Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:45, 29 Сәуір 2024

Қызылордада өзіне сыйақы тағайындаған шенеунік ескертумен құтылды

1
Фото: из открытых источников

Қызылорда облысы Сырдария аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы қызметін асыра пайдаланып, өткен жылдың соңында өзіне сыйақы тағайындаған.

 Сыйақы мөлшері - 450 мың теңге. Тиісті тексеріс заңсыздықты анықтап, әдеп кеңесі мәселені егжей - тегжейлі қарады, деп хабарлайды Zhasalash.kz.

Сыйақыны заңсыз алған шенеуніктің есімі - Қанат Нұрсейіт. Мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі бар болғаны 7 жыл. Сырдария аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөліміне өткен жылдың қараша айында тағайындалған. Арада 1 ай өтпей жатып, жыл жабар сәтте өзіне 450 мың теңге сыйақы тағайындаған. Жергілікті әкімдік бұл заңсыздықты анықтап, дабыл қаққан көрінеді.

"ҚР Үкіметі қаулысының 2001 жылғы 29 тамыздағы №1127 қаулысында көрсетілген талаптар бұзылған. Яғни, осы қаулының 4 тармағы, 2 тармақшасында қызметкерге тиісті органда 1 айдан кем жұмыс істеген болса, сыйлық ақы берілмейді деп көрсетілген", - деді Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік қызмет Істері департаменті басқармасының бас маманы Нұржан Әлиев.

Бүгінгі күні аудандық бөлім басшысы өзінің әрекетін мойындап отыр. "Заңды толыққанды білмедім", - деп ақталуда. Қанат Нұрсейіт өзі иемденген сыйақыны мемлекет қазынасына қайтарып та үлгерген. Соның нәтижесінде бөлім басшысы "Қызметіне толық сәйкес емес" деп танылып, ескерту түріндегі тәртіптік шара көрілді. Шенеунік алдағы уақытта осындай заң бұзушылыққа жол беретін болса, мемлекеттік қызметімен қоштасатын болады.

Айнұр Төлешева

Тегтер: