1921 жылы 22 наурыздан шыға бастады
Бастапқы
АЙТЫЛҒАН СӨЗ
“Мен әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде өз тiлiнде өмiр сүре алмай отырған бейшара халықты көрдiм. Ол – қазақтар”
Автор: Италияның қазiргi заманғы кәсiпкерi, жиһанкез Реналью Гаспирин
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
Жас Алаш №21 (16207)   14 наурыз, сейсенбі 2017
14 наурыз 2017
Қыдыр ата Павлодарға күн жылынғанда келсе...

Жасыратыны жоқ, жыл басы – Наурыз мейрамы неге орыстың жаңа жылы сияқты дүбірлеп өтпейді, Ұлыстың ұлы күнін ұлықтау неге әлі де төмен деген әңгіме үнемі айтылып келеді. 1 қаңтардың дүбірі бір-бір жарым ай бұрын басталып кететінін де көз көріп жүр. Соңғы жылдары Жаңа жылға жақын жатқан Тәуелсіздік мерекесі ғана бұл дайындықтың «тәк-тәк» деп тізгінін тартып, мылтық кезенгендей мазасын қашырып тұр. Әйтпесе, Құдай біледі, қараша түскеннен көргеніміз Ақша қар бен Аяз ата болатыны анық еді.
Наурызды ел арасында кеңінен насихаттау мақсатында бірқатар облыстарда бұл мереке он шақты күн бұрын басталып, оның әр күні мән-мағынасымен, сән-салтанатымен атап өтілуде. Оңтүстік пен Отпантауда (Маңғыстау) бірлік оты жағылып, амал мейрамынан «әумин» деп бата алған жұрт ұлтымыздың салт-дәстүрін, ұмыт қалған әдет-ғұрыптарды мейлінше жаңғырта түсуде. Биыл да аймақтарда «Наурыз» апталығы басталып кетті. Бірақ, өкінішке қарай, кейбір облыстарда ғана...
Міне, осылайша бірді екі ете алмай, бастаған батырды қоштайтын қотыр табылмай, Наурыз мерекесінің маңдайын қайтсек жарқыратамыз деп жанталасып жатқанда Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың Ұлыстың ұлы күні туралы ұсынысы тіптен айран-асыр қалдырды. Шыны керек, Керекуде жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты. «Мен өткен жылы зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, Наурыз мейрамын сәуір айында лайықты деңгейде атап өтуді ұсындым. 22 наурызда біздің өңіріміз әлі де қар құрсауында жатады ғой. Бұл Наурыз мейрамын тойлауда қиындықтар туғызады. Менің ойымша, сәуір айы туған соң мейрамды кең көлемде атап өтуіміз керек», – деген болатын Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов халыққа есеп берген жиынында.
Әрине, «әкім де айта береді екен-ау» деп, бұл әңгімені елемей-ақ қоюға да болар ма еді? Бірақ кең ойламай, кем ойлайтын Б.Бақауовтың есіне бұл көне мерекені шығыс халқы үш мың жылдан бері тойлап келе жатқанын, Біріккен Ұлттар Ұйымының өзі 21 наурызды Халықаралық наурыз күні деп белгілеп бергенін, осы уақытқа дейін ешкім де уақытын ауыстырайық деп еш әуреленбегенін тағы да салғанның артықтығы жоқ сияқты. Ең болмағанда әкім мырза энциклопедияның бетін бір ашып қарасыншы: «Халықтың мифологиялық түсінігі бойынша 21 наурыз түні даланы Қыдыр ата аралайды. Қазақ халқының ұғым-түсінігінде Қыдыр сәттілік пен бақ беруші, көбіне иманжүзді қарт түрінде бейнеленіп, өзін көзімен көру сәті түскендерге бақыт сыйлаушы ретінде суреттеледі».
Осыдан кейін Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов пәрменін пайдаланып, Қыдыр ата да кейінірек, күн жылынған кезде қыдырып келсе дұрыс болар еді деген ұсыныс айтар, бәлкім. Болмаса күн суық кездегі мерекелерді, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күнін, 1 қаңтар – Жаңа жыл, 1 наурыз – Алғыс айту күні, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесінің бәрін тоң жібіп, күн шақырайып тұратын кезге ауыстырып алармыз. Қазір аймақтарда облыс әкімінің айтқаны заң ғой. Яғни Керекудегі билік өкілдерінің күн мен түн теңелетін, жан-жануарлар төлдеп, адамдардың аузы аққа тиетін, жер үстінде шаттық орнайтын Наурыз мерекесіне деген көзқарас дұрыс болмай тұр. Өйткені әкімнің айтқанын ә дегеннен-ақ «ләппай, тақсыр» деп қолдап ала жөнелгендердің табыла кеткені соның анық дәлелі. Қалай айтсақ та, «Қырықтың бірі – Қыдыр» деп, Жаратушыдан құт-береке, ырыс-дәулет тілейтін Ұлыстың ұлы күніне көз алартып, Павлодар облысы басшыларының пейілін тарылтқан қай құдай екенін ел білмей дал болуда...
Әрине, облыс әкімі бұл ұсынысты жаурап жүрген елге жаны ашығаннан айтқан шығар. Бірақ «Шегірткеден қорыққан егін екпейді» деген, азғана топтың шотын шауып, бүкіл елдің ашу-ызасын туғызғаны қай сасқаны? Кейіннен әкім ұсынысын қайта алып, «Кереку жерінде Наурыз өз уақытында тойланады екен» деген де ақпараттар шығып жатыр. Содан ба, Б.Бақауовтың дүбірлеп басталған ұсынысы енді күбірлеп айтатын дәрежеге жетіп басылып қалды. Ал бұл үндемей қоя салуға болатын жағдай ма? Кеңес Одағы кезінде «діни мейрам, ескіліктің сарқыншағы» деген желеумен ұмытылып, кейіннен Өзбекәлі Жәнібеков, Мұхтар Шаханов сынды ұлтшыл азаматтардың жанталасы арқасында әзер дегенде қайта оралған Әз Наурызды егемен елімізде, айдың күні аманда тағы да төмендеткеніміз қалай болды? Бәлкім, бір отбасындағы қуанышты, үйлену, сүндет той немесе басқа да мерейтойларды күн жылы кезге қалдыра тұруға болатын шығар. Ал жалпыхалықтық дәрежедегі мерекені қалай кейінге қалдырамыз? Жұрт «басшымыз ғой, не айтар екен?» деп әкімге қарайды, ал жөн сөз айта алмаған әкім жерге қарайды. Яғни әкім деген де әр сөзіне абай болғаны жөн ғой.
«Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген осы шығар, бәлкім...


Бағдат ҚАЛДЫБАЙ
 

« алдыңғы бетке  |  келесі бетке »
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Қыдыр ата мен! | 16 наурыз 2017 08:48
Әй білмеймін! Біздің солтүстік жақта да Павлодарлықтардың шешімімен келіседі! Оңтүстікте көктем ерте келсе, бұршақтар жарылып жатса біздің жақтар әлі де көктемге ұқсамайды. Қар деген омбы-омбы! Мал деген текқана 22 наурызда өлдеп қана қоймайды ғой))) Сәйкеспейтін пікірлерді жазады екен осы авторлар))) Ұлық мерекені тойласа жөнімен, дұрыстап тойлау қажет. Павлодарлықтардың бір ай тойлаймыз дегендері дұрыс, көкке тамандап бір шығады!
Пікіріңізді бөліскіңіз келсе:*
Жазылатын пікірдің көлемі 500 символдан аспауы керек
Аты-жөніңіз:*
E-Mail (сайтта жарияланбайды):
Мына код-сандарды енгізуіңізді сұраймыз:*
Жаңарту
* - жазылуы міндетті
Осы тараудағы мақалалар