1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
  “Шымбұлақ” тау шаңғысы курортының 25% Н.Назарбаевтың меншiгiнде. Мәселен, Болат Назарбаев “Шымбұлақта” екi үйi болғанын қалады. Мұнымен курорт басшысы Сергей Гитолов келiс­пептi. Сонда оның басына тапаншасын тақаған президент­тiң iнiсi: “Қазiр сенi жайратып салу маған түкке тұрмайды. Бұл үшiн маған ештеңе болмайды“ деген.  “Шымбұлақтағы” үйлердің иелері: Н. Назарбаев, Б. Назарбаев,  Д. Назарбаева, Ә. Назарбаева, Т. Құлыбаев, К. Мәсімов, И. Тасмағамбетов, Қ.Саудабаев, Н. Әбіқаев, А. Шабдарбаев, Б. Мұхамеджанов, Н. Сұбханбердин, Т. Досмұхамбетов, Б.  Өтемұратов, С. Қалмырзаев, А. Есімов, Д. Ахметов, А. Машкевич, П. Шодиев, Ә. Ибрагимов, С. Гиталов, Ә.Арғынғазин, А. Клебанов, В. Храпунов.
Автор: Виктор Храпунов, Алматы қаласының бұрынғы әкімі. “Республика” газетi. 03.10.2011ж.
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №2 (16188) 10 қаңтар, сейсенбі 2017
10 қаңтар 2017
Додоға түскен “Дидар” ақыры сатылып кеттi

Жаңа жылдың тура табалдырығында тұрғанда, 2016 жылы 30 желтоқсанда жезқазғандық “Дидар” телеарнасы сатылып кеттi. Бұған ұжым қарсы. Неге? Жекешелендiрiлiп жатқан жалғыз жезқазғандық телеарна ма? ҚР үкiметiнiң 2015 жылғы 30 желтоқсандағы “2016-2020 жылдарға арналған жекешелендiрудiң кейбiр мәселесi туралы” №1141 қаулысына сәйкес, бәсекелестiк ортаға шығару көзделген коммуналдық меншiктегi мекеме тiзiмiнде бiрқатар аймақтық БАҚ та бар. Қазақстан бойынша ұзын-ырғасы — 30, оның 18-i Қарағанды облысына қарасты. Жезқазғандық “Дидар” телеарнасының басшысы Базарбай Әлеуханұлының айтуына қарағанда, “Дидардан” басқа БАҚ — дiнаман!

“Елдiң ақпараттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудегi орнын ескерген, саяси маңызына мән берген үкiмет басшысы Б.Сағынтаев аталған аймақтық БАҚ бiткендi аталмыш тiзiмнен алып тастау туралы ҚР президентi Нұрсұлтан Назарбаевқа 2016 жылы 24 қарашада ұсыныспен шығып, президент оны қолдады. Сосын премьер-министр тарапынан тиiстi министрлiк пен облыстар әкiмiне нақты нұсқау берiлiп, оның орындалуын бақылау орынбасары Иманғали Тасмағамбетовке тапсырылды. Ол құжат Қарағанды облыстық және Жазқазған қалалық әкiмдiгiнде бар.
Бiрақ жергiлiктi билiк берiлген пәрменге пысқырып та қарамады. Президент пен үкiмет басшысының нұсқауын мүлтiксiз орындаудың орнына, телеарнаны асығыс сатып жiбердi. Сөйтiп, 51 миллион теңгенiң нысаны 38 миллион теңгеге өтiп кеттi. Ал алған кiм? Жезқазған әкiмдiгi жанындағы “Әкiмшiлiк ғимарат кәсiпорны” АҚ басшысы!
Телеарнаның ешкiмге ешқандай қарызы жоқ. Қызметiн көрсеткенге қала әкiмдiгi төлейтiн азын-аулақ тиын-тебен болмаса, жергiлiктi бюджетке де алақан жайған емес. Телеарнада 40 адам қызмет iстейдi. 15 келiншек жас бөбегiн бағып, декреттiк демалыста отыр. Бәрi болашағына алаңдаулы. Себебi, сатып алушы келешекте телеарна қызметiнiң бағытын өзгертпесiне ешқандай кепiлдiк жоқ”, – дейдi Б.Әлеуханұлы.
Сөз орайында, телеарна ұжымы ҚР парламентiнiң мәжiлiс депутаттары Қ.Сұлтановқа, Б.Тiлеуханға, С.Әбдiрахмановқа, сенаторлар М.Алтынбаевқа, Ж.Ерғалиевке, Р.Түсiпбековке хатпен шығып, қолдау тапқанын айта кеткен артық болмас.
Жалпы, “Дидарды” саудаға салғанды қалың көрермен де қолдай қойған жоқ. Мәселен, кезiнде кейбiр көксоққанның қанжығасында кете жаздаған қазақ тiлiнiң жоғын жоқтаған Ермекбаев Асқар ақсақал Жезқазғанның маңдайына бiткен жалғыз телеарнаның тағдырына қабырғасы қайысып, қала әкiмi Батырлан Ахметовке былтыр қарашаның ортасында былай деп сөз арнаған:
“Қарағым, Батырлан! Жезқазған облыс мәртебесiнен айырылғалы көресiнiн көрiп келедi. Басқасын айтпағанда, ауыз су сапасыз, жолдың түрi анау. Қала тозып барады. Арамшөп қаулап, қоқыс басып кеттi. Осы шаруаны түзеу орнына, мұң-зарымызды айтып, көңiлiмiздi көтеретiн, сөзiмiздi сөйлейтiн “Дидар” телеарнасын аяқастынан сатпақшы екенсiң. Ұят қайда?! Қолда өскен баласың, халықтың бетiне қалай қарайсың ертең? Әкiм кезiмде не бiтiрдiм дейсiң? Ойлан, Батырлан!”
Жергiлiктi билiк бұған қалай қарайды? Бұл сауалға Жезқазған қалалық әкiмдiгiндегi экономика және қаржы бөлiмiнiң басшысы Виктория Ставицкая былай жауап бердi: “Үкiметтiң жоғарыдағы қаулысына сәйкес Жезқазғанда жетi нысанды жекешелендiру қарастырылған. Облыс әкiмiнiң бiрiншi орынбасары бекiткен кесте бойынша соның алтауы былтыр иесiн табуға тиiс болатын. Соның бiрi – “Дидар”.
Жекешелендiру ҚР үкiметiнiң 2011 жылғы 9 тамыздағы қаулысымен бекiтiлген жекешелендiрiлетiн нысанды сату ережесiне сәйкес жүргiзiлдi. Ол 51 013 130 теңгеге бағаланды. Алғашқы екi сауда-саттық (08.11 және 29.11) қажеттi қатысушы болмай, өтпей қалды. Ал 30 желтоқсанда бастапқы бағасы ережеге сай 12 753 283 теңгеге өзгерген “Дидар” тендер қорытындысында 37 651 970 теңгеге сатылды. Жеңiске жеткен жеке тұлға – жезқазғандық кәсiпкер Мағауия Мизанбаев”.
Бiз бұл жерде бiреуге төрелiк айтудан аулақпыз. Тек жоғарының нұсқауын жергiлiктi билiктiң керек қылмағаны қызық екен?! Сонда билiк бiткенде бедел қалмаған-ау? Әркiм ойына келгенiн iстей бере ме? Премьер-министрдiң орынбасары И.Тасмағамбетов пен ақпарат министрi Д.Абаев Жезқазғандағы бассыздықты бiле ме екен?”.

Әлiбек ӘБДIРАШ,
Жезқазған

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті