1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
САУАЛНАМА
Президент қол қоймаса да «Ұлт көшбасшысы» туралы заң күшiне ендi. Бұл ненi көрсетедi?
Бәрi алдын-ала ұйымдастырылғанын (63%)
Ақорда «бұлбұлы» Ертiсбаевтың сәуегейлiгiн (0.7%)
Кеңес өкiметi көсемдерiнiң сарқыншақтары бiздiң қоғамда әлi бар екенiн (8.9%)
Қазақ қоғамының саяси мешелдiгiн (27.4%)
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Президенттің айналасында 99 пайызы жағымпаздар, жәдігөйлер, «жабық жемқорлар». Яғни, сыбайлас-жемқор демесін деп бәрін таныстары мен туыстарының атына жазып қойып үлкен бизнестерге ие болып отыр. Олардың қатарында елдің ертеңін ойлап отырған ешкім жоқ.  
Автор: Балташ Тұрсынбаев, қоғам қайреткері
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №18 (15476) 4 наурыз, бейсенбі 2010
4 наурыз 2010
Оңдасын Жиенқұлов екi оттың ортасында қалды

«Жығылған күреске тоймайды» деген, былтырғы жылы 5 мың гектар жерге қызылша егiп, қып-қызыл шығынға батқан жамбылдық диқандар биыл 10 мың гектар жерге тағы осы дақылды егудi жоспарлады. Әрине, «аузы күйген үрiп iшедi», биыл бұл мәселеге Жамбыл облысының басшылары әжептәуiр дайындықпен кiрiспек. Әр ауданға жiлiктеп бөлiп бергенде, Талас ауданының еншiсiне 400 гектар қызылша егу тиiптi. Аты Талас болғанымен бұл аудан өзi аттас өзеннiң ең төменгi жағында орналасқан. Яғни, онсыз да елдiң бәрi қызылша егетiн болып, бiр Талас өзенiне таласайын деп отырғанда бұл ауданда 400 гектар егу деген еш ақылға сыймайтыны анық едi. Содан аудан басшылығы облыс әкiмi Қ.Бозымбаевтың бiр сапары кезiнде осы мәселенi жұқалап жеткiзiп, бұған әкiм түсiнiстiкпен қарап, ақырында жоспардағы 400 гектар 200-ге түседi.

Талас – негiзiнен мал шаруашылығына қолайлы аудан. Сондықтан бұл аймақта жер жыртып, су суғарып, егiн егетiн шар­уашылық некен-саяқ. Аудан басшылығы 200 гектар жерге қызылша егудi осындағы «Талас» сервистiк дайындау орталығына (құрылтайшысы – «Қойшыбай ата» шаруа қожалығы) тапсырады. Орталық төрағасы Ақынбек Бек­тай­тегi кезiнде Ойық ауылында әкiм, аудандық мәслихаттың депутаты, одан аудан әкiмiнiң орынбасары болған, бұл саланы жетiк бiлетiн маманның бiрi. Соңғы жылдары мемлекеттiк қызмет­тi қойып, «Оңтүстiк» ӘКК арқылы үлкен жобаларды қолға алды. Аудан әкiмi Оңдасын Жиенқұловтың ел алдында берген есебiнде мынадай жолдар бар: «2010 жы­лы Ойық ауылдық округiн­де 200 гектарға көкөнiс дақылдары егiледi. Сонымен бiрге осы ауылдан 150 гектарға және С.Шәкiров ауылдық ок­ру­гiнде 150 гектарға, барлығы 300 гектар­ға жемiс-жидек жә­не жүзiм отырғызылады. Көк­өнiс өнiмдерiн ұқсатып, қайта өңдеу үшiн «Ойық» ауылынан 2010 жылы кәсiп­орын салынады. Ауылшаруашылық жұмыс­тарын тиiмдi жүргiзу үшiн «Талас» СДО «Оң­түстiк» ӘКК арқылы 37 дана ауылшаруашылығы техникаларын алғалы отыр». Мiне, мұның бәрi «Талас» СДО-ның қолға алған тiр­лiктерi. Әрине, орталық төрағасының айтуына қарағанда олар Өзбекстандағы «Шрейдер» ғылыми зерттеу институтымен байланыс орнатып, түрлi жемiс-жидек егудi, Иран мен Қазақстанның бi­рiк­кен «Дос-Фадақ» фирмасы арқылы көкөнiс егудi, жем-шөп дайындайтын цех, мал бордақылайтын орын, қымыз, шұбат қабылдап, оны қайта өңдейтiн шағын кәсiп­орын ашуды жоспарлап қойған. Бұның бәрi облыс әкiмiнiң осы ауданға жасаған сапары кезiнде айтылып, көрсетiлдi де.
Сонымен 200 гектар жерге қызылша егудi мойнына алған орталық былтырғы күзде лайықты жер iздейдi. Әрине, ауылдың батыс жақ бетiндегi Майлыкөлде суармалы жер бар, бiрақ, арнайы мамандармен бiрге барып көргенде, қаншама жылдардан берi қараусыз жатқан су арналарының быт-шыты шығып, мүлдем жарамайтыны белгiлi болады. Осыдан екi-үш жыл бұрын «Ойық» ауылының шығыс жағынан өтетiн Бөрiбай каналына 30 миллион теңге бөлiнiп, басынан тоспа жасалған-ды. Яғ­ни, осы каналдың суын пайдалануға болады деген сөз. «Iзде­ген­ге сұраған» деген канал бо­йында «Әсел» шаруа қожалығының қаншама жылдан берi пайдаланусыз жатқан 200 гектар жерi бар екен. А. Бек­тай­тегi әлгi шаруашылықтың қожайынын iздеп тауып, ақы­рында шаруашылықты iрiлен­дiру мақсатында олар жерiн бұларға берiп, жердiң құжаттарының бәрiн заңдастырып алады. А.Бектайте­гiнiң өзi айтады: «Былтыр күзде ауылда құдайы берiп, үлкендерден бата алып, әлгi 200 гектар жерге соқа салдық. Оған аудан әкiмi, облыстық әкiмшiлiктен, ауылшаруашылығы басқармасынан адамдар қатысты».
Содан кешегi қаңтарда аудан әкiмi ел алдында есеп берген кезде, «Ойықта» дау бұрқ ете қалады. «Ойықпен» жалғасып жат­қан «Көктөбе» ауылының тұрғындары «Мал жайылатын жер қалмады. Ақынбек жердiң бәрiн жыртып тастады. Осыны шешпесеңiз, жоғарыға арызданамыз» деп аудан әкi­мiне шағымданады. Негiзi әлгi 200 гектар жер мен ауылдың арасы 7-8 шақырым көрiнедi. Бұрын пайдаланусыз жатқандықтан ауылдың малы ары-берi еркiн аралап жүрген ғой. Ендi ол жердiң бәрiн жыртып тастады. Содан айқай-шу, арыз жазу басталады. Бiз бұл жер­де кәсiпкер А. Бек­тайтегiн жақта­йын деп отырғанымыз жоқ. Бәрi заң аясында шешi­луi тиiс. Сондықтан бiз Ойық­қа барып, ауыл азаматтарымен жолығып қайт­қан едiк.
 
Ғалым ҚАРТАБАЕВ,
Талас ауданы әкiмiнiң бiрiншi орынбасары:
– Осы мәселе бойынша Ойық ауылына екi мәрте келдiм. Шаруа қожалықтарының бастықтарын жинатып, жиналыс жасадым. Ауданда 12 мың гектар суармалы жер бар. Соның 5-ақ мың гектарын игерiп отырмыз. Қазiр игер­мей­тiн болса суармалы жерлердi алып қою мәселесi жүрiп жатыр. Ауданда қазiр 900-дiң үстiнде шаруа қожалығы бар. Әрине, барлық тiрлiк осы халықтың игiлiгi үшiн. Бiрақ бiр ай бойы трактор жердi жыртып жатты, неге бiреуi келiп сол кезде дау айтпайды. Екi мәр­те ауыл әкiмiнiң кеңсесiнде бас қосқан кезде ешкiм ондай әңгiменi айтқан жоқ қой. Басында Бектай­тегi бұл 200 гектар жерге алма бақ, жүзiм ексем деп айтқан. Осы ауылға бiр цех орнатсам деген. Бiрақ бiз «бiр жылдық егiс егiңiз» деп отырмыз. Жер жыртылып тасталды, ендi ол жерге мал жайыла алмайды. Қайта күзде соның масағына ауылдың малы жайылады емес пе?!. «Бiр жылға қоян терiсi де шыдайды» деген, қанша дегенмен Бектайтегi шығындалды, сондықтан бiр жылға болса да бастаған iсiн аяғына дейiн жет­кiзуге рұқсат беру керек шығар.
 
Барбосын ҚАДЫРБЕКОВ,
«Көктөбе» ауылының ақсақалы:
– Ауылға келiп, жиналыс өткiздiк деп жатыр. «Сол кезде неғып шықпадыңдар?» деген сөздiң жаны бар. Бiз әкiмге, депутаттарымызға сендiк. Жер жыртылып болған соң айналдырған 4-5 ауылдың малы сыймай қалды. Мал бiр-бiрiне қосылды. Қыста бүйттi, жазда мал қайда барады? Ертең жайылым тарылып, падашы таппаймыз. Мен екi сиырымды жетектесем де жаярмын, төрт, он сиыры барлар қайтедi?!
 
Болатжан ДУАНБЕКОВ,
Ойық ауылының әкiмi:
– «Әсел» шаруа қожалығының басшысы Қали Ақынбектiң шаруашылығына өз еркiмен бiрiктi. «Бiрiгемiн» деп өтiнiш жазды ма, ауылдың әкiмi ретiнде 10 күннiң iшiнде шешiп бермесем, өзiм қылмыскерге айналам. Сосын бiреудiң мемлекеттiк актi алып қойған жерiне «егiн екпе» деуге тағы құқым жоқ. Оның қолындағы қағазының бәрi заңды. Кезiнде бұл жер 25 жылға жалға берiлген.
 
Майкөн ҚҰТЖАНОВ,
«Ойыл» ауылының ақсақалы:
– Сиыр қайда жайылады? Ол жерде каналдан ары өтетiн көпiр қалып барады. Сиыр қалай өтедi? Жиналыс өтсе өткен шығар, бiрақ бiздiң ауылдан ешкiм қатысқан жоқ. Бұл – басынғандық. Бiр жыл егiп алып, сол бойы қалып кете ме деп қорқып отырмыз. Сосын бұ­лар жайылымдық жердi қалайша суармалы етiп ауыстырып алған?
 
Жалғасбек ТӘУКЕБАЕВ,
Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты:
– Әрине, қазақтың малсыз күнi жоқ. Бiрақ, мәселенi дұрыс түсiну керек. Ойықтың өз заңы жоқ. Заңдық жағынан келсек, мемлекеттiк актiсi бар адам ол жерге жүзiм еге ме, басқа еге ме, өз шаруасы. А.Бектайтегi ауылдың еншiсiне берiлген жердiң шетiнен алыпты. Бұл жер негiзi берiлмеуi керек. Бiрақ, кезiнде ауыл әкiмi заңның бiр бабына сүйенiп бергенi анық. Әкiмшiлiк тұрғындарға «мал жайылатын жер мынау» деп белгiлеп бердi ме, тақыр бола ма, басқа бола ма, сiздiң малыңыз осы жердi айналып жүруi керек. Жайылымдықты суармалы жер қылып ауыстырып алу анау айтқандай қиын емес. Бұл жерде бәрi заңды. Заңның аты – заң. Мұны тек сот шешу керек.
 
Ақынбек БЕКТАЙТЕГI,
«Талас» СДО-ның төрағасы:
– Қызылша бағдарламасы бойынша аудан әкiмi бiзден сұранды, бiз егуге келiсiм бердiк. Ауылдың ақсақалдарын жинап, батасын алып, жұ­мысты бастадық. Одан бас­қа ауылдың әкiмшiлiгiнде жиналыс өттi, ол жерде де осы әңгiме болды. Осы арыз­данған адамдардың бәрi қатысқан. Ешқайсысы ештеңе деген жоқ. Бiздiң жыртқан жерiмiз ауылдан 8 шақырым жерде. Осы жердi игеру үшiн қаншама техника сатып алдым, 10 адамға жұмыс бердiм, жанармай, темiр-терсек, соқа сатып алдым, бәрiн есептегенде 6 900 000 теңге болды. Құдай қаласа «Оңтүстiк» ӘКК арқылы 60 мил­лион теңгеге несие алғалы отырмын. Тағы 80 миллионға техника аламыз. Әрине, ауылдың арғы басына еккенде болар едi, бiрақ су арналары жарамайды. Бөрiбай каналына 30 миллион теңге ақша бөлiнiп, тоспа жасалынды, ендеше неге су айдалаға кетiп жатыр? Неге пайдаланбасқа? Суға тоспа жасап беремiн дегенiм рас, бiрақ жердi жыртып болғанша желтоқсан айы болды. Жер қатып қалды. Сосын тоспа жасау үшiн де арнайы рұқсат керек екен. Ағып жатқан өзендi рұқсатсыз өзiмнен-өзiм бекiте алмайды екенмiн. Сенбесе­ңiз, әр төрт шақырым сайын «өзеннiң бойында құрылыс салуға болмайды, өзендi басқа жаққа бұруға болмайды» деген ескертпе тақтайлар тұр. Ешқандай заңды аттағаным жоқ, құжаттарымның бәрi дұрыс. Тiптi, жергiлiктi әдiлет органдарына да тiркелген­мiн. Бiр шикiлiк болса солар табатын едi ғой. Мейлi, мен екпей-ақ қояйын, бiрақ қаншама шығыным шықты, соны қайтарсын. Кәсiпкер­лiк құқым­ды шектегенi үшiн соттасуға да барамын.
 
...Сонымен «Ойықтағы» дау ширығып тұр. Әрине, Талас ауданының әкiмi Оңдасын Жиенқұлов бүгiнде кәсiпкердiң көңiлiне бiр алаңдап, елдiң жағда­йына екi алаңдап, екi оттың ортасында жүр. Не кәсiпкерге «жұмыс iсте» деп айта алмайды, не ауыл ақсақалдарына «қойыңыздар» деп айта алмайды. Қанша дегенмен көптiң аты көп, оны да түсiнуге болады. Заң бойынша А.Бектайтегi құжаты заңды жерiне не iстеймiн, не егемiн десе де өз еркi. Онда ешкiмнiң шаруасы болмауы керек. Ол да осы елдiң азаматы, осы елдiң баласы. Бiрақ, елдi шулатып қойып тағы отыра алмайсың. Күннiң көзi жылынып, егiс науқаны жақындап келедi. Бектайтегi алған бетiмнен қайтпаймын деп отыр, соған қарағанда нағыз «қуырдақтың» көкесi ертең басталатын сықылды. Әйтсе де «егiн егемiн, жұмыс iстеймiн, елге жұмыс беремiн» деп отырған азаматқа ауылдың бiр топ азаматы неге кедергi жасайды? Қанат Бозымбаев Жамбылға әкiм болғанына үш айға жақындады. Әрине, бұл даудың түйiнiн тек сот қана тарқату керек. Десек те, күн сайын «кәсiпкерлерге жағдай жасаймыз» деп, «Жамбыл облысын еркiн экономикалық аймақ» деп жариялаған облыс әкiмi осы мәселеге көңiл аударып, арбаны да сындырмай, өгiздi де өлтiрмей, төрелiгiн айтса дұрыс болар едi.
 
Оралхан ДӘУIТ,
Жамбыл облысы
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар