысандарды кейіннен Н.Қилыбай жеке демеушілер есебінен 300 млн теңгеге жасатқаны белгілі болды. Алайда журналистер оның жергілікті бюджет есебінен салынғанын жазды («Жас Алаш» бұл туралы арнайы зерттеу жүргізіп жатыр).

Қилыбай Нұрдәулет
Маңыстау облысы әкімі – Нұрдәулет Қилыбай. Фото: Жас Алаш

81 миллион теңгелік «алтын киіз үй» дауы

Қилыбайдың Маңғыстау облысын басқарудағы ерекше даулы әрекеті – 81 миллион теңгеге 12 киіз үй сатып алуға жарияланған тендер болды. Әр киіз үйдің бағасы – 6,75 миллион теңге. Қоғам резонансына байланысты бұл сатып алу тоқтатылғанымен, прокуратураның тексерісінен кейін де, жауапкершілікті кім көтеретіні белгісіз күйінде қалып отыр. «Жас Алаш» жүргізген зерттеу көрсеткендей, мұндай VIP киіз үйлердің нарықтық құны 1,5-2,5 миллион теңге аралығында. Осыдан-ақ әкімдік тарапынан бюджетті бірнеше есеге дейін көтеріп бағалағанын көруге болады. Қызығы, прокуратура «кім жазаланатынын әкімдіктің өзі шешеді» дейді. Яғни Маңғыстау әкімдігі бір қолымен ақша беріп, екінші қолымен өзіне «ескертпе» жасайтын жүйе болып тұр ғой. Егер бұлай болса әкімдік – театр, әкім – режиссер, бюджет – реквизит болып кетпей ме?

Айтпақшы, 2022 жылы ProTenge жобасы «бюджетті мақсатсыз шашатын әкім» сайысын өткізген. Бұл жарыста Түркістан әкімі Нұрбол Тұрашбековтен басып озған Н.Қилыбай «кубокты» жеңіп алған. Сөйтіп, жылтыраққа құмар Қилыбайдың осындай әрекеттері мен популизмінің өзі «марапатпен» аяқталды.

P.S. 5 сәуір күні Ақтау қаласында «Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының ресми ашылу салтанаты өтті. Халықаралық деңгейдегі шараға еліміздің шенеуніктері, шет мемлекеттерден арнайы келген делегациялар мен өнерпаздар қатысты. Теңіз жағалауында өткен шараға 100 мыңнан астам көрермен жиналды. Димаш Құдайберген, Юлдуз Усманова, Роза Зергерли секілді жұлдыздар сахнаға шықты. Бір мезетте 500 дрон көкке көтерілді. Алайда сол дрондар Ақтаудан бар болғаны 70 шақырым жерде суы, жолы жоқ ауылдарды мүлде «көрмейді». 

Тұрсынбек БАШАР

Тегтер: