Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:12, 16 Сәуір 2025

Жұманғарин бір мұнайға сиынып сценарий жазады

 Серік Жұманғарин
Фото: primeminister.kz

Сәуір басталғалы жаһандық экономика үшін тәуір жаңалық болмай тұр. Осы айда ғаламдық қор нарығында акциялардың бағалары түсіп, әлемдік саудада мұнай бағасы құлдырады. Нарықта мұнай бағасы түссе көңіл күйі құлазитын елдердің қатарында Қазақстан да бар. 

Қазір нарықта мұнайдың бір баррелі 60-63 доллардың арасында ауытқып тұр (бұған дейін қара алтынның бағасы соңғы рет 2021 жылы 65 долларға түскен). Халықаралық сарапшылар мұнай құнының бұлайша төмендеуіне АҚШ президенті Дональд Трамптың Қытай тауарына 104 пайыздық баж салығын енгізуі, көп ұзамай оны 145 пайызға қайта көтеруі қатты әсер етті деседі. Сарапшылардың пайымдауынша, құлдырау әлі жалғасуы мүмкін. Тіпті Goldman Sachs секілді халықаралық ұйымдардың сарапшылары Brent маркалы мұнай 2026 жылдың аяғында 40 доллар болуы мүмкін деп жүр.

Әрине, мұндай жағдайда Қазақстан үкіметі де жоспарын өзгертуге мәжбүр. Бұдан бұрын үкімет 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджетте мұнай бағасын барреліне 75 доллар, ал доллар курсын 470 теңге деп бекіткен. Қазір қаржыгерлер мұнай бағасы 60 доллар болғанда бюджетке жоспарлаған кірістерді алу үшін доллар-теңге жұбы 542 теңге болуы керек деседі. Енді үкімет 60-55 долларлық мұнай бағасына икемдеп сценарий жасап жатыр.

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринның сөзіне сүйенсек, қазір үкіметте үш сценарий бар. Біріншісі, оптимистік сценарий: бұл бойынша мұнай бағасы 75 доллар болуы керек. Осыған қарай экономиканы дамытудың жоспары құрылады. Екіншісі, консервативтік сценарий: мұнда мұнай бағасы 60 доллар үшін дағдарыс жоспары құрылады. Үшіншісі, пессимистік сценарий: мұнда мұнай бағасы 55 доллар болып есептеледі. Соған қарай жоспар құрылады. Бұл қандай жоспар?

Жұманғарин арзан мұнай кезінде шығындар қысқарады дейді. Оның сөзінше, бірінші кезекте министрлікке тиесілі ұйымдар саны қысқарады. Қызметкерлер санын көбейтуге мораторий жарияланады. Жаңа ғимараттар мен құрылыстарды және осыған ұқсас процедураларды қысқарту да жоспарда тұр.

Үкімет мұнай бағасына қатысты мұндай сценарийлерді бұған дейін де құрған. Мәселен, 2023 жылы наурызда мұнай бағасы 85 доллардан 75 долларға дейін құлағанда да жоспарды өзгертуге тура келді. Ол жылы үкімет оптимистік сценарий бойынша Brent маркалы мұнайдың бағасы 110 долларды, пессимистік сценарий кезінде 50 долларды құрайды деп болжам жасап, соған орай жоспар құрған. Сол кезде де шығындарды қысқарту, мемлекеттік бағдарламаларды біріктіру, жобаларға кететін қаражаттарды үнемдеу жағы айтылған. Алайда атқарушы билік жаңадан сценарий түзіп, жоспарды өзгерткенмен, Ұлттық қорға қол салу, бюджеттің қаражатын ұқсата алмау тәрізді әдеттерден арыла алған жоқ. 2020-2021 жылдары пандемия кезінде де жоспарды өзгертіп, дағдарысқа қарсы сценариймен жұмыс істегенбіз. Бұл жылдары қиындықты еңсеру үшін Ұлттық қордан 14,6 трлн теңге алынды. Одан кейін жағдай тұрақталды дегеннің өзінде 2022 жылы қордан 4,6 трлн теңге алынған. 2023 жылы 5,3 трлн теңге, 2024 жылы 5,6 трлн теңгеден асырып қаражат алынды. Биыл да үкімет Ұлттық қордан 5,3 трлн теңге қаражат алатынын жыл басында-ақ жариялап қойды.

Совет одағынан қалған жүйе

Былтыр үкімет бюджетке бір емес, 10 мәрте түзету енгізді. Бұған қатысты мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов экс-ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровты «тәртіп ақсап жатыр» деп те сынаған. Ал экономист-ғалым Сапарбай Жобаевтың пікіріне сүйенсек, былтыр 10 айда бюджетті 10 рет түзеткен үкіметтің биыл мұнай бағасы түсіп, ғаламдық экономика абдырап жатқан тұста біраз түзейтіні анық. Себебі бюджет туралы заң жоспар-болжам ретінде жасалады. Сондықтан Бюджеттік кодексте «орындалу кезінде айқындалуы және өзгерту енгізілуі мүмкін» деп жазылады. Маманның сөзінше, бюджетке, жоспарға, сценарийге түзету енгізу қалыпты жағдай, бірақ оның шегі болу керек.

«Ұлттық экономика министрі мұнай бағасының төмендеуіне байланысты жоспар өзгеретінін айтты. Ол жоспардың әлі қанша мәрте өзгеретіні белгісіз. Бірақ былтырғыдай 10 мәрте өзгермеуі керек. Әдетте әр тоқсан сайын немесе жылына екі рет айқындалады. Үш айда бір рет жиналып, мәжіліс отырысында қаржы және ұлттық экономика министрлігі болған жағдайларға байланысты ұсынысын айтады. Мысалы, су тасқынына, басқа төтенше жағдайларға байланысты Ұлттық қордан алатын ақшаны көбейттік, кейбір инвестициялық жобаларды тоқтаттық десе, өзгертулерді мәжіліс бекітіп береді. Негізінде біздегі бюджеттік жоспарды, мұнай бағасына қатысты түзілетін сценарийлерді ұлттық экономика министрлігі дайындағаны дұрыс емес. Дүниежүзілік тәжірибе бойынша бюджеттік жоспарды, қаржыға қатысты сценарийді қаржы министрлігі жасайды. Себебі салық комитеті, атқарушы органдар сол ведомствоға қарайды. Бюджеттен қаржыландыруға тиіс өтінімдер де қаржы министрлігіне түседі. Бұл қызметті тоқсаныншы жылдары, яғни Советтік кезеңде экономика министрлігі істеген. Бұл үрдіс сол кезеңнен қалып кетті. Осылайша бюджетті есептеуде әлі Совет одағындағы әдісті қолданып келеміз», – дейді экономист Сапарбай Жобаев.

Маманның пайымдауынша, бюджетті қалыптастыру құзырының ұлттық экономика министрлігінде болуы үкіметке де ыңғайлы тәрізді. Сондықтан болар үкімет бюджетті есептеуді, сценарийлерді жоспарлауды қаржы министрлігіне міндеттегісі келмейді.

«Бюджет жобасы соңына дейін атқарылмады десе, бір-біріне сілтей салуға болады. Қаржы министрлігі, экономика министрлігі соңына дейін есептемеді дейді. Ал экономика министрлігіндегілер қаржы министрлігі атқару кезінде салық түсімі болмай, қаржы жетпеді деп айта салады. Бұл ыңғайлы. Аудан әкімдігі не ауыл әкімдігі неше жылдан бері ауыз су мәселесі шешілмей жатыр деп мәселе көтеруі мүмкін. Мұндай жағдайда да экономика министрлігі бюджет жоспарына енбеді десе, қаржы министрлігі ақша жетпей қалды деп, екі жақ бір-біріне сілтеп, созып жүре береді. Міне, осыдан барып біздегі бағдарламалар, жобалар, үкіметтің жоспары нәтиже бермейді. Мысалы, үкімет бюджетті жоспарлағанда 2025-2027 жылдары мұнай бағасы 75 доллар болады деп есептеді. Доллар курсы 470 теңге, инфляция 5,5-7,5 деңгейінде болады деген. Бірақ қазір жағдай басқаша. Халықаралық банктер болжамы бойынша мұнай 40-50 долларға дейін төмендеуі мүмкін. Әрине, бұл бюджет тапшылығының ұлғаюына үлес қосады. Бұдан соң Ұлттық қордан бөлінетін трансфертті тағы ұлғайтады және шығындарды қысқартады», – дейді экономист-ғалым.

2074 жылға арналған жоспар

Трамптың билік басына келуі, АҚШ пен Қытай ара­сындағы сауда шиеленісі күшейетінін, бұл ғаламдық экономикаға дүрбелең туғызатыны былтыр жыл соңынан бастап айтыла бастады. Экономист-сарапшы Мақсат Халық АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы әлемдік экономикада әлі де тұрақсыздық тудыратынын, бұл әрекет мұнай бағасына одан әрі әсер ететінін айтады.

«АҚШ пен Қытай арасындағы сауда шиеленісі мұнай бағасына сөзсіз әсер етеді. Егер мұнай бағасы екі есе төмендесе, экспорттан түсетін табыс та екі есе азаяды. Ал импорт пен экспорт арасындағы төлем балансында теріс көрсеткіш болса, ол ұлттық валютаға одан әрі қысым жасайды. Елдегі инфляция күшейеді, халық­тың төлем қабілеті де төмендейді. Үкі­метте осындай жағдайларға қатысты не­гізінен үш сценарий бар. Оны атқарушы билік жариялап та отыр. Бірақ мұнай бағасы 30 долларға дейін төмендесе, экономикамыз дағдарысқа ұшырайды деп айтуға толық негіз бар. Әрине, оған ешкім дайын емес. Егер мұнай бағасы барреліне 40 доллардан төмен түссе, шығындарды мұ­най есебінен өтеу мүмкін болмайды», – дейді маман.

Экономистің пайымдауынша, бізге жаңа жоспар жасап қана қоймай, жаңа бетбұрыстар жасауға кіріскен жөн. Мұнай бағасының төмендеуі отандық өңдеу саласын жедел арада дамытуға түрткі болуы керек.

«Сондықтан үкімет бұл дағдарысты нақты қадамдар жасауға мүмкіндік ретінде қарастыруы қажет. Біріншіден, әртүрлі мұнай сорттарын өңдей алатын төртінші мұнай өңдеу зауытын салу. Екіншіден, жоғары қосылған құны бар өнімдерге басымдық беру арқылы шағын тоннажды мұнай-химия өндірісін жолға қою. Үшіншіден, құрылыс материалдары, машина жасау компоненттерін шығару мақсатында терең газ-химия өндірісін салу маңызды болмақ. Бұл тұрғыда біз «қалай аман қаламыз» деген сценариймен шектелмей, жедел түрде «қалай пайда көреміз» деген сценарийге көшуіміз керек».

Алайда біздің министрлер жедел түрде деген сөзді жақтыра бермейді. Олар барынша асықпай әрекет еткенді, тіптен 20-30 жылға арнап жоспар құрғанды жақсы көреді. Мәселен, Қазақстанда бір ғана мұнай-газ саласын дамытуға қатысты ұзақмерзімге арналған бірнеше стратегиялық жоспар бар. Ол жоспарлардың бастапқысы 2022-2055 жылдарды жоспарлаудан басталған. Одан кейін 2022-2063 жыл, 2023-2074 жылдарға дейін мұнай химиясын, мұнай-газ саласын дамытуға қатысты жоспарларды құрып тастағанбыз. Бұдан бөлек, бізде асықпай салынатын «сақалды құрылыстар», елу жылдап төселетін тасжолдар, ашылып жабыла салатын зауыт-фабрикалар да баршылық.

Жалпы, елде осыған дейін экономиканы тұрақтандырып, инфляцияны төмендететін бірнеше бағдарламалар, жобалар, жоспарлар әзірленді. Мәселен, бізде 700 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, азық-түлік бойынша импорттан 90 пайызға арылуымыз керек болған импортты алмастырғыш бағдарлама болды. Бұл бағдарлама биыл мәресіне жетіп, ендігі жемісін жеп отыруымыз керек болған. Мұндай бағдарламаларды қабылдарда үкімет «мұнай бағасы түссе де экономикамыз түспейді, экономиканы әртараптандырамыз, индустрияны жетілдіреміз» деген уәделерді үйіп-төгеді. Дегенмен мұнайдың динамикасы өзгере бастап еді дағдарып қалдық. Бұл жолғы Жұманғаринның сценарийі енді қалай құбыларын Құдай мен мұнай ғана біледі.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ