1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Біздің еліміздегі өз ұлтына қарсы қастандық атаулының бәрі де қазақтың атымен жасалады. Қазақтың келешегі үшін туған жерімізді, ана тілімізді сатамыз, қазақтың келешегі үшін ар-ұятымызды саудаға саламыз, қазақтың келешегі үшін өз бауырларымызды бульдозермен үйлерін талқандап, еңіреп жылап-сықтаған әке-шешемізді, апа-қарындастарымызды “өлмесең өрем қап” деп қарғап, арттарынан бір кесек тас лақтырамыз. Ең қорқыныштысы осы опасыздықтардың бәрі де “Қазақтың келешегі үшін!” деген “ұлы” ұрандардың арқасында жүзеге асырылады.
Автор: Амангелді Кеңшілікұлы, әдебиет сыншысы
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №96 (16178) 30 қараша, сәрсенбі 2016
30 қараша 2016
Ескерткiш қоя алмай әлек
“ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ” ҚОРЫНЫҢ МАҚСАТЫ ПРЕЗИДЕНТТI ҒАНА ДӘРIПТЕУ МЕ?
Бұл тақырып бұрын да қозғалған. “Шымкентте президент Назарбаевқа ескерт­кiш қойылады” деген әңгiме соңғы 4-5 жылдың көлемiнде айтылып келе жатыр. Ес­керткiштi алтыннан жасау туралы ұсынысты кезiнде “Жас Алаш” газетiне берген сұхбатында “Қазақ хандығы” қорының президентi Камалидин Дулатов мәлiмдеген едi. Парламенттегi депутаттар Астанаға Н.Назарбаевтың атын беремiз деп, арнайы декларация қабылдап жатқан кезде бұл әңгiменiң шетi тағы шықты.
Жасыратыны жоқ, Нұр­сұлтан Назарбаевқа ескерт­кiш осы уақытқа дейiн Қырғызстанда, Алматы қаласында қо­йылды. Назарбаев оқы­ған Украинаның Днепродзержинск қаласында мүсiнi бар. Былтыр Түркияда да Қазақстан президентiне бiр ес­керткiш орнатыл­ған. Ес­туiмiз­ше, Қап тауының арғы жағындағы Шешенстанда да Н.Назар­баевтың есiмiн ие­ленген оқу орны бар көрi­недi. Ал Қазақстанның бiр­қатар қалаларында тұңғыш президент саябақтары ашылған. Ал Шымкентте ше? Жайшылықта жаңалықты елден бұрын жасайтын Шымкентте Назарбаевтың есiмi­мен байланысты әзiрге ешқандай (Назарбаев мектепте­рiн қоспағанда) нысан жоқ екен. Бiрақ уақтысында осы жөнiнде бiраз бастамалар көтерiлген.
Тұңғыш президент күнi қар­саңында “Жас Алаштың” тiлшiлер қосынына келген “Қазақ хандығы” қоғамдық қорының президентi Камалидин Дулатовтың айтуынша, Шымкентте президент Назарбаевтың ескерткiшi былтыр дайын болған. Алайда әлi күнге қойылмаған.   
– Бiздiң “Қазақ хандығы” қоры 2000 жылы құрылған. 16 желтоқсанда қордың құрылғанына дәл 16 жыл толады. Қор қазақ хандарының тарихын зерттеу үшiн ашылған. Осы бағытта ұйымдастыру жұмыстарын жүргiземiз. Қаржы мәсе­лесiн шешу, демеушiлер тарту дегендей. Соңғы жылдары Шымкентте Нұрсұлтан Әбiш­ұлының ескерткiшiн қою бастамасын көтердiк. Сол бастамамыз қазiргi таңда жүзеге асып жатыр, – дедi қор басшысы. – Ескерткiштi қазiргi Ордабасы алаңындағы биiк төбеге қойсақ дегенбiз. Бұл жерде бұрын ұшақтың ескерт­кiшi тұрған. Өңiрдiң тiзгiнiн ұстаған қазiргi әкiмдер қаншалықты қолдайтынын, қолдамайтынын қайдам, алайда бұған дейiнгi атқамiнерлер әл­денеден тайсақтап келдi. Бәлкiм, мемлекет басшысының өзiнен тiкелей рұқсат болмағаннан кейiн нақты шешiмге келе алмаған сияқты, – дедi К.Дулатов.
– Сонымен ескерткiш дайын ғой.
– Дайын. Өз көзiммен көр­генмiн. Соңғы рет былтыр көр­генiмде Тоқаев көшесiнiң бо­йындағы шеберханада тұрған. Толығымен бiткен. Ескерткiштi жасауға бас-аяғы 3 жылдай уақыт кеттi. Бiлуiмше, мүсiншi Алматыдан шақыртылған. Тұғырымен қоса есептегенде 7 метрдi құрайды. Тұғырының өзi – 2 метр 70 сантиметр. Бiз ұсынған жобаға бiраз өзгерiс­тер енгiзiптi. Бас сәулетшiнiң бе, әлде сол кездегi облыс әкi­мiнiң ұсынысы ма, бiлмей­мiн, президенттiң бейнесi оң қо­лын алға қарай созған кейiпте жасалыпты. Маған бұл өзгерiс ұнаған жоқ. Ескерткiш қоладан құйылған. Оның сыртын техникалық алтынмен жалатсақ деген ұсыныс та бар едi. Оған қаржы жағы жет­пейдi деген сылтауды тағы алға тартты, – дедi К.Дулатов. 
Қор жетекшiсiнiң айтуынша, осы уақытқа дейiн Назарбаевқа қатысты бiрнеше идея­ларды көтерiптi. Олардың бiразы Шымкентте болмаса да басқа қалаларда жүзеге асыпты.
– Ескерткiш қою туралы идеяның қайдан шыққаны түсiнiктi болды. Ал оған тапсырыс берушi, қаржыландырушысы кiм?
– Мұны облыстың сол кез­дегi әкiмi Асқар Мырзахметовтен сұрау қажет шығар. Осы жұмыстардың басы-қа­сында жүрген облыстың бұрынғы бас сәулетшiсi Бақытжан Әшiр­баев бiледi.
– Дайын ескерткiштi қою­ға не кедергi?
– Бұл ескерткiш былтыр Қа­зақ хандығының 550 жылдығында әрi президент Назарбаевтың 75 жылдығында қойы­луы тиiс едi. Кейiн ЭКСПО өткенше қойылмауы керек деген көрiнедi. ЭКСПО-ны көруге дүниенiң әр түкпiрiнен миллиондаған адам ағылып келе­дi. Сол кезде ескерткiш қо­йып жатсақ, “қазақстандықтар жеке басқа табынып жатыр” демей ме? Ескерткiш биыл Тәуелсiздiктiң 25 жылдығында да тұғырына қонбайды. Оны келер жылы жазда қойсақ та жаман болмас едi, – дедi сұх­бат берушi.
Қор былтырдан бастап Қа­зақ хандығының 550 жылдығына арнап қазақтың хандары мен батырларының мерейтойлық медальдарын шығаруды бастапты. Оның алғашқы екеуi – Назарбаевтың арғы атасы Қарасай батыр мен Шапырашты Наурызбай батыр атындағы мерейтойлық медальдар.
– Неге Қарасай мен Шапырашты Наурызбай батыр? Не­ге Қабанбай мен Бөгенбай емес, – деген сауалға қор пре­зидентi:
– Қазақтың батырларын бөле жармаймыз. Медальдi жасатуға демеушi болған азаматтардың қойған талабы осылай болды. Екi батырмен тоқтап қалмаймыз. Қазiр екi медальдi көпшiлiкке көрсету үшiн тағып жүрмiн. Құжат жүзiнде бәрiн рәсiмдегенбiз, – деген К.Дулатов қос медаль­дiң куәлiктерiн де көрсеттi және медальдардың алғашқысын президенттiң өзiне берудi жоспарлап жүргенiн де жасыр­ған жоқ.
– Бұл медальдарды беру­дiң тәртiбi қандай? Кiмдерге тақпақсыздар?
 – Қазақ хандарының тарихын зерттеп жүрген ғалымдар­ға, жалпы осыған қатысты iс-шараларға демеушiлiк жасаған азаматтарға берiледi,-дедi ол.
Әңгiмесiнiң соңында К.Дулатов жуырда парламент депутаттарының Астанаға прези­дент­тiң есiмiн беру туралы ұсынысына қатысты пiкiрiн де бiлдiрдi.
– Депутат Қуаныш Сұлтановтың мұнысы ойланбай iстелген жағымпаздық болды, – дейдi ол. –Депутаттар бұл ұсынысты алдымен халықтың талқысына салып, содан кейiн барып халықтың атынан ұсынуы тиiс едi.
Шымкентте Назарбаевтың қоладан құйылған 7 метрлiк ескерткiшi дайын, қазiргi уақытта ол қаладағы шеберханалардың бiрiнде тұр деген әңгiменiң анық-қанығын бiлу үшiн бiз Асқар Мырзахметов әкiм болған тұста облыстың бас сәулетшiсi қызметiн ат­қар­ған Бақытжан Әшiрбаевпен хабарласқан едiк. Бүгiнде мемлекеттiк қызметтен кетiп, зейнеткерлiкке шыққан танымал сәулетшi бұл мәлiметтi жоққа шығарды.
– Жоқ. Ешқандай ескерт­кiш жасалмаған. Камалидин Дулатов уақтысында ескерт­кiштiң жобасын алып келген. Бiрақ ол сапасыз жоба болатын. Ол сол күйi жүзеге аспай қалған, – дедi ол.
– Сонда Камалидин Дулатовтың айтып отырғаны өтiрiк пе? – деген сауалға Б.Әшiр­баев:
– Оны сол Дулатовтың өзi­нен сұраңыздар, – деп қысқа қайырды.
Сонда кiмге сенемiз? Ес­керткiштi өз көзiмен көрдiм деген К.Дулатовқа ма, әлде бәрiн жоққа шығарған Әшiр­баевқа ма? Рас, Астанаға атын беру туралы ұсынысты Назарбаев қабыл алмаған соң, оның үстiне әлi қойылмаған, қашан қойылатыны да белгiсiз ес­керт­кiш туралы әңгiме қоздатуға Әшiрбаевтың құлқы болмады ма деген күдiгiмiз де жоқ емес. Атқамiнерлердiң мұ­ны жұртқа жарияламай құ­пия ұстауы әбден мүмкiн. Әлде бұл мәселенiң анық-қанығын облыстың бұрынғы әкiмi Асқар Мырзахметов айтар ма екен? Әй, қайдам!?
 Ғалымжан Елшiбай,
Оңтүстiк Қазақстан облысы
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар