1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
«Қазақстандық ұлт» идеясы да бiзге сырттан таңылып отырған нәрсе. Бұл идеяны өзiмiздiң шала қазақтар да қолдап, қолпаштап жүр. Олжастарға (Сүлейменов) керегi осы. Неге? Өйткенi, «қазақстандық» болсақ, қазақ тiлiнiң қажетi болмай қалады. Президенттiң өзi де, оның айналасындағылар да балаларын да, немерелерiн де қазақша оқытқан емес! Оқытқысы да келмейдi! «Қазақстандық ұлт» деген сылтаумен қазақты әуелi орыс, сонан кейiн ағылшын жасамақ.
«Жас Алаш» газеті, №50, 24.06.2008 ж., 4-5 беттер
Автор: Мұхтар Шаханов
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №14 (16200) 16 ақпан, бейсенбі 2017
16 ақпан 2017
“Ұйқылы ауылдың” ұнжырғасы түсiп тұр

Ақмола облысындағы “Ұйқы дертiне” шалдыққан Калачи және Красногорск ауылының 80 отбасыдан тұратын 120 тұрғыны қауiпсiз аймақтарға әлi қоныс аудармаған. Олар өздерiн көшiру үшiн мемлекеттен бөлiнген қаражатты облыс әкiмi Сергей Кулагин басқа салаға жұмсағанын айтады.  Алдымен: калачилiктердi қоныс аударуға мәжбүрлеген “ұйқы дертiнiң” себеп-салдары қандай? Ауруды зерттеген мамандар қандай қорытынды жасады? Ауыл халқын көшiруге қанша қаражат бөлiндi және ол қайда жұмсалды? Осы және басқа сұрақтарға жауап iздеп көрелiк.

ДЕРТТIҢ СЕБЕБI НЕДЕ?
Түсiнiктi болуы үшiн сәл әрiден бастасақ. Астанадан 500 шақырым жерде орналасқан Ақмола облысы, Есiл ауданы, Красногорск ауылдық аймағына Калачи және Красногорск елдi-мекенiндерiнде “ұйқы дертi” алғаш рет 2013 жылдың наурыз айында тiркелген. 2 жыл iшiнде араларын арық қана бөлiп жатқан ауылдардағы 580 тұрғынның 133-i аталған аурумен ауырған. Олардың ең жасы – екi жарымда болса, жасамысы – 80-нен асқан.
Дертке шалдыққандар – бiрнеше күн қатарынан ұйықтайды, ұйқылы-ояу жүредi, естен танады, көздерiне әлдене елестейдi. Тiптi, ауыл тұрғындарының сөзiнше, калачилiк бiр тұрғын жүрiп келе жатқанда ұйықтап кетiп, мойнын сындырып алған. Яғни, “ұйқы дертi” дегенiмiз, кейбiреулер ойлағандай жай ғана қор етiп ұйықтап кету емес...
Калачи ауылынан 5 шақырым жерде 1960-1992-жылдар аралығында уран өндiрiлген. Өндiрiс Кеңес өкiметi құлағаннан кейiн ғана тоқтаған. Алғашқы кездерi аурудың шығуына уран шахтасының орны түрткi екенi айтылды. Кейiннен арнайы құрылған комиссия бұл болжамды жоққа шығарды...
2014 жылы Калачи мәселесiн зерттеу мақсатында Астана, Алматы, Қарағанды мен Семейден арнайы келген 12 дәрiгер – психиатр, невропатолог, токсиколог, радиациялық экология мамандарынан арнайы комиссия құрылды. Дегенмен, дәрiгерлер бiр тұжырымға келмедi. Сондықтан, науқастарға “этиологиясы белгiсiз энцефалопатия” деген диагноз қойды. Қарапайым тiлге салғанда, бұл “шығу тегi белгiсiз ауру” деген сөз.
Алдымен: калачилiктердi қоныс аударуға мәжбүрлеген “ұйқы дертiнiң” себеп-салдары қандай? Ауруды зерттеген мамандар қандай қорытынды жасады? Ауыл халқын көшiруге қанша қаражат бөлiндi және ол қайда жұмсалды? Осы және басқа сұрақтарға жауап iздеп көрелiк.
Калачи мәселесiн 2014 жылдан 2016 жылдың күзiне дейiн Курчатов қаласындағы Ұлттық Ядролық орталық мамандары да өз бақылауына алды. Арнайы техникаларымен келген орталық қызметкерлерi сол ауылда жатып зерттеу жұмыстарын жүргiздi. Олардың пiкiрiнше, “ауру – пештен және көлiктен шыққан түтiнмен жердiң үстiңгi қабатынан бөлiнетiн улы газдардың салдары болуы ықтимал”. Мұндай қорытындыны орталық қызметкерi Виталий Романенко 2015 жылдың 23 қарашасында калачилiк Виктор Лукьяненкоға бередi. (Құжат № 01-11-/768).
Ауыл тұрғындары келтiрiлген қортындының қисынсыз екенiн мәлiмдейдi. Расында да, егер “ұйқы дертiне” санаулы үйдiң мұржасынан және ауылдағы бiрдi-екiлi көлiктен шығатын мардымсыз түтiн себеп болса, онда нелiктен көмiр жағып отырған Қазақстандағы барлық ауылдар ұйықтап қалмайды? Мұны бiр деңiз. Одан кейiн 2014 жылғы 2 қыркүйек күнi Калачи ауылындағы орта мектепте 7 оқушы “ұйқы дертiне” шалдығады. Осыған орай 2014 жылдың 3 қарашасында Ұлттық экономика министрлiгi, Тұтынушылар құқықтарын қорғау комитетi ауырып қалған балалардың ата-аналары – Г.С.Притыка, Е.В.Кухта, Я.В.Овсейчик, А.А.Семерная және Л.Г .Самусенко атына хат жазады. Онда Денсаулық сақтау және әлеуметтiк даму министрлiгiнiң өкiлдерi жүргiзген тексеруге сәйкес, балалардың мектеп iшiне әлдекiм сеуiп кеткен “дихлафос” исiне уланғаны көрсетiлген. (Құжат № -24). Ал, ауруханада бiрнеше күн ес-түссiз жатқандар өздерiне иiс тимегенiн, оның “ұйқы дертi” екенiн айтады. Осыдан үш жыл бұрын “ұйықтап қалғандар” қатарындағы Андрей Кухта өзiнiң мектепте емес, далада ойнап жүрген кезiнде басы айналып, ұйқы қысқанын бiзге әңгiмелеп берген.

ҚАЗЫНАДАН ҚАНША ҚАРАЖАТ БӨЛIНДI?
Осылайша, аурудың себеп-салдары жайында тұшымды қорытынды жасай алмағасын, билiк ауыл тұрғындарын көшiрудi ұйғарады. Осы мақсатта мемлекттiк бюджетке өзгерiстер енгiзiп, сол кездегi премьер-министр қызметiн атқарған Кәрiм Мәсiмов арнайы қаулы қабылдайды.
“2015-17 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” Қазақстан Республикасының Заңын iске асыру туралы” Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2014 жылғы 11 желтоқсандағы 1300 қаулысына өзгерiстер енгiзу туралы
2) тармақшаның үшiншi абзацы мынадай редакцияда жазылсын: “Ақмола облысының Калачи және Красногорский елдi мекендерiнiң тұрғындарын көшiру үшiн тұрғын үй және инженерлiк-коммуникациялық инфрақұрылым салуға және (немесе) реконструкциялауға – 1 983 250 000 мың теңге”.
2015 жылы Қазақстан премьер-министрiнiң орынбасары болған Бердiбек Сапарбаев “ұйқылы ауыл” тұрғындарын басқа жерлерге көшiру қажеттiгiн, ол үшiн мемлекеттiк және жергiлiктi қазынадан 2,5 млрд теңге көлемiнде қаражат бөлiнгенiн мәлiмдедi. Жоспар бойынша бұл қаржы қос ауылдағы 264 отбасын Есiл, Державинск, Целиноград, Жарқайың мен Атбсар аудандарына көшiруге жұмсалуы тиiс-тiн. Алайда екi жылға таяу уақыт өтсе де, Калачи мен Красногорск елдi мекендерiнiң барлық тұрғыны қоныс аударған жоқ. Неге?

ХАЛЫҚ НЕГЕ КӨШПЕЙ ОТЫР?
Бүгiнде Калачи және Красногорск ауылдарындағы 80 шаңырақта 120 адам тұрып жатыр. Тұрғындардың сөзiне қарағанда, облыс және аудан әкiмдiгi ұсынған үйлер тым тар. Мәселен, жергiлiктi билiк 100 шаршы метр жер үйi бар Лариса Чабановаға Державинскiдегi 16 шаршы метрлiк көпқабатты үйдiң бiр бөлмелiк пәтерiн ұсынған. Әрi ол үй жекеменшiкке, басы бүтiн берiлмейдi. Сондықтан халық тар жерге барып тығылғанша, қауiптi болса да өз үйлерiнде тұрғанды артық санайды. Оның үстiне, күндердiң бiр күнiнде өз аттарына жазылмаған үйден әлдекiмдер “шығарып жiберуi мүмкiн” деп те сескенедi.

ҚАРАЖАТ ҚАЙДА КЕТТI?
Осыдан кейiн ауыл халқы мемлекеттен бөлiнген қаражаттың жай-күйi не болғанын бiлуге ұмтылады. Сөйтiп, олар “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл ұлттық бюросына” шағымданады. Бюроның Ақмола облыстық департаментi 2016 жылғы 18 тамызда арызға жауап бередi. Хатта: “Калачи және Красногорск ауылының халқына арнап Көкшетауда көпқабатты 5 үй тұрғызылғаны рас. Алайда ол жерге адамдарды көшiру мәселесiмен жергiлiктi әкiмдiк айналысады” делiнген.
Калачи тұрғыны Виктор Лукьяненко көшiру үшiн бөлiнген ақшаға Ақмола облысының орталығынан салынған көпқабатты 5 үй туралы кейiнiрек бiледi. Өздерiне тиесiлi баспанаға қоныс аударуды мақсат еткен олар Есiл ауданының әкiмдiгiне хат жазады. Көп кешiкпей 2016 жылдың 29 шiлдесiнде облыс әкiмiнiң бiрiншi орынбасары К.Отаров деген азаматтан Лидия Чабановаға жауап келедi. Онда: “Жол картасы бағдарламасы бойынша, сiз Есiл қаласындағы 45 және 73 пәтерлiк, Державинск қаласындағы 75 пәтерлiк үйге қоныс аудара аласыз” делiнген. (Құжат № ЖТ-Ч-693).
Ауыл халқы атынан осы мәселенi айтып, президент, премьер-министр, мәжiлiс төрағасы және тағы басқа құзырлы органдарға хат тапсырған зейнеткерлер Виктор Лукьяненко мен Лидия Чабанова әлi күнге еш жерден жауап алмағандарын айтады. Ал Калачи мен Красногорск ауылдарының жұртына арнап салынған Көкшетаудағы көпқабатты 5 тұрғын үйде кiмдер тұрып жатқанын облыс әкiмi Сергей Кулагин ғана бiлсе керек.
 

Өркен ЖОЯМЕРГЕН
тәуелсiз журналист

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (0)
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар