Билік партиясы соңғы кезде кәсіпкерлердің партиясына айналып бара жатқан сияқты. Әрине, «Нұр Отанның» мүшелігінде қарапайым кәсіп иелері де жоқ емес. Бірақ осы партияның атынан сайлауға түскен қарапайым мұғалімді немесе дәрігерді білетініңіз бар ма?

«Нұр Отанның» ішкі ережесі бойынша сайлауға партия атынан бір округтен тек бір кандидат қана түседі. Мүмкіндігі мықты деген кандидатты партияішілік праймериз анықтайды. Жалпы, көпшіліктің, турасын айтсақ, партияның басшылық құрамының қолдауымен ұсынылған кандидат қана сайлауға партияның туын көтеріп шығуға құқылы. Ішкі ережеге сәйкес, партияның таңдауымен келіспей, сайлауға өзін-өзі ұсынған кандидат партия қатарынан шығып кетуі тиіс. Ал «Нұр Отанға» өңшең қалталы кандидаттардың ұнайтыны, таңдауды тек бизнесмендерге жасайтыны несі екен?
Дәлелді алыстан іздеудің қажеті жоқ. Бұған Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының құрамындағы 50 депутаттың дені тасы өрге домалаған бизнесмендер екендігін айтсақ та жеткілікті шығар. Сайлауға «Нұр Отанның» батасын алып барып түскен кандидаттың бабы да, бағы да келісіп шыға келетініне де бой үйрете бастадық. Облыстағы кейбір аудандық, қалалық мәслихаттар 100 пайыз «нұротандықтардан» тұрады. Дәл қазір мәслихатты «Нұр Отан» жасақтап отыр десек қателеспеуіміз мүмкін. Бұған «Нұр Отанның» филиалдарына әкімдердің өздері жетекшілік жасайтынын қосыңыз. Бір сөзбен айтқанда, билік партиясы атына заты сай болып тұр.
Оңтүстік Қазақстан облысында 29 қазанда босап қалған мәслихат депутаттарының орнына өтетін сайлауда әр округ бойынша бір-бір кандидатын ұсынған «Нұр Отан» тағы да қалталыларға ставка жасады. Ставка демекші, ел аузында іріктелген кандидаттар туралы түрлі сыпсың әңгімелер күшейіп барады. Әсіресе Шымкент қаласындағы №11 округтен түскен кандидат Қайрат Сүлейменовке қатысты.
Көпшілікке «Ұлы Орда» жанармай бекеттері желісінің қожайыны ретінде таныс, жас кәсіпкер Қайрат Сүлейменов 2016 жылдың наурызында өткен сайлауда да облыстық мәслихатқа Шымкент қаласындағы округтен «Нұр Отанның» атынан түскен болатын. Алайда ол сол жолы «ақжолдық» Қилыбек Тұрлыбекке жол беріп қойды. Араға бір жыл салып Шымкенттегі босап қалған №11 округтен тағы да «Нұр Отанның» атынан екінші қайтара бақ сынаған Сүлейменов бұл жолы да сүрінді. Рас, кандидат ешкімнен жеңілген жоқ. Дауыс беру күні жақындаған кезде Сүлейменовтің негізгі қарсыласы Бақытжан Көпбаевтың бұрын сотты болғаны анықталып, кандидатурасы алынып тасталды. Себебі бұрын сотты болған адам депутаттық сайлауға түсе алмайды. Бұл – сол кездегі облыстық сайлау комиссиясының таратқан ресми мәліметі. Алайда негізгі қарсыласы сайлаудан шығып, додада қасындағы екі қарсыласымен, (оларды қарсыласы дегеннен гөрі серігі десек жарасатын шығар) жеңіске бар-жоғы бір қадам қалған Сүлейменов ойламаған жерден тағы сәтсіздікке ұшырады. Екі қарсыласының декларациясынан ши шығып, жарыс жолынан шығып қалды. Бейресми мәліметтерге қарағанда, екі кандидатураны Астанадан келген арнайы комиссия алып тастаған көрінеді. Сайлауда қарсылассыз жалғыз қалған Сүлейменов сан соғып қала берген еді.
Міне, 29 қазанда өтетін сайлауда №11 округтен Сүлейменов тағы да бақ сынап отыр. Тағы да «Нұр Отанның» атынан. Ал оның негізгі қарсыластарының бірі – «бұрын сотты болғандықтан, сайлауға түсуге құқығы жоқ» сол баяғы Бақытжан Көпбаев. Жұрт аң-таң.
Біз осы жөнінде кандидат Бақытжан Көпбаевтың өзімен хабарласқан болатынбыз.
– Менің бұған дейін сотты болғаным туралы мәлімет шындыққа жанаспайды. Сол жолы «сотталғаным үшін» кандидатурамды алып тастағаны туралы мәліметті маған сайлау комиссиясындағылар түнгі сағат 10-дардың шамасында алып келді. Бар-жоғы екі-ақ сағат қалған. Мен дереу Еңбекші аудандық сотына арыз тастадым. Алайда сот уақыттың тарлығынан арызымды қарамады. Егер мен сотталған болсам, бұл жолы сайлау комиссиясы менің кандидатурамды қалай тіркеп отыр? – деді бізге өзінің кандидаттық куәлігін және соттылығының жоқ екендігі туралы құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің берген анықтамасын көрсеткен Б.Көпбаев.
Сонда бұл не? Ең бастысы, мұндай қитұрқылық неге, кімдерге керек болған? «Нұротандықтарға» ма?
Сайлауға түсіп жатқан сап-сау адамды сотталған деген негізсіз айыппен сүріндіру дегеніңіз сұмдық емес пе? «Нұр Отанның» бай бизнесмен Қайрат Сүлейменовке бір емес, осымен үшінші мәрте үміт артып, сайлауға партияның атынан ұсынуының астарында қандай гәп жатыр? Билік партиясы ұсынған кандидат бұл жолы үмітті ақтай ала ма? Бұл жолғы сайлауда тағы қандай «тың технология» қолданылады? Көпбаевты көпе-көрінеу сүріндіру қолдан ұйымдастырылса… «Нұр Отанға» ол қарсыласы сияқты өте қалталы бизнесмен болмағаны үшін жақпай жүр ме әлде?
Айтқандай, осы №11 окуругтен сайлауға түсіп жатқан облыстағы жанармай қауымдастығының президенті Қайыпбек Қамбаров сайлау науқанында бензин бағасын Ресеймен теңестіріп, 220 теңгеге дейін қымбаттатуды ұсынды. «Қайыпбеков осыдан кейін сайлауға қай бетімен түсіп жатыр?» дейді аң-таң болған жұрт.

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ
Оңтүстік Қазақстан облысы