1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Баян-Өлгийдегі қазақ отбасын Қазақстанда шығатын мерзімді басылыммен қамтамасыз ету, Ұланбатыр маңайына қазақ теледидарын қосып беру, меніңше, Қазақстанның қолынан келеді. Тіпті, өзге емес, түріктердің өзі Күлтегін мен Білге қағанға арнап керемет Орхон музейін салыпты. Бізді қатты таңқалдырды. Бірақ, біздің шеттегі қазақ диаспорасына көмектесуге ынтамыз аз.
Автор: Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымының жетекшісі
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №2 (16188) 10 қаңтар, сейсенбі 2017
10 қаңтар 2017
«Тiлдi балабақшадан бастаймыз»

ОБЛЫС ӘКIМIНIҢ НИЕТI ТҮЗУ ЕКЕН

Аймақққа жаңа басшы келген сайын жақсы жаңалық, оң өзгерiстер күтедi ел. Әсiресе, туған тiлiмiз бен рухани санамыз мешеулеу қалған солтүстiк өңiр үшiн бiр сiлкiнiс керек-ақ. Бiрақ турасын айтайық, осыны қолға алайын, дұрыс жолға қояйын деген басшыны әлi көзiмiз көрген жоқ едi. Бұл туралы әңгiме қозғай қалсаң жергiлiктi атқарушы билiк: “Қазақ тiлiндегi облыстық газет бар, “Найзатас” әдеби журналы екi тiлде шығады, қаламгер қауым жыл сайын азды-көптi әкiмнiң қолдау грантын аласыңдар, ендi сендерге не керек?” – деген уәж айтады. Ал қазақ тiлiндегi бiр журнал, бiр газетпен бұл жақтағы руханияттың жағдайы түзелiп кетпесi белгiлi.

Қазiр Павлодар қаласында орыстiлдi 4-5 газет шығады. Одан басқа аудандарда шығатын орыстiлдi ондаған басылымдар өз алдына. Облыс халқының 70-80 пайызы сол газеттердi оқиды. Өңiрдегi ақпараттық саясатты жасап отырғандар да солар. Бұл туралы талай мәрте жазылып жүр, бiрақ құлаққа iлер адам жоқ. Қазақ тiлiнде аймақтық бiр дұрыс газет неге ашпайсыздар деп Ерлан Арынның да, Қанат Бозымбаевтың да тұсында айтқанбыз. Ешбiрi селт етпедi.
Мұның бәрiн қозғап отырған себебiмiз, өткен жылдың аяғында, аймақтың жаңа басшысы Болат Бақауов қаламгер қауыммен кездесу өткiзiп, жылдағы дәстүрлi грантты тапсырып, екiжақты пiкiр алмасу ұйымдастырған. Жасыратыны жоқ, облыстағы орыстiлдi ауданның бiрi саналатын Железинкада туып-өскесiн, бұл азамат та ұлттық руханият мәселесiне салқындау шығар деп жүретiнбiз. Бiрақ өзiмен кездесiп, көзқарасын байқаған соң, бұл пiкiрiмiздi өзгертуге тура келдi.
Бәрiнен бұрын әкiмнiң әңгiменi қазақ тiлi мәселесiнен бастағаны. Бұрынғы басшылар бұл тақырыпты шамалары келсе айналып өтуге тырысатын.
– Қазiр кеңес мектебiнде орысша сыныпта оқығандарды қазақ тiлiн шала бiледi деп айыптап жатады. Шынын айтайын, сол кезде мектебiмiзде қазақ тiлi деген пән тiптен оқытылмайтын. Сосын ұмытпағанда қайтесiң? Бiрақ заман солай болды екен деп, барлығын саясатқа жаба бермей, өзiмiз үйренуiмiз керек. Себебi тiл өзiмiздiкi, ол бiзден басқа кiмге қажет? Ал ендi тiлдi дамытамыз десек, ең әуелi балабақшаларды қазақтiлдi етуiмiз керек. Баланың сәби шағынан санасына сiңген тiл ешқашан да ұмытылмайды. Мен осы ойымды үкiмет басшыларына да бiлдiрдiм. Әрине, бұл бүгiн-ертең шешiле салатын шаруа емес. Бұл – менiң жеке ұсынысым, осыған байланысты сiздердiң де көзқарастарыңызды бiлгiм келедi. Қазақ тiлi балабақшадан бастап оқытылса, басқа ұлттың балалары да үйренiп шығар едi. Ал қазақ тiлiн меңгерген басқа ұлт өкiлдерi қашанда сый-құрметке ие екенiн көрiп жүрсiздер. Өткенде Павлодарда президентпен болған кездесуде Алексей Лодочников деген бозбала домбырамен ән салып, әп-сәтте жұлдыз болып шыға келдi, – дедi Болат Жұмабекұлы.

Аймақ басшысының екiншi ұсынысы Наурыз мерекесiне байланысты болды. 22 наурыз – мемлекетiмiз үшiн үлкен мереке, жылдың басы. Бiрақ наурыз айында бұл жақта күн әлi де салқын болып тұрады. Тiптi кейде алай-түлей боран соғатын кездерi де бар. Дегенмен, мереке болғасын киiз үйлер тiгiледi, маңында сауда-саттық жүрiп жатады. Әр ұйым-мекеменiң тiккен киiз үйлерiнде халық жайылған дастарқаннан дәм татып, наурыз көже iшiседi. Мұндайда iшiмдiк iлесе жүредi. Сырттағы тон-тымақ киiп қорбаңдасқан ел амалсыздан арақ-шараппен бой жылытады. Тонның сыртынан ұлттық шапан киген өнерпаздар жарым сағаттай ән салған болады. Мiне, бiрер сағаттың iшiнде зыр етiп өте шығатын бұл жақтағы наурыз мейрамының көрiнiсi осындай. Аты Наурыз болғанымен, мерекелiк нышаны шамалылау. Кездесу үстiнде Болат Бақауов осы мәселенi сөз еттi.
– Наурыз келгенде, бiздiң жақта күн әлi жылына қоймайды, халық дұрыстап мерекелей алмайды. Сондықтан жоғары жаққа тағы да бiр ұсыныс айтсам деп жүрмiн. 22 наурыз күнi жабық ғимараттарда спорттық, басқадай мәдени шаралар өткiзiп, ал мерекенi сәл кешiректеу, күн жылынғасын өткiзсе, жарасып кетер едi, – дедi әкiм.
Егер жоғарғы жақ мұны қолдай қалса, орынды-ақ ұсыныс екен. Көк шығып, күн жылынғасын тойланса, халық та жадырап қалар едi.
Өткен жылы облыс әкiмдiгi қаражат бөлiп, жергiлiктi он шақты қаламгердiң қазақ-орыс тiлдерiнде кiтаптарын шығарып берген . “Қажет болса, ендi он емес, жиырма жазушының кiтабын шығарамыз. Оған мүмкiншiлiк бар, жергiлiктi қаламгерлердi қолдау – бiздiң мiндетiмiз. Жыл аяғына дейiн әлi де талай кездесемiз, ой-пiкiрлерiңiздi тыңдаймыз. Биылғы жылы Екiбастұз қаласында Мәшһүр-Жүсiп бабамыздың үлкен ескерткiшiн орнатып, өзiнiң кесенесiне дейiнгi 80 шақырымдық жолды жасатамыз”, – дедi әкiм.

Сайлау БАЙБОСЫН,
Павлодар облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Аспандияр | 11 қаңтар 2017 17:48
Өте дұрыс екен. Бұл әкімнің сөзіне қарағанда расында да ниеті дұрыс адам екен! Іске сәт әкім мырза!
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті