1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазіргі адамдар «бірің өліп, бірің қал» дегенді мықтап ұстанып алған. Өйткені адамдар ешкімге сенбейді, сенейін десе есітетін әңгімелерінің бәрі өтірік. Сондықтан бәріміз ас үйде отырып, үстелді тоқпақтап, революция жасаймыз, көшеге шыққанда үнсіз қаламыз, өкінішке орай, осылайша екі жүзді болып барамыз.
Автор: Болат Атабаев, театр режиссері
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №14 (16200) 16 ақпан, бейсенбі 2017
16 ақпан 2017
Дүбiрмен басталған дүние күбiрмен аяқталып жүр

ЕЛДIҢ ЕНДIГI ҮМIТI ТҮЙМЕБАЕВТА

Осы аптада президент Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Жансейiт Түймебаевты қабылдады. Теледидардан президент пен әкiм арасындағы әңгiмелердi үзiп-жұлып бергенiмен, мемлекет басшысының Оңтүстiктегi тiрлiктерге көңiлi толмай жүргенi байқалып қалды. Әрине, бұл атқа қонғанына көп бола қоймаған қазiргi әкiмге оншалықты қатысы жоқ дүние. Сонымен Назарбаев не дедi?
– Халқы ең үлкен облыс бола тұра дотацияны ең көп алатын Оңтүстiк Қазақстан. Ондай екiншi облыс жоқ. 80 пайызға дейiн аласыңдар. Ал ендi өздерiңнiң салық жинауларың бұрынғыдан төмен. Жұмыссыздық Оңтүстiк Қазақстан үшiн әр уақытта негiзгi мәселе болып саналады. Үшiншi – шағын және орта бизнес. Олар көбеймейдi, төмендеп жатыр немесе сол қалпында тұр. Жинаған тәжiрибеңдi пайдаланып, инвестиция тарт, – дедi президент.
– Елдiң экономикасы мен қоғамдық жағдайымен таныстық. Жаңа жоспарларды айқындап, жұмысты бастап жатырмыз, – дедi Жансейiт Түймебаев.
Иә, халқының саны жағынан Қазақстанның алтыдан бiрiн құрайтын өңiрде өзiндiк кiрiстiң төмендiгi көптен берi айтылып келе жатқан өзектi тақырып. Әсiресе ол аудан, қалаларда тiптен мардымсыз. Осы жуырда ғана Ордабасы ауданының әкiмi Алмасбек Мамытбековтiң есебiн тыңдауға барған облыс әкiмi жергiлiктi кiрiстiң 9 пайызды ғана құрайтынын, қалғанының трансферттер екенiне тоқталған едi. Өнеркәсiбi дамыған Ордабасыдағы жағдай осындай болған соң шалғайдағы Шардарадағы, халқы аз, инфрақұрылымы нашар Отырар мен Бәйдiбектегi жағдайдың қандай екенiн өзiңiз бағамдай берiңiз. Өндiрiстi өркендетедi деген инвесторлар Оңтүстiкке келмейдi емес, келiп жатыр. Бiрақ неге екенi белгiсiз, сол инвесторлардың сүйiншiлеп бастаған тiрлiгiнiң ақыры сұйылып кететiн болып жүр. Дүбiрмен басталған дүние күбiрмен аяқталады.
Жуырда әкiмдiкте өткен жиында облыс әкiмiнiң орынбасары Ербол Садыр инвесторларға қатысты бiраз ащы шындықты айтып салды. 2016 жылы облыста инвестиция тарту мақсатында кең көлемде шаралар өткiзiлген. Көптеген келiсiмдерге қол жеткiзiлген. Алайда оның нәтижесi аз болып тұр. Келiсiмдер орындалмаған. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшiн құрылған 11 индустриялық аймақтағы жағдай да мәз емес. Кейбiр аймақтарда ашылады деген кәсiпкерлiк жобалар тұралап тұр. Осы өндiрiстiк аймақтарды құру үшiн қазынадан, Ұлттық қордан миллиардттаған қаржы бөлiндi емес пе? Оның қайтарымы қашан болады?
Жасыратыны жоқ, өңiрде инвестициялық климатты жақсарту, инвесторларды тарту үшiн көптеген iс-шаралар өтiп жатыр. Бұл жағына келгенде облыс басшыларының қамшы салдырмайтыны рас. Мына сәйкестiктi қараңыз, Оңтүстiк Қазақстан облысын басқарған соңғы үш әкiм де бұл қызметке елшiлiктен келген екен. Асқар Мырзахметов уақтысында Қазақстанның Өзбекстандағы елшiсi қызметiн атқарғаны белгiлi. Одан кейiнгi әкiм Бейбiт Атамқұлов Малайзиядағы елшiлiктен келдi. Оның орнын басқан Түймебаев Түркиядағы елшi қызметiн атқарған. Ел мен елдi жақындастыратын, алыс-берiске дәнекер болатын елшiлердiң қызығын Оңтүстiктiң халқы бiр кiсiдей-ақ көрiп келедi. Бейбiт Атамқұлов қызметiне келген бойда аудан, қала әкiмдерiнiң қызметiн инвестиция тартумен бағалауға көштi. Шетелдiктердi елге шақырудың үлгiсiн де өзi көрсеттi. Облыс әкiмiнiң қабылдауына алыстан ат терлетiп келген делегациялар топырлап кiрiп жатты. Қытайлық алпауыт компания Оңтүстiкте томат зауытын салу жөнiнде уағдаластық жасады. Ираннан келген кәсiпкерлер ауыл шаруашылығына инвестиция тартамыз дедi. Түркиядан жеткен бiр топ кәсiпкерлер бiрнеше жобаны жүзеге асыруға уәде берген. Гректермен кiрпiш зауытын, венгерлермен күн электр стансасын салу жөнiнде келiсiмге қол жеткiзiлдi. Былтыр сәуiрде Шымкенттегi “Rixos Khadisha Shymkent” қонақүйiнде өткен “Ontustik Invest – 2016” халықаралық инвестициялық форумына әлемнiң 20 елiнен келген 600-ден аса кәсiпкер жиналып, жалпы құны 2,5 миллиард долларды құрайтын 40-қа жуық меморандумға қол қойғаны есте. 2,5 миллиард доллар дегенiңiз қайда жатыр?! Мұндай көл-көсiр инвестиция Оңтүстiктiң атқамiнерлерiнiң бұған дейiн түсiне де кiрмеген шығар. Құдай сөзi – уәдемен бағаланған сол көл-көсiр қаржы қазiр қайда?

Есте қалған бiр-екi инвестжобаға тоқталайық. Екi жақты келiсiмдердiң нәтижесiнде Оңтүстiкте жылына 200 мың тонна шикi құрғақ қант, 600 мың тонна қант қызылшасын және 300 мың тонна тауарлық қант өңдейтiн кәсiпорын ашылатын болған. Зауыт өндiрген өнiмiнiң 70 пайызын iшкi нарыққа, 30 пайызын экспортқа жiберу жоспарланған. Мақтаарал ауданында 2 мың тонна жемiстi қайта өңдеуден өткiзiп, 1,5 мың тонна жемiс-жидектi мұздатып және сақтайтын кептiру кешенiн ашу көзделген. Жергiлiктi кәсiпкерлер түрiк инвесторларымен бiрлесiп, өткен жаздан бастап қазақ-түрiк индустриялды аймағында тұрғын үйлердi жылытуға арналған алюминий радиаторларын шығаратын зауыт салуға уәде берген. Ал Малайзиядан келген инвесторлар Шымкентте бiрнеше жылдан берi айтылып, “жырға” айналған қоқыс өңдейтiн кәсiпорын салуға құлшына кiрiсетiн болған.
Осы жиында “Оңтүстiк дағдарысқа қарамастан бизнестi өркендетiп жатыр, инвестиция тарту жағынан облыс республикада көш бастады, индустрияландыру бағдарламасы шеңберiнде iске қосылған жобалардың әрбiр төртiншiсi Оңтүстiкке тиесiлi” деп, ақпарат құралдары жар салған. “Шығыс Азияның жолбарыстары” атанып жүрген Сингапур сияқты, Тайвань тәрiздi елге айналып кетудiң аз-ақ алдында тұрғандай едiк. Алайда Ербол Садырдың сөзiне қарағанда осыншама дабыра жобалардан әзiрге нәтиже болмай тұрған сияқты. Неге?
Түркиядағы елшiлiктен келген Түймебаев та қызметiне тағайындала салысымен түркиялық кәсiпкерлердiң Оңтүстiкке келiп, өз iсiн ашуына дәнекер болып жүр. Қазiр Оңтүстiктiң экономикасы Түркияға қарап бет түзеуге көштi. Кәсiпкерлер Түркиямен таңғалады. Облыс әкiмi Түркиядағыдай туризмдi дамытуға күш салуда. Түркiстанды туристердiң Меккесiне айналдырамын деген жоспары бар. Жуырда облыс әкiмiнiң бастамасымен тағы сол “Rixos Khadisha Shymkent” қонақүйiнде қазақ-түрiк инвестициялық форумы өттi. Көп келiсiмдерге қол қойылды. Тек сол келiсiмдердiң ауада қалықтап қалмай, “қара қазанның” игiлiгiне қызмет етсе болғаны. Ел Түймебаевтың iскерлiгiне сенiп отыр.

Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ,
Оңтүстiк Қазақстан облысы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Туркистандык | 16 ақпан 2017 15:09
"Инфракурылымы нашар Отырар ауданынын" Кызылкумында жылына канша мын тонна уран ондирилетинин билесин бе Бакытжан мырза? Алдагы уакытта осы такырыпка калам тартшы, ел билсин, казак байлыгынын кайда кетип жатканын!
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті