Түркиядағы дүрбелең. Авторитарлы Түркия Қазақстанға да керек емес

Түркиядағы жаппай наразылықтың жалғасып жатқанына аптаға жуықтады. Елдің ең ірі мегаполисінде басталған митинг өзге қалаларда да көрініс тауып, бүгінде ел астанасы Анкара мен тағы бірер қалада өршіген.
Полиция көшеге шыққан жұртты райынан қайтару үшін сумен атқылап, көз ашытатын газ шашып, түрлі амал қылып жатыр. Алайда бір ушыққан жағдай әзірге бой бермей келеді. Дәл қазір бүкіл Түркия Ердоған билігіне қарсылығын білдіріп көшеге шықты деуге болмас. Әйтсе де ел ішіндегі осы дүрбелең экономикалық жағдайға да салқынын тигізгелі тұр. Толқу басталғалы түрік лирасы құлдырап, елдің бас банкін интервенция жасауға мәжбүр етті.

Экрем Имамоғлы кім?
Ел ішінің дүрлігуіне Түркиядағы танымал саясаткер, Ыстамбұл қаласының мэрі, оппозициялық Республикалық халық партиясының мүшесі Экрем Имамоғлының ұсталуы себеп болғаны мәлім. Елдегі ең ірі қаланы 2019 жылдан бері басқарып келе жатқан 54 жастағы саясаткер үлкен беделге ие. Оның жақсы танылуына 2019 жылғы екі сайлауда жеңіп шыққаны үлкен әсер етті. Сол жылы 31 наурызда өткен жергілікті сайлауда билікте отырған Әділет және даму партиясының өкілі Бинали Йылдырымды жеңіп шықты. Алайда Жоғарғы сайлау кеңесі сайлау нәтижелерін жарамсыз деп танып, қайтадан дауыс беру рәсімі өтті. Сөйтіп, 23 маусымдағы қайтара сайлауда бәрібір 13% басымдықпен жеңіп, Ыстамбұл әкімі атанды. Негізгі ұраны – демократиялық құндылықтар мен сөз бостандығы, әлеуметтік теңдік.
Саяси беделінің артуына байланысты елде ашық түрде үгіт-насихат жүргізуге көшкен ол 23 наурызда кандидат ретінде ұсынылуы керек еді. Кей сарапшының сөзінше, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған осыған жол бермес үшін қолында бар әкімшілік ресурстарын барынша қолданып баққан. Ең соңғысы, ұсталарынан бір күн бұрын оның университет дипломы жарамсыз болып шықты. Мұндай жағдайда оның кандидат болып тіркелуге құқы жоқ.
Қазір қамауда жатқан оған бірнеше айып тағылған әрі оңайлықпен құтылатын жағдай емес. Мәселен, сыбайлас жемқорлыққа бой алдырып, пара алды, мемлекеттік тендерге заңсыз араласты деген күдікке ілінген. Одан бөлек, қала әкімдігіне террористік ұйым мүшелері мен жақтастарын жұмысқа алды деген айыбы бар. Терроризмге теліп отырғаны, «Күрдістан жұмысшылары партиясына» өз ықпалын күшейткісі келді деген күдік бар. Ал аталған ұйым террористік деп танылған. Осылардың негізінде бір Имамоғлымен бірге ұсталғандар қатары 1 100-ден асып кетті.
Дипломының заңдылығына да күмән туып, Ыстамбұл университеті қайтарып алды. Сөйтіп, университет дипломының күші жойылды. Сарапшылардың пайымынша, мұның арты ұзаққа созылатын сот отырыстарына ұласары белгілі. Сол арқылы Ердоған басты саяси оппонентінің қарқынын біршама бәсеңдетіп алмақ.
Бірақ мәселенің екінші қыры да бар. Имамоғлы тарапы осы сценарийге көне қоя ма? Өйткені қудалау арқылы Ердоған саяси қарсыласының абыройын өз қолымен асқақтатып алды деген пікір айтылып жүр. Қазір Ыстамбұл мен Анкарадан басқа Мармарис пен Измирдегі халық наразылығы ұлғайып кеткен. Ал Республикалық халық партиясы басшысы Өзгүр Өзел де Ыстамбұл мен басқа да өңірлер тұрғындарын митингіге шығуға үгіттей бастады.
Имамоғлыны қамау – сайлаудағы қарсыласты жоятын саяси қадам
Саясаттанушы Жанат Момынқұловтың пікірінше, Имамоғлы сынды оппозиция серкесін ұстау – бұл биліктің күшін көрсеткен Ердоғанның алдағы сайлаудағы қарсыласын жоюға бағытталған саяси қадамы. Бұл қадам қате болды ма, әлде саяси ұтымды болды ма, оны уақыт көрсетеді. Мұндай саяси шешім халық арасында Ердоғанның беделін көтермесі анық. Сарапшы Имамоғлыны ұстау саяси сипаты басым қадам деп санайды. Елде экономикалық-әлеуметтік мәселелер көбейіп, халықтың өмір сүру деңгейі төмендеуі, Ердоғанның беделіне кері әсер етті. Түркияда авторитарлық тенденцияның күшеюі азаматтардың наразылығын тудырды. Бұл тек Имамоғлыға ғана қатысты оқиға емес, бұл алдағы Түркияның саяси тепе-теңдігі мен ішкі динамикасын түбегейлі шайқайтын оқиғаға айналуы мүмкін. Оппозиция бірікпей, билік қолын одан әрі күшейтіп, саяси дағдарыс елді дүдәмалдыққа әкелуі ықтимал. Оппозицияның сәттілігі оның ендігі шешімділігіне, ұйымдасуына, жауапкершілігіне байланысты.
Осы сәтті пайдаланған билік өзіне ыңғайлы басқа Ыстамбұл әкімін уақытша тағайындауы мүмкін. Тіпті Имамоғлының орнына билікке қолайлы оппозиция өкілі келсе де таңғалудың қажеті жоқ.
«Ататүрік құрған республикалық партияның кейбір өкілі билікпен ынтымақтастықта болған. Халықтың бір бөлігі тарихи естеліктерге байланысты республикалық партияға әлі де сенбейді. Көптеген сайлаушы ол партияның демократияны қайтара алатынына иланбайды. Оппозицияның белді өкілдерін билік тағы өзіне тартуы ықтимал. Ердоғанмен ымыралас кейбір кемалистік әскери күштер халық наразылығын қолдамады. Қазір әкімшілік-саяси билігі шыңына жеткен, бірақ халықтың едәуір қолдауынан айырылған Ердоған осы дағдарыстың жеңімпазы болуы мүмкін. Менің ойымша, сыртқы және ішкі саяси жағдай оппозиция үшін қолайсыз. Осындай ұйымдаспаған оппозициялық партиямен Ақ Сарайды жеңу өте қиын. Бұл тұрғыда оппозицияның мүмкіндігі аса жоғары емес», – дейді Жанат Момынқұлов.
Оның сөзінше, түріктің саяси социологиясы тарихи қайшылыққа толы. Республикалық партия елде беделі өсіп, нығайған сайын діни консерваторлардың үнемі қорқынышын тудырып отырады. Халық жадында әлі де ескіден қалған жағымсыз естеліктер бар, бұл әрқашан консерваторларды билікке жақындатады. Ататүрік партиясының әсірешіл әрекеттері мен қасаң ойлары консерваторларды, тіпті жастарды да өзінен алыстатады. Өкінішке қарай, өткеннің ықпалынан құтыла алмаған республикашылардың идеологиялық максимализмі жаңа сындарлы саясат құруға кедергі. Сонымен қатар саяси технологтар қажет жағдайда бұқараны басқару үшін ұлтшыл немесе діншіл риториканы қолданады. Қасақана арандатушылық әрекеттер мүмкіндігін де жоққа шығаруға болмайды.
Саясаттанушы жалпы, Ердоғанды негізінен Ұлтшылдар партиясы мен консервативті діни топтар қолдайтынын айтады. Ал түрік ұлтшылдары екіге бөлінеді: оңшыл, этникалық, пантуранист ұлтшылдар және солшыл, еуразияшыл-кемалист ультра-ұлтшылдар. Алайда бұл кемалистер Ердоғанмен уақытша одақтас.
«Егер бүкіл түрік оппозициясы күтпеген жерден бірігіп кетсе, бұл билік партиясының ішкі бөлінуіне әкелуі мүмкін, бірақ оны әзірше шынайы сценарий деп санамаймын. Билік наразы топқа қатты қысым жасамай, халыққа шектеулі кеңістік беруі мүмкін. Бұл шиеленісті төмендетіп, қоғам тынышталуы мүмкін. Бірақ, керісінше, егер билік соңына дейін барып, өз сенімді адамын Ыстамбұлға әкім етіп тағайындаса, төтенше жағдайға, репрессияға ұласып кетуі ықтимал. Менің ойымша, тараптар диалог арқылы мәмілеге келіп, саяси дағдарысты тұрақтандыру қажет», – дейді саясаттанушы.
Оның пікірінше, Қазақстан үшін іште де, сыртта да Түркияның күшті болғаны қажет. Бірақ авторитарлы билікті күшейтетін емес, теңгерімді, өркениетті, бәсекеге қабілетті демократияны дамытатын Түркия болғаны маңызды. Бұл дағдарыстың саяси салдары түркі әлеміне де белгілі мағынада әсер етуі ықтимал.

Елдегі толқу лираны құлатты
Осы күндері ақпарат құралдарында Ердоғанның сонау Ыстамбұлды басқарып тұрған шағында айтқан «Ыстамбұлды билеген адам бүкіл Түркияны билейді» сөзі жиі жазыла бастады. Соңғы 20 жыл шамасында билік басында келе жатқан Ердоғанның ендігі саяси ғұмырының қалай өзгерерін кім білсін?! Дегенмен оның 2027 жылы мерзімі бітері хақ, әрі қарай Ата заңдары өзгеріп кетпесе, одан кейін президент тағына өзге адам отыруға тиіс. Соған қарағанда, президент орынтағын өз мұрагеріне қалдырып кету сценарийі де бар болуы мүмкін. Ал Имамоғлының қазіргі әрекеті соған жол бермеуге тырысатынға ұқсайды.
Екінші жағынан Анкара мэрі Мансур Яваш та Ыстамбұл мэрі қамалғаннан кейін Түркияда кезектен тыс президенттік сайлау өткізуді талап етті. Ол да оппозициялық партия өкілі. Артынша Республикалық халық партиясы өз ішінде сайлау жасап, 15 млн-ға жуық адам қатысқан дауыс беру нәтижесінде Экрем Имамоғлыны қамауда жатқанына қарамастан ресми түрде кандидат ретінде ұсынды. Ал президенттің өзі болып жатқан жағдайларға қатысты «елдің басқа да мәселелерімен айналысып жатқанда оппозиционерлермен тайталасып отыратын уақыт жоқ» деген қасаң жауаппен шектелді.
Айта кетейік, Түркиядағы қазіргі дүрбелең елдің қаржы нарығына әсер етпей қоймады. Жалпы, соңғы жылдары түрік ақшасы тұрақты түрде құнын жоғалтып келеді. Осы жолы да дәл наразылықтар басталған күннен бері лира долларға қарағанда біршама құлдырады. Сөйтіп, алғаш рет доллар құны 37 лирадан асып, тарихи оқиға тіркелді. Елдің Орталық банкі бұл теріс жағдайды тұрақтандыру үшін наурыздың 20-сы мен 23-і аралығында нарыққа 26 млрд доллар сатуға мәжбүр болды.
Айтпақшы, Астанадағы Халықаралық бағдарламалар орталығы Түркияда тағылымдамадан өтіп жатқан 25 қазақстандық стипендиаттың қауіпсіз жерде екенін хабарлады. Сыртқы істер министрлігі де Түркиядағы Қазақстан азаматтарын адам көп жиналатын жерге бармауға шақырып, дипломатиялық өкілдіктердің байланыс нөмірлерін жариялады. Ал Түркияның шетелдік жастарға арналған Türkiye Bursları бағдарламасы арқылы оқып жатқан қазақстандық студенттер саны әзірге белгісіз. Бағдарлама аясында жылына бакалавриат, магистратура, докторантураға 5 мың студент қабылданады.
Ербол Тұрымбет
Астана