Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:45, 15 Сәуір 2025

Шерзат ісі Талғардан алыстап кетті

Шерзат
Фото: Ашық дереккөз

Сот залынан репортаж

10 сәуір күні Талдықорған қаласында Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша алғашқы сот отырысы өтті. Прокурор тоғыз күдіктінің екеуіне кісі өлтіру бойынша, қалған жетеуіне бұзақылық бойынша айып тақты. Сот ғимаратының сыртында қауіпсіздік шаралары қатты күшейтілді. 

Алғашқы сот отырысына Шерзат ісінен тұрақты ақпарат таратып жүрген «Жас Алаш» та қатысты. Сот 12:00-ге белгіленгенімен, басталуын 1,5-2 сағат күтуге тура келді. Себебі біріншіден, келген журналистер ғимаратқа сыймай қалды да, оларды қайда отырғызамыз деген мәселе пайда болды. Екіншіден, соттың ашық өтетіні немесе жабық өтетіні бірден белгілі болмады. Сот өкілі Перизат Хайруллинадан соттың не үшін қылмыс болған Талғардан алыста өтіп жатқанын және не үшін кең зал таңдалмағаны туралы да сұрағанымызбен, нақты жауап ала алмадық. Хайруллина тек тоғыз сотталушының Талдықорған қаласындағы тергеу абақтысында жатқандықтан осы қалада өтіп жатқанын айтты.

Қаржаубай Нұрымов
Фото: Жас Алаш

Шерзаттың әкесі әділетке әлі сенбейді

Осындай ығы-жығы, сапырылысқан жұрттың арасынан Қаржаубай Нұрымовтың сот залынан сыртқа шығып бара жатқанын көріп, бір ауыз тілдесіп үлгеріп қалдық. Нұрымов журналистер сұрағына селқос қана жауап берді. «Бұл сот процесі соттау емес, ақтау болып тұр ғой. Заң ақтап алып, босатып жіберем десе босатсын, қарсы емеспін», – деп бір ауыз сөзбен қысқа қайырды. Оның ізінен 50-ге жуық тілші еріп шыққанымен, қойылған сауалдарға жауап беруден бас тартты.

Түстен кейін сағат 14:00-ге қарай сот отырысы басталды. Сот істің ашық өтетіні, онлайн трансляцияда көрсетілетіні туралы қаулы қабылдады. Жоғарыда жазып өткеніміздей, сот залына сыймайтын болғандықтан тілшілерді жібермеді, тек операторлар ғана кіруге мүмкіндік алды. Ал журналистер басқа кабинеттегі экраннан сот процесін бақылап отырды.

Ержан Құрақбаев
Ержан Құрақбаев. Фото: Жас Алаш

Алғашқы сот отырысына барлық тоғыз айыпталушы, жәбірленуші тараптың өкілдері, прокурорлар және қорғаушылар қатысты. Тоғыз айыпталушының ішінде бір кәмелетке толмаған жасөспірім бар. Сондықтан судья Ержан Жанұзақов сот отырысы барысында фото-видео түсірілімге тыйым салынғанын ескертті. Прокурор Ержан Құрақбаев оқып берген айыптау актісіне сәйкес, Абзал Шынасыл мен Равиль Сакиевке «Адам өлтіру» (99-баптың 2-бөлігі), «Адам өлтіруге оқталу» (24-баптың 3-бөлігі), «Бұзақылық» (293-баптың 3-бөлігі) баптары бойынша, ал қалған жетеуі – Азамат Тоқтаубаев, Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентаев, Нұрқияс Ілиясов, Дидар Қалиахмет, Нұрбол Тоқтаубаевтарға «бұзақылық» (293-баптың 3-бөлігі) және кәмелетке толмаған бір жасөспірімге «қылмыс туралы хабарламаған» (434-бап) деген айып тақты. Бұл шешіммен жәбірленуші тараптың туыстары келіскен жоқ.

1
Фото: видеодан скриншот

Аталған іс бойынша тергеу барысында 62 том материал жинақталып, 40-қа жуық сот сараптамасы жүргізілген және 200-ден астам куәгерден жауап алынған. Прокурор басты айыпталушы Абзал Шынасылдың Шерзат Болаттың жүрек тұсына қасақана пышақ салғанын айтты.

«Төбелес кезінде оған қатысқан Абзал Шынасыл Шерзат пен әкесін көрген. Бұрын Әскентайға жарақат салғаны үшін кек алғысы келіп, өзімен бірге әкелген қоңыр сапты пышақты қару ретінде пайдаланған. Түнгі сағат 00:42-де, Шерзаттың кәмелетке толмағанын және сол жерде оның әкесі, анасы және әжесі бар екенін біле тұра, олардың көзінше Шерзат Болатқа ерекше қатыгездікпен, жүрегіне – өмірлік маңызды мүшесіне пышақ сұққан».

Бұл жерде біз көпшілікке бұл қайғылы жағдайдың қалай және неліктен болғаны мәлім болғандықтан ол туралы егжей-тегжейлі жазбай-ақ қоюды дұрыс көреміз. Бірақ назар аударатын бір жайт – прокурор қылмыстық істі баяндай отырып, Қаржаубай Нұрымовтың өзін айыптап сөйлегендей болды. Мысалы, Нұрымов кикілжіңнің шығуы ақшадан басталғаны туралы сұхбатында айтқан еді, бірақ прокурор ақша төленгенін алға тартты. Содан кейін бір топ жігіт келгенде Нұрымовтың пышақ алып шыққанын да айтты. Бұдан бөлек, Шерзаттың дүкен ішінде телефон қуаттап отырғанын қоса кетті. Кейіннен туыстары прокурордың сөзін жоққа шығарып, марқұмның дүкен ішінде отырмағанын, дүкенде телефон қуаттағышын ұмыт қалдырып, қайта келгенін айтты. Бір сөзбен айтқанда, сот процесінде көкейде бірнеше күмән мен сауал жауапсыз қалды.

Сот отырысында айыпталушылар істің алқабилердің қатысуынсыз, тек судьяның қарауымен жалғасуын сұрап, бірауыздан алқабилер сотынан бас тартты. Айрықша атап өту қажет, басты айыпталушы Абзал Шынасыл анасы Ақбота Есбергенованы қорғаушы ретінде қатыстыру туралы өтініш білдірді. Судья бұл өтінішті қанағаттандырды.

Сот неге Талдықорғанда өтті?

Қоғамда резонанс тудырған оқиғадан кейін 16 жасар Шерзатты өлтіргендер «Хасанның жігіттері, Хутор банда тобы екен» деген сөз айтыла бастады. Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов та Jas Alash Youtube-арнасына берген сұхбатында «өзінің шағын дүкен ашқанын, біреулердің дүкен ашқаны үшін ақша талап еткенін, Хасанның жігіттері туралы, «Түрмеден Еркош хабарласқаны туралы» айтқан. Көп өтпей Нұрымовтардың үйі өртенді, істің куәгері болған, өзі де пышақ жарақатын алған Қаржаубайдың інісі Нұрғанат Ғайыпбаев та Шерзат жерленген қорым қасынан өлі күйінде табылды. Ресми өкілдер мұны суицид деп мәлімдеді. Бұл мәлімдемеге келіспейтінін білдіріп, наразылық білдірген Қаржаубай Нұрымов пен қарындасы Бақыт Реимова үйінің алдында ұсталып, 15 тәулікке қамалды. Бұл оқиғалар Шерзат өлімінен кейін ширыға түскен халықтың ресми органдарға деген наразылығын тіпті үдете түсті. Осыдан кейін прокуратура Талғарда митинг өткізуге тыйым салды. Барлық БАҚ, әлеуметтік желіде 16 жасар Шерзаттың өлімі күнде талқыланып жатты.

Адам көп келеді, митинг болып кетеді деп қауіптенгеннен болар, ресми орган Шерзат ісін Талдықорған қаласында өткізуге шешім қабылдады. Әрине, бұл жалпы жұрттың болжамы ғана. Ал судья соттың неліктен Қарасай ауданында немесе Қонаев қаласында өткізілмей жатқаны туралы көптің сауалына ресми қысқа ғана жауап берді. Жанұзақовтың айтуынша, айыпталушылардың Талдықорған қаласындағы тергеу изоляторында қамауда болуы және Қарасай ауданында мұндай изолятордың жоқтығы себеп. Жәбірленушілердің қорғаушылары Шерзаттың туыстары, анасының денсаулығына байланысты сотты Қонаев қаласына ауыстыру туралы өтініш бергенімен, судья оны қанағаттандырмады.

Шекеев
Фото: видеодан скриншот

Шерзаттың туыстары мен қорғаушылары не дейді?

Қазір Айтбек Амангелдінің командасының орнына келген қорғаушылар Шерзат ісінде жәбірленуші тараптың құқығын қорғап жатыр. Мейірман Шекеев алғашқы сот отырысы аяқталғасын журналистердің бірқатар сауалдарына жауап берді. Қорғаушының айтуынша, бастапқыда күдікті ретінде 13 адам қамауға алынғанымен, кейіннен оның екеуі іске қатысы жоқ деп күдікті қатарынан шығарылған. Ал оқиға орнындағы екі қыз да іске куә ретінде тіркелген.

«Жалпы айыптау актісіне келетін болсақ, біз басқа қорғаушылармыз. Бізге дейінгі қорғаушылар мұнымен келіскен. Іс материалы бойынша кеңінен айта алмаймыз. Қазір екі азаматқа кісі өлтіру бойынша, қалғандарына бұзақылық айыбы тағылды. Мемлекеттік айыптаушы іспен таныс болғандықтан осындай айып тақты. Жәбірленуші тарап мұнымен келіспей отыр. Келесі сот отырысында өз талабымызды жариялайтын боламыз. Ал Қарасай ауданында соттың өтуі бойынша талапты біз тағы да береміз», – дейді жәбірленуші тараптың қорғаушысы.

Шерзаттың әжесі, анасы және әкесі журналистермен сөйлеспеді. Тек әпкесі Перизат Нұрымова ғана кейбір сауалдарға жауап берді. Нұрымова бүгінгі прокурордың тоғыз күдіктіге айыпты бөліп таққанына көңілі толмайтынын айтты. Ол інісін өлтіргендер бірдей баппен сотталуы керек деп есептейді.

Перизат
Фото: видеодан скриншот

«Олардың ісін «бұзақылық» деп есептемеймін. Видеода да көрініп тұр. Бұзақылық дейтіндей інімнің иығынан қағып өте шыққан жоқ. Олардың барлығы кісі өлтіруге дайындалып келгені анық. Сондықтан бәрін өлімге қатысты деп соттау керек. Соттың Талдықорғанда өтуіне наразымыз. Қазіргі тыңдалымның өзінде анам мен жеңгемнің қан қысымы көтеріліп кетті. Жедел жәрдемге салып жібердік. Айыптау актісінде Ғайыпбаевтың құжаты, ақшасы болғаны айтылған жоқ. Телефоны да ұрланды. Қалтасында миллион теңгедей ақша болған», – дейді Шерзаттың әпкесі.

Алғашқы отырыстың соңында судья Ержан Жанұзақов соттың негізгі талқылауын 17 сәуірге, 10:00-ге белгіледі. Сот процесі аптасына екі рет өткізіліп, істің тез арада шешілуі көзделіп отыр. Бұл іс бойынша келесі сот отырысында куәгерлерден жауап алу және басқа да дәлелдерді зерттеу жұмыстары жүргізілмек.

P.S. Айтпақшы, жоғарыда сот отырысында журналистер өте көп болғанын жаздық. Билік тарапынан осындай нұсқау болған сыңайлы. Себебі бұрын Шерзат ісінде ақпарат таратпаған, қоғамның қызуы көтеріліп тұрғанда үндемеген мемлекеттік БАҚ өкілдерін өте көп кездестірдік. Ақпарат таратпаған дейтініміз, сол жерде Шерзаттың әкесінен, әпкесінен сауалдарға жауап ала тұрып, «Шерзаттың әкесінің, әпкесінің аты кім?» деп сұраған бірнеше тілші жүрді. Сондықтан алдағы уақытта «Шерзат соты әділ һәм ашық өтіп жатыр» деген тақырыппен мақалалар легін оқуға дайын болыңыз.

Тұрсынбек БАШАР