1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Еуропа болсын, оның ар жағындағы АҚШ болсын, ешқайсысының «Қазақстанды көтерейік, гүлдентейік» деген титтей де ойы жоқ. Мұнда олар «Қазақстанды пайдаланайық» деген оймен ғана келеді. Барлық жерде жаулап алды. Пайдаланды да, тастай салды. Тыржалаңаш шешіндіреді де, жібере салады. Соны ұғуымыз керек.
Автор: Тоқтар Әубакіров, ғарышкер
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №100 (16182) 14 желтоқсан, сәрсенбі 2016
14 желтоқсан 2016
Абыройсыздық аяқ астынан ал оған кiмдi кiнәлаймыз?
 “АрселорМитталТемiртаудың” күрделi жөндеуден өткен №4 домна пешi Нұрсұлтан Назарбаев телекөпiр арқылы тұсауын кескеннен соң артқа тәулiк тастап, қайта тоқтады. Бұл оқыс оқиға 8 желтоқсанда түнгi сағат оннан бiр минут өткенде орын алды. “Шатақ” шойын таситын шөмiштен шыққан. Компанияның баспасөз қызметi таратқан дерекке сенсек: “Домнаны жаңғырту мен экологиялық жабдықты жөндеуге 15 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды. Жаңғыртылған домна пешi ТМД елдерiнiң бiрде-бiр металлургиялық кәсiпорнында баламасы жоқ жаңа бiрегей жабдықпен жарақтандырылды. Пеш қатарға қосылғанда домна цехы шойын шығару көлемiн тәулiгiне 14 мың тоннаға дейiн ұлғайтуға мүмкiндiк алады”.
 
Одан облыс әкiмдiгiнiң баспасөз қызметi қалай қалсын: “Пештiң жобалық қуаты тәулiгiне 5800 тонна шойын шығаруға жетедi және 2016 жылы компанияның 4 миллион тонна болат балқытуын қамтамасыз етедi” деп, желпiлдеттi. Баспасөз қызметiнiң мұндай мақтауына бой үйренген, ал телекөпiр кезiнде мемлекет басшысы айтқан мына сөздi қайда қоямыз:
“Бiздiң елдегi қара металлургияның қарлығашы, бұрынғы Кеңес Одағындағы үздiк кәсiпорынның бiрi — Қарағанды металлургиялық комбинаты жылына 6 миллион тонна шойын шығаруға тиiс. Күрделi жөндеуден кейiн қатарға қосылған ең қуатты төртiншi домна пешiне үлкен үмiт артамыз”.
Амал не, үлкен кiсiнiң “үлкен үмiтi” ақталмайтын түрi бар. Келесi күнi кешке айтарлықтай апат орын алды: бiрiншi астаудың астындағы шөмiш күйiп кеттi. Кiм бiледi, “баламасы жоқ бiрегей жабдыққа” қарапайым шөмiш қаншалықты шыдас беретiнiн кезiнде тексергенде, мұндай оқыс оқиға орын алмас па едi? Осындайда “Ерiншек екi төлейдi” деген мақал еске түседi.
Әдетте шөмiшке шамамен 100 тонна балқыма құйылады. Ол жерге төгiлгесiн, ненi оңдырсын?! Кабельдi күйдiрiп, соның салдарынан басқару құрылғысына қол жетпей қалды. Ал ақауды ауыздықтағанша бiрнеше сағатта шамамен жарты мың тоннадай қызуы бет қаратпайтын балқыма бiлгенiн iстедi. Абырой болғанда, адам аман!
 
Ендi бұл домна пешi жобалық қуатына қашан жететiнi беймәлiм. Алдымен цехтың еденiн ен жайлаған төрт жүз тоннадан астам шойыннан арылу, кiрмежол мен күйген кабельдi қалпына келтiру керек. Бұл — бiрер айда бiтетiн шаруа емес. Демек, 6 000 000 тонна арманға айналады. Комбинат биыл 4 миллиондық межеден көрiнсе құба-құп! Көрiне алмаса, болат балқытушы “он үшiншi жалақыдан” қағылады.
Ал компания бұл алапат апатқа байланысты әлi ресми мәлiмдеме жасаған жоқ.
Мына бiр жағдай да ойландырады. Салтанатты сәтте қолайсыз сауал қойылуынан бiреу-мiреу қорықты ма, темiртаулықтардың пәтерi телекөпiр өтетiн күнi қыж-қыж қайнап тұрды. Бiрақ, ондай “бақыт” ұзаққа бармады. №2 жылу-электр орталығының бiр қазандығы 9 желтоқсанда ал араға үш күн салып екiншiсi iстен шықты...
Осыдан кейiн абыройдың айрандай төгiлгенiне кiмдi кiнәлайсың?
Әлiбек ӘБДIРАШ,
Қарағанды облысы,
Темiртау қаласы
« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар