Назарбаев қайтадан саяси сахнаға шыға бастады
Экс-президент мысықтабандап саяси сахнаға қайта көтеріле бастады. Өткенде «Менің өмірім» деп кітап шығарып, жұртшылықты бір «таңғалдырды». Енді Astana Club отырысына қатысып, араз жұртты татуластыруды қолға алыпты.
Бұлай дейтініміз Астанада 11-12 желтоқсан күндері Astana Club-тың бесініші отырыс өткен. Бұл басқосуға экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев та келген. Клубтың сараптамалық талқылауына АҚШ, Қытай және Ресей арасындағы қырғи-қабақтың ушығуы және Иран мен Солтүстік Корея төңірегінде жаңа шиеленістердің бой көрсетуі мәселелері арқау болған. Назарбаев жаһандағы соғысқа алаңдаушылығын білдіріп, ядролық қауіпсіздікке тоқталып өткен.
«Еліміз ядролық қарусыздану ісіне елеулі үлес қосты. Мені ядролық апат қаупі алаңдатып отыр. Бұл орайда, жаһандық деңгейдегі саяси ерік-жігерсіз нақты прогреске қол жеткізу мүмкін емес. Сол үшін мен 2019 жылы қарашада өткен «Астана клубының» бесінші отырысында Ядролық қауіпсіздік және ядролық қарудан азат әлем үшін жаһандық көшбасшылық альянсын (GAL) құруды ұсындым, - деген Нұрсұлтан Назарбаев.
Экс-президент баяндамасы барысында 2019 жылы биліктен кеткенімен, әлі де елдің болашағына алаңдайтынын, маңызды оқиғалардың басы-қасында жүретінін жеткізген. Бұл сөзін ол інісі Болат Назарбаев қайтыс болып, ас берген кезінде де айтқан еді. Тіпті экс-президент қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атын төрт рет атап, өзіне берілген Елбасы деген статусын екінші президентке теле сөйлеген еді.
«Өздеріңіз білесіздер, мен 2019 жылы наурыз айында өз еркіммен Қазақстан Президенттігінен кеттім, қазір ешқандай лауазым атқармаймын. Алайда, саналы ғұмырын еліне қызмет етуге арнаған, қашанда маңызды оқиғалардың ортасында жүрген адам ретінде өзіміз, балаларымыз бен немерелеріміз өмір сүретін әлемнің жай-күйіне, болашағына әркез алаңдаймын. Жаһандық қақтығыстың алдын алу үшін әлемдік саясатта диалог құрудан басқа жол жоқ екеніне сенімдімін, - деді Н.Назарбаев.
Ол Ресей мен Түркия арасындағы «ұшақ дағдарысы», қазақстандық дипломаттардың күш-жігерінің арқасында бастау алған «Сирия процесі» сынды тарихи оқиғаларды тілге тиек етті. Сөзі барысында өзінің желтоқсан айында шыққан «Менің өмірім» мемуарлық кітабын да жарнамалап жіберуді ұмытпады. Шығармасын мақтап, тіпті шет тіліне аударылуға ұсыныс түсіп жатқанын да айтты.
«Соңғы 30 жылда сыртқы саясатта болған ең ауқымды оқиғалар туралы толығырақ менің желтоқсан айының басында жарияланған естеліктерімде жан-жақты айтылды. Бұл еңбек үлкен қызығушылық тудырды, шетелдік баспалардан да оны ағылшын тіліне аударуға ұсыныстар түсіп жатыр. Кітап жақын арада жаһандық аудиторияға жетеді деп ойлаймын», – деді Н.Назарбаев.
Экс-президент кейде осындай форумдар мен шараларда төбе көрсетіп, саяси сахнаға қайтадан оралғысы келетін сияқты. Бұған дейін ол Астанада Орта Азиядағы ең үлкен мешіт ашылған кезде де қазір мемлекеттік қызметте жұмыс істемейтін өзінің саясаттағы сенімді серіктері – Асқар Мамин, Амандық Баталовтармен бірге келген еді. Сол кезде де бірқатар саясаттанушылар «Назарбаев қайтып келе ме? деген қорқыныш бар» деп мәлімдеген болатын.
Айта кетейік, Astana Club-тың кезекті басқосуына әлемнің 23 мемлекетінен 50-ден астам халықаралық спикер қатысқан. Оның ішінде 3 бұрынғы мемлекет басшысы, 5 экс-премьер-министр, 10 министр және Нобель сыйлығының лауреаты болды.