1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
Қазір зиялы қауым арасында «Елім, жұртым!» деп ұрандаушылар саны басым. Олар бір қарағанда, қазаққа шын жанашыр тәрізді көрінеді. Алайда айналып келгенде, қазақ зиялыларында турашылдық жоқ. Ақиқатында, ұлттың мақсат-мүддесін көздейтін, ұлт үшін шыбын жаны шырқырайтын адам саусақпен санарлық. Осыны біліп отырған халық «біздің зиялыларымыз тым жалтақ» демегенде не дейді?
Автор: Тұрсынбек Кәкішев, жазушы-ғалым
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №20 (16206)   10 наурыз, жұма 2017
10 наурыз 2017
Алаш астанасында Ленин «тірі» тұр...

Өткен жылы ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілетінін алғашында бөркімізді аспанға атып сүйіншілегенімізбен, соңынан сиырқұйымшақтанып, ақыр соңында туған жері Ақтоғайдың айналасында «айды аспанға шығарғаннан» арыға бармағанымыз рас. Биыл Қарағанды облысының Октябрь ауданын (туған жерін) Әлихан атына ауыстырудың өзі «облыс әкімін сотқа тартам» деушілер шығып, соңы дауға айналып кеткенін де көрдік. Міне, бұл біздің ұлт үшін қызмет етуге жанын қиюға даяр болған көсемімізге деген «құрметіміздің» бір көрінісі.
Ал Алаш қайраткерлері мемлекет болмақтың жайын ойлап ат басын тіреген Семей қаласының бүгінгі тарихи мәртебесі Құдай басқа бермесіннің деңгейінде. Тарихқа қарасақ, 1918 жылы Алашорда ұлттық-территориялық автономиясы үкіметінің (Халық Кеңесінің) мүшелері Ертістің сол жағалауындағы Алаш қаласына (Заречная Слободка, Семей) көшіп келіп қоныстанған.
Міне, осынау мысалдың өзінен-ақ бұл қаланың қазақ үшін маңызы қаншалықты екендігі соқырға таяқ ұстатқандай көрініп тұр. Бірақ жалымыз күдірейіп, «Алаш қаласы» деп ауыз толтыра айтқанымызбен, қаланың бүгінгі кейпінен азат елдің рухы сезілер серпін байқалмайды. Облыс әкімі Даниал Ахметов неше мәрте келіп, қаланың болашағы туралы халықтың алдында майын тамызып айтып жүргенімен, Семей Алаштың алтын бесігі екендігі туралы әзірге ләм деген жоқ.
Ал, шындығында, келмеске кеткеніне ширек ғасырдың жүзі болса да, кешегі кеңестік ұғымның жұрнақтары көрініс табатын жайлар Семейде көп. Соның ішінде сүбелісі – қаланың орталық бөлігінде көсіліп жатқан Ленин көшесі. Бұл көше көлденеңінен Абай, Міржақып Дулатов, Қабанбай батыр көшелерімен, ал қатарында Шәкәрім даңғылы, Жүсіпбек Аймауытов көшелерімен тонның ішкі бауындай біте қайнасып жатыр. Осындай ұлт тұлғалары атындағы көшелердің арасынан Лениннің есімі көз алдыңнан «оттай басылғанда» Тәуелсіздік ұғымын мойындауға жергілікті биліктің қауқары жоқтығы анық көрінеді.
Шын мәнінде өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп Алаш арыстары да халқымен қауышқанда семейліктер де бөркін аспанға атқан. Сол орайда өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары сол кездегі Семей облысының әкімі Ғалымжан Жақияновтың пәрменімен «күн көсемнің» зәулім ескерткіші құлатылып, ал бюст-мүсіндері қаланың ортасындағы бір аллеяның ішіне жағалай жайғастырылған болатын. Б.Жамақаев көшесіндегі осы аллеяның ішімен өткенде бой жағынан бірінен-бірі өтетін «кішкентай лениндерді» көріп еріксіз езу тартатынмын. Бір жағынан, бүгінде маңызы жоқ осынау жансыз «денелердің» енді кімге керегі барын түсіне алмайтын таңырқау да бары жасырын емес еді. Бірақ шындығы осы: «барлық елдің пролетарларын бірігуге шақырған» «коммунистер көсемінің» мешеу көшірмелері көзге түрткі болып әлі тізіліп тұр.
Ал енді мақаламыздың негізгі сәні – Ленин көшесіне қайта оралайық. Ой-бой, бұл көшенің бойында нендей ғимараттар, нысандар жоқ дейсіз?! Көше бастауында Достық үйі, облыстық өлкетану мұражайы, қалалық кәсіподақтар үйі сияқты еңселі ғимараттар тізіліп сала беретін көше Орталық саябақтың ішін қақ жарып өтіп, Абай мұражайын құшағына ала кетіп, ары қарай жалғаса береді. Сөзімізді одан әрі сабақтастырмас бұрын, осы тұста бір тоқталайық. Саябақ ішінде қазақтың ұлы ақыны, Алаш қайраткерлерінің қатарындағы бес арыстың бірі – Шәкәрім Құдайбердіұлының ескерткіші көз тартады. Ал көше басындағы Достық үйінің алдында ұлт азаттығы үшін күрескен Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің ескерткіші орналасқан. Енді логикалық қисынмен қарасаңыз, тарихи қарама-қайшылық бірден көзге шыққан сүйелдей шыға келеді: кеңестік тоталитарлық жүйенің озбырлығына наразылығын білдірген Қайрат Рысқұлбеков ескерткіші тұрған көшенің Совет Одағының «күн көсемі» саналған Лениннің атында (оның оралмастай болып тарих қойнауына кеткенін біле тұра) тұра беруі ақылға сыя ма?! Жоқ, әрине!
Абайдай ақынымен аты асқақтап, Шәкәрімдей данасымен даңқы кеткен, Әлихан Бөкейханов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов сияқты ұлт зиялылары Алаштың болашағын ақылдасып, кеңестік империяның жүйесіне қарсы ой бөліскен қалада Ленин атын ұстап отырудың ендігіде қисыны жоқ. Алайда Совет Одағы ыдырап, тәуелсіздігіміз оралғалы ширек ғасырдың жүзі болса да, Семейдегі жергілікті биліктің басшылары өздері бас болып көше атауын ауыстыру қажеттігін қаперге алатын емес. Бір белгілісі, Ленин көшесінің атын ауыстыру жөнінде жергілікті әкімдікке президент әкімшілігінің өзінен арнайы хат та жолданған. Мұны ШҚО тілдерді дамыту басқармасының бастығы Айдын Шаймарданов өткен жылдың жазында қалалық әкімдіктің өзіне келіп, мемлекеттік тіл тақырыбына қатысты өткізген жиында Надежда Шарованың шаңын қағып тұрып айтқаны әлі күнге дейін есімізде. Алайда әлі күнге дейін «баяғы жартас – сол жартас». Бұл тұрғыда қала әкімі Ермак Сәлімовтің және оның идеология жөніндегі орынбасары Надежда Шарованың отаршылдық шеңберінен шығуға құлқы жоқтығын аңғару қиын емес. Өйткені бұл, бір жағынан, елдік тарихты саяси тұрғыдан салмақтауға немқұрайды қарайтын жалпы шенеуніктерге тән әдет.
Тоқетерін айтқанда, санасын сірескен советтік-құлдық ұғымнан тазартуға қауқарсыз қалалық әкімдіктің құзырына қараған осынау мәселе тамаққа тұрып қалған сүйектей тынысымызды тарылтып, әлі күнге дейін көлденеңдеп келеді. Ал шындап келгенде Ленин көшесінің атауын биыл да өзгерте алмайтын болсақ, Семейдің «Алаш арыстары бас қосқан қала» деген атына үлкен сын.
Ленин көшесін көлденеңдеткенде көңілге қаяу түсіретін тағы бір мәселені қозғамасқа болмайды. Қаланың сол жағалауындағы бөлік 1926 жылға дейін «Алаш қаласы» болып аталған. Сол жағалаудан Абай ауданына шығар трассаны бойлай қоныстанған Комсомол поселкесі бар. Иә, таңғалмаңыз, осынау шағын ауыл Комсомол поселкесі деп аталады. Енді осы «Компоста» (ауызекі қысқартылған атауы – авт.) Әлихан Бөкейханов атындағы көше бар дегенге сенесіз бе?! Қанша қынжылсақ та шындық осы – Әлиханмен бірге Алаштың біртуары Райымжан Мәрсеков көшесі де осы қала шетіндегі Комсомол поселкесінде орналасқан. Әлихандай ұлт көсеміне деген құрметіміздің сиқы осы: орталық көше Лениннің атында, ал өзінің есімі «комсомол костюмінің» ішінде. Мұндай бассыздыққа қашанғы төзуге болады?!
Күлбілтелемей турасына көшсек, «күн көсемнің» тегімен біржола қоштасып, орталықтағы Ленин көшесін Әлихан Бөкейханұлының атына беру керек. Ал шеттегі ұлт көсемінің атындағы көшені қайтадан өзгерткеннен (әрине, Лениннің атына емес!) ештеңе қисайып кетпейді.
Егер көше Әлихан Бөкейхановтың атына берілетін болса, сөз басында айтып өткен тарихи қарама-қайшылықтың да көзі жойылып, жарасымды көрініс өз жүйесін табады. Әрі Әлиханның кім болғанын еш ұялмай айтар едік. Оның үстіне аталмыш көшенің басы Абай көшесімен қиылысады. Бауыржан Момышұлы көшесі мен Шәкәрім даңғылы және Жүсіпбек Аймауытов көшесі қатарласа жайғасқан күйі созылып жатса, Орталық саябақтың шыға берісінен көлденеңдейтін көше Міржақып Дулатовтың атында. Көріп отырсыз, ұлт тұлғаларының атына берілген қаланың негізгі көшелерінің қатарында Лениннің тұра беруі ендігіде елдігімізге ұят әрі жөні де жоқ.
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ
Семей қаласы

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (3)
мен гой | 13 наурыз 2017 10:07
Еее сол ак па, бизде Караганды каласында Ленин атындагы кинотеатрдын жанында керемет улкен ескерткиши орналаскан ол аз десениздер улкен дангыл бар, типти ол аз десениздер кардан коринбей комилип жаткан Каркаралы ауданынын Буркитти ауылында мадениет уйинин алдында каладагыдан бирде кем емес ескерткиши тур.
Ертіс | 14 наурыз 2017 10:36
Жарайсың Сәке! Алаштың рухани астанасы болған Семей қазақшаланбай қазақ елі қазақыланбайды. Қанша дегенмен қасиетті топырақ қой.
Думан Рамазан | 23 наурыз 2017 13:53
Дұрыс мәселе көтеріпсің, Сәтжан бауырым! Бұндай бассыздықтар Қазақстанның көптеген қалаларында орын алып отыр. Ленин ескерткішінің орнына Әлихан Бөкейханның ескерткішін, ал оның атындағы көшені Әлихан Бөкейханның атымен атау уақыттың талабы екені белгілі. Өзге елдің емес, өз арыстарымызды ардақтау бүгінгі ұрпақтың басты парызы деп білемін! Қаламыңа қуат бітсін, бауырым! Осындай шетін мәселерді көтеріп, ел ықыласына бөлене бер! Қолына қалам ұстаған әр журналистің басты міндеті де осы.
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті