Кейде он екі мүшесі сау адамдар тағдырдың болмашы сынағына шыдамай бордай үгіліп, өмірінен түңіліп жатады. Керісінше, туабітті кемтар немесе тағдыр тауқыметімен мүгедек болған жандар өмірге құштар келеді. Жаратқан Иеміз бұл жандардың бір мүшесін кем жаратып, мүмкіндігін шектегенімен, мұқалмас ерік-жігер, қажымас күш беріп, жан жарасын жеңілдеткендей. Олардың болашаққа құлшынысы, алға ұмтылысы, еңбектенуге ынтасы, бір сөзбен айтқанда, өмірге көзқарасы өзгеше.

Жамбыл облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірімізде мүмкіндігі шектеулі 44 544 тұрғын тұрады екен. Қолдауға мұқтаж қамкөңіл жандардың 5781-і кәмелет жасына толмағандар.
Жамбыл облысында биылғы жылы 560 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, 162-сі кәсіптік оқытуға жолдама алыпты.
– Жыл басынан бері арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету нәтижесінде біздегі оңалту және бейімдеу орталықтарындағы 17 мүмкіндігі шектеулі азамат балдақсыз жүре бастады. Мүгедектік арбасында отырған сегіз азаматтың жағдайы жақсарып, 24 адамның аяқ-қолы жақсы қимылға келді. Бұл ретте 13 баланың сөйлеуі, дыбыстауы түзеліп, бес бала арнайы көмекші мектепке, бес бала орта білім беретін мектепке барды. Осы орайда айта өтерлігі, орталықтан оңалтудан өткен сегіз адам өз отбасын құрды, – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков.
Осындай орталықтар Жамбыл облысының бірнеше ауданында ашылыпты. Мәселен, Жамбыл ауданында 30 орындық, Шу және Қордай аудандарында 25 орындық мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту және бейімдеу орталықтары жұмыс істеп жатыр екен. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында Т.Рысқұлов ауданында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған 20 орындық орталық және жалғызбасты қарттарға арналған бөлімше ашылса, Меркі ауданында 25 орындық орталық ашу жоспарланыпты.
Осы орайда, Шу ауданын мысалға келтіре кетсек. Бұл ауданда мүмкіндігі шектеулі жандардың саны 2992 болса, оның 405-і жас жеткіншектер екен. Соның ішінде 157 балаға жеке оңалту бағдарламасы берілген. Орталықтың барлық ұстаздары балалармен оңалту шаралары нәтижелі жүру үшін алдымен осы құжаттармен танысады. Әр жеткіншекке жеке тұлға ретінде қарап, педагогикалық, психологиялық, медициналық, мәдени, құқықтық және әлеуметтік, тұрмыстық бағытта жұмыс жүргізеді. Бала орталықта бір апта немесе одан да көп бейімделуі мүмкін. Сол аралықта әр бала жеке педагогтың бақылауында болады. Екінші аптада әр маман түрлі әдістемелер арқылы толық тексеру жүргізеді. Тәрбиешілер баланың өз-өзіне қызмет көрсетуін, тазалық дағдыларын және әлеуметтік бағдарлауын анықтаса, дефектолог маман олардың психикалық даму деңгейін, жан-жақты мүмкіншіліктерін анықтайды. Сондай-ақ музыкалық және еңбек пәнінің мұғалімдерімен бірге логопед, психолог мамандар да әр баламен жеке-дара жұмыс істейді. Жүйелі жұмыстар жүргізіліп болған соң, барлық мамандар бірлесе келе топтық бағалау жүргізіп, баланың даму деңгейіне байланысты оларды төрт топқа бөледі. Сол арқылы барлық мәліметтерді тіркей отырып мониторинг жүргізеді де, баланың орталықта қанша уақыт болатынын анықтайды.
Орталық директоры Естай Қыстаубаеваның айтуынша, аталмыш мекеме мүмкіндігі шектеулі балаларға қажеттілігіне орай тегін операцияларды да жасатып береді екен. «Мұндай балаларды ортаға бейімдеу – біздің басты міндетіміз. Олар өздігінен беті-қолын жуып, киімін кие алса, соның өзі бейімделу. Орталықта балғындар екі топқа бөлінеді. Үштен 7 жасқа дейін кіші топ болса, 7-ден 18 жасқа дейінгілер – үлкен топтағылар. Қазір 25 балаға әлеуметтік көмек көрсетіп отырмыз. Жалпы, заңға сәйкес, мүмкіндігі шектеулі балаларды орталыққа ата-аналары өздері әкеліп, алып қайтуға міндетті. Дегенмен ата-аналардың барлығы олай істей бермейді. Көбісі орталықтың мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы көлігіне сенім артады. Орталықтың көлік жүргізушісі күніне екі мезгіл шалғай ауылдардан балаларды орталыққа тасымалдайды. Ал біз оларды алты айға дейін тиісті бағдарламалар арқылы оқытамыз. Кейде бізде оқығандары бір жылдан кейін қайтадан келеді. Оңалту шараларынан кейін олардың қабілеті артып, мектепке баруға жарап жататындары да бар. Әрине, бұл біз үшін үлкен жетістік. Біздің орталықтан білім алған Аслан Забидов, Парасат Жарылқасын, Ахлима Аманқұл, Дарын Ермекұлы, Аязбай Мансұр сынды бүлдіршіндер қазір жалпы орта білім беретін мектепте оқиды. Олар озат оқушылардың қатарында. Тіпті 12 жастағы Әлмұханбет Ізмағанбетов «Жұлдыз-ай» ән байқауының аудандық, облыстық іріктеулерінен сүрінбей өтіп, республикалық жарыста жеңіске жетті. Бұл – орталық қызметкерлері еңбегінің жемісі», – дейді Естай Музапарқызы.
Иә, расында, мүмкіндігі шектеулі бір бала қоғамға бейімделсе, соның өзі орасан зор табыс, үлкен жетістік.

Нұрболат ӘЛДИБЕКОВ
Жамбыл облысы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Өтінеміз, атыңызды жазыңыз