1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қартаюға қарсы, яғни жасартатын, мәңгілік өмір сүруге мүмкіндік беретін – дәрі-дәрмектер ойлап табу керек. Міне, қазіргі ғалымдар әлемде осындай шаруалармен айналысып жатыр.
Қазақстан ғалымдармен кездесуінде айтқан ұсынысынан. 04.09.09
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №98 (16180) 7 желтоқсан, сәрсенбі 2016
7 желтоқсан 2016
Көзбояушылық
Алақандай ауылдың әкiмi Серiк Әбжановтың сөзi “сұй­ық”, шаруасы шалағай. Осы қызметтiң “құлағын” ұстаған үш жылда тындырғаны шамалы. Ауыл азып ба­ра­ды. “Байқоңыр” бұрынғы барынан айырылып қалды. Оның қандай әкiм еке­нiн аудан басшылығы да бiледi екен. “Қазақ хандығының мерейтойына орай ауданда ең iрi шара өткен “Бұланты” Серiк басқаратын ауылдық округтың аумағында. Соған шалағай дайындалып, берiлген тапсырмаға атүстi қарап, қонақтардың алдында ұятқа қалдыра жаздады. Қайта өзiмiздiң қосымша қамданғанымыз жақсы болды” дейдi Ұлытау ауданының әкiмi Х.Омаров. Оның орынбасары М.Оспанов: “Серiк су жұқтырмайды” деп, қысқа қайырды.
 
Ал   байқоңырлықтарға әкiмнiң бар-жоғы — бәрi­бiр: “Алты ай жаз ауылда анда-санда болды. Көбiне қала жақта жүредi. Баласы — жеке жүргiзушiсi, келiн­шегiн де кеңсе жағынан көремiз. Кетсе, үшеуi бiр­дей қарасын батырады. Тiркесiп жүрмесе тынбайтын қандай iс? Бiрақ әкiм­сiз де тауық шақырып, таң атады. Оған күнiмiз қарап тұрған жоқ, әркiм өз шаруасын бi­ледi. Дегенмен, осы ауылдың егесi сияқты, ең болмаса, анау құлағалы тұрған вокзалдың жайын жоғарыға жеткiзбей ме?”.
Пайдалануға былтыр берiлген вокзалда мен де болдым. Ауылдан алшақ айдалада, сызды жерге салынған. Соған сай технологияны сақтамаған: iр­гетасын қалағанда астына қада қақпаған. Соның салдарынан ғимарат шөгiп барады. Арса-арсасы шығып айырылған қабырғаның арасына ертiндi айдап, бетiн тегiстеп қоятын кө­рiнедi. Ал кiреберiстiң бiр қарыстай қозғалып кеткен маңдайшасының астынан өткенде үрейiң ұшады. Құдай сақтасын, егер оқыс оқиға орын алса, Қарағандының “Бесобасында” құлаған көпқабатты үймен жылап көрi­суiң мүмкiн!
Серiктiң сөзде тұрмайтындығы сондай, ауылдың ақкөңiл, аңқау адамын қо­йып, аудан басшылығынан да қың­баған. Ол жөнiнде “Жас Алашта” жазғанбыз (“Тiгiн цехына бөлiнген қаржының “тiгiсiн” жатқызыпты”, 06.05.2016). Оқырманға түсiнiктi болу үшiн содан үзiндi келтiрмесек, болмас:
Биыл қаңтарда аудан басшылары қатысқан жиында жұртшылыққа есеп берген С.Әбжанов: “ауылда шағын тiгiн цехы жұмыс iстеп тұр” дегенде, тұрғындар таң-тамаша болды. Ал араға ай аралатып ау­дандық газеттiң 6 ақпандағы санында түрлi-түстi суреттерiмен “Байқоңыр ауы­лында тiгiн цехы ашылды” деген бiр бет мақала жарияланғанда, тұрғындардың “талағы тарс айырылды”. Неге?
Бiрiншiден, ауылда ашыл­ған тiгiн цехы жоқ (мiне, сә­уiрдiң соңғы аптасы — авт.). Екiншi­ден, “Даму” қоры арқылы қыруар қаржы алып, “тiгiн цехын ашты” деген кәсiпкер Шалқар Тұрсын­тегi ауылда емес, қалада тұрады...
Кейiн бiлгенiмдей, бұл шаруаның басы-қасында жүрген Шалқар емес, Сәтбаев қаласында же­ке­меншiк тiгiн шеберханасы бар анасы Бәтима болып шық­ты...
Бiрден айта кетейiн, ауылға арнайы бар­ғанда тағы бiр бiлгенiм — кәсiп­кер жiгiт ауыл әкiмiнiң жамағайын жиенi екен...
 Айтпақшы, аталған мақаланың авторы: “Талабы таудай жастың бастамасын ел ағасының қолдауы – құптарлық iс. Бұл ел игiлiгiне қызмет ететiн кемеңгер басшыға тән қа­сиет” деп, сiл­тейдi Серiк Әбжанов жө­нiнде. Шы­ны керек, өз басым мұндай мадаққа елде бiр-ақ адам “лайық” деп ойлайтын едiм, қатты қателесiп­пiн...
Мәселе мақалада немесе тiгiн цехының ашылған-ашылмағанында емес, ауылға ар­нал­ған қаржының қалай қалада қалып қойғандығында. Бұл ендi, сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметiнiң шаруасы”.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметi бұл былықты iндетудi қажет деп таппаған сыңайлы. Ал аудан әкiмi Х.Омаров пен оның орынбасары М.Оспанов: “Бiз еште­ңесiн бiл­мей­мiз” деп құтылды. “Бүйрегi бұрған” кәсiпкер­лер палатасының аудандағы өкiлi С.Оспанов пен аудан әкiмдi­гiндегi кәсiп­керлiк бөлiмiнiң басшысы Г. Ауғанова. “Даму” қоры қомақты қаржыны “көлденең көк аттыға” ұстата салмасын бiлген­дiктен, қалада тұрып ауылды қарық қылмақшы кәсiпкердiң бизнес-жоспарын көрсету­дi өтiнгенiмде кейiнгiсi: “коммерциялық құпия!” деп кергiдi. Телефонмен тiлдескен С.Оспанов кә­сiпкердi қолдау орнына, “тырнақ астынан кiр iзде­ген” ме­нiң тiрлiгiме түсiн­бейтiнiн тiлге тиек еттi.
Мынандай масқара оқиғадан кейiн ауылдастарының алдында ақталып, кешiрiм сұраудың орнына С.Әбiжанов: “Мен ешкiмге мақала жаз деген жоқпын, жоғарыға есеп беру үшiн аудандағылар iстеп отыр” деп, ат-тонын ала қашты. “Ал, тiгiн цехы түбi ашылады” де­дi газет тiлшiсiне. Тамызда “ашыпты” деп естiдiм. Таяуда көрдiм. Қысқасы — көзалдау! Мә­дениет үйiнiң екiншi қабатындағы кiтапхананың қарсысындағы аядай бөлмеге орнығыпты. Құрақ көрпе тiгетiн көрiнедi. Еңбек биржасының жолдамасымен жұмыс iстейтiн екi-үш келiншек азын-аулақ тиын-тебен алғанына мәз...
Елу шақты түтiннен тұратын “Байқоңырда” маған бөтенi жоқ. Құрығанда құда болып келедi. Аудан әкiмi газеттегi мақаланы меңзеп: “Мұның не?” десе, Серiк: “Жазса, өз ағам! Араласпаңыздар!” дептi. Аз-за-мат! “Қарға тамырлы” қазақпыз ғой, қай­темiз?!
Әлiбек ӘБДIРАШ,
Қарағанды облысы,
Ұлытау ауданы
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар