1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қартаюға қарсы, яғни жасартатын, мәңгілік өмір сүруге мүмкіндік беретін – дәрі-дәрмектер ойлап табу керек. Міне, қазіргі ғалымдар әлемде осындай шаруалармен айналысып жатыр.
Қазақстан ғалымдармен кездесуінде айтқан ұсынысынан. 04.09.09
Автор: Н.Назарбаев, ҚР президенті
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №99 (16181) 13 желтоқсан, сейсенбі 2016
13 желтоқсан 2016
Пассионарлар қайдан шығады?
Қазақстандағы қазақы облыстардың iшiндегi ең iрiсi, әрине, Оңтүстiк Қазақстан облысы. Құлдық, бодандық санадан ада-гүде арылып бiткен жоқпыз ғой, бiздiң кейбiр бейбақтар “қазақы облыс” дегендi әлi күнге дейiн “артта қалған облыс” деп түсiнедi. Шынында да, “қазақы облыс” деген не өзi? “Қазақтың қаймағы бұзылмаған өлке” деген сөз. “Қазақтың қаймағы бұ­зыл­маған өлке” деген не сөз? Ұлттың алтын қоры, ұлттың ертеңi, ұлттың болашағы деген сөз. Ұлттың жыртығын бүтiндеп, ұлттың кем-кетiгiн толтырып, ұлттың қара қазанын ортайтпай отырған қа­сиеттi өлке деген сөз. Қымыз қай кезде қымыз болады? Ашытқан кезде. Ашытқысы жоқ қымыз ешуақытта қымыз болмайды, iрiп кетедi. “Қа­зақы облыс” дегенiмiз де – ұлттың ашытқысы, ұйтқысы. Пассионарлар (ұлтты алдыға сүйрейтiн айрықша жiгерлi, бiлiктi тұлғалар) қайдан шығады? Оңтүстiк Қазақстан секiл­дi ұлттың ұйысқан жерiнен, ұлттың уызы мен қаймағы сақталған жерден шығады.
 
“Қазақы облыс” бар жерде қазақылық бар. Қазақылық бар жерде қазақтың тiлi бар, қазақтың өнерi бар, қазақтың әдебиетi бар. Дәстүр бар, салт-сана бар, ұлттық тарих пен ұлттық мәдениет бар. Осы жерден келiп ендi мынадай ақиқат шығады: қазақы облыс­ты басқаратын азамат елдiң, жердiң жағдайын жетiк бiлу­мен қатар, қазақ тiлiнiң, қазақ тарихының, қазақ әдебиетi мен мәдениетiнiң де үлкен жанашыры болуы керек. Бiздiң осы сөзiмiздi Оңтүстiк Қазақстан облысының жаңа әкiмi Жансейiт Түймебаевтың “Туған жердi түлету – перзенттiк парыз” атты басқосуы тағы да растай түскендей.
 
Бұл басқосуға Оңтүстiк Қазақстан облысында туған түлектер, қазiргi күнi елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнде, сондай-ақ алыс және жақын шетелдерде еңбек етiп жүрген мемлекет және қоғам қайраткерлерi, алуан түрлi салалардағы басшылар, бизнес өкiлдерi мен кәсiпкерлер, ғалымдар, ақын-жазушылар, суретшiлер, өнер мен мәдениет қайраткерлерi шақырылыпты. Бұлардың ұзын саны 200-дей болды ғой дей­мiн. Тағы бiр қызық “жайт”, бұлардың iшiнде Оңтүстiк Қазақстан облысында туғаны болмаса, бұл облыстан мүлде қол үзiп кеткен азаматтар да болды. Осы 200-дей адамды облыс әкiмi Жансейiт Түймебаев облыстық әкiмшiлiктiң үлкен залында қабылдады.
 
“Туған жердi қалай түлете­мiз? Туған облысымызды қай­тiп көркейтемiз? Бұл туралы Сiздермен ақылдасып-кеңесiп алайын деп шештiм. Осы өңiрдiң перзентi ретiнде өз ойларыңызды, пiкiрлерiңiздi ортаға салыңыздар!”. Әкiм осылай дегеннен кейiн кiм iркiлсiн?! Бiраз азамат өз ұсыныстары мен пiкiрлерiн айтты.
Ал ендi Оңтүстiк Қазақстан облысының экономикасын, ауыл шаруашылығын, мал шаруашылығын, өндiрiсi мен өнеркәсiбiн, жалпы облысты дамыту мен көркейту жөнiн­дегi өз ойларын Ж.Түймебаев қабылдаудан кейiн “Түркiстан” сарайында өткен басқосуда ортаға салды. Әкiмнiң ойы келген қонақтардың да, жер­гiлiктi тұрғындардың да көңi­лiнен шықты. Орнықты. Салмақты. Тереңнен ойластырылған. Жерiне жеткiзiле тексе­рiл­ген. Екшелген, есептелген.
 
Мәселен, дәл қазiр Шымкент қаласының тұрғындарының саны 1 миллионнан асыпты. Бұрынғы демалатын, қыдыратын орындар, парктер, аллея­лар ендi аздық ете бастаған. Не iстеу керек? Алдағы уақытта қаланың iшiндегi сай-салалар тегiс қала тұрғындары демалатын орынға айналады. Анкара (Түркия) үлгiсiмен. Әдетте, сай–қыста жылы, жазда салқын болады ғой. Қала iшiндегi сайлардың табаны тегiстелiп, оған ойын алаңдары мен жүретiн, жүгiретiн, қыдыратын жолдар салынып, сайдың екi беткейiне түрлi сая­лы ағаштар отырғызылады. Шымкенттiң қазiргi күнi тек қаңқасы ғана қалған әйгiлi қорғаны қайта қалпына кел­тiрiледi. Тарихи мекенжай әрi тарихи мұра ретiнде. (Кезiнде ақ патшаның генералы Черняев аяусыз атқылаған қорған ғой бұл!).
Облысқа инвестиция тартудың, қаржы әкелудiң жолдарын айта келiп Ж.Түймебаев былай дедi:
–Туған облысымызды көр­кейтуге арналған осынау игi­лiктi iске қол ұшын беремiн, көмектесемiн деген азамат­тар­ға есiгiмiз де, құшағымыз да ашық!
Қызметтiң ең пайдалысы, ең баяндысы не? Туған жерге, туған елге қызмет ету. Шым­кентте өткен жиынға жан-жақтан барған азаматтар­дың (Оңтүстiк Қазақстан облысында туған) баршасы да өздерi­нiң перзенттiк парызы мен қарызын сезiнiп қайтты.
Әмiрхан Меңдеке
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар