Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 09 Мамыр 2024

Тылда еңбек еткен екі қазақ қызының әңгімесі

1
Фото: из открытых источников

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Қазақстан майданның құрал-жабдықтарымен қамтамасыз еткен негізгі республиканың бірі болды.

Елдегі ауыр жағдайдан күйзеліс, торығуға қарамастан халықтың тылдағы ерен еңбектері мен атқарған істеріндегі адалдығы көп уақытқа дейін айтылмай келді. Кез келген жұмыс орындары қысқа мерзімде соғысқа бейімделді. Соғыстың алғашқы күнінен бастап қазақ еңбеккерлері де бар күш-жігерін жауды талқандауға жұмсады.

Майданда қандай кескілескен ұрыс болса, тылда да соғыстың жеңіспен аяқталуына арналған еңбек қауырт жүрді. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап-ақ өнімдер жер-жерлерде, қарт, әйел, бала-шаға еңбегімен өндірілді. Соғысқа кеткен ерлердің орнын басуға тартылған тыл еңбеккерлерінің жауапкершілігі орасан зор болды. Жұмыстардың ауырлығы жас ерекшеліктеріне қарамады. Ол туралы тыл қаһармандары қатысқан ардагерлердің бірен-саран айтқан әңгімелерінен белгілі болған жайттар бар. Соның бірі, Атырау облысы Есбол ауданы Қаңбақты ауылында 1928 жылы туған тыл ардагері Күлима Дәулетова апамыздың естелігін жазып алған едік.

«Мектепті соғысқа байланысты 9 жасымнан бастадым. 6-класта оқып жүрген кезімде темір жол салуға шақыртқанда бір аяғымды күйдіріп алған едім. Аяғым күйіп қалған деп дәрігердің анықтамасын көрсеткенімде, оны жыртып тастап, барасың деді. Біздің колхоздан 40-қа жуық жесір әйел, 13-14 жасар балалар, кемтар ер адамдар Сарыөзектен Новобогаттың жанына дейін салынып жатқан темір жол құрылысында жұмыс істеді. Ол жерде шөптен, қамыстан жасалған шалашта тұрдық та, жұмыс басына бару үшін бір адам түйеге, екіншісі соған мінгесіп, ал қалғандары жаяулатып жететінбіз. Қара жерді қазып немесе зембілмен өрге қарай топырақ тасыдық. Соғыс уақытында тамақ та тапшы, далада жабайы өсетін құмаршық деген шөптен пісірілген нан мен көжені ішіп күн көрдік. Бірақ ол кезде құмаршық та жоқ, тапсаң ғана жейсің. Жұмыс істеп жүрген жұрттың киімдері өте тозық, тіпті түйенің көңінен тігілген киімдер киетін. Жұмыс күн ұзаққа созылатын. Таң ата сала жұмысқа кірісіп, әбден кеш батқанша жұмыс істеп келіп, қамыстан жасалған күркешемізге кезек-кезек ұйықтап, көз іліндіретінбіз. Күркеміздің іші тар болғандықтан тек 4-5 адам сиятын, сондықтан кезекпен жататынбыз. Бұл темір жол құрылысында 2 жыл жұмыс істедік. Бәріміз бір жапырақ нанды бөліп жеп, ауыр жұмыс болса да еш мойымай, бір табақтан ас ішіп, бір үйдің балаларындай болдық.

Ол жұмыстан кейін 1944 жылы Қызылқоғаға канал қазу жұмысына алып кетті. Әлі есімде, оған біздің аймақтан 105 адам бардық. Жүгімізді жеткізу үшін 1 түйе мен 1 арба ғана көлік берілді. Жаяу жүріп Қарабау, Қаракөл ауылдарынан асып, аудан орталығына су жүретін канал қазуға кірістік. Мұнда да қиыншылық. Ол кезде еңбекақы деген жоқ. Күнұзақ жұмыс істейміз де, кешкісін майдангерлерге шұлық, қолғап тоқитынбыз, асты да жетістіріп ішпейтінбіз. Адам төзгісіз қиындықтарды ерлермен бірге атқардық, сұм соғысқа қарғыс айтып, талай солқылдап жыладық та. Бүгінгі күнге тәубе, елімізде тек тыныштық болсын, кейінгі ұрпақ бұндай қиыншылықтарды көрмесін деп тілеймін».

Елдің тұрмыс-тіршілігі, ас-ауқаты мәз болмады. Аңшылық мылтықтары мен карабиндерді соғысқа деп жинап алынды. Тамақ та адам басына өлшеніп қана берілді. Онда да отбасына 400 грамм, ал жұмысшыға 700-1200 грамм нан берді.

Тыл жұмыстары кейін Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана айтылып, саралана бастады. Белгілі болғандай, зерттеу жұмыстарынан елімізде үлкен техника қажет ететін ұшан-теңіз еңбектердің жалаң қолмен атқарылып, жеңісті жақындатуына орасан зор үлес қосқандығы таңданарлықтай әсер қалдырды. Соның бірі, Атырау облысы Құрманғазы ауданынан Кенжалиева Бима Меңдіғазықызының әңгімесінде, Ресейге жақын елді мекендерден таңертең жинап алған 250 қазақ қыздары мен әлі де балалы бола қоймаған келіншектерін пішен шабуға деп жинап, сол кеткеннен үйлеріне келмей, жұмысқа тартылғандығын айтады. «Сонда Ганюшкиннен 5 қыз, Мыңтөбеден оншақты, «Шестой» деген елді мекеннен 5-6 қыз бармыз. Алғашқыда жаяу, одан әрі пойызға, сосын параходқа тиеп, бір жерге алып барды. Алыстан еміс-еміс бомбаның жарылған даусы естіледі» деді.

Бұрындары естімеген ерекше тыл қаһарманы болған апамыз барған жылын, қай жер екенін анық білмейтіндігін, ұмытқанын айтты. Бірақ әңгіме барысында соғыстың алғашқы жылдары екенін, Сталинградты жаудан азат ету тұсы деп түсіндік.

«Ганюшкиннен бір пысықтау қыз бригадир болды. Бірақ пішен шаппадық, мал баққан жоқпыз. Биік, әдемі ғимараттары болған екен, бір қалаға келдік. Бомбаланған, қираған, жанып кеткен, опырылып қалған үлкен-үлкен үйлерді тазаладық, күрекпен жинап, далаға тасыдық. Барғанда солдаттардың киетін бәтеңкесін берді, кетер кезде «өзімізге киім жетпей жатыр» деп алып қалды.

Үйлердің ішінен өлген солдаттарды зембілге салып, мұсылмандарын бір бөлек, орыстарын бір бөлек далаға тасып, тау төбе қылып жинаймыз. Оларды машинаға тиеп алып кетеді, бірақ қайда апарып жатқандары белгісіз. Өлген солдаттардың ішінде құрттап кеткендер де болды. Штукатуркасын да үйреніп алдық. Топырақ, тас көтергеннен қолдарымыз жара болып, біраз күннен кейін жазылады. Жыладық та, еңіредік те. Үш уақыт асханадан тамақ берді. Шошқаның етін танып алған соң оны жемейміз. Бізді қарап қасымызда милиция жүреді. Мен сол милицияға «сен неге істемейсің, милициямын деп әлдеқандай боласың ба, өйтіп қарама маған, сендей менің үйде екі қайным бар» деп айтатынмын. «Менің күйеуім осы жақта жүр, оттың ішінде, осы жаққа келсе жақсы болар еді, мені іздеп келе ме?» деп сұрап қоям, ол да «келеді, келеді» деп қояды. Қасымдағы қыздар: «Бұл жаққа Зейнетолланы іздеп келген екенсің ғой» деп қалжыңдап қоятын еді. Сол үйлерде киім-кешек, үй жиһаздары сияқты әдемі заттар көп болды. Біздерге нұсқау беріп жүрген солдаттар: «Ана заттардан алып алыңдар, киімдерді алыңдар» дейді. Бірақ жоқшылық, зат тапшы болса да: «Жоқ, алмаймыз, бізде бәрі бар» деп, сандықтардың аузын ашып қойып кетеміз, жоламаймыз.

Қираған үйлердің ойылған жерлеріне тас қалап, сылақ жүргіздік, сөйтіп, ғимараттарды қалпына келтірумен айналыстық. Күз келген кезде милиция бізге жиналыс ашып, елге қайтатынымызды айтты. Сонда күн суығанша, шамамен 4-5 айдай жұмыс істетті де, ауылдарымызға қайтарды. Жолды да дұрыс білмейміз, қасымызда ноғай кемпір болды, сол кісінің айтуымен жолға шықтық, сосын білетініміз – «Мыңтөбе» ауылы еді. 20 шақты қызды параходпен Астраханьға әкеліп тастаған соң бері шығып, ноғай кемпірдің үйіне қондық. Одан, Котяевкаға қонып, кейін бөлініп, әркім өз ауылдарына жаяулатып жолға шықтық.

Ата-енем жақсы кісілер болатын. Ол кісілер өздерінің қолдан жасалған құрт, сүтін сатып күн көретін. Сол жолда үйге қайтып келе жатсам, әлі есімде, атам (күйеуінің әкесі) байғұс, ақ шалбар, ақ көйлекпен төбенің басында мал бағып жүріп мойнын созып, жолға қарайлап тұр екен. Біз кеткелі хат жоқ, хабар жоқ, қайда кеткенімді білмейді. Атамды көріп қарсы жүгірдім, атам маған қарай жүгіріп, кемсеңдеп жылап: «Қызым-ау, қайда жүрсің?» деп құшақтасып, жыласып көрісіп едік.

Сөйтіп, Ганюшкиннің қыздары еліне кетті, Мыңтөбенің 5-6 қызы бірге маған ілесіп келдік елге. Соғыс уақытында жұмыстан кейін шам жоқ, от жағып, соның жарығына енем түнімен жіп иіріп, мен шұлық, қолғап тоқитынбыз. Қойдың терісінен шалбар тіктік. Ол уақытта майданға жіберу үшін бәрін де істедік» деп.

Сөз соңында бұл әңгімесін ешкімге айтпайтынын, сол кездерде құпия сақтау керек болғандығын айтты.

Патриоттық үндеуге толы түрлі үгіт‑насихат, елде істелген жұмыстар ұшан-теңіз күш-қуаттың көрінісі еді. Өнеркәсіптер мен кәсіпорын, зауыт-фабрикаларда бір жұмысшы 2-3 адамның еңбегін жасады.

Бұл туралы Д. Қонаев өзінің «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты кітабында былай дейді: «Соғыс жылдары әрбір он адамның бірі солдаттың сұр шинелін киіп, майданға аттанды. Бір ғана біздің басқармадан 3652 жұмыскер, оның ішінде 275 бұрғышы қайласын қаруға алмастырды. 1500 адам бір қиырдағы Уралға, Сібірге, Қарағандыға барып, эвакуацияланған зауыттар мен фабрикалардың монтаждау жұмысына араласты. Сөйтіп, онсыз да қат жұмысшы күшіне зәрулік арта түсті. Адам жоқ, амалымыз қайсы деп, алақан жайып отыруға жағдай көтермейді. Барымен базар етуге тура келді. Бір кісі екі-үш адамның жұмысын атқарып, таңның атысы, күннің батысы демей еңбек етті. Осыған орай кен мастері Оспанов Рысбекпен арадағы болған әңгіме әлі есімде. Ол ашылып сөйлесе бермейтін тұйықтау жігіт еді. Бар салмақтың өзіне түскелі тұрғанын терең сезінді ме, жоқ екі оттың ортасында жүрген біздің жайымызды таразылап, салмақтады ма, мені ұзақ, үнсіз тыңдап болып:

– Бара бара әскери комиссариат табалдырығын тоздырдым, – деді. Шынымды айтсам, ақиық боп кеудеңді әрең сүйреткенше, қан майданға барып, ата жаумен алысып өлген әлдеқайда артық қой деп едім. Оған адамның дегені бола бере ме. Маңдайға жазғанға не шара?!» деп қынжылғандығын жазады. Д.А. Қонаев осы жылдары «Алтайполиметалл» комбинаты бас инженерінің орынбасары, сондай-ақ Лениногорск (Риддер) кенінің директоры болды.

Осылайша, тыл мен соғыс бес жыл бойы қоян-қолтық бірге жүріп, қатыгез жаудың бетін қайтарды. Отан қорғау, жеңіс жөніндегі қастерлі ұғым халықты баурап, асқан зор күшке айналды. Ел мен ерлердің отты жылдардағы өшпес ерлігін дәріптеу, болашақ ұрпаққа жеткізу – парыз. Сондықтан бұл әлі де көбірек зерттеулер қажет ететін тақырып.

Құралай Қожаханова

Д.А.Қонаев музейінің

ғылыми қызметкері,

тарих ғылымының кандидаты