1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазақты әбден бөлшектеп біттік қой. Қаланың  қазағы, даланың қазағы, бай қазақ, кедей қазақ, тіл білмейтін космополит қазақ, нағыз қазақ, діншіл қазақ, атеист қазақ деп. Енді қазақтар исламның ішінде бөліне бастады. Суфист, уахаб, салафит, қуранит т.б. деп. Бұл масқара ғой! Қазақты жіліктеп біттік. Тіпті әлгі жүзшілдігі мен рушылдығын айтпай-ақ қоялық. Жіліктеп бітіп, енді бөлшектеуге кірістік.
Автор: Нұрлан Ерімбетов, саясаттанушы.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №104 (16186) 29 желтоқсан, бейсенбі 2016
29 желтоқсан 2016
Мешiннiң ойыны ма, Бейжiңнiң ойыншығы ма?

Мешiн жылындағы Ақтөбе облысы жұртшылығын елеңдеткен оқиғалар – 30 сәуiрдегi Жер митингiсi және 5 маусымдағы террорлық акт. Атырауда, Ақтөбеде, Алматыда, Семей мен Қызылордада болған жер митингiлерi қазақ билiгiне қоғамдағы қарсылықты көңiл-күйдiң жалпыхалықтық сипатқа ауыса бастағанын айқын көрсеттi. Ал 5 маусымдағы 27 қылмыскердiң екi қару-жарақ дүкенi мен Ұлттық гвардияға шабуылынан соң елiмiзде террорлық акт болғанын ресми билiк бiрiншi рет мойындады. Ақтөбедегi теракт қазақ халқының билiктiң Қытайға жер саудасына қатысты қарсылығын басқа арнаға бұрып жiбердi. Мешiннiң дүрмегi ретiнде есте қалатын бұл екi оқиғаның дүмпуi алысқа кеттi.

Мешiн жылындағы жер дауы, теракт, мұнай бағасының құлдырауынан бюджет түсiмдерiнiң азаюы, мұнай компанияларындағы жаппай қысқартулар, халықтың сатып алу қабiлетiнiң төмендеуi қат-қабат келдi. Баға өстi, халықтың табысы өскен жоқ, азық-түлiк бағасы 30-40 пайызға көтерiлдi. Мәселен, 2015 жылдың қыркүйегiнде Ақтөбеде қанттың 1 келiсi 190 теңге болса, қазiр 240 теңге, 3,2% сүт – 217 теңге болса, қазiр 270 теңгеге өстi, сұйық май 260 теңгеден 360 теңгеге көтерiлдi. Айтқанымыздай, мешiн жылында жұрттың қалтасы жұқарған үстiне жұқара түстi.
Мұнай табысынан қағылған облыс билiгi соңғы 25 жылда тұңғыш рет облыс аумағындағы жайылымдық, шабындық, суармалы жерлердi, өзен-көл, тоғандарды түгендеп, қайтара есепке алуға кiрiстi. Қысқасы, мал, шаруашылығын, егiн, бақша шаруашылықтарын дамытып, осының аясында ұсақ шаруашылықтар құрып, шағын бизнес нысандарын құру шындап ендi ғана қолға алына бастады. Нәтижесiнде, жылдың аяғында қағаз жүзiндегi шаруашылықтар бiрiктiрiлiп, аудандарда 25 кооператив құрылды. Облыс тұрғындарының 420 мыңы аудандарда тұрады. Кооперативтер мал өсiрiп, сүт өнiмдерiн Ақтөбедегi сүт зауыттарына, ет-шұжық цехтарына өткiзбек.
Ауыл жұртының әл-ауқатының көтерiлуiне, табыс табуына, ауылдың салық түсiмдерiнiң артуына дағдарыстан туған кооперативтердiң қаншалықты әсер ететiнiн айту ерте. Бiр нәрсе анық: iшкi ауыл шаруашылығы өнiмi көбейсе, Ресейден келетiн азық-түлiк саны да азаймақ. Оған қазiргi рубльдiң теңгеге шаққандағы бағамының жоғары тұруы да қолайлы. Теңгеге шаққанда рубльдiң сатып алу бағамы 5.30 теңге болса, Ресей тауарларының елiмiз нарығына кiруiне жақсы кедергi. Еуразиялық экономикалық одақ елдерi арасында өзара сауда 2014 жылғымен салыстырғанда 30 пайызға төмендеген, осы елдердiң өзара экспорты үштен бiрге азайған.
Қытайдың дағдарыстағы геосаяси рөлi басқа қырынан көрiндi: Қашағаннан үлес алған Қытай осы кенiштегi мұнай тасымалын Атырау-Кеңқияқ құбыры арқылы Ақтөбе облысы аумағынан өткiзуге жыл аяғында жаңа қадам жасады. “Қашаған” жобасындағы америкалық компанияның үлесiн мұнай және газ министрi болып тұрған Сауат Мыңбаев сатып алып, Қытайға қайтара сатқан. Соның нәтижесiнде Ақтөбе облысының нарығында 20 жылдан берi орныққан “CNPC” “Қашағаннан” 8,33 пайыздық үлесiн сатып алған. Мұны айтып отырғанымыз, Ақтөбе облысының мұнай кенiштерiнде жұмыс iстейтiн “СНПС-Ақтөбемұнайгаз” бен оның еншiлес компаниялары өткен жылы облыстағы мұнай өндiрiсiн 5 миллионнан 4 миллионға азайтты. Қашағанның мұнайы Ақтөбенiң мұнайына деген “CNPC”-дiң қызығушылын жойды, осы компания төңiрегiндегi бiрнеше бұрғылау компаниялары жұмысын тоқтатты. Тұзасты қабаттарын бұрғылаумен айналысқан Ақтөбедегi “Ұлы қабырға қытай-қазақ бұрғылау компаниясы” жұмысын тоқтатты деуге болады, қазiр 700-ге жуық бұрғылаушы қысқарып кеттi. Бұл қытайлар нарықтан кеттi дегенi емес, олар басқа түрiне ауысып жатыр. Қытайдан Қазақстанға көшiрiлетiн химия кәсiпорындарының бiразы да Ақтөбенiң еншiсiнде. Ақтөбе қаласының iргесiнде “ Нұр-Ақтөбе” ықшамауданында калий тұздарын өндiретiн зауыттың салынатындығы, Қарғалы ауданында цемент зауыты құрылысын бастауы – Қытай капиталының облыс нарығына енуiнiң тiкелей айғағы. 2015 жылдың 16 желтоқсанында бұрынғы премьер-министр Кәрiм Мәсiмовтiң Бейжiңге сапарында 150 миллион АҚШ доллары тұратын цемент зауытын Ақтөбе облысының Қарғалы ауданында салу туралы келiсiм жасалды. Құрылыс 2016 жылдың ортасында басталуы керек едi. Бiрақ үнсiз. Бұл өз кезегiнде елiмiздiң батыс облыстарын Ресейдiң цементiнен тәуелдiлiктен құтқармақ деп айтылып қалды. Осыған дейiн жергiлiктi нарықты Ресейдiң Ново-Троицк қаласындағы комбинат жабдықтайды. Цементтiң шаңымен тыныстап тұрған Ново-Троицк қаласының басындағы жағдай Ақтөбенiң Қарғалысына да туатыны анық. Қытайдан қазақ жерiне көш бастайтын кәсiпорындар осылар.
5 жылдан берi заңсыз жұмыс iстеп тұрған Ақтөбедегi мұнай өңдеу зауытының ресми ашылып қалуы да – ықпал ету аймағында ойыншылардың алмасып жатқанының нағыз көрiнiсi. Осы зауыт Темiр және Байғанин ауданы кенiштерiнде мұнай тасып, одан шыққан жанар-жағармаймен Ақтөбедегi және Алматыдағы жанармай бекеттерiн жабдықтаған. Екiншi жағынан темiржол арқылы Ресейдiң Орск қаласынан келетiн ұрлықы мұнайды қазақстандық мұнай етiп қайта рәсiмдеп, Балтық бойына жөнелтiп отырған.
Бiр жағынан әбден әлсiреген Еуразиялық экономикалық одақтың жалаң ұрандарына қарағанда, Қытайдың аймақтағы саясатының ұтымды жүрiп жатқандығының да бiр дәлелi. Екiншi жағынан, елiмiздiң шекаралас облыстарында Қытай мен Ресей арасындағы экономикалық қайшылықтардан туындауы ықтимал жанжал ошағы пайда болуда. Осы кезге дейiн заңсыз мұнай ұрлығымен айналысқан, Ресейдiң Кавказ аймағымен тығыз байланысты салафиттiк топтардың басшыларын талқандаудың экономикалық пайдасын ендi Қытай жағы көрсетiп шығар.

Баян СӘРСЕМБИНА,
Ақтөбе

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті